Меркуциоға «Қанат» бітірген Тұзар

Кәсіби воллейболшыдан – кәсіби актерға дейін. Бойының сұңғақ болмауына байланысты, бәлкім өкінішке, бәлкім қуанышқа орай спорт құрамасына өтпей қалған оны өмір қайығы тағдыр ағысы мен толқындарына ілесіп, өнер жағалауына жеткізді.

Жансая Тұрмағанбет,
Т.Жүргенов ат. ҚазҰӨА,
Театртану, 3 курс

 

«Мен әкемнің орындалған арманымын» дейді актердің өзі бір сұхбатында[1]. Тағдыр бұралаңымен өнерден қол үзіп қалған асқар тауының жастық арманын иемденген бозбала Мақсат елімізде ең алғашқы ашылған беделді өнер ордасы, өткен ғасырдан бері Асқар Тоқпановтың бастауымен небір дүлдүлдерді «экспорттаған» театр фабрикасы – Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына 2002 жылы оқуға түседі. Ұлт театр өнері мен ғылымының гүлденуіне мол үлес қосқан тұлға Маман Байсеркеұлының шеберханасынан дәріс алған актердің бірге оқыған замандастары бүгінде еліміздегі бірқатар театрлардың белді актерлері. Бұл – дәрігер емес, инженер емес, Тұңғышбай Жаманқұловша айтсақ, «ақ тер, көк тер» болатын актер мамандығының жемісті болуына ұстаздың тікелей ықпал ететіндігінің айғағы болса керек.

 

Театр саласында ұстаздық ететін кез келген шебер кезекті буын шәкірттерін қабылдағанда, олардың дипломдық спектаклі мен ондағы басты рольді сомдаушыны абитуриент кезінен назарында ұстап жүреді деседі. Сол назарға іліккендердің бірі – өнер бәйгесінде өз курстастарын шаң қақтырған Мақсат Сәбитов. Дипломдық спектакльде Отеллоны ойнаған студенттің сахнадағы сол кездегі Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының режиссері Мұрат Ахмановтың назарына ілігіп, бірден академиялық театрға шақырту алуы тегін емес. Болашақ актер 2010 жылы 17 тамыздан бастап балалар мен жасөспірімдер театрына 3 айлық сынақтан өтуге келген. Дебюттік ролі – «Келіндер көтерілісі» комедиясындағы Мекемтас. Жас, әлі пісе қоймаған актер бұл кезде әріптесі Бейбіт Қамарановқа «жол беріп», екінші құрамға бекітілген болатын. Осылайша, академиялық театрдағы дебюті сәтті шығып, шығармашылық қоржынын жаңа бейнелермен толтыруға білек сыбана кіріскен актердің өнер жолына куә боламыз.

Ал, театрдағы алғашқы басты ролі – 2012 жылдың ақпанында премьерасы өткен Проспер Мерименің «Кармен» новелласының желісі бойынша режиссер Талғат Теменов сахналаған «Карменсита» спектакліндегі Хосе бейнесі. Актердің Кармен роліндегі актриса Жанар Мақашевамен партнерлік байланысы мен үйлесімділігі көптің көңілінен орын алып, келешектегі театр тарихына жазылар ұмытылмас басты рольдеріне айқара жол ашып бергендей.

 

Міне, оның театрға ресми түрде қызмет етіп келе жатқанына, биыл – тоғызыншы маусым. Шығармашылық шыңдалу үшін бұл мерзім – көп те, аз да емес. Келесі жылы 30-ды алқымдайтын актерді бүгінгі күнде балалар мен жасөспірімдер театрының бетке ұстар "келбеті" ретінде танимыз. 10-нан аса ертегілерде кішкентай көрермендердің қуанышына айналып, қиялдарына шабыт сыйлап жүрсе, 20-дан астам драмалық спектакльдерде басты жəне қосалқы рольдерді орындаудағы басқаларға ұқсай бермейтін актерлік шеберлігін театрсүйер қауым жақсы біледі. Олардың ішіндегі мұнар шыңы – сахнаға шыққанына 4 жылға таяп қалғанымен, əлі де болса репертуардан түспеген және әр қойылған сайын аншлагпен өтетін спектакль – «Қара шекпен» әфсанасындағы Тұзар.

