Медея, Әлиман, Күтуші немесе Жаңа қырынан ашылған актриса

Соңғы уақытта заманауи театр үдерісінде көзі қырағы көрермендер мен кәсіби мамандардың көзіне ерекше түсіп, талант пен еңбекті ұштастырып жүрген, Мемлекеттік қуыршақ театрының актрисасы - Байырбекова Арайлым Досбатырқызы.

Бейбіт Әлкеева

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА

«Театртану»  4 курс


Халқымыз қыз баланы тәрбиелеуде ұлттық тәрбие, ұлттық педагогика негіздеріне сүйенген.  Қыз баланың қадір қасиеті мен қылығы ұлттың ұлылығын танытады деп халықтық болмыспен астастырған. Сондықтан қыздың тәрбиесіне ерекше мән беріп, сол тәрбиені қалыптастырудың жолына барлық игі жақсылықтарды топтастырған. Бойжеткендеріміздің бойындағы дарындылық, адамгершілік, азаматтық, қасиеттер аналық тұлғаның биіктеуіне тікелей әсер етті десек те болады. Тәлім-тәрбие алған көргенді аруларымыздан ақылды, арлы, қажымайтын, қамқор, ерінбейтін еңбекшіл, сабырлы, салиқалы аналарымызға айналды. Бір жанұяның ғана емес, бүтін халықтың анасына айналар кемеңгерлікке ие болды. Иә, қуаныш пен қайғыны, барлық ауыртпашылықты жүрегімен сезінетін қылдан нәзік қыз тағдыры қай кезде де оңай болмаған. Ал, мамандық таңдау тіпті үлкен жауапкершілікті жүктейді. Дегенмен, қазақ қыздары арасынан қара тасты қақ жарып шыңға шыққан еңілік гүлдей болып, ұстаз - ғалым,   ұстаз – жазушы, ұстаз – қайраткер болып, қоғамның биік баспалдағына көтерілгендері де аз болмады.  Халқымызда көмейіне бұлбұл ұялаған жезтаңдай, сан түрлі шеберлігімен көзайым болған аруларды құрметтеп, ерекше бағалағанымен өнердің  қилы - соқпақты жолына түсуіне қарсы болған. Себебі, айтпаса да  түсінікті. Өнер - өміріңді арнауды талап етеді. Осындай ауыртпалығына қарамастан тар жолға, тайғақ кешуге дайын өнерлі аруларымыз, халықтың еркесіне айналған дарабоз сахнагерлеріміз аз болмаған нәзік жандылар арасында.  Алғашқы буыны Р.Бағланова, М.Ералиева, Р.Рымбаевалармен басталса, күрделі өнер театр мен кино саласында Б.Римова, К.Байсейітова, Ә.Өмірзақова сынды тағдырлы аналарымыз бен тұлғаларымыз алдымен еске түседі.

Қош, сол өнер биігінде тұрақтаған арулардың жалғасы, бүгінде өз саласында талмай ізденіп, өзінің жаңа биігінің баспалдағын аттап үлгерген талантты актрисалар аз емес. Солардың бірі, соңғы уақытта заманауи театр үдерісінде көзі қырағы көрермендер мен кәсіби мамандардың көзіне ерекше түсіп, талант пен еңбекті ұштастырып жүрген, Мемлекеттік қуыршақ театрының актрисасы - Байырбекова Арайлым Досбатырқызы. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Қуыршақ театры артисі» мамандығын 2009 жылы үздік тәмамдап, дәл сол жылы оңтүстік астанамыздағы тұңғыш Қазақ қуыршақ театрына қабылданған актриса бүгінде сандаған сәтті рольдерді сомдаушысы. Алғашқы қадамдарынан-ақ актриса үшін қуыршақтардың техникалық тілін табу, кәсіби шеберлігін шыңдау қиын бола қойған жоқ. Балаларға арналған «Қызыл телпек» қойылымында әже, «Алтын балапанда» түлкі, «Үш торайда» Нуф-Нуф, «Меңсұлуда» Меңсұлу қыз секілді рольдерді сәніне келтіріп шебер ойнап қана қоймай пластикалық, драмалық шешімдерді де өте сәтті алып шығатын шеберлік бар. Қуыршақ жүргізудің бірнеше жанрын қатар меңгерген актрисаның потенциалы балаларға арналған қойылымдарға ғана емес, өзгеше бағыт, жаңа жанрда сахналанатын спектакльдерге сұранып тұратын. Шеберлікті шыңдауға мүмкіндік бірден туа қойған жоқ. Себебі, театр біраз уақыт шығармашылық тоқырау кезеңін басынан өткізді. Репертуарлық саясат, шығармашықты шыңдау театрдың 83-маусымынан бастап жаңа жолға түсе бастады. Өнер жасаушыларға шынайы жанашырлықпен қарап, театрдың өсуіне, өркендеуіне барлық қажетті жағдайды ұсынып отырған шығармашылық топ еңбегі, театр басшылығының жаңа көзқараспен, шығармашылық қарқынмен жұмыс жасауы Қуыршақ театрының тағы бір қайталанбас биік кезеңіне көтерілуінің бастамасы болды. Осы бастама артистердің шығармашылығына жаңа серпін сыйлады. 12 жастан жоғары балаларға арналған «Ана жүрегі» (авт. Е.Ионов, реж. А.Зайцев) қойылымы, Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повесінің негізінде Д.Жұмабай сахналаған «Ана - Жер Ана» спектакльдері актерлердің кәсіби шеберліктерін шыңдап қана қоймай театрдың деңгейін жоғарылатуға жасалған үлкен еңбектер еді. Театр сүйер қауымның қуыршақ театрына деген көзқарасын өзгерткен әлемдік классика «Медея» ( авт.: Еврипид, реж.: А.Салбан) қойылымының өзі шығармашылық топтың ғана емес, жалпы қазақ театр өнерінің жетістігі десек артық айтқанымыз емес. Аталған қойылымдардың әрбірінде А.Байырбекованың спектакльге санаткер ретінде қосқан өз үлесі бар. Оның бірін-бірі қайталамайтын, таптаурындылықтан ада, әр ғасырды, әр түрлі жанрды қамтитын рольдері мен бейне жасау ерекшелігіне аз-кем шолу жасасақ.

