Қоғам келбетін бейнелейтін туынды

2018 жылы Шәкен Айманов атындағы XIV Халықаралық кинофестивалінде «Қазылар алқасының арнайы жүлдесіне» ие болған Фархат Шәріповтың «Тұлғалық өсу тренингі» фильмі биылғы жылдың 31-қаңтарында көрерменге жол тартқан болатын.

Еңлік Егеубаева

Қазақ ұлттық өнер университеті

«Кинотану» мамандығының 2-курс студенті


Естеріңізде болса, осыдан 9 жыл бұрын «Қызғылт қоян туралы хикая» фильмі жарыққа шығып, көпшілік көрермен оны жылы қабылдап еді. Фильм өзімен бірге бір жылда шыққан «Аққыз», «Махаббат ирониясы» («Ирония любви»), «Махамбет», «Рывок», «Несиеге махаббат» («Любовь в кредит»), «999» фильмдерімен бірге бәсекеге түсті де, аталған фильмдер естіген құлаққа таныс болса да, қарасы қалың көрерменнің  есінде көбіне «Қызғылт қоян...» фильмі ғана қалды. Әрине, жардай жарнама да көрермендердің қарасын көбейтуге біршама ықпал етті. Көркемдік шешім, кино тілі секілді маңызды компоненттер болмаса да, бас-аяғы бар, ұғынықты фильм болып шықты. Кедей мен бай арасындағы айырмашылық, байлардың үстемдігі, анаша, түнгі клуб төңірегінде сөз етілетін туындыда режиссер Фархат Шәріпов фильмнің соңына дейін «не болар екен» деген сұрақ қоюмен көрермен назарын «уысында» ұстап отырды. Сонымен қатар, фильм қазақ киносына жаңа есімдер әкелді, олардың жұлдызын жақты. Тарихи-драмалық фильмдерге демеуші болып жүрген киностудияның бұндай тақырып пен жанрға бетбұрыс жасауы таңдандырды. Бір миллион 11 мың 231 долларға шығынданған «Қазақфильм» көрермендердің қажеттілігін қанағаттандырғанымен, жұмсалған сондай үлкен қаражат қазақ киносының дамуына ешқандай үлес қоса алмады.

Араға жылдар салып, Фархат Шәріпов «Өзге ғаламшарлықтардың қатысы жоқ» («Ипопланетяне ни при чем») комедиясынан кейін өзінің кезекті «Тұлғалық өсу тренингі» («Тренинг личностного роста») атты фильмін  ұсынды.

«Қазақфильмнің» қолдауымен жарыққа шыққан фильм қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғайды. Сюжеттің негізі ретінде әлжуаз адамдар мен биліктегі адамдардың ара-қатынасын алып, айтар ойды ары қарай өрбіту үшін жеделсатыдағы диалогтар, қоғамдық көліктегі кейіпкердің бақылаулары секілді элементтерді қосып, фильмнің негізгі ойын барынша ашуға тырысты.

Негізгі ой деп бүлінген қоғамның көрінісін алдық. Расымен, әр адамның қиындыққа тап болғанда батпақтан құтқаратын алыс-жақын адамы болады. Ал сол құтқарушылар шын мәнінде нағыз былықтың ортасында қайнап жатқандардың нақ өзі. Олар үшін біреуді орнынан түсіре салып, нанын тартып алып жеу; көңіл көтерген бойжеткендерді өлтіре салу; кез- келген адамның қолына ақша ұстатып, аузын жаба салу оңай жасалатын іс. Міне, осы шырмауықтан шыға алмайтын ересектер туралы әңгіме қозғалады.

