Беатрис Пикон-Валлен: Театрдың не екенін білмей жатып спектакль туралы айтатындар көп

Театртанушы, орыс театрының маманы, Париж консерваториясының профессоры, Көркем өнер зерттеу лабораториясының жетекшісі (CNRS, ARIAS, Париж) Беатрис Пикон-Валленмен сұхбат.
Беатрис Пикон-Валлен: Театрдың не екенін білмей жатып спектакль туралы айтатындар көп

Сұхбаттасқан: Жансая Тұрмағанбет, Алуа Абдульдинова

Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, театртану, II курс студенттері


Театртанушы деген әнші, актер, мұғалім сияқты бала кезден
армандайтын мамандық емес қой. Дәл осы салаға қызығушылығыңыз оянуына не нәрсе
түрткі болды?

Жиырма жасымда
Мәскеуге орыс тілін меңгеру үшін барғанмын. Сол кездегі орыс театры менің жалпы
театрға деген махаббатымды оятты. Көп ұзамай Ю.Любимовтың «Таганка» театрына
тәжірибе жинау үшін өтініш жасадым. Олар мақұлдаған соң труппаға қабылданып,
жұмысқа кірістім. Жұмыс барысында бұрын соңды Франция театрында болмаған ерекше
шешімдерді Юрий Любимовтың режиссерлығынан көрдім. Ол кісіден үйренгенім көп
болды. Репетиция залынан спектакльдің дайындығын бақылап жүріп, оның құрылымын,
тарихын зерттеуге құлшынысым арта түсті. Бұл ынтазарлығыма кейін театр мұрағатындағы
қызметім де әсерін тигізді. Осылайша, театртану саласына түбегейлі бет бұрдым
десем болады.

Театртанушылардың
көбісі өздерінің ізбасарларын дайындап жүреді. Ал сіз шәкірт тәрбиелейсіз бе?

Менің негізгі ісім
– театр саласының зерттеушісі, оның ішінде орыс театрын зерттеуші маманмын.
Оған қоса, Ұлттық консерваториясының профессоры ретінде дәріс берем. Мен үшін
өз білгенімді бөлісуден артық бақыт жоқ. Орыс театрының дамуында В.
Мейерхольдтың үлесі зор. Тынбай еңбек етіп, театр саласы үшін ХХ ғасырдың
басында бірқатар еңбектер жазып, жаңалықтар жасаған. Солардың бәрін бүгінгі
театрды қалыптастырушы актерларға жеткізу бақыты бұйырды маған.

Әңгімеміз
актерлерге ауысыпты. Франциядағы актерлер театрдағы қызметінен бөлек  концерт
, банкеттерде өнер
көрсете ме? Немесе театр жалақысынан өзге табыс табу мақсатында басқа немен
айналысады?

Біздің актерлер мерекелік
кештерде өнер көрсетеді деп айтпас едім. Көп жағдайда жарнамаларда ғана бой
көрсетіп тұрады. Одан бөлек, ұстаздықпен айналысатындары бар. Сіз айтқан
дүниелер көп жерлерде үлкен мәселе болып отыр. Оның ең басты себебі – жалақының
жетіспеуінен туып отыр ғой. Осыдан актерлер күн көру үшін түрлі
айлаларға барады ғой. Әрине, бұлардың бәрі шығармашылық адамына үлкен кедергі.

Сіздердегі театр
қызметкерлерінің жалақысы көңіл көншіте ме?

Бұл сұрақтарыңызға
нақты жауап айту қиын. Ол театрдың әлеуметтік жағдайына байланысты. Францияда
театр көп болғандықтан, олардың даму деңгейлері мен әл-ауқаттары да әртүрлі.

Ал, орта есеппен
билет бағасы қанша?

Жалпы, мемлекеттік
театрлардағы билет құны – 15 еуроның көлемін құрайды. Жеке театрларда әлдеқайда
қымбат, 20-25 еуроға дейін барады. Ал, операда тіптен жоғары баға. Дегенмен де
жеңілдіктер де болып тұрады. Мәселен, студенттер үшін билет 10-15 еуро. Кейде
одан төмен болуы мүмкін. Сондай-ақ, айлық, жылдық абонементтер де көрермендер
арасында өте танымал.

