«Жас сахна» қазақша сөйледі

Биылғы маусым шымылдығын Ш.Айтматовтың «Жәмиләсімен» түрген тәуелсіз театр бұрын соңды репертуарында болмаған жаңалығымен бөлісіп, премьерада өз көрерменімен қайта қауышты, бұл жолы қазақ тілінде. Бұған дейін шығармашылық топ режиссер Б.Абдраззаковтың жетекшілігімен жұмыс істегендеріне қарамастан, жаңа режиссерге де оң ыңғай танытқан сыңайлы.

Жансая Тұрмағанбет

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА

«Театртану» мамандығының 3курс студенті


Жас режиссер Ұланмырза Карыпбаевтың сахналауымен дүниеге келген «Жәмилә» спектаклі талантты труппаның орындауында өз миссиясын еңсере алды деуге болады. 7, 8, 12 қыркүйек премьера күндері театрға ағыла келген көрермендер –  бұл көріністің айқын куәгерлері.

Режиссер Ұланмырза Карыпбаевты жасына байланысты тәжірибесіз дей алмаймыз. Бұған дейін ол Ш.Айтматовтың «Ана – Жер ана» повесін (Белорусь Республикасы), А.Менчелланың  «Девичник над вечным покоем» трагикомедиясын, Ю.Дамскердің «Закат» деректі драмасын (Қырғызстан), М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн» драмасын (Ресей) және т.б. сахналаған. Сондай-ақ, небәрі 23 жастағы жас суреткер бүгінде Қырғыз Республикасының мәдениет саласының үздігі атанып үлгерген.

Спектакль «прологы» ретінде «Жәмилә» шығармасының интеллигенция арасындағы қызу талқыға түсетін, махаббат жолында ақыры ардан аттап, ақ төсегін былғаған Жәмиләдай ессіз бір әйел туралы шығарма жазып, оны әйгілі еткен Айтматовты жазғыратын сахнаны көрсетеді. Спектакль бойы осы үш әйел (актриса Ж.Серғазина, А.Мұстафа, Н.Алпысбаева) түрлі кейіпке еніп, қойылымның көпшілік сахнасын алмастыратындай-ақ әр берген. Спектакльдің сценографиясы, жанды дауыстағы әуендер, кейіпкерлер ойынындағы біраз детальдар қырғыз мәдениетінің иісін шығаратындай. «Аһ» дегізер декорациясымен таңқалдырмаса да, қойылымның қоюшы суретшісі Н.Сәменов оқиға алаңына қалыпты нәр бере алған. Қос рельстің суреті салынған ақ интерактивті мата бірде сурет салуға пайдаланылса, енді бірде жұлдыздардай жымыңдап, тағы бір сахнасында Сейіттің мәтініне айналды. Бүгінде қазақ театрларында осы тектес  инновациялық шешімдерге бет бұру үрдісі айқын көрініс тауып келе жатқанын жиі көз жеткізіп жүрміз.

Көрермен алдына жеңгесіне «кішкентай бала» боп кеткен Сейіт (актер Данияр Арипов) пен қайнысымен әзілі жарасқан Жәмилә (актриса Ақниет Орынтай) келгенде, олардың бір-біріне деген шынайы қарым-қатынасын, еркін қимыл-қозғалысын көреміз. Жаттанды емес, іштен туған мизансценалар. «Майда, майда, майдалай бассаң, жаныңа пайда...», - деп әуендете шаруаларына кіріскен майдан жылдарындағы қырғыз-қазақ ауыл тұрғындарының күйбең тіршілігі, тұрмыс тауқыметі келеді көз алдыңа. Сондай-ақ, күллі ауылдың атмосферасын білдіруде үш кейуананың (актриса Ж.Серғазина, А.Мұстафа, Н.Алпысбаева) қатысуы да орынды табылған шешім деп қарастыруға әбден лайық.

Шағын сахнадағы көлемді туындының салмағы ондағы жанын бере өмір сүрген әр актердің мойнына ауқымды жауапкершілік жүктегені анық. Жәмиләнің аласапыран дүниесін, Сейіттің балаң болмысын, тікмінез Даниярдың махаббат алдындағы дәрменсіздігін кейіптеуде әртістер еңбегі көрініп, сезіліп-ақ тұр. Ал, сахналық серіктестік тақырыбына келгенде, бұл театрдың шабысы ерек. Жүзден аса актерді панасына алған үлкен өнер ошақтарында бұл жағдай бір бөлек болатын болса, «Жас сахна» театрының құрамы он-он бес шақты актерлерден тұратын шағын һәм берік труппасы сахна алаңында да өзара кейіпкерлері арқылы бек табысқан. Сейіт пен Жәмиләнің алаңсыз сахналарын қарасаңыз да, Жәмилә мен Даниярдың тіл қатыспай-ақ жіпсіз байланатын көріністерін алсаңыз да, Сейіт пен Даниярдың көз түйістіріп қалған сәтте де жеңгесін қызғанған жас бала мен күйеуі бар әйелге көңілі түскені үшін өзін ұятты санаған жігіттің де өз ішкі сезім күшін нақ көре алдық. Әсіресе, Даниярдың жейдесін жуғалы отырған Жәмиләнің сезім мен ақыл торына шырмалған бейнесі, қасына Данияр келіп, екеуі тілсіз бір-біріне қараған күйі тым аяулы. Қимылсыз, «күйдім-сүйдім» сөзсіз-ақ. Үшінші адам келіп осы бір нәзіктікті, осы бір іңкәрлікті лайламаса екен деп көрермен демін ішіне тартып отыр. Тыныштықты Сейіт келіп бұзғандағы ғашық екеудің ар азабына күйгеніне, оларды аяған (бәлкім қаралаған) көрерменнің әттеңайына (бәлкім «сол керек өздеріңе» деген сөзіне) куә боласыз.