Қоғамдық шындықты алға тартып, адами қасиеттерді жануар кейпінде бейнелейтін пьесадағы басты кейіпкер Тұзар – «достан да адал, туыстан да адал, көңіліңді оқып, көзіңнен алар» ақылды, аңғал төбет. Оны сомдауда тек этюдтік дайындықтың аздық етері белгілі. Рольдің дәні (зерно роли) – тек төбеттің көзқарасы, қимылдары мен қарым-қатынасында жатқан жоқ, сондай-ақ, бұл бейне актерден ішкі монолог пен жан тебіреністерін жеткізуде психологиялық тіршілікті талап етері сөзсіз. Ал, осы талаптарды орындап, көрерменнің және өзінің ішкі эгосын қанағаттандыруға тырысқан М.Сәбитов екінші құрамда болғанымен, сахнада өз ролін кейіпкержандылық қасиетімен жоғары деңгейде алып шықты.

 

Премьерадан кейін: «Қойылымды сахналауда бір топ жас мамандардың еңбектенгендерін мүмкіндігінше ескеру керек. Екінші құрамдағы Мақсат Сәбитов (Тұзар) пен Бақыт Тушаевтың (Қарға), Әсет Иманғалиев (кәрі көкжал) пен Сәния Ерзаттың (Қосүрей қоян) рольдері кәсіби әрі нанымды шықты» [2], - дейді газет беттеріндегі пікірлердің бірі. Расында да, бұл спектакльге басы құралған актерлер құрамының бәрі дерлік спектакльдің көкейкесті мақсатына жету жолда (сверхзадача) жұмыла әрекет еткен. Сонымен қатар, «Тұзарды сомдаған Мақсат Сәбитовтың сахнадағы судағы балықтай еркін қимыл-қозғалысы, ым-ишарасы, сөзді көрерменіне жеткізе білуі, актерлік шеберлігі тәнті етті. Спектакльдің басындағы ортекедей орғып жүрген төбеттің ең соңында әбден қалжырап, бойын тік ұстай алмайтын халге жеткенге дейінгі халі өте нанымды шықты» [3], - деген мазмұнды мақалалар сөзімізге дәлел бола алмақ.

М.Сәбитовтың Тұзары бірінші құрамдағы актер Данияр Базарқұлов жасаған бейнеден айырмасы жер мен көктей болмағанымен, екі актердің екі түрлі ізденісі, екі түрлі физикалық мүмкіндіктері, ішкі пластикасының роль сомдаудағы шеберлігінің бірде біреуі басым түсіп, енді бірде екіншісі оза шапқан тұстарын айтып өткен абзал. Дайындық процесінде режиссер Асхат Маемиров актерлерге барынша еркіндік беру арқылы екі құрамды бірдей бәйгеге қосып, шеберліктері мен мүмкіндіктерінің сыналар сағатында осы рольге лайық екенін дәлелдеуге, актерлік «менін» көрсетуге толық мүмкіндік берген.

 

Лық толы көрерменнің ортасымен сахнаға қарай зулай жүгіріп шығып, төбеттің көздерімен қожайынына əрі еркелей, əрі құзырына құлдық ете ишара жасаған Тұзардың энергиясы, залды қамтыған əр адамның жүрегіне жылу сыйламай қоймасы белгілі. Асылында, спектакльге екінші не одан да көп келген көрерменнің асыға күтетін әрекеті де – осы. Сахнадан актердің емес, Тұзардың жүрісін, мінезін, сезімін көргендер оның спектакль алаңында емін-еркін аунап-қунап, қанша биіктік болса да, қаңбақша жеңіл секіріп, желдей жүгіріп, жасындай жарқырағанына қайран қалады. Бұл ретте актердің, «сахна қозғалысы», «сахна шайқасы» бойынша сыртқы физикалық-пластикалық қасиеттерінің, спектакль темпоритмін қалыпта ұстаудың техникалық әдісін жақсы меңгергендігін ерекше атап өткен жөн. Осы орайда сын сардары Ә.Сығайдың: «Нағыз профессионал артистер әрдайым актерлік техникаға көп көңіл бөледі. Ал оны кейіпкерсындылық немесе образ тұлғасына терең бойлай алмағандық деп білу теріс ұғым. Мәселе қай образға қаншама «қызу» беріп, қанша бояу жағуды актердің болжай білуінде» [4], - деген тұжырымы еріксіз ойға оралады. Сол сияқты, техникалық әдісті орынды пайдаланатын әртістің Тұзар болып режиссер белгілеген мизансценаны ешкімнің нұсқауынсыз жасап жатқандай нанымды етіп өз жанынан тудыруы – сәтті шыққан рольдің жемісі деп білеміз.

