Қуыршақ театрының көрермендері кімдер?

Мемлекеттік қуыршақ театрының репертуарындағы «Ромео мен Джульетта» қойылымына жазылған пікірлер негізінде...

Бейбіт Әлкеева

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА

«Театртану» мамандандыруы, 4курс


«Қуыршақ театры балаларға арналған театр...» Бүгінге дейін осындай жаңсақ түсінікпен келгеніміз жасырын емес. Ал, бүгінгі күнгі әлемдік қуыршақ театрлары тәжірбиесінде мұндай жалаң ұғым жоқ. Біз алғаш рет жасаған қадамдарды Еуропа қуыршақ театрлары әлдеқашан басып озып кеткен. Мемлекеттік қуыршақ театрының даму жолы бір ғасырға жуықтап қалғанын ескерсек, жаңа бағыттың сүрлеуін салуға талпыныстар жасау орынды әрі дәл уақытында. Өткен маусымда алғаш 12 жастан жоғары балаларға арналған «Ана жүрегі» қойылымы театр сүйер қауымның Қуыршақ театрына деген көзқарасын өзгертуге жасалған қадам болса, Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-Анасы», әлемдік классика «Медеяның» қуыршақ театры сахнасына шығуы жалпы театр сүйер көрермендер мен кәсіби мамандарды бей-жай қалдырған жоқ.  Демек, тәжірбие қиыс кеткен жоқ, тиісінше, оң нәтижесін берді.  Аталған екі қойылым да көркемдік деңгейі жоғарғы дәрежеде сахналанды. Бұлай сенімді айтуымызға себеп те жоқ емес. Д.Жұмабаеваның режиссерлігімен Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повестінің негізінде сахналанған «Ана Жер-Ана» қойылымы Қырғызстан мемлекетіндегі «Айтматов және театр» Халықаралық театр фестиваліне қатысты. Қазақстаннан ұсынылған 16 театр ішінен өткен үздік үш театр қатарында болды. Драма театрлары арасында өтетін театр фестиваліне Мемлекеттік қуыршақ театры жолдама алды. Қазылар алқасының арнайы жүлдесімен марапатталған ұжымға бұл фестиваль шалқар шабыт сыйлады. А.Салбан режиссерлігімен сахналанған «Медея» спектаклі де Өскемен қаласында өткен Р.Есдәулетов атындағы II республикалық театр фестивалінен арнайы жүлдемен қатар, «Ең үздік режиссер» номинациясын иеленіп қайтты.

Театрдың даму жолындағы 84маусымы басталғалы, театр сүйер қауымды қуантуға барын салуда. Ағымдағы жылдың алғашқы айында тұңғыш рет қуыршақ театры сахнасына әлемдік классиканың жақұты «Ромео мен Джульетта» трагедиясы шықты. Режиссер Д.Жұмабаева шығармаға жаңаша көзқараспен баға беріп, әр репликасы таныс туындының кейіпкерлерін қуыршақ тілінде таныстырды. +18жастан жоғарғы көрермендерді қамтитын қойылымның әр көрсетілімінде лық толы зал, Шекспир шығармасының тереңіне басқаша бойлауды ұғынып шығуда.

