«Тоба» қойылымының тәрбиелік мәні

"Тоба" қойылымына студенттік талдау.

Бейбіт Әлкеева

Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА

«Театртану» мамандандыруы, 4курс  


Халқымызда бала тәрбиесіне аса қатты көңіл бөледі. Болашағы баянды болуын, жалпы адам ретінде қалыптасуын да тәрбиеден деп есептейді.  «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейтін қанатты сөзде балаға жасынан қандай тәлім берсең, болашақта соның жемісін жейді дегенді аңғартады. Жас баланың ержетіп, ару қыздың бойжетіп ес жиғанында есінде қалар өмірлік азығының бәрі бала күнінде бойына сіңірген тәрбиесі болмақ. Осы ауқымды тақырыпты негізге ала отырып, бүгінгі күнгі ата-әже тәрбиесінен мақрұм болған бала, жұмысбасты ата-ананың бейнесі секілді бар жоғы үш кейіпкермен қоғам көрінісін жеткізетін тәрбиелік мәні зор шығарма дүниеге әкелген – Еркін Жуасбек.  Драматургия жанрында табысты еңбек етіп келе жатқан Е.Жуасбектің  «Үйлену», «Күлеміз бе, жылаймыз ба», «Антивирус» т.б пьесалары республика театрларында қойылып келе жатыр. Автордың «Тоба» деп аталатын пьесасында ауылға үш күнге демалысқа келген баланың атасымен болған шағын диалогтан кейін түс көруі және тәубесіне келу оқиғалары баяндалады.

Жазу тілі қарапайым, ертегі сарындас жазылған пьеса 2018 жылдың 15ші наурызында Алматы қаласындағы Мемлекеттік Қуыршақ театрында сахналанды. Режиссері -  Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық Балалар мен Жасөспірімдер театрының актері, жас режиссер, аталмыш театрда балаларға арналған бірнеше спектакльдерді сахналаған Жұлдызбек Жұманбай.

Пьесадағы негізгі оқиғалар немеренің ұйықтап жатып көретін түсімен байланысты өрбиді. Бала көрермендерді күлдіре отырып, жануарлар мен құстар өмірінің біз ойлағандай жеңіл әрі оңай емес екендігін ұғындырады. Алғашында атасының сөздеріне сеніңкіремей өзінше ой пішіп, «адам» болудан шаршағандығын, енді балыққа немесе аққуға, тіпті, болмаса ит болып рахат, тәуелсіз өмір сүруді ойлай бастаған кішкентай ғана немересінің жастығының астына құран, кездік,тқамшы қоюымен бір түнде тәубесіне келуі. Режиссер әдеби нұсқаны шеберлікпен сахналай білген. Баланың үш түрлі кейіпкерге айналып кетуін ретімен өте сәтті шығара білген. Режиссураны жеңіл мамандық деп қарамай теориясына тереңінен бойлауы маман ретінде шеберлігін көрсетеді. Теория білмеген жерде тек көшіру деген ұғым ғана болады. Толықтай қайталамаса да әркімнен бір үзіктен алып, қойыртпақ дүние жасайды. Онымен көрермендерді, өзін алдауы мүмін. Бірақ, кәсіби маман ретінде өз фантазиясын, өз азаматтық ой-пікірін спектакльге санаткер ретінде қоса алмаса ол ұзаққа бармайды. Ж.Жұманбай режиссурасында осы кезге дейін қайталауға ұшырмай жүргендігі қуантады.

Алдымен,  шымылдықтың бергі жағындағы атасы мен әжесінің диалогы өтсе, бала ұйықтап жатып алғашқы рет шошып оянғанында, аққуға айналуы жоғарғы сахнадан, екінші рет оянып балыққа айналғанында ең төменгі жақты яғни судың асты іспеттес жасаса, үшінші итке айналғанда орта сахнадан яғни жоғарғы және төменгі жақтары ширмамен жабылып, қуыршақтардың іс-қимылының анық көрінуіне барлық ықпал жасалған.

