Әмір Әменов: Нью-Йоркке сапар жақсы, бірақ...

Соңғы жылдары қысқа фильмдері қазақстандық қана емес, шетел фестивальдерін де аралап, біршама жетістіктерге жеткен, жас режиссер, XIV Еуразия ХКФ-нің аясында өткен Eurasia Project Market питчингінің жеңімпазы, Қазақ ұлттық өнер университетінде Ерлан Нұрмұхамамбетов шеберханасының студенті – ӘМІР ӘМЕНОВ New York Film Academy академиясындағы тағылымдамасы, «Бейтаныстар» картинасы және Кореяда өткен International Urban Film Festival кинофестиваліне қатысуы жайында oner.kz порталымен ой бөлісті.

әңгімелескен: Айдана Бауыржанқызы

кинотанушы


Қазақстанда жас режиссер болу қиын ба?

Қайырлі күн, Айдана! Менің ойымша, қиын емес. Біз еркін түрде мол ақпарат алу мүмкіндігіне иеміз: кез келген кітаптар мен фильмдер қолжетімді. Және де дәл осы күндер кино жайында кез келген тақырыпқа оқулық тауып, ізденуге болатын кезең. Яғни, фильмдердің шығу тарихы жайында ғана емес, мизансцена, монтаж, сценарий т.б. кез келген тақырыпқа! Тек қана, ойыңды жинақтап, шын жүректен баяндағың келетін әңгімені тапсаң болғаны.

 

Қандай отандық режиссерлер немесе фильмдер сізді шабыттандырады?

Абай Қарпықовтың «Влюбленная рыбка», «Тот, кто нежнее» фильмдерін көргенде өте қатты шабыттандырды. Әсерлі фильмдер! Бірінші кезекте  жеңілділік сезінеді. Маған «Влюбленная рыбка» фильмінде қала өмірінен жат кейіпкер, оқиғаның қалада өрбитіндігі және де қала өмірінің атмосферасын жеткізе алғандығы ұнайды. Мені қала тақырыбы әрдайым қызықтырады.

Шабыттандыратын фильмдердің қатарына Ерлан Нұрмұхамбетовтың «Жаңғақтал» фильмін қосқым келеді. Соңғы көрген фильмдерден Фархат Шариповтың «Тренинг личностного роста»  фильмі де өте ұнады.

 

Кореяда өткен International Urban Film Festival кинофестиваліне қатысқан қысқа метрлі картинаңыз не жайында?

Сеул қаласында 2018 жылдың  қазан айында өткен International Urban Film Festival кинофестиваліне қатысқан «Бейтаныстар» картинасы заманауи екі ғашықтың оқиғасын баяндайды. Фильмде диалог өте аз, жоқ десе де болады. Екі кейіпкер өмір сүріп жүрген қала кеңістігі бар. Негізінен бұл өте қысқа фильм. Бар болғаны 6 минут. Фильмнің тақырыбы фестивальдің концепциясына толықтай сәйкес келді. Яғни, фестивальның фокусы – қала өмірін бақылайтын фильм.

«Бейтаныстар» халықаралық конкурста «World of excellence» номинациясы бойынша марапатталды.

New York Film Academy академиясындаңы тағылымдамаңыз жайында айтып берсеңіз.

Еуразия кинофестивалінің питчингінің жеңымпазы ретінде алған сыйлық New York Film Academy академиясына бір айлық тағылымдама болды. Ол жерде мен «продюсерлік» курсын таңдадым. Себебі, мен үшін дайын жобаны ары қарай қалай дамытуға болатындығы қызықты болды. Әрине кез келген фильмге продюсер керек, дегенмен, режиссер ретінде мен де болашақта бұның қалай жасалатындығын білгім келеді. Академияда өткен курста продюсерлік процесс жайында жалпы түсінігімді дамытып, Америкада продюсерлікпен айналысу арқылы күн көретін нағыз профессионалдардан кино продюсерлігі жайында бөліскен тәжірибелерін тыңдауға мүмкіндік туды. Сол мүмкіндік үшін кинофестивальге алғысым шексіз!

 

Сіздің ойыңызша, фестиваль питчингінің жеңімпазы үшін сый ретінде ұсынған жобаның түсіріліміне қаржылай көмек алатын болса, әлдеқайда пайдалы болар ма еді?

Сөзсіз, түсірілімге қаржылай қолдау көрсеткенде кино үшін пайдасы мол болар еді. Нью-Йоркке сапар жақсы, бірақ жобының шығарылуы, әлбетте одан да жақсырақ! Бір жағынан қарағанда бұл идея фестиваль үшін де тиімді болуы мүмкін. Себебі, келесі жылғы фестиваль көрермендерге дайын өнім ұсына алады. Ал жобаның режиссері мен жаңа туынды осы фестивальдің балаларындай болатын еді.

 

Сіздің фильмдеріңізді қай жерден көруге болады?

Фильмдерді интернеттен көрсеңіздер болады. Көбінде, бірнеше фестивальге қатысқаннан кейін бөлісуге тырысамын. Егер де таба алмай жатқан жағдайда, менің әлеуметтік желідегі парақшама жазсаңыз сілтемесімен бөлісуге қашан да дайынмын.

Сұхбатыңызға рахмет, сәттілік тілейміз!