Мақала
Рахымжан Қалдыкөз: Shymkent Film Festival – ұлттық киноны қолдау мақсатында ұйымдастырылған фестиваль
Бөлім: Кино
Датасы: 04.06.2020
Мақала
Рахымжан Қалдыкөз: Shymkent Film Festival – ұлттық киноны қолдау мақсатында ұйымдастырылған фестиваль
Бөлім: Кино
Датасы: 04.06.2020
Рахымжан Қалдыкөз: Shymkent Film Festival – ұлттық киноны қолдау мақсатында ұйымдастырылған фестиваль

Өткен жылдың қараша айында Шымкент қаласында алғаш рет Shymkent Film Festival Республикалық қысқаметрлі фильмдер фестивалі өткен болатын. Арнайы іріктеліп алынған 14 фильмнің ішінен фестиваль жеңімпаздары «Үздік фильм», «Үздік режиссер», «Үздік оператор», «Үздік актер», «Үздік актриса» және «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» номинациялары бойынша анықталды. Жас кинофестивальдің биылғы жағдайы туралы фестиваль директоры Рахымжан Қалдыкөзбен сұхбат барысында біле алдық.

Шымкент қаласының кино индустриясы туралы айтып кетсеңіз? Жетістіктері мен кемшіліктері неде?

Жалпы, Шымкент қаласының кино саласын үлкен киноиндустрия ретінде қарастыру қалай болар екен? Дегенмен, ол жақта әуесқой режиссерлер өте көп. Соған мен өте тәнтімін. Өйткені олар әуесқой болса да, өз бюджеттеріне толықметрлі фильмдерді де, қысқаметрлі фильмдерді де көптеп түсіруде. Шымкент қаласының республикалық деңгейде болсын, халықаралық деңгейде болсын бірден бір көзге түсетін тұсы – анимациялық фильмдері. Өте қарқынды дамыған, оны мойындау керек. Ал фильмдерге келсек, олар қазір тек әуесқой тұрғыда түсіріліп жатыр, десек те, бастысы - фильмге деген, киноиндустрияға деген қызығушылық, қарқын өте жақсы. Енді тек дұрыс бағыт алса, алдағы уақытта, жақсы жетістіктерге жетері анық. Ал осы әуесқой түсірілген фильмдердің кемшіліктеріне келсек, туындыларда диалогтар көп қолданылады, метафоралар қолданылмайды және драматургия жағынан ақсап тұр. Бірақ, табандылықтарына, еңбекқорлықтарына сөз жоқ. Алға қарай ұмтылып, дамып жатқандарының өзі – үлкен жетістік.

Былтыр, SFF бұрын соңды Шымкент қаласында болмаған қысқаметрлі фильмдер фестивалі деген атпен шықты, оның ерекшеліктерін атап өтсеңіз?

Ең бірінші ерекшелігі, ол – ұлттық киноны қолдау мақсатында ұйымдастырылған фестиваль екендігі. Әр елдің өзінің менталитетіне сәйкес фильмдері бар. Мысалы иранның, орыстың, француздардың фильмдерінен ұлттық менталитеттің иісі аңқып тұрады. Ал бізде өкінішке орай, ондай бағыт әлі дұрыс қалыптаспаған. Тағы бір айта кететін мәселе – шеберлік-сыныптары. Біз фестивальға әбден фильм түсірудің жілігін шағып, майын ішкен, драматургияны, кино тілін жақсы меңгерген үлкен ағаларды қазылар алқасының қатарын толтырып қана қоймай, Шымкент қаласының кино саласында жүрген жастарымен таныстырып, білгендерімен бөлісіп, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру мақсатында шақырамыз. Бұл да фестивальдің бір ерекшелігі деп білемін.

Неліктен тек кыскаметрлі фильмдер? Анимациялық немесе толықметрлі фильмдерді қосу, яғни фестиваль аясын кеңейту жоспарда бар ма?

