Халық тағдырын баяндаған "Жан дауысы" қойылымы жайында

Ф.Молдағалидің «Жан дауысы» саундрамасына рецензия.

Аружан Бердіқожа

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, театртану, ІІ курс


Солтүстік Қазақстан облыстық С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры ағымдағы жылдың 26-28 қараша күндері гастролдік сапармен Алматы қаласына келді. Алғашқы күні Бауыржан Жақыптың «Жан дауысы» поэмасының желісімен режиссер Ф.Молдағалидің «Жан дауысы» саундрамасы қойылды. Спектакль 1949 жылы 29 тамызда Семейде жарылған атом бомбасы және оның табиғат пен адамзат баласына келтірген өлшеусіз зияны жайлы. Осыдан жетпіс жыл бұрын Семей жарылыстарға арналған сынақ алаңына айналған болатын. «Жан дауысы» спектаклінің қойылу себебі де осы 70 жыл бұрын басталған оқиғаға байланысты.

Спектакльде режиссерлік шешімдер ерекше көзге түседі. Ф.Молдағали тұтастай поэманы сахнада бимен, қимыл-қозғалыспен, символдармен суреттеуге тырысады. Қойылымда сөзге қарағанда әрекет басым. Бірінші сахнада ана және оның құрсағындағы сәбиді көреміз. Ол екеуін байланыстырып тұрған – тоқыма жіп. Бұл көрініс ана құрсағында өсіп-жетіліп келе жатқан кішкентай сәбиге алдағы уақытта үлкен қауіптің төніп тұрғанын ескерткендей. Беймарал өмір сүріп, бейқам тіршілік етіп жүрген адамзат. Кенеттен сахнаға қара-қоңыр түсті киім киген актерлер шығады. Олар жарылыстың әсерінен қирап, тасқа айналған Дегелең тауын бейнелейді. Актерлік ұжым бірлескен қимыл-қозғалыстармен таудың алғашқы көрінісін суреттесе, үгітілген сәтін үстіндегі киімдерін шешіп тастап кетумен жеткізеді. Сахнаның артқы жағындағы ұлттық аспаптармен сүймелдеуші ансамбль таудың қирай бастағанын дабылдың үнін беру арқылы әсерлі етеді. Келесі көріністе қурап қалған тоғайды бейнелеген қара киімді екі актерді көреміз. Акробатикалық қимылдардың көмегімен сынақтардың әсерінен зардап шеккен ағаштың аянышты күйін сәтті ашады. Қауіпті, күрделі қимылдарды жасауда нақтылық, сахналық еркіндік және актерлердің (Ислам Жақсылық, Аманкелді Тулегенов) бір-біріне физикалық сенімділігі байқалады. Санаткерлер сахна қозғалысын жақсы меңгерген. Олар өте епті, иілгіш және икемділігімен көрермен назарын өздеріне аударта білді.

Спектакльдегі кезекті әдемі көрініс – өзенді бейнелейтін балеринаның сахнасы. Шағын оркестр сүймелдеген классикалық әуенге сәйкес сахнада балерина билейді. Бастапқы қимыл-қозғалыстарынан өзен-балеринаның бойындағы мол күш-жігерді сезінеміз. Бұл – өзеннің арнасынан асып-тасып жатқан шағы. Қара киімдегі актерлер балеринаны ары-бері лақтырған сайын актриса әлсіреген сыңай танытады. Яғни, адамдардың суды бейберекет шашып, орынсыз пайдалануының әсерінен өзен тартылып жатыр деген ой келеді санамызға. Актрисаның сахналық пластикасынан иілгіштігі, жеңілдігі, нәзіктігі бірден байқалады. Алайда, актриса сыртқы қимыл-қозғалыспен тулап жатқан өзеннің халін ашып бергенімен (әсіресе, балеринаның аяқтан тұра алмай қиналатын сәті) сезімін көрерменге жеткізуде әлі де ізденуі қажет деп білеміз. Себебі, тартылған өзеннің монологын оқу барысында актриса өлеңнің әрбір сөзіне екпін түсіреді. Соның әсерінен сөздер бір-бірінен дараланып, негізгі мағынасынан ажырап және айтар ойды жоғалтып алады. Актриса пластикаға қатты көңіл бөліп, мәтінмен жеткілікті дәрежеде жұмыс жасамаған. Бұдан кейінгі сахнада қалың қос бұрымды актрисалар желдің үніне сай баяу қимылдар жасайды. Қос бұрым, шашбаудың сыңғыры және шаштың ары-бері лақтырылуы – желді сипаттайтын негізгі дүниелер. Боз дала роліндегі актёр Қасым Айбол монологын оқып, қолындағы дабылын соғып, қатты айқайға салады. Бұдан кең даланың мұңы, өкініші, өкпе-назы емес, ашу-ызасы сезіледі. Боз даланы сансыз сынақтардан зардап шеккен адамзаттың сұлбасында да көруге болады. Адамдар өз жерлерінде сынақтар жүргізіліп, жарылыстардың орын алып жатқанына алғашында ешқандай қарсылық білдірген жоқ, тек еріксіз көне берді. Егер, олар кезінде мұндай сынақтарға қарсы екендерін жер бетіне жар салғанда жарылыстардың орын алмауы да мүмкін еді ғой. Осы тұсынан қарастырғанда актердің сахнада айғайға басуы орынсыз тәрізді.

Тоқтаусыз жарылыстардың зияны тек табиғатқа, қоршаған ортаға, адамзат пен жануарларға ғана тиген жоқ. Сондай-ақ, бомбаның радиоактивті қалдықтарынан ауа ластанып, ананың құрсағындағы кішкентай тіршілік иесі де жапа шекті. Сахнада алғашқы көрініс қайталанады. Бірақ, мұнда сәби біршама жетіліп, дамып қалған. Ол әткеншекте отыр. Кенеттен сахна жарықтың көмегімен қызыл түске боялады. Мұны біз кезекті жарылыс деп түсіндік. Ананың баласынан айырылып қалған сәті, жарық дүниеге келмей жатып қайтыс болған баланың әткеншекпен бірге сахнаның жоғарғы жағына қарай көтерілуі әсерлі көрініс. Актриса Жадыра Асқардың аяқ-қолы кемтар, мүгедек қуыршақтарды сахнаға алып шығуы орынсыз сынақтардың кесірінен жарымжан балалардың өмірге келіп жатқанын айқындайды. Актрисаның монологынан адамзаттың бұлай жапа шегіп жатқанына атом бомбасының емес, өздерінің кінәлі екендерін түсінгенін білеміз. Алайда, актрисаның сахна тіліне аса мән бермегендігі, мәтінмен жұмыс жасамағандығы көңілге кірбің түсіреді. Ж.Асқар да әрбір сөзге екпін түсіріп, өлеңнің көркемдігін түсіріп алды және кейбір дыбыстардың дұрыс естілмей қалу қателіктері кездесті. Өзін сахна санаткерімін деп есептейтін  кез-келген тұлға пластикамен қатар тіл тазалығына да аса мән берсе екен деймін.

Спектакльдің тақырыбы бүгінде өте өзекті. Экологияның ластануы мен зардап шегуі тек біздің еліміздегі ғана емес, жаһандық ауқымды мәселе. Сол себепті қойылым табиғатты аялауды, қоршаған ортаға, адамзатқа қиянат жасамауды, қолымыздағы бар байлықтың бағасын біліп, тиімді пайдалануды насихаттайды. Сонысымен ұтымды «Жан дауысы» спектаклі қазақ сахнасында қойылуы керек деп білеміз.

15 Желтоқсан 2019
296
0
0