Спектакльдің балаларға айтар ойы ықшамды әрі түсінікті етіп құрастырылған. Балаларға түсінуге ауыр тиетін сахналар жоқ, керісінше балалар балықпен бірге уайымдап, аққумен бірге ойланып, кішкентай күшіктің шешім қабылдауына да үлес қосып отырды. Соңында бәрі түс екенін білгенде де балалар шынымен олардың өмірі осындай болады ма деген сұраққа ойланып шықты.

Қойылымдағы ой салар тіркестер бәріміз күткендей ата мен әженің сөздері арқылы емес,  жан-жануарлардың өміріндегі көріністер арқылы беріледі. Шынында,  қанша құрметтеп,  жақсы көргенімен кей кездері үлкен кісілердің айтқан сөздеріне балалар сене бермейді.  «Ата, осы әжем ылғи сен үшін жаным құрбан деп отырады.  Бірақ,  шынында олай емес қой. Өмірде ешкім өзге біреу үшін құрбан болмайды ғой. Демек, сіздер де өтірік алдайсыздар»,- деген немересінің сөзі атасының дегбірін қашырғанымен, кішкентай ғана баланы ренжітпей,  аса қатты сөзбен жүрегіне ауырлық түсірмей түсіндірудің оңтайлы жолын табады. Ол жол да қазақтың наным-сенімімен тікелей байланысты.  Әсіресе,  бабасы далалық болғанымен, далаға табаны тимеген, тас асфальтте ойын қуған балаларға бұл спектакль шынымен жаңалық болды деуге болады.

Режиссер балалар психологиясын тереңінен талдап, автордың айтайын деген ойын қуыршақ тілі арқылы ұғынықты жеткізе білген.  Автор бір тәулікке сыйдырған оқиға желісінде сөз астары арқылы бірнеше мәселелердің де ұшын шығарып отырады. Кейіпкер немере он екі жастағы бала деп берілгенін ескерсек, азды-көпті түсінігі қалыптасқан бала ретінде шығармада біраз қоғамдағы түйіткілді дүниелердің шеті немеренің атынан айтылады. Алғашқы түсінде құсқа айналып кеткен баланың аққу ретінде қарлығашпен болатын диалогында құстар арасындағы мәселені айтқандай болғанымен  «қазір, құстар бұзылып кеттік қой, сыйластық жоқ, үлкен-кіші деген, әлсіз-күшті деген, не керек аласапыран заман» деген тіркесінен біздің қоғам бейнесін ашып көрсеткендей. Ата аққудың «кейінгі балалар не болса соны оқып, не болса соны қызықтап жүруінен қорқушы едім, қараңдаршы мына менің немеремді... Оқытпаңдар балаларыңды, тек өз білгендеріңді ғана үйретіп, шығармаңдар уыстарыңнан... өсиетім осы бәріңе»,- деп ашынады. Бүгінгі күнгі жастар тарапынан болып жатқан сан түрлі қылмыстар, жан түршігерлік жасөспірімдердің өзін-өзі өлімге қиып дүдәмәл күйге түсуі де ақпарат пен қажетсіз білімнің көп болуынан деп  есептеуге болады.

Екінші түсіндегі орын алар оқиғалар да жалпы су астындағы балықтардың тіршілігін бейнелегенімен, адамдардың арасындағы көзге көрінбейтін тіршілік үшін күрес сәттері де байқалады.  Бала көрермендерге асығыс қадам жасап,  қармаққа өзің ілініп, басыңды қатерге тікпеуді, әр істі жасар алдында ақыл-кеңесін берер үлкендерге құлақ асуды түсіндіреді. Кейде қайтадан түзетуге келмейтін қателіктер болады. Сол себепті, қандай да бір қадамға бармас бұрын ой елегінен өткізіп, өзгелерге ғана емес өзіңе де зиян келмес үшін әрекет етуі қажет. Балаларға мұны сөзбен емес, осы оқиға арқылы дәлелдеп көрсету өте ұтымды болған деуге болады.

