Мақала / #студентСөзі
Әншілердің актерлік қыры
"Соқыр махаббат" фильміне көзқарас.
Бөлім: Кино
Датасы: 28.04.2017
Авторы: Аяулым Садвакасова
Мақала
Әншілердің актерлік қыры
"Соқыр махаббат" фильміне көзқарас.
Бөлім: Кино
Датасы: 28.04.2017
Авторы: Аяулым Садвакасова
Әншілердің актерлік қыры

Мелодраманың бас продюсері әрі басты ролін сомдаған Сиви Махмуди мен Ренат Басит.

Жанарынан айырылған қыз бақыттан да күдер үзген. Алайда, басты кейіпкердің тағдыры бір күнде өзгеріп шыға келеді. Әнелдің өмірге деген құлшынысын оятқан тылсым күш – соқыр махаббат. Алайда, шынайы бақытқа жету оңай емес. Сондықтан, бір-бірін құлай сүйген жұптың талай сынақтан өтуіне тура келеді.

Оқиғада түрмеден шыққан Арлан мен қайғылы жағдайдан кейін қос жанарынан айырылған Әнел есімді қыздың махаббаты баяндалады.

Картина режиссері мен сценарий авторы еш қиналмастан драматургия, композиция сынды түрлі сахналарды бір фильмге сыйғызып қойды. Сондықтан, фильмді көре отырып, менде үнемі түрлі сұрақтар туындады. Неге Арлан өзіне ешкім боп келмейтін, жағымсыз адамды ұстап бермеді? Неге сол үшін түрмеге отырып шықты? Жоқ әлде, кез-келген адамды ұстап бере салатын ақымақ емеспін дегені ме? Басында керемет баспанасы және сәнді киімдері бар соқыр қыз 5 жыл бойы кім болып жұмыс істеуі мүмкін? Бір-ақ рет мотоциклмен барған қала сыртындағы жерді соқыр қыз қалайша тез тауып алды? Неге Әнел 5 жыл бойы соқыр болып жүреді де, кенеттен дәрігер тез арада көзге ота жасамаса, 2 күн ішінде өлетінін айтады?

Сонымен қатар, фильмнің дыбысталуын да айта кеткім келеді. Өте нашар дыбысталған. Әсіресе, Арланның отырып шығуына кінәлі бұзақы рөліндегі кейіпкердің (той-бизнес жұлдызы Серікбол Сайлаубек ойнаған) дауысы тым  жағымсыз естілді.

Және де фильмде жаттанды диалог көп кездеседі. Менің сүйікті диалогым:

- Адамдар ешқашан барын бағаламайды. Аяғы жоқтар жүгіріп кетуді, мылқаулар сөйлеуді, ал мен көруді армандаймын!

- Әнел, сен сондай ақылдысың!

Яғни, сіздер де фильм авторлары мен кейіпкерлердің интеллектуалды деңгейін байқадыңыздар ма?

Жалпы айтқанда, мелодрама бағытындағы фильмдерге қатысты отандық киноөндірушілердің санасы баяу жұмыс істейтін секілді. Бір-бірін қайталайтын, бір сарынды сюжеттер. Өйткені, соңғы жылда сюжеті ұқсас келетін бұл үшінші мелодрама (өткен жылдың басында Еркін Рақышев осы тектес «Әйгерім» фильмі, ал күзде Мереке Мұқанның «04:29» атты фильмі жарық көрген) болып табылады. Ең қызығы, көз жанарынан айырылғандар кейіпкерлер бола тұра, кинотеатрларда толықметражды кино ретінде көрсеткісі келетін бірдей фильмді, бірдей сюжетті көрмеу үшін көзін жұмуға көрермен мәжбүр.

Өзін романтикалық кейіпкермін деп есептейтін Сиви Махмудидің актерлік деңгейіне жақсы баға бермес едім. Сивидің экрандағы серіктесі Ренат Басит, қабақты түйіп жүріп рөлді керемет ойнап шығуға болады деп ойлаған секілді.