Ол ересектердің біреуі жолы болмайтын Қанат (Д.Ақмолда) есімді банк қызметкері болса, екіншісі – бай-қуатты Данияр (Е.Түсіпов). Фильм тамашалау барысында көз қуантарлық жәйт – дарынды, сәтті таңдалған актерлердің экран бетінен көрінуі. Дулыға Ақмолда, Ержан Түсіпов, Филипп Волошин сынды актерлер тандемі фильмнің көркемдік деңгейін біршама жоғарылатқаны сөзсіз. Фестивальдік фильмдерден бас тартпайтын Дулыға Ақмолда осы жолы да авторлық деп аталған фильмде өзіне қойылған талаптарды орындай білді. Кей эротикалық сахналарды қоспағанда, айтарлықтай жаңа қырынан көріне алған жоқ. Ал Ж.Исабаеваның «Қарой» фильмінен кейін көрерменге таныла бастаған Ержан Түсіпов сомдаған астаналық бай жігіттің рөлі өте нанымды шыққан. «Оралман» фильмінде де  бірге ойнаған Дулыға Ақмолда мен Ержан Түсіповтың сомдаған бейнелері «Тұлғалық өсу тренингі» фильміндегі бейнелеріне ұқсайды. Екі фильмдегі кейіпкерлердің жүріс-тұрысы, тұрмысы, отбасы жағдайы әр түрлі болғанымен, олар психологиялық тұрғыдан бір-біріне өте жақын.

Филипп Волошин! Бұл талантты актерді «Қаржыгер. Шығу ойыны» фильмінде жаңа бейне әкелген әртіс ретінде есте сақтадық. Алуан түрлі бейнелерді сомдай алатынын Ф.Волошин тағы бір мәрте дәлелдеді. Шынайы ойыны, тамаша актерлік қабілеті, дауысы актер талантын мойындаттырмай қоймады.
«Қаржыгер»  және «Тұлғалық өсу тренингі» фильмдерінің өзара ұқсастықтары бар екені байқалады. Сюжет бойынша ескі екі дос тосыннан кездесіп, әдеттегідей бірі бай, бірі кедей боп шығады. Достар бір-біріне моральдық жағынан, қаражат жағынан қолдарынан келгенше көмек көрсетуге тырысады. Соңында төменгі таптағы  адам үлкен қызметке тағайындалады. Әрине, оның бәрі тегіннен тегін болмайды. Лас іс жасау немесе соны жасыру арқылы ол көздеген мақсатына жетеді. Сондай-ақ, біздің санамызда қалып қойған қағида бойынша бай-қуатты адамдар міндетті түрде қатыгез, нашар адамның бейнесінде болуы керек. Ал аталып отырған екі фильмде байлардың бейнесі сондай бір надан кейіпте берілмейді. Фильмдегі кейіпкерлер Инь-Ян белгісі секілді. Қара адамның ішінде де ақ нүкте кездеседі, ақ адамның өзінде қара нүкте болады. Ал бірақ екеуі тоғысқанда тепе-теңдік сақталмайды, ақ әлемдегі қара нүкте үлкейіп, оны басып алады. Екі фильмде де қаралық басым түседі. Руслан (А.Төлепов «Қаржыгер») мен Қанат (Д.Ақмолда «Тұлғалық өсу тренингі») ар-ұяттарының алдында таза болғысы келгенімен, олардың бойына белгісіз қара күш тарала бастайды. «Қаржыгер» фильмінің түйінін барлығы сансара шеңберінде қайталана береді деп анықтасақ, «Тұлғалық өсу тренингінде» қыстан кейін сағындыртып келген көктем жаңа бір тыныстың, тазалықтың белгісін береді. Дегенмен де, ол жаңа леп тек Қанаттың ғана өміріне келді. Оның айналасындағы адамдар үшін, қоғам үшін «баяғы жартас – сол жартас» боп қалған. Көктемнен кейін қайта қыс келмесіне кім кепіл?

Сонымен, Фархат Шәріпов 10 жылда шығармашылық тұрғыда қаншалықты өсті? Оның актерлермен жұмыс жасау шеберлігі жоғары дәрежеде екеніне шүбә жоқ. Меніңше, оның кейіпкерлерінің жасы ғана өскен. Кейіпкер мінезін, жан-дүниесін ашуда ол өзінің бұрынғы «Қызғылт қоян...» туындысына жүгінген секілді. Қыз кейіпкерлердің бейнесі тағы да ашылмай қалды. Қайтадан бай мен кедей арасында параллель жүргізді. Жақсы өрбіп келе жатқан драматургияны аяқсыз қалдырды да, көрерменде түсініксіз сезімге бөледі. Бірақ, тақырып таңдағанда қателескен жоқ. Өйткені, бұл тақырып бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен үндесіп жатыр...

(Фото интернеттегі ашық дереккөздерден алынды)