«Алматы жас суретшілері» көрмесінің ашылу салтанаты өтті

2019 жылы 7-қарашада Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында Жас суретшілер одағының «Алматы жас суретшілері» көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

 Жастар – болашаққа апаратын алтын көпір

Елбасы жарлығымен 2019 жыл Қазақстанда жастар жылы болып жарияланды. Осыған орай, Алматы қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасы мен ҚР Суретшілер одағының қолдауымен, Жас суретшілер ұйымы «Алматы жас суретшілері» көрмесін ұсынып отыр. Жас суретшілер одағы елімізде алғаш рет бейнелеу өнері саласындағы шығармашыл жастардың ұйымы ретінде 2014 жылы құрылып, өз жұмысын бастаған болатын. Бүгінде олардың қатары көбейіп, көптеген қалалық, республикалық, халықаралық көрмелерге қытысып, түрлі жобалар ұйымдастырып, өздерінің көркем туындыларымен танылып, белсенді жұмыс істеп келеді.

Көрме экспозициясы авторлардың тақырыптары мен шығармашылық қызығушылықтарын біріктірген төрт бөлімнен тұрады: кескіндеме, мүсін, графика және сәндік-қолданбалы өнер. Ең үлкен бөлігі пейзаж, натюрморт, тақырыптық композициялар кеңінен орын алған кескіндемеге берілген. Табиғат көріністері Нарбаева Мадина, Крылова Карина, Мерей Рене, Қабыл Аян үшін сарқылмас шабыт көзі болды. Тұрғын Әбдірахманның, Жұмағалиев Алмаздың, Тищенко Ярославаның натюрморттары күнделікті бізді қоршаған әдеттегі заттардың бейнесіне сүйсіне қарауға шақырады. Заманауи сюжеттермен қатар, ұлттық тақырыпқа жүгіну, күнделікті өмір көріністерін бейнелеу Нұрғожаев Алмас, Қайырбекова Гафура, Бекназаров Даурен, Жаханша Әлихан, Өркен Аят, Аманжол Сұлтан, Таинова Перизат, Қуанышбекова Шахиза, Соколов Игорь, Милютина Наталья мен Сырғабаев Санжар туындыларында көрініс тапқан.

Экспозицияның графика бөлімінде баспа графиканың түсті линогравюра және литография тәсілдерінде орындалған Қожабекова Балқия, Ерғазина Мадина, Кан Лада және Бердіқожа Шалқардың композициялары ұсынылған. Олардың графикалық парақтары тақырып таңдауы мен көркемдік шешімдерімен ерекшелінеді.

 

Көрменің сәндік-қолданбалы өнер бөлімі Әбілжан Мөлдір, Момбекова Әсел, Дәуітов Нұрхат, Ермен Райымбек, Мади Гүлназ сынды суретшілердің гобелен, кесте, киіз бұйымдары мен ағаштан, металлдан жасалған түрлі сәндік паннолар, музыкалық аспаптармен толыққан. Ал, мүсін бөлімінде Шәкен Ақылбектің, Рыскелдиев Әнуардың және Азаматұлы Елдостың мүсіндік композициялары орын алған.

Қазақстанның бүгінгі жастары еліміздің қоғамдық және мәдени өміріне белсене араласады, өйткені мәдениет пен өнер халық өмірінде маңызды рөл атқарады. Осы орайда, Жастар жылы аясында еліміздің түрлі аймақтарында сан алуан іс-шаралар өткізілуде. Еліміздің жас суретшілер қауымы да өз тарапынан белсенділік танытып, Тәуелсіз Қазақстанның өнерін жоғары деңгейде дамытуда еңбек етіп келеді.

Көрме кураторы – Самал Мамытова

7 Қараша 2019
29
0
0