 

Актердің актер екенін сөз еткен тұста, оның сахнадағы демеушісі – партнерімен қарым-қатынасын қоса айтқан жөн. Актерлік өнердегі маңызды шығармашылық акт – өзара қарым-қатынастың (взаимное общение) қайтару мен қабылдау (отдача и восприятие) процестері. Бұл жағынан келгенде, Тұзардың Көкшуланға көзқарасы, үлкен-кіші зейін шеңберіндегі бір-біріне деген "бағасы" (оценка) сөзсіз əдемі өрнек құра білген. Көкшуланды қанша жерден сүйіп-құшып тұрған сахналарында да, қанына сіңген адалдықтан аса алмаған болмысын пластикалық биімен де, шарасыз көздерімен де көрсете білді. Ал, қожайынымен тіпті тілсіз тілдесуі, алақанын ұсынып, одан жаутаңдаған жанарымен жауап күткен сахнасы да – образды шынайы көркемдеуге көмектескен, көрерменге эмоциялық әсер қалдыратын элементтер. Қу шекпенді жамылып жалпақ дүниеде жалғыз қалған шағында да өзі шөлдеп жүрген мейрімге Қосүрейді бөлейтін, өзі өлімнің қарсы алдында тұра өзгені ойлап, барын беретін әрекеттерін шынайы жеткізген. О баста көзі ойнақшып, жалыны тасып тұрған төбеттің басынан өткен оқиғаны актердің жан-тәнімен өткізіп, соның нәтижесінде спектакль соңында тәні қалжырап, жаны күйреген аянышты күйге түсетінін көргенде, оқиғаға да, ондағы кейіпкерге де – шынында, иланасың. Бір сөзбен айтқанда, «Сен кімге қызмет еткенсің, Тұзар?!.», - деген спектакль қорытындысындағы соңғы сөздің айтылуын ақтай білді.

 

Жалпы, спектакль материалының көтеріп отырған тақырыбының өзектілігінен бе, кейіпкерлерінің сан қилылығынан ба, жанрлық ерекшелігінен бе, әйтеуір, Тұзар бейнесі – қазақ театр аудиториясы үшін жаңа толқынға ілесетін үлкен бетбұрыс болғандай. Сәйкесінше, оны кейіптеген артист М.Сәбитовтің де спектакль ғұмырының ұзақ болуына қосқан үлесі зор деп білеміз.

 

Сымбат мүсін, фактура – актер тұлғасына қызмет етуші күшті фактор. Оның мінсіз болуы спектакльдің пластикалық шешімдерін жеткізуде аса қажет. Біз портретін жасап отырған актердің де бұл тұрғыдан келгенде аянып қалар жайы жоқ. Станиславскийдің өзі актер қауымына əліппе іспеттес боп кеткен жүйесінде көрсетілген заңдылықтарында, нақтырақ айтсақ, «Адам жанының тіршілігі мен адам тәні тіршілігінің бірлігі» деп аталатын екінші тезисінде былай дейді: «Сахна санаткерлерінің «ахиллес өкшесі», яғни ең осал жері «адам тәнінің тіршілігін сомдайтын сыртқы сымбат өрнегі – пластика өнерін жетік білмеуінде жатыр. Ал кейіпкермәнділік проблемасын шешудің негізгі жолдарының бірі – әсемдік қимыл (пластика) заңдылығына байланысты»[5]. Ұлы теоретик бұлай деу арқылы актер динамикасының түп қазығы етіп сымбаттылық пен бекзаттықты көрсетуден аулақ, тек актер психофизикасының үндестігін алға тартуда. Ол сахнадағы физикалық және психологиялық өмірді бір-бірінен бөліп қарауға болмайтындығын барлық актер терең түсінгенін қалады[6]. Ал жан мен тəннің бір арнаға тоғысып, құйылыс жасауы – актер мүмкіншілігін кеңейтіп, труппа мен театр алдындағы беделін арттырып, басты рольдерді тізгіндеуіне əкелері анық. Иə, осы ретте, "Кішкентай роль болмайды, кішкентай актер ғана болады", - деген жаттанды нақыл сөз еріксіз тілге тиек болары хақ.