Франциядағы театр
сыны мәселесі қай деңгейде?

Қалай десем екен...
Менің ойымша, қазіргі уақытта тек Францияда ғана емес, жалпы бүкіл әлемде театр
сыны дағдарыс үстінде. Өйткені бүгінгі БАҚ «театр сыны» айдарына тым аз орын
бөледі. Сол себептен де, аудиторияның тарлығынан, бұл саланы дамыту да қиынға
түсіп жатыр. Соңғы кезде ғаламторға өз пікірлерін қалдыратын «сыншылар»,
блогерлер көбейіп кетті. Олардың саны да, қаралымдары да шарықтап тұр. Бірақ,
кәсіби талдау жасалмағандықтан, тек ішкі әсерлерімен бөліскендіктен, оларды
театр сынының мамандары деп айтуға болмайды. Осыған байланысты, көптеген
театртанушыларға сын-ескертпелері мен талдауларын баспасөзге емес, жеке блогына
жариялаған тиімдірек.

Франциядағы театр
өкілдері сынды қаншалықты қабылдайды?

Көп адамдар
спектакльдер туралы талдауларды оқымайды, оқығанды ұнатпайды. Ал, қойылымды
труппа алдында талқылау деген дүние бізде жоқ десек те болады. Көпшілік
талдаулар – орыс театр мектебінің дәстүрінен қалған. Және бұл керемет дәстүр
деп айтқым келеді. Өйткені театр сынының мектебі алғаш рет  Ресейде қалыптасқанын әрі дүние жүзіне бірден
мықты мектеп ретінде танылғанын баршамыз білеміз. Бізде ондай мектеп қалыптаспағаны
өкінішті. Театр сыншыларын оқытпайды да. Көбіне журналистер аздап бет бұрып
жатады.

Бұл сіздің
Қазақстанға алғаш келуіңіз, иә? Алдағы уақытта тағы да келу ойыңызда бар ма?

Иә, тіпті осы
жылдың маусым айында кеп қалуым әбден мүмкін. Күні кеше осы жылы жазда Астанада
өтетін бүкіләлемдік театр фестиваліне төрелік етуге шақырту алған болатынмын.
Алматы маған жағымды әсер қалдырды. Қайта оралғың кеп тұратын жер екен. Жалпы,
қазақ елінің салт-дәстүрлері мен мәдениеті мені ерекше қызықтырады. Байқауымша,
сіздердің әдет-ғұрыптарыңыз, көнеден сақталып қалған рухани байлықтарыңыз мол.
Олардың ішінде ұмытылып бара жатқандары да бар секілді. Соны заман ағымына сай
жаңғыртып, ұстанатын болса, тіпті керемет болар еді. Әрине, батыс елдеріндегі
мәдениетке қызығушылық танытатынымыз заңды, алайда сіздің халқыңыздың
менталитетінде ерекше бір дүние бар. Ол тек осы ұлтқа ғана тән бір бағалы
қазына сияқты.

Алматының екі
театрына барып, көрермен болып қайттыңыз. Спектакльдер турасында не айта
аласыз?

Иә, бірінші
барғаным – Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрындағы
«Телғара» драмасы болды. Тілін білмегендіктен, оқиға желісін түсіну мен үшін
өте қиынға соқты. Жалпы, спектакль қызықты екені көрініп тұр. Алайда, бір қойып
кеткенінен кейін режиссермен бірге жұмыс жасалмағаны байқалады. Сол себептен
де, режиссерлік шешімдер көрінбей қалып жатты. Оған қоса, актерлер арасындағы
байланыс аз болды. Ал, АртиШок театрына келетін болсақ, тәуелсіз мәтінге
құралған жаңа бағыттағы театр екен. Бұл театрдың болашағынан үлкен үміт күтуге
болады деп ойлаймын.  «Дон Кихот» – өте
қызықты идеялардан құрылған спектакль. Маған қойылымның декорациясы қарапайымдылығымен-ақ
ерекше ұнады.