Театрда тек бір ұлттың мәселесін ғана көтерумен шектеліп қалып, жалпыадамзатқа ортақ мәселені қарастыра алмасақ бұл құлдыруға алып келетіні сөзсіз.  Осы тұрғыда театртанушы Еркін Жусабектің : «Қазақ сахна өнері қаншалықты ұлттық сипатпен айшықталатындығының өзі жасырын емес. Тумысынан элитарлық, негізінен ортақ заңдылықтардың шеңберінде ғұмыр кешетін театр өнерін, бір ғана ұлттың мүддесіне бағындыру адасқандық екенін түсінеміз. Сондықтан, ұлттық рух мәселесін қуыршақ театрына теліп отырғандағы ниетіміз, өз жолын саналы түрде таңдай алатын азамат жасына жеткенше, бала кезінде қалыптасу кезінде, өзінің кім екенін біліп өскен жеткіншек, ешқашан Отанына теріс қарамайтын, ана тілінен безінбейтін, жерін сатпайтын мейірімді азамат болар дегенімізден» деп жазылған пікірі Қуыршақ театры сахнасына шыққан «Тоба» ертегісің негізгі мақсатының түсініктемесі іспеттес.

Шығармашылық ұжым қуыршақтарды сан қырынан ашып мінездерін тура бере білген. Тіпті қосалқы кейіпкер мысық ролінде Болат Момынжанов алты минутқа созылатын ғана сахнасы бар бейнені өзіндік ерекшелікпен бере білді.  Балалардың көңіл-күйіне әсер етіп жеңіл көрсетуге тырысқанымен режиссер спектакльдің көркемдік деңгейін төмендетпей кішкентай көрермендерге ерекше әсер сыйлай білді.

Бүгінде балалар түсінбейтін мәселе жоқ. Балаларға арналған шығарма деп тым жұтаң, жеңіл дүниелерден алшақтай алмаса драматург те, режиссер де қателеседі.  Бүгінгі баланың сана-сезімінің ерте дамуына, жазу-сызуды ерте үйреніп, күнделікті алар ақпараттың молдығы әсер етіп жатқандығына дау жоқ.  Сондықтан,  басында қажетсіз ақпараты көп балалар үшін танымдық, қиял мен шындықты ұштастыра отырып жазылған пьесаларды сахналау өзектілігін жоймақ  емес.

Сонымен қатар, Қуыршақ театры бала көрерменді ешқашан алдамауы қажет. Сонда ғана әр спектакль көрерменге бір сәт күмән туғызбай әсер сыйлайды. Суретші жұмысының өте сәтті шығуы қуыршақтардың сыртқы бет-бейнесінің балаларға ешқандай кері әсерін тигізбей, мысық, аққу, бекіре, ит секілді жан- жануарларының келбеті сәтті жасалған.

Аталмыш қойылымда барлығы біртұтас бірлікке айналған. Ашылғаннан бастап әлемдік театрларда қолданылатын қуыршақ жүйесімен жұмыс істеп келе жатқан бұл ұжымда техникалық, кәсіби шеберлікті былай қойғанда актерлік ұжымның өзара шығармашылық байланысы қандай спектакльде болмасын ерекше атмосфера түзе біледі.

«Тоба» қойылымы Қуыршақ театрының репертуарынан өз лайықты орынын алатынына сенімдіміз. Ұлтымызда тәлім мен тәрбиенің, тәубенің қаншалықты маңызды екендігін ұзын-сонар сөзбен емес, қарапайым ғана мысалдармен қызықты етіп түсіндіретін бұл қойылым бала көрермендерге әсер етпей қоймасы анық. Театр репертуарындағы екі тілде жүретін спектакльдер жетерлік. Аударма шығармалардың сахналануы да орынды. Бірақ, олардың ешқайсысы да өз тіліміздегі өзіндік салтымыз бен наным-сенімдерімізді дұрыс дәріптейтін туындыларымыздан озық тұрмауы тиіс. Сонда ғана, бала шағы мәңгі есінде сақталатын балалардың бойына ұлттық сананы сіңіре аламыз. Бұл да елбасымыз ұсынған рухани жаңғырудың алғышарты деп есептеуге болады.