 

Хордан алға суырылып, корифейлікке ұмтылуды көздемейтін, дəл осы пікірді ту етіп ап, жұлдызын жағатын режиссерді күтіп жүрген актер қарасы елімізде аз емес. Облыстық театр актерлерін былай қоя бергенде, мемлекеттік академиялық театрларда қызмет ететін жүзден астам актердің бірі боп жүргендер қаншама?!. «Өз кезеңінде қауырт қимылдап қалсаң – ұтқаның, сәл шабан тартсаң – өзіңе өкпелегенің абзал. Ол – жастық қызуын, табиғи шабыт күшін, тереңнен тартылар қиял қуатын, табы бәсеңсімес лапылдаған кісі сезімін талап етер өзгеше мамандық» [7], - деп Ә.Сығай көрсеткендей, бұл – белін бекем буып келген адам үшін дауылы мен ауырына саналы түрде бас сұғатын сала. Әйтпесе, Эдип пен Ясонды, Гамлет пен Отеллоны, Ромео мен Петручионы, Арлекин мен Бригелла, Төлеген мен Сырымды, Біржан мен Абайды ойнауды арман етпесе де, Гамлеттегі Лаэртті, Отеллоның Ягосын, Ромеоның Меркуциосын, Петручио емес, Люченционы, Абайды емес, Шəкəрімді, Сырымның емес, Наршаның бейнесін тудырғысы келетұғын актер көп. Сол себепті де, Мақсат Сабитовтың жетекші актерлердің бірі екені – оның сахна өнеріндегі тұғырын анықтап, замандас әріптестерінен дараланып тұратындығының нышаны болса керек.

 

Мольердің тек комедия актері болғаны сияқты әр актердің жамбасына жататын, болмысына жарасар белгілі бір жанр болады деген түсінікке тоқталуымыз мүмкін. Алайда, әсте де олай емес. Өйткені театр театр болғалы бері Гамлетті де, Арлекинді де ойнаған бірқатар актер болғаны және әлі де бар екені баршамызға әлімсақтан аян. Сол секілді нысанаға алып отырған актеріміздің де мүмкіндігі зор, амплуасы кең. Ол адал, аңғал Тұзарды, шапағаты төгілген (харизма) Меркуционы, махаббат үшін бәріне қолын бір-ақ сілтеген Хосені, Тобықты алдында «күнәһар» Қодарды да, мағынасыз әнші Көкек болсын, кемеліне жеткен Барақты, аузынан сүті кеппеген Қанатты да нақышына келтіріп сомдай алды. Осы тұста Станиславскийдің таптаурындылық (штамп) және оның актердің өсуіне кедергісі мен зияны жөніндегі тұжырымдары ойға оралмақ. «Театр өнері саласында актердің қас жауы – таптаурындылық. Ол – актер дүниесіне байқатпай еніп, бара-бара тамырланып, қоздап, құжынап, қаулап көбейе беретін қатерлі құбылыс»[8].

