Аяулым Қамажан. Қайрат Байбосынов шығармашылығы

Қайрат өзіне қазақ әншілік өнерінің ең үздік өнерпаздары – Әмірені, Қалиды, Жүсіпбекті, Манарбекті, Қосымжанды, Байғабылды, Игілікті қайталаған жоқ.

Аяулым Қамажан

Қазақ ұлттық өнер университеті

«Дәстүрлі ән» мамандығының 2  курс магистранты


Халық музыкасы – ұлт жанының асылдығының, тереңдігі мен тазалығының, рух қуаты мен парасат биіктігінің, дүниетаным кеңдігінің айғағы. Әлемде сұлу саздан сарай соғып, адамазат руханиятының игілігіне айналдырған, санасына ән, көгірегіне күй ұялаған, бүкіл болмысы музыка  болып өрілген ерекше өнерпаз халықтар бар. Қазақ халқы да – осындай жұрттардың санатынан. Осы орайда «Әдебиет ұлы болмай, ұлт ұлы болмайды» деген жазушы Ғабит Мүсірепов пайымына ұқсас, біз де өз кезегімізде, үлкен музыкалық мәдениетке ие бола алмаған ұлт ұлы әдебиет жасай алмайды дер едік. Өйткені музыка өнерінсіз-әдебиет көріксіз, саз өнері қораш. Музыка әдеби шығарманың өн бойына терең тыныс беріп, бір ғажап үйлесімділіктің  ұлы сарынын естіріп тұрады. Әдебиет пен музыка-домбыраның екі ішегі тәрізді ұлттық hәм әлемдік мәдениеттің мәңгі сарқылмас қос арнасы, бұлақ бастауы; күллі өнер атаулының асқақ дара біткен егіз шыңы, адамзат ақыл-ойының, сана-сезімінің  сан мыңдаған жылдарға созылған эволюциялық өсу жолының жемісі [1, 41].

Әдебиет ақындар мен жазушылардың дәргейіндегі дүние, ал музыка мәдениетін композиторлар жасайды. Қазақтың байырғы, көне халықтық музыкасын да жеке өнерпаздар дүниеге әкелген. Бірақ уақыт өте келе ән мен күйді туған халқына паш етуші авторлардың аты-жөндері ұмытылып, кәрі тарихтың жадынан есімдері өшіп қала берген. Тек ХIX ғасырдан бастап, халық жадында мәңгілік ұмытылмайтын ұлы таланттар шоғыры дүниеге келді. Атап айтқанда, қазақтың классикалық музыка өнерінің алыптары: Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Сайдалы Сары Тоқа, Ықылас, Абыл, Қыздарбек, Есір, Дайрабай, Құлшар, Дина, Мәмен, Боғда, Әбди, Сүгір, Сембек, Сейтек сынды саңлақтар халқымыздың күй өнерін кемелдендірсе, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Мұхит, Жаяу Мұса, Естай, Жарылғапперді, Мұстафа Бүркітбайұлы Құлтума, Әсет, Мәди, Ғазиз, Сары, Иманжүсіп, Шашубай, Берікбол Көпенұлы, Тәуке, Иса, Нартай, Кенен, Жүсіпбек, Жәнібек  тәрізді өнерпаз композиторлар мәңгі тозбас және қайталанбас ғажайып ұлы ән дәстүрін дүниеге әкелді. Бүгінгі тәуелсіз еліміздің қатсерлі жәдігері саналатын осынау ұлы мұрамыз қазақ халқының адамзат мәдениетіне қосқан рухани үлесі болып бағалануда.