«Әр актер өз кейіпкерінің авторы болуы тиіс» деген қағиданы білеміз. Ол – өз қиял қуатына, сомдағалы жатқан бейнені жіті зерттеп, тереңіне қаншалықты үңіле алатынына байланысты өзінше жан бітіруші, мүсінші. Жас актриса Ақниет Орынтай да өз Жәмиләсін жасауға тырысқан. Ерке, көңілді, ақылсыз емес келін баланың ролін сомдау актрисаның қолынан келмеді дей алмаймыз. Әйткенмен, кей тұстарда пафосты эмоцияға берілген сәттері де кездесіп жатты. Бұл тектес олқылықтар жас әртістердің шығармашылығында жиі орын алып тұратыны тағы бар.

Спектакльден тағы бір байқағанымыз – Данияр роліндегі актер Бақтияр Байсеріктің орындаушылық амплуасының өзгеруі, кеңеюі. Бұған дейін театр  көрермендері оны харизмаға толы рольдерде көргенін ескерер болсақ («Одноклкассники» Менахем, «Последний экзамен» Максат, т.б.), жаңа спектакльде тұйық әрі ішкі сезімі құлыптаулы сандықта жатқан адамды алғаш рет кейіптеуінің өзі бір жаңалық. Данияр әлеміне өзінше сапар шегіп, өз кейіпкерін ақтаудың жолын іздеп, онымен бірге өмір сүргеніне иландық. Сейіт пен Жәмиләнің қырман басында талай күлкі еткеніне шамданып, онсыз да ақсақ аяғына одан сайын күш сала екі қапты көтерген намысшыл Даниярды да, сезімін тұсаулауға қанша рет оқталса да, Жәмиләмен оңаша қалған сәтінде кеудедегі отын баса алмаған ғашық Даниярды да көрдік.

Шығарма бойынша осы оқиғаны баяндаушы Сейіт болғандықтан, оның сахнада да жетекші рольді сомдайтыны бәрімізге белгілі. Көрерменге қарап отырып алған актердің: «Сәлеметсіздер ме! Бәріңіз біздің үйге жүріңіздер, кәмпитпен шәй ішеміз! Апамда сандыққа тыққан көп кәмпит бар», - деген сөздерді айтқанда алабөтен ойдан аулақ, аңғал ауыл баласының бейнесін айнытпай сомдағанын байқаймыз. Жеңгесі мен Даниярдың бейнесін қағазға түсірмек боп, бірінші Жәмиләнің денесін, екі аяғын, қолдарын, басын, күлкісін салғанын – режиссер сахнадан актерлердің өзі арқылы этюд тілімен жеткізді. Мұны да Ұ.Карыпбаев қолданған ұтымды әдістердің бірі деп білеміз.

Актер Данияр Арипов кейіпкерімен іштей бірге өсті, бірге күйреді. Алғашында шат шадыман боп, жеңгесіне еркелей басып жүрген ойын баласының спектакль соңындағы Данияр мен Жәмиләнің артынан шарасыз қарап қалған хәліне түскенде актер ойынынан кейіпкержандылық мектебінің әдісін, кейіпкер психологиясына бойлай алғанын көреміз.

«Қазақстанның халық әртісі, актер, педагог, режиссер Бәйтен Омаров атындағы театрдың репертуарында қазақша спектакльдың мүлде болмауы – оған үлкен сын» деген пікірдегілер бар. Бүгінде сол олқылықтың орны толтырылып, «Жас сахна» театры адамзаттың Айтматовына айналған Шыңғыс Төреқұлұлының «Жәмилә» повесін қазақ тілінде сахналады. Театрларымызда оң өзгерістердің орын ала бергені – оның жоғын жоқтайтындар үшін қашанда жанға майдай жағады. Отандық театрлар (мемлекеттік, ұлттық, академиялық, жеке театрлар) осыны қаперінде ұстап, жағымды жаңалықтарымен қуанта берсе екен дейміз.

20 Қыркүйек 2019
678
0
0