 

Актер шығармашылығы турасында әңгіме қозғағанда, оның тек басты рольдерін алға тарту міндет емес. Өйткені, қосалқы роль – басты қаһарманға белгілі бір дәрежеде әсер етіп, образының нанымды шығуына ықпал ететін қозғаушы күштің иесі. Сондай рольдердің бірі – «Ромео мен Джульетта» трагедиясын өзгеше атаумен сахналаған режиссер Жұлдызбек Жұманбайдың «Бір сен үшін тудым» спектакліндегі Меркуцио ролі. Меркуцио – Ромеоның қылжақбас, қызқұмар, сымбатты əрі қымбатты жолдасы. Жарқын кейіпкерді сомдауда сахнадағы ағаш декорацияны қызға теңеп, аймалай сүйетін іс-әрекетінен-ақ тұсауы жоқ Меркуцио бейнесінің қызқұмар тұсын, серігі Бенволиоға әбден еркелеп, арқасына асылғанынан – сотқарлығын, тек достарының арасында емес, басқа кейіпкерлермен де ол мейлі, Пірәдар болсын, еркін қалжыңдаса білуімен – қылжақбастығын шебер көрсеткен.

 

Күллі спектакльдің кульминациясы болып табылатын сахна – оның Тибальтпен болатын ерегісі. Шарықтау шегінің нүктесіне апаратын оқиғаны іске асырушылардың бірі болған бұл бейне актердің өзге рольдеріне мүлде ұқсамайды. «Сахнада да дәл өмірдегідей әрекет еркіндігі – ішкі жан дүние еркіндігінің көрінісі»[9], - деп жазады Б.Е.Захава. Сол сияқты, Меркуционың Ромео мен Бенволиоға деген айнымас достығын жеткізуде, Тибальт екеуінің намысы сынға түскен сағатта да екі сағаттық классикалық трагедиядағы ғұмырын еркін құлаштай, рахаттана кешкенін көреміз.

Би көріністері - «Бір сен үшін тудым спектакліндегі» көрерменнің сүйікті сахнасы. «Дудар-ай, дудар-ай» дейтін әуенмен құлаққа еріксіз жатталып қалатын әуенге билеген бір топ сауық сайран құрушы жастардың алдын бастап жүрген де осы – Меркуцио. Оның би алаңындағы отты қимылдары, билеп жүрген массалық кейіпкерлердің ішінде маскамен жүрген күннің өзінде дараланып, ширақтығымен көзге түсетін, тән мен рухының еркіндікке ұмтылғандығын би қимылдары арқылы жеткізудегі қабілеті де жақсыдан жоғары. Сонымен бірге, бір қарағанда жеңіл ойлы боп көрінер Меркуционың Тибальтпен жекпе-жекке шығатын сахнасында қарсыласын көзімен бір, сөзімен бір таяқтайтынын, әдемі сахналық шайқас қойылымының техникасын актерлік ойынына кірістіре білген. Бұған дейін көбінде ішкі толғаныста жүретін драмалық кейіпкерлерді сомдаған актердің бұл бейнесі көрермен алдында басқа қырынан танытты. Осының алдында атап өткен Тұзар кейіпкері де спектакль финалын өліммен бітіреді. Бірақ, мұндағы өлім басқаша. Ерке, қыңыр, сері мінезімен бір емес, бірнеше рет залды күлкіге қарық қылған Меркуционың нағыз жігіттік намысқа келген кезде ештеңеден аяқ тартпайтын, досы үшін басын өлімге ойланбай тіккен әрекеті көрерменді селт еткізер құбылыс. Осы себепті де біз осы кейіпкер болмысын пьесадағы ең қызықты бейне ретінде қарастырамыз. Меркуцио болмысының сан қырлылығының, мінез ерекшелігінің негізі Шекспир шеберлігінен туып, оны кейіптеген актердің талантымен дами түспек.

 

Былтыр ғана тұсауы кесілген жазушы С. Мұратбековтың қос шығармасының желісімен Ж. Жұманбайдың инсценировкасы және режиссурасымен қойылған «Жусан иісі» спектаклінде Мақсат Сәбитовтың актерлік қоржыны тағы бір басты рольмен толықты. Ол – бәріне сүйікті де сүйкімді Қанат бейнесі.