Былтыр тек қана көркем фильмдерді қатыстырған едік, оның бірден бір себебі, біздің аса қатты дайын болмағанымызда. Былай айтсақ, қаражатқа да байланысты болды. Былтыр фестивальге кеткен барлық қаражат өз қалтамнан шықты. Енді биыл бюджет қарастырылып жатыр. Әкімшілік немесе мемлекет қолдап жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Ал егер қолдамаса, бұл жолы да қаражатты қалтамыздан шығарып, фестивальді жоғары дәрежеде өткізетінімізге сенімдімін. Сұраққа келсек, иә, фестиваль аясын кеңейту жоспарда бар. Анимациялық және деректі фильмдерді қосып жатырмыз.

Қазылар алқасы қандай критерилермен тағайындалды? Және олар өз міндеттерін толық атқарып шыға алды ма?

Қазылар алқасы қатарына кино тілін жақсы меңгерген, өз ісінің шеберлері, коммерциялық фильмдерді ғана емес, авторлық фильмдерді де жақсы білетін, өнерді жақсы түсінетін, нағыз киноның ортасында жүрген мамандарды алуға тырыстық. Мысалы, операторлардан Шерхан Таңсықбаевты алдық. Авторлық фильмдерді де, коммерциялық фильмдерді де түсіріп жүрген, менің ойымша Қазақстандағы үздік он оператор қатарына кіретін жігіт. Режиссерлерден Дәрежан Өмірбаевты шақырдық. Ол кісіні айтсақ та, айтпасақ та түсінікті. Әбден фильм түсіруді меңгерген, өзінің қолтаңбасы бар, кино тілін түсінетін режиссерлердің бірі.

Фестиваль жеңімпаздарын анықтау критерилері қандай болды?

Жалпы, біз кино тілін өз фильмдерінде қолдана білген, драматургиясы жақсы, фильмде көп диалог қолданбай, жақсы метафоралармен, түрлі әдістемелермен түсірілген фильмдерді қарастырдық. Осы критерилер бойынша, бас жүлдені – ұлтық киноның иісі аңқып тұрған, кино тілі ерекше, сценариі әдеби шығармадан бейімделіп жазылған Шолпан Төребайдың  «Кісі»  фильміне бердік.

Ұйымдастырушы, директор ретінде, былтырғы фестиваль қандай деңгейде өтті деп ойлайсыз?

Фестиваль өз деңгейінде өтті деп айта аламын. Бұл фестивальді ұйымдастырғандағы ең басты мақсаттарымыздың бірі – жастарға дұрыс бағыт көрсете алатын еліміздегі үлкен мамандарды Шымкент қаласына апарып, жастарды жігерлендіру болды. Бұл біздің қаладағы кино өнерінің дамуына қосқан үлесіміз және жетістігіміз болды деп есептеймін. Кемшіл тұстары әрине болды. Соның бірі – аудитория, яғни көрермендерді көп тарта алмадық. Жарнама жақсы болмады, орта деңгейде болды. Биыл бұл мәселелер шешіліп, мұндай кемшіліктер болмайды деп үміттенеміз.

Биылғы SFF жайлы айтып өтсеңіз.

Ия, бұйыртса қазан айына белгілеп отырмыз. Айтылып өткендей, биыл фестиваль үш бағытта өткізілмек. Айта кетерлік жайт, былтырғы жылы мастер-классты қазылар алқасы қатарында болған авторлық фильмдер режиссері Дәрежан Өмірбаев өткізді. Ал енді, биыл қазақ киносының белгілі режиссері Сатыбалды Нарымбетов келеді деп күтілуде. Осы жылы былтырғы бюджеттен екі есе көбірек қаражат қарастырып жатырмыз. Ел үшін, жастардың өсуі үшін, ұлттық киноны қолдау мақсатында аянбай тер төгіп биылғы фестивальді де жақсы дәрежеде өткізетінімізге сенімдімін.

Балнұр Батырханқызы
ҚазҰӨА, ІІІ курс
кинотанушы