Жер шарының түкпір-түкпірінде сахналанған «Медея» трагедиясы да Мемлекеттік қуыршақ театрының сахнасына бүгінгі заман махаббатын, қоғам тынысынан алып шықты. Шырғалаңға толы бұл қойылым махаббат, өшпенділік, сағыныш пен батылдықты қуыршақ кейіпкерлерінің бейнесінде береді. Режиссер қойылымның негізін өзгерту мақсатында «Театрдағы театр» тәсілін қолдана отырып,  антика дәуіріндегі құдайлар ұғымы мен кейіпкерлер бейнесін бір арнаға тоғыстырған. Грек мифологиясының аңыздарын сыртқы форма етіп ала отырып, астарында бүгінгі біздің қоғамның келбетін көрсетеді.  Мұнда маxаббатқа құл болған басты кейіпкер Медея – Арайлым. Ең алдымен айтуға тиісті актрисаның ерекшелігі – қуыршақ жүргізу шеберлігі. Өзіне берілген қуыршақ кейіпкерін артист бірінші өзі зерттеп бойына сіңіріп барып, жанды қуыршақтың болмысын көрерменге жеткізуге тырысады. Бұл екі есе ауыр жауапкершілікті, шексіз табандылықты және айналып келгенде мамандығыңа деген махаббатты талап ететін құбылыс. А.Байырбекованың өзге бейнелерін маңайламайтын Медея бейнесі тек психологиялық күйді ғана емес, әйелдік қалыптың сыртқа сездірмейтін трагедиясын ашуға тырысады. Станиславский тілімен айтқанда бұл бейнеге «сенесің». Актрисаның жан-жақты ашылуына, драмалық бейнелерге еркін көсілуіне осы ауқымды рольдің зор ықпалы болғаны көрінеді. Сахнадағы серіктесі Ясон бейнесіндегі Р.Абумен атмосфера түзе білді.

«Ана - Жер Ана» қойылымы. Кіші формада сахналанған спектакль Д.Жұмабаева режиссурасы екенін жазбай танисың. Лейтмотив әуендерінің ерекшелігі, кеңістіктегі ен дала мен егіс алқабын алақандай жерге көркем түрде сыйдырып, жұмыскерлер мен тракторларды, қала бере соғысқа үлкен көлемде жүк таситын эшелондарды да осы сахнадан көре аласыздар. Ал, мұндағы режиссердің семиотиканы қолдануы, олардың шешімдері өте әсерлі әрі мағыналы. Мұнда Толғанай ана бейнесін ғана емес, Әлиманды да үш актриса кезеңдерімен бейнелейді. Солардың бірі, Әлиманның тағдырлы хәлін шебер жеткізе білген актриса – А.Байырбекова. Азапты хәлді астарлы жеткізу, іс-қимыл ғана емес, ым-ишаратты орынды қолдануы актрисаның кәсіби деңгейінен хабар беріп тұр.

Егер сіз ақпан айында премьерасы «Ромео мен Джульетта» қойылымын көрсеңіз, эпизодтық рольдегі Күтуші бейнесінің есіңізде, көңіліңізде біразға дейін тұрақтап қаларына сеніміміз мол. Себебі, өзіне тән кейіпкер ерекшелігін, оннан аса кейіпкері бар Шекспир шығармашылығындағы маңызды бейнелердің арасынан бір сәттік бейнемен көрерменге шынайы әсер сыйлай білу үлкен шығармашылықты еңбекті талап ететіні анық. Осындай талаптың үдесінен шыға біліп, күтуші бейнесінің қайталанбас ерекше дауыс ырғағын, ым-ишаратын шебер жеткізе білген – А.Байырбекова. Джульеттамен болатын диалогта Ромеоның сәлемдемесін жеткізу үшін мың ойланып, шыр айналып, өзі де ғашықтықты сезінген нәзік жанды екенін сезіндіре білуі нанымды шыққан. Көпшілік сахнадағы актерлік ансамбльдің бірлігі ерекше атмосфера түзіп, кейіпкерлер бір-бірін толықтырып тұр. Ұзын-сонар тіркестер арқылы ғана емес, әрекет арқылы көрермендерге ойлануға мүмкіндік беруге тырысты. А.Байырбекова бейнелерінің ерекшелігі де сол – ол әр кейіпкерінің сахнадағы әрекеті арқылы көрерменге ой салады. Актрисаның деңгейін өсіретін әлі талай рольдерден бой көрсететініне сеніміміз кәміл.

Қорыта айтқанда, біз тілге тиек етіп отырған өнер иесінің ғана емес, бүтін ұжымның өзара шығармашылық байланысы, кейіпкер қуыршақтарына деген махаббаты бір де бір көрерменіне күмән туғызып көрген емес. Театрдағы  басты «тұлға» қуыршақ екенін біле тұра, актерлер  өз бейнелеріне бей –жай қарамай, тамаша образдар жасап жүр. Ендеше, бала тәрбиесі мен психологиясында маңызды роль атқаратын Қуыршақ театрының мәртебесін асқақатату жолындағы еңбектеріңізге жеміс тілейміз! Жаңа бағыттағы, кішкентай көрермендердің ғана емес ересектердің де рухани сұранысын қанағаттандыратын тағылымды дүниелер күтеміз!