Тек Қазақстанға
ғана қатысты емес, жалпы, Орта Азия елдерінің театрларына еуропалық деңгейге
өту үшін не керек?

Біріншіден,
алыс-жақын елдердің театрлары арасында байланыс болғаны дұрыс болар еді. Бір-біріне
барып, тәжірибе алмасу, өзге елдің театр мәдениетімен танысу – үлкен мектеп.
Әлем театр аренасында не болып жатқанын білу, қандай мықты режиссерлар мен
актерлар бар екенін, олардың жұмыстарын көру, бағалай білу де – дамудың бір
әдісі. Екіншіден, актерлер мен режиссерлер төл театр тарихы туралы хабардар
болуы. Өткен күннің құндылықтарын жоғалтпауы маңызды. Одан асып ешқайда
бармайтынын, білімнің қажеттілігін түсінуі керек. Ал оларға түсіндіруші, бағыт
беруші – театртанушылар.

Францияда өткен
ғасырдың 50-жылдарынан бері дәстүрлі ұйымдастырылып келе жатқан Авиньон
фестивалі барша театрсүйер қауымға аян. Биылғы жыл алғаш рет біздің еліміздің
атынан Әуезов театры барғалы жатыр. Осы бір ауқымды фестиваль жөнінде айта
кетсеңіз...

Бұл жоба Францияның
атақты режиссері Жан Вилардың бастамасымен жасалып келеді. Негізгі мақсаты – театр
орталығын Парижден кішкентай аймаққа көшіру болды. Авиньон – ашық аспан астында
еркін демалуға болатын Францияның кішкентай болса да, ең көрікті қалаларының
бірі. Фестиваль ұйымдастырушылары, театртанушылар әлемнің түкпір-түкпірін
аралап, ең үздік деген спектакльдерді фестивальге жинайды. Соңғы жылдары
фестивальге арнайы тақырыптар берілетін болды. Биылғы тақырып – балалар
спектаклі. Айта кетерлік жайт, осы жылы Біріккен Араб әмірліктерінен бірнеше
елдер қатысқалы жатыр. Саяси келіспеушіліктерді мәдени жолмен шешуге ұмтылу
мақсат болып отыр. «On» және «Off» атты екі бағдарламалы фестивальге дүние
жүзінің бұрыш-бұрышынан 2000-ға жуық елдер қатысады. «On» бағдарламасына
таңдаулы қойылымдар қатысса, «Off»-қа өз қаражатымен келген кез-келген труппа
өнер көрсете алады. Фестиваль шеңберінде тек спектакль қаралып қана қоймай,
бүгінгі күнде өзекті болып отырған театр мәселелері көтеріліп, оны шешу жолдары
да қарастырылады.

Театр сыншысының
негізгі мақсаты қандай?

Сын – театр үшін
аса маңызды дүние, көп жағдайда жетімсіреп қалып жататыны қынжылтады, әрине.
Бүгінде театрдың не екенін білмей, спектакль туралы айтатындар көп. Спектакльді
көру үшін, көрермен әуелі онымен белгілі бір дәрежеде хабардар болуы керек. Операның
жайы бөлек. Оның өз көрермені бар. Олар операның қай партиясын бұрын кім
айтқанын, алғаш қайда, кім қойғанын біледі. Өйткені, опера және балет театры қатардағы
қарапайым көрермен емес, интеллигенция өкілдері мен мәдениеті жоғары адамдардың
орны. Ал, драма, мюзикл, т.б. театр аудиториясының басым бөлігі ойын-сауықты
қызықтаушы халық. Олар үшін актерлардың бәрі керемет талантты, асқан шебер,
спектакль 100% жоғары деңгейде. Ал ол мүмкін емес қой. Бір труппадағы барлық
актер бірдей талантты бола бермейді. Міне, осының олардың жігін ажыратушылар –
театр сыншылары, біз бенен болашақ сіздер.

Сұхбатыңызға көп рақмет! Сіздің бізге оқыған бір
апталық шеберлік сыныбыңыздан бүгінгі әлемдік, соның ішінде Франция театрының
ахуалын біліп қалдық. Алматыға тағы келетініңізге сенеміз.