Жоғарыда аттары аталған «әнді ерттеп, күйді мінген кемеңгерлердің» (Жарылғапберді) дарын қуаты мен талант тегеуіріні халқымызды музыка мәдениеті аса кемел биікке көтерілген ұлттардың қатарынан  лайықты орын алдырды. Әрине, халық композиторларынң қалдырған осынау мол мұрасы сол заманнан біз өмір сүріп отырған дәуірге бірден топ ете қалған жоқ. Ол шығармалар шебер орындаушы өнерпаздардың жеткізуімен кейінге жалғасты. Нақтылай айтсақ, музыканы композиторлар тудырды, ал орындаушылар болса, шығарманы жадына жаттап, оны көкірек көмбесінде аялап сақтап, кейінгі буын өнерпаздарға қаз-қалпында аманат етті. Есімдері аталған музыка саңлақтарының қалдырған мол мұрасы орындаушы өнерпаздардың: күй өнері-дәулескер домбырашылар арқылы, ән өнері-күміс көмей, жезтаңдай әншілердің  жаңғырта жеткізуімен, бір сөз бен айтқанда дәстүр сабақтастығының нәтижесінде біздің заманымызға жетіп, есті ұрпақтың еншісіне тиді, текті ұрпақтың игілігіне жарады. Осы орайда тобықтай түйін түйер болсақ, халқымыздың музыка мәдениеті екі үлкен өнерпаздар тобының: шығармалар (композиторлар) мен орындаушылардың (әншілер мен домбырашылар) аса зор ауқымды шығармашылық еңбегінің нәтижесінде қалыптасты, кемелденді, көркейді, гүлденді; бүгінгі күнгі биігіне жетті. Негізінен, XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап, халық өнерінде орын алған бұл рухани құбылыс қазақ даласындағы барлық әншілік, күйшілік мектептерге тән болды. Әсіресе, Арқа әншілік мектебінде осынау үрдіс, тіпті, осынау ренесанстық сипатқа ие болды. Арқа әндерін Біржан сал, Ақан сері, Үкілі  Ыбырай, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Жарылғапберді, Әсет, Шашубай, Майр, Мәди, Иса және т.б. дүниеге әкелсе, олардың шығармаларын Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Ғаббас Айтбаев, Манарбек Ержанов, Қосымжан Бабақов, Темірболат Арғынбаев, Қуан Лекеров, Жүсіпбек Елебеков, Жәнібек Кәрменов секілді дүлдүл әншілер кемел шеберлікпен жұртқа жеткізді, халық арасына таратты. Сондай өнерпаздардың бірі hәм бірегейі – халықтың әншісі Қайрат Байбосынов еді. Ендігі әңгімеміздің арқауы осы әншінің өнегелі мен тағылымды өнер жолы жайында болмақ [2, 66].

Қайрат Байбосыновтың әндерін тыңдаудың өзі бір ғанибет. Жаныңды жадыратады, жаңартады. Жігеріңді жаниды. Көркемдік сезіміңді көркейтеді. Бұның да бір астары бар. Ол-кәміл көркем ниет иесі. Ар тазалығының, жан тазалығының, биік ой-парасатының миуа-жемісі.

Қайраттың дарын қуаты сондай, әннің сөздік-лұғаттық тоқылысындағы мазмұн-мәнісіде, ой-сана, пікір де, идеясы да, сезімі де, қиялы да, сөйлем де, ішкі жан дүниесі де бейне бір, шынайы тұтастай сиқырлы үн-сырға, суретке айналып кетеді. Сөйтіп тыңдаушыларын қаздай қалықтатып, толқынды тербелістердің құшағында үйіріп-иіріп әкетеді. Қайсы әнді шырқамасын оның астар-ағыстарын жетік түсінеді. Дыбыс әшекейлерін, әуездік қырларын көзбен көріп отырғандай сезінеді. Мәселен Біржан салдың  «Айбозым», «Он саусақ»  әндерін де орындау үлгісінде өзіндік мәнер, өзгеше стиль бар. Көз алдыңда ән-жырлы шамшырағы, жойқын шабыт иесі Біржан сал нұр шашқан рухани болмысымен, ай дидарлы кемел келбетімен тіріліп келгендей көл-көсір әсерде боласың. Кесекте келісті сөйлемдер қандай?! Бірде Мойынқұмда қоңыр кеште ән салғанда, бес шақырым жердегі жылқышылар естіп дереу жетіпті. Ия, әнші сөздің қасиетін терең түсініп, барша болмыс бітімімен ардақтайды. Сөз асылын, ой асылын ғажайып сырлы даусымен мәлімдейді. Шәкәрімше айтқанда, «дауыс пен сөз сұлулығы-жан сыйы ғой»! [3,22]

Әнші Қайратта биязылық, кішіпейілдік қасиеттер мол. Есте сақтау қабілеті де ерекше. Бір естігеннен әнін ізінше қайталап, шығармашылықпен толықтырып отырады. Қазақ ән өнерінде даралық қолтаңбасы, өзіндік мінері бар. Шынту айттап келгенде, жаңашыл майталман әнші.

Қайраттың жаухар әндері – халықтың көркемдік энциклопедиясы. Қазақтың сұлу табыиғатын, көк орманын, көк пүліш жамылған салтанатты даласын, көгілдір асапанын, айдын шалқар көлдерін, сәукелі кербез тауларын, «гүл жүзді, шырын сөзді, бал сілекей» сәулетайларын ән тілінде үздік сөйлеткенімен бағалы, мағыналы. Талант-ел бағына туады. Қайрат Байбосынов – тұтас дәуір толғатып тудырған ұлы өнерпаз. Әнші феноменін тану үшін, сезіну үшін оның шығармашылығына ой көзбен үңілу шарт. Сонымен әнші өнерінің осыншама ғажайыпқа толы болуының сыры неде? Бұл жөнінде көптеген факторларды алға тартуға болады. Соның ішінде басты-басты дегендеріне қысқаша тоқталмақпыз. Мұндайда ең алдымен