Сын сардары - Әшірбек Сығай

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасы Әшірбек Сығайдың 70 жасқа толған еске алу шарасына байланысты «Қазақстандағы заманауи театр өнерінің даму жолдары» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді.

Шырын Санатқызы

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, театртану, III курс



 

Сынындағы шындығымен дүйім жұртты мойындатып, саналы ғұмырын театр өнерін зерттеп, зерделеуге арнаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік Сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Тәуелсіз Платиналы «Тарлан» сыйлығының лауреаты, профессор, көрнекті театр сыншысы, ұлағатты ұстаз Әшірбек Төребайұлы Сығай көзі тірі болғанда 70 жасқа толар еді. Осыған орай сыншы ұзақ жылдар бойы ұстаздық еткен Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасы еске алу шарасын ұйымдастырды.

Бұл шара «Әшірбек Сығай атындағы шеберхананың» ресми ашылу салтанатынан бастау алып, көптеген өнер қайраткерлері мен шет ел қонақтары бас қосқан «Қазақстандағы заманауи театр өнерінің даму жолдары» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциямен өз жалғасын тапты.

Конференцияда сын шеберінің өнер жолы, еңбектері мен бүгінгі театр өнерінің хал-ахуалына қатысты баяндамалар жасалды. Үлкен құрмет пен сағыныш сезімі ақтарылған бұл шарада Ә.Төрейбайұлының көзін көріп, бірі аға, бірі дос болған замандастары  Ө.Айтбайұлы, Д.Исабеков, Н.Оразалин, А.Құлбаев сынды өнер майталмандары өз естеліктерімен бөлісіп, өткен күндерден сыр шертісті. Ал театр сыншылары Б.Нұрпейіс және С.Қабдиева Ә.Сығайдың театр өнерін дамытудағы рөлі мен бүгінгі қазақ театр өнерінің мәселелерін жан-жақты талдай отырып, өз ойларын ортаға салған болатын.

Шет елдік сыншылар, Тәжікстандық С.Мирзоев пен Қырғызстан мемлекетінен келген А.Умуралива да өз естеліктерімен бөлісті. Конференция арқылы театр сүйер қауым мен студент жастар сыншының өмірдегі, әрі өнердегі дара жолымен, театр өнері саласындағы еңбектерімен жақынырақ танысты. Жиын соңында Ә.Сығайға арналған «Сын сардары» атты естелік кітабының тұсауы кесілді.

Шара М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрындағы еске алу кешімен өз жалғасын тапты.

Сыншыға арналып ән де айтылды, күй де шертілді, ыстық сағыныш пен нұрлы естеліктер сыр шертті, еңбектері еске алынып, бар құрмет сын сардарының рухына бағышталды. 

Сан алуан сахна саңлақтарына сын жаза жүріп, өнер көшін түзеуге, театр өнерін өркендетуге көп күш салған біртуар жанның 20 шақты кітабы мен мыңға тарта ғылыми мақаласы болашақ ұрпаққа рухани қазына. «Ғалымның өзі өлсе де, хаты өлмейді» - деген осы болса керек. Ұлағатты ұстаз Ә.Сығайдың шеберханасынан білім нәрімен сусындаған шәкірттері сыншының жаққан отын сөндірмек емес.

20 Қазан 2017
1269
0
0