Батырбек Ықыласов: Сәкен аға Майғазиев үлгі тұтуға лайықты азамат

Қуыршақ театрының жас әртісі Батырбек Ықыласовпен сұхбат.
Батырбек Ықыласов: Сәкен аға Майғазиев үлгі тұтуға лайықты азамат

Қайырлы күн, Батырбек! Сұқбатымыздың әлқисасын өнер жолына қалай келгеніңізден бастайық. Бұл сала сізді несімен қызықтырды?

Үйдің үлкендерінің айтуына қарағанда, тілім шыға бастағаннан терезенің алдында тұрып ән айтады екенмін. Сол кездерден-ақ әкем мені өнер адамы болады деп күткен. Ес біліп, мектеп қабырғасында жүрген шақтарда түрлі іс-шараларға қатысып, күреспен де айналысып жүлделі орындарды еншіледім. Іштей өнерге деген махаббатымның күштілігінен болар, әкеме өнерге барғым келетінін айтып, ол кісінің мақұлдауымен осы жолға келдім. Ал нақ осы өнер академиясына түсуіме себепші болып, қуыршақ артисі мамандығына бағыт сілтеген «Өнер қырандарының» жігіттері болатын. Бала арманым адастырмады деп білемін.

Егер уақыт кері айналып келсе, өнерге келген болар ма едіңіз? Бұл саланың табыс көзі аздық етпейді ме?

Бойыңда қайнаған күш-жігер мен алға ұмтылыс, еңбексүйгіштік қасиетің болса, қосымша табыс табудың жолы көп. Мамандығын шын сүйетін адамдар ақысыз-ақ еңбек етуге даяр тұрады. Дегенмен, қайта таңдауға тап болсам, бар қажыр-қайратын спортқа сарп еткен чемпион болар ма едім?! Кім білген? (күліп).

Сіз үшін  өмірдің мәні неде?!

Әрине, кез-келген перзент үшін әке-анасының амандығы мен оларды қуанту бірінші орында деп білемін. Жаныңмен сүйіп жасайтын мамандығың мен әр кез жаныңнан табылатын адал жарыңды жаңылмай кезіктіру де өміріңнің мәнді болуына себепкер дүниелер.

Үлкен сахнадағы алғашқы рөліңіз бен алған әсеріңіз?

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ІІІ курсына аяқ басқан кезімде «Алтын адам» қойылымындағы басты кейіпкердің досы Айбар рөлін ойнауға аталмыш қуыршақ театрынан ұсыныс келіп түсті. Қыруар студенттің суреттерінен мені көрген Ресей режиссерінің бұл таңдауы төбемді көкке жеткізді. Осы қойылымның алғашқы күнгі көрермендерінің соққан қошеметінің мәңгі жадымда қалары сөзсіз.

Өмірде кімге тұлға ретінде қарап, үлгі тұтасыз?!

Кез-келген жігіт өз әкесін идеал көріп, үлгі тұтары хақ. Мен үшін де әкемнен асқан зор тұлға жоқ. Ал өнерде Сәкен аға Майғазиевты үлгі тұтуға лайықты азамат деп білемін. Ол кісінің адамгершілігінің биіктігі, діни сауаттылығы, білім деңгейі, қай жағынан алып қарасаңыз да үлгі тұтып, тұлға деуге тұрарлық адам.

Нендей нәрсе сізге мотивация береді?

Әкемнің: «Саған сенемін балам, қолыңнан келеді» деген бір ауыз сөзі мені қанаттандыратын ең үлкен мотивация.

Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рақмет! Өнердің өр биігінен көріне беріңіз!