Осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отырған Республикалық «Байқоңыр» қысқа метрлі фильмдер фестивалі 2017 жылдың 15-16 қыркүйек күндері мәдени астанамыз Алматы қаласында өтті. Фестиваль аясында іріктеуге Қазақстандық жас режиссерлардың жүзден астам туындылары қатысып, негізгі конкурсқа 30-дан астам фильм жіберілген болатын. Екі күнге жалғасқан кинофестивальде қазылар алқасының шешімімен 10 кинокартина жүлделі орындар иеленді.
«Көркем-суретті фильм» бөліміне барлығы 20 туынды іріктеліп, 8 фильмге қазылар алқасы арнайы жүлделерін табыстады.
Қысқаметрлі кинотуындылардың тақырыптарындағы ұқсастықтарына қарай тоқталып кетсек. А.Шаймерденованың «Мен саған сенемін», Джулия Ганидың «Көңілдес», Олжас Ахметовтың «6 пәтер», Ербол Бораншының «Пәтер», Рақымжан Қалдыкөздің «Шыңырау», Сабит Абдінің «Ғайша», Баймұрат Жұмановтың «Қатал тип» фильмдерінде қазіргі қоғамдағы жас отбасылардың жағдайы мен жастар арасындағы түсініспеушіліктен туатын мәселелер көрсетілген. Бір отбасында ұрпақ жалғастырар ізбасар жоқ болса, енді бірінде материалдық жағдайдың жетіспеушілігінен жастар ажырасып кетіп жатады.
Ал, Снежанна Евтушенконың «Көне кілем», Маржан Биткенбаеваның және Серік Абішевтің «Достар», Әбдібек Бигелді және Айнур Сембиеваның «Мәди», Асылхан Шакеновтың «Шағын шаһарда бір кездері», Рафаэль Абузаровтың «Дос» фильмдерінде толық емес отбасының бейнесі және ол мәселенің жастарға алып келетін әсері көрсетілген. Бір кейіпкердің ата-анасы қайтыс болып жалғыз қалса, келесі кейіпкердің ата-анасы бола тұра жетімдер үйіне өткізіліп немесе қоқыстың ішіне тасталып кете барады.
Максим Кодаровтың «КУБ»,Алма Баймұратованың «Bury the Silence», Владислав Цойдың «Somnus», Джулия Ганидың «Көңілдес», Самғар Рақымның «Майлыбайдағы оқиға», Алибек Умирбековтың «Глитч», Алмас Амандосовтың «VENGEANCE OIL», Асылхан Шакеновтың «Шағын шаһарда бір кездері», Әлібек Әлиевтің «Parallel», Олжас Нурбаевтың «The Boon» фильмдерінде кейіпкерлердің психологиялық жағдайы өзгеріске ұшырауынан туындаған адам өмірінің бұралаң жолдары көрсетілген.
Осылайша, «Көркем фильмдер» бөлімі кинотуындылар арқылы өмірде кездесетін түрлі оқиғаларды көрерменге шынайы әрі қызықты оқиғалармен көркем жеткізді.
Екі күнге созылған кинофестивальде қазылар алқасы үздіктерді анықтады. Бас жүлде Баймурат Жумановтың «Жесткий тип», «Үздік режиссер» номинациясы Ербол Бораншының «Пәтер», «Үздік оператор» номинациясы Тұран Мұрал, «Майлыбайдағы оқиға», «Үздік қоюшы-суретші» номинациясы Бекен Нарбайдың «КУБ», «Үздік сценарий» номинациясы Олжас Ахметовтың «6 пәтер», «Үздік экперименталдық фильм» номинациясыме Сәбит Әбдінің «Ғайша», «Үздік актриса» номинациясы Перизат Маденова «Шыңырау», «Үздік актер» номинациясы Ерболат Ержанов «Достар», «Қазылар алқасының арнайы жүлдесін» Самғар Рақымның «Майлыбайдағы оқиға» фильмі жеңіп алды.
Сонымен қатар, фестивальдің бағдарламасынан тыс «Бродвей» кәсіби кино порталының таңдауының арнайы сыйлығы Асылхан Шәкеновтың «Шағын шаһарда бір кездері» және Айша Шаймерденованың «Мен саған сенемін» фильмдеріне берілді.
Ал, Нью-Йорк фильм академиясының арнайы сертификаты – «Мәди» фильмінің режиссеры Бигельді Әбдібековке табысталды.
«Байқоңыр» фестивалі жыл сайын үздіктерді анықтап, жас киногерлерге жаңа мүмкіндіктер ашуда. Біз әрі қарай да отандық қысқа метрлі фильмдер өндірісінің жандануы мен таралымы мен халыққа осылай насихатталуына тілекшіміз.