Жақында ғана премьерасы өткен «Ромео мен Джульетта» спектаклінің көрермендері қатарында ҚР халық артисі Роза Әшірбекова,  Лидия Каденова, Рахман Омаров, драматург С.Балғабаев,  режиссер Ерсайын Төлеубай, ҚР Халық артисі Т.Жаманқұлов сынды тұлғалар болды. Шымкент Сатира театрының режиссері, актер, драматург Самат Алтай да арнайы қуыршақ театрының қойылымы үшін Алматыға ат басын бұрған. Қойылым жайында пікірлер легі премьерадан бері бірнеше көрсетілімдер өтсе де толастаған емес. Пікірлердің біразын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Кәсіби мамандар көлемді шығарманы, классикалық туындыны қуыршақ театр сахнасына шығаруда қателікке бой алдырмаған Д.Жұмабаева еңбегін де ерекше атап өтті. Мәселен, драматург С.Балғабаев қойылымы жайында: «Бүгінде заман өзгеріп бара жатыр. Көрермендер, оның ішінде жастарды театрға тартудың жаңа форматы керек. Міне, осы бағыт - қазақ театрын дамытудың жолы. Классикалық жол өз алдына, ал жаңаша жанрмен спектакльдерді сахналау театрды өркендетеді. Мені таңқалдырған қойылым деп айта аламын. Үлкен жұмыс жасалғаны анық көрініп тұр. Қуыршақ театры сахнасына күрделі мәтін, қаншама оқиғаларды сыйдырып, қуыршақтардың техникалық тілін таба білу үлкен еңбек. Мықты деген кәсіби артистердің өзінің мынадай ауқымды жұмысқа деңгейі жетпеуі мүмкін. Актерлік ансамбльдің бірлігі мен шеберлігі, бір артистердің екі бейнеден сомдауы қаншама ізденісті талап етеді. Шын мәнінде, қазақ театры, оның ішінде қуыршақ театры деңгейін көрсете білетін спектакль деп баға беруге болады.» десе,

ҚР Халық артисі Ерсайын Төлеубай: «Әдебиет пен өнер – барлық халыққа ортақ дүние. Ұлтты танытатын да дамытатын да осы өнер түрлері. Бүгін соның бір бөлшегі, қоғамның қалыптасуында маңызды роль атқаратын театр өнерінің ерекше бір көрінісін көрдік. Қуыршақ театрының өз методын көрдік. Махаббат оқиғасын Шекспир шебер бере білген. Оны сахналауда режиссер Д.Жұмабаева мәңгілік тақырыпты ешқандай өзгеріске ұшыратпай тек оңтайлы түсіндірудің ерекше жолын тапқан. Әсіресе, соңғы өлім сахнасын ерекше шешкен. Ешқандай шымылдықтың қажеті жоқ, музыка, актерлермен жасалған жеке-жеке жұмыс өз нәтижесін беріп тұр. Шекспирді қуыршақ театры сахналайды дегені үлкен қызығушылық тудырды. Драма театрлары сахналаса да үлкен жауапкершілік жүктейтін классиканы қуыршақ сахнасынан көру үшін арнайы келдім. Бетперделермен басталып, солардың шешімін оңтайлы таба білген режиссер еңбегін ерекше атауға болады. Декорация, сахналық шешім бәрі ұтымды. »  деп баға берді.

Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының артисі Роза Әшірбекованың да аталмыш қойылымнан алған әсері ерекше: « Мен таңданыспен шыққан қойылымның бірі болды. Актерлердің қуыршақпен жұмыс жасауына, жалпы актерлік шеберліктеріне ерекше көзқараста болдым. Сахналық қозғалыс, басты кейіпкерлердің пластикасы, бір сөзбен айтқанда сендіре білді. Идея, актерлік құрамды таңдап алуда режиссер үлкен жұмыс жасағаны аңғарылып тұр. Қуыршақ театрының әр премьерасын асыға күтетін күнге жеттік. Әр жаңа қойылымды тың дүние етіп жасап, бүгінгі қазақ театр өнерінде өзіндік сара жолын салып келе жатқан ұжымға шығармашылық шабыт тілеймін»

Шымкент Сатира театрының режиссері Самат Алтай да арнайы осы қойылым үшін келгенін, Д.Жұмабаева сахналаған қойылымның режиссерге шығармашылығына шабыт бергенін тілге тиек етті. Енді, бұйыртып жатса Шымкенттегі қуыршақ театры сахнасына классикалық туындыны сахналау туралы ой келгенін жасырмады.

Қойылымға келген әрбір көрермен өз әсерімен бөлісуге асығып, театр репертуарын толықтырған туынды жайында кәсіби-сыни мақалалар да жарық көріп жатыр. Ендеше, жүз рет естігеннен, бір рет көрген абзал деп есептесеңіз, 13 ақпан күні «Ромео мен Джульетта» қойылымы сахналанады. Жалпы адамзатқа ортақ жауhар туындыны тамашалағыңыз келсе, қуыршақ театры сіздерді асыға күтеді!