Клим Лидің "Айналар парадоксы" көрмесі

2020 жылдың 8 қаңтар күні сағат 15.00-де Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде РФ еңбек сіңірген суретшісі, Ресей Көркемсурет академиясының құрметті академигі Клим Лидің «Айналар парадоксы» көрмесінің баспасөз туры, 16.00-де ашылуы өтеді.

Светлана Грачева

өнертану докторы


Клим Ли И.Е.Репин атындағы Санкт-Петербург Мемлекеттік академиялық кескіндеме, мүсін және сәулет институтының графика факультетін он жылдан астам басқарған, қазір осы жоғарғы оқу орнында өзінің жеке шеберханасына жетекшілік етеді. Тамаша ұйымдастырушы және ұстаз ғана емес, қазіргі заманның көрнекті суретшісі, түрлі графикалық техникалардың асқан шебері.

Клим Ли 1946 жылы Өзбекстанда дүниеге келіп, Мырзашөл қаласындағы Н.К.Крупская атындағы орта мектепті аяқтады. Ол 1976 жылы Ленинградтағы И.Е.Репин атындағы институтты тәмамдады. Өзбекстанның тумасы, ұлты – корей, орыс өнері дәстүрлерінің мұрагері, білімі академист, еуропа мектептерінің білгірі, қанына түрлі мәдениеттердің дәстүрлері генетикалық мұра болып сіңген. Дегенмен, ол өзін Петербург көркемсурет мектебінің дәстүрлерін ұстанушы ретінде есептеп, тек орыс мәдениетімен ғана салыстырады. Оның бойында Петербург көркемдік дәстүрлерінің негізінде қалыптасқан сызықтардың шығыстық жоғары графикалық мәдениеті, кеңістік пен уақытты шығысша ұғыну, форманы батысша сезіну өзара үйлесім тапқан.

Клим Ли бейнелеу өнерінің түрлі жанрларында түпнұсқа және баспа графикасынан бірнеше жүздеген туынды жазды, кітап иллюстраторы ретінде 100-ден астам кітапты безендірді. Оның осы саладағы жұмыстарының көпшілігі кітап графикасы тарихына кіріп үлгерді, атап айтқанда, олар – А.С.Пушкиннің, Ги де Мопассанның, В.Набоковтың шығармаларына жасалған иллюстрациялар. К.Лидің Ресей тарихын пайымдауға байланысты ХХ-ХХІ ғасырлардың тарихымен байланыстырылған бірнеше иллюстрациялар циклы бар. Б.Васильевтің «Ертеңіне соғыс болды», «Тізімде болмады» және «Мұнда таңдар тыныш атады» сияқты өткір ойлы повестері соғыс және мүлдем жас адамдардың өлімі тақырыбына арналды. Клим Ли 2018 жылы «Речь» баспасы үшін иллюстрациялар циклын жасады. Осы екпінмен ерекше мақсаттағы Соловецкий лагері туралы З.Прилепиннің «Шіркеу» романына иллюстрациялар циклын жазды.  

Клим Ли – портрет жазудың белгілі шебері. Оның портреттері графикалық техникалары мен материалдарының, түрліше композициялық тәсілдерінің алуандығымен ерекшеленеді, бірақ суретші тәсілі ғажаптығымен бірден танылады. Ең жиі кездесетіні – көрікті әйелдердің портреттері. Оларды салондық деп атау жарамайды, бірақ авторға қашан да өз моделінен оның өзіне ғана тән нағыз әдемілікті көру бұйырған, ол өзі жазған образға кіріп, еріп кетеді деуге болады, бірнеше сәтке болса да оған ғашық бола алады. 

К.Лидің қондырғылы композициялары мен кітап иллюстрациялары жоғары шеберлігімен, сызықтарының дәлдігімен және жеңілдігімен ерекшеленеді, зор ішкі шиеленісімен және рухани күшімен, ықшамдығымен, бірақ таңғаларлығы сол, нақты көркемдік тәсілдерімен өзіне баурап алады. Клим Лидің қазір петербургтік ең жоғары кәсіби график-суретшілердің бірі екенін ешбір қиналмай айтуға болады, заманауи академиялық көркемдік білім оның әріптестерінің есімімен қатар оның есімімен де байланыстырыла айтылады.

8 Қаңтар 2020
107
0
0