 

Шығарма майдан жылдарындағы əлеуметтік проблемаларды, халық ахуалын бейнелейтін оқиғалардың жиынтығынан тұрғандықтан, ондағы басым кейіпкерлер – типтік бейнелер. Қандыбалақ соғысқа лағынет айтқан ауылдағы барша шайқұярлар, ақ жаулықтылар мен ақсақалдар қатігез заманның тартқызған қасіретін арқалап жүрген шақта, ананың жүдеу жанына медеу болған, əженің жыртық көңіліне жамау болған жандар – Қанат пен оның достары сияқты ауыл балалары еді. Көкелерінің майдандағы ерлігін аңыз ғып айтып, сағынғанда шекпендерін құшырлана иіскеп, сауаты жеткенше хат жазуы – бəрі-бəрі жүректі елжіретер сахналардың ең аяулысы. Осы оқиғаның бəрінде де алдыңғы планда жүрген актер Сəбитов бір сəт болсын балалықтың таңғы шықтай балғындығынан арылмаған.

 

Бала Қанат боп жүріп, екі шығарманың жүгенінен берік ұстаған ауқымды спектакльдің сюжеттік сызығын жасап жүрген актер ондағы барша кейіпкерді көрерменге жете таныстырып арадағы көпір болып тұрғандай. Ойын баласының психологиясын жіті меңгеріп, рольге күллі физиологиясымен енген М.Сəбитов спектакль бойы Қанаттың мимикасы мен қимыл-қозғалысы арқылы бірде күлкіге қарық қылса, бірде мұңлы күйге бөлейді. Әсіресе, екеуі Ырысбек пен Зибаштың үстінен түсетін сахнасында Әжібектің: «Не қарайсың? Сені де солардың үстіне лақтырып жіберейін бе?», – деп ашулана айтқан сөзіне Қанаттың моп-момақан әрі әбден ұялған кейіппен: «Қой-ей, ұят емес пе?», - деп жауап бергендегі түр әлпеті еріксіз көз адыңда қалары сөзсіз. Сондай-ақ, «Әжөкааай, жыламашы енді...», – деген репликаларында бала Қанаттың кең жүрегінен шықққан сөздерге ішің жылып қалады.

 

Спектакльдің прологында айтылатын: "Алыста қалған балалық шағым ойымнан бір кетпейді..." деген сөздері осы "Жусан иісінен" көрермен есінде қалатын бірден-бір үзінді. Егде жастағы Қанаттың бала кезінің тəтті һəм кермек дәмді естеліктеріне сапар шегуімен баяндалатын спектакльде жас айырмашылықтары екі бөтен Қанаттарды бір адамның орындауы – оның актерлік шеберлігін мақтауға тұрарлық деп білеміз. Станиславский көрсеткен кейіпкержандылық (искусство переживания) мектебінің көркем əдісін өн бойынан өткізгені көрініп тұр.

 

Осы тұста ерекше ескере кететін бір дүние бар. Ол – бүгінгі күнде барлық дерлік театрдың проблемасы деп айтуға болатын – сахна тілі мәселесі. Қайсы бір спектакльдің талқылауын тыңдасақ та, бәрінде айқын аталатын олқылық, актерлердің басым көпшілігіне тағылатын мін – осы. Сахнадағы кейіпкер сөзінің балкондағы көрерменнің құлағына жетуі – сахна тілінің басты талабы. Әйткенмен, сөзім жету керек екен деп, құр айқайға салған да жарамайды. Сыбырлап тұрып, күллі залды тыңдатуға болды. Сайын келгенде, мұның бәрі көпжылдық тәжірибе мен терең талант иелеріне тән қабілет. «Сахнада сөз сөйлеудің өзі – үлкен өнер. Біреудің ойын, жан сезімі мен жүрек толғанысын өз сөзіндей етіп, сөйлеу  ережелерін бұзбай, драматург ой тебіренісін айна қатесіз көрерменге құлағының құрышын қандырардай етіп жеткізу қиынның қиыны екенін тыңдаушы кей-кейде елестете алмайды. Актер өнеріндегі сөз мәдениеті, сөйлеу техникасына байланысты мәселелер ауқымы кең әрі сан алуан болып келеді»[10], – дейді Дариға Тұранқұлова. Әдетте, инсценировка жұмыстарының бәрі дерлік автор сөздерінен құралғандықтан баяндау тәсілдері негізінде сахналанады. Расында да оның көрерменге анық, кедергісіз жетуі, естіген құлаққа жағымды дауыспен айтылуы зор маңызға ие. Бұл тұрғыдан келгенде, режиссер Ж.Жұманбайдың таңдауы жұмсақ та кең дауысты Мақсат Сәбитовке түскені – дұрыс шешім деп білеміз. Ұлттық театр өнерінде сахна тілінің теориялық негізін жасаған Дариға Тұранқұловадан дәріс алған актер тек актерлік шеберлік пен қимыл-іс әрекетін ғана бірінші кезекке қоймай, сахна өнерінің ең басты құралы – сөз екенін де тікелей назарда ұстаса керек-ті.

 

Аталған рольдерінен бөлек образдарда актерді телевизия аудиториясы Ақан Сатаевтың «Бауыржан Момышұлы», Ж.Құсайыновтың «Сергелдең», Ж.Жетіруовтың «Шыңырау», Т.Теменовтың «Судағы із» фильмдерінде сондай-ақ, «Болашақ», «Әке серті» және т.б. телехикаялардағы рольдері арқылы жақсы таниды. Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді дегенді жете түсінген ол отандық арналарда жалт-жұлт еткен коммерциялық жобаға айналған арзан сюжетті телехикаяларда ойнаудан бойын әрі ұстауға тырысады. Түскен фильмдеріндегі сомдаған рольдерінің ішіндегі ауыз толтырып айтуға лайығы деп «Бауыржан Момышұлы» фильміндегі лейтенант Рахимовтың ролін бөлек қоюы да сондықтан. Сондай-ақ, актер БАҚ-қа берген сұхбаттарында тарихи тұлғаларды сомдағысы келетінін айтқан.

 

Отандық театр өнеріне қызмет етіп жүрген актерде тек «көрермен сүйіктісі» деген халық берген жалпы атақ қана емес, Қазақстан Республикасының Театрлар Ассамблеясы марапаттаған жүлделер мен номинациялар бар. Алдыңғы рольдерінің бірқатарының үздік шыққанын растайтын қағаз жүзіндегі атақтары, атап айтсақ, Меркуцио, Қодар рольдері үшін 2017 жылы «Алтын сақа» фестивалінде «Ең үздік актер», Қанат бейнесі үшін 2018 жылы «Жыл актері», сондай-ақ «Үміт» номинациясымен 2018 жылдың «Сахнагер» ұлттық театр жүлдесін қанжығасына байлаған актерді өне бойымен рольге құлап түсіп, сүңгіп кетіп, тұтана, өртене жүріп, жалындай жана ойнаған сахна саңлақтары Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, С.Қожамқұловтардың жалғасы десек, артық айтпағанымыз болар.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

  1. «Ақжүніс-Астана» журналы, : А.Есали, 2013 ж;
  2. Ана тілі» газеті, А.Исләмбек., «Қара шекпен» – адалдыққа үндейтін қойылым», 26 ақпан, 2015 ж;
  3. «Ақтөбе» газеті, ё ммм А. Қонақбаева., «Қара шекпен» қандай ой салды?»,5 қазан, 2016 ж;
  4. Ә.Сығай, «Сахнаға сапар», Алматы, «Өнер», 1990 ж, 156-б;
  5. М.Байсеркенов, «Сахна және актер», Алматы, «Ана тілі», 1993ж, 103-б;
  6. М.Кнебель, «О действенном анализе пьесы и роли», Москва., «Искусство», 1961 ж, 13-б;
  7. Ә.Сығай, «Сахна саңлақтры», Алматы., «Жалын», 1998, 5б;
  8. М.Байсеркенов. «Сахна және актер», Алматы, «Ана тілі», 1993ж, 69-б;
  9. Б.Е.Захава «Мастерство актера и режиссера», Москва, «Просвещение», 1973, 103-б;
  10. Д.Тұранқұлова, «Сахна тілі», Алматы, «Білім», 2011 ж., 158-б;
3 Қазан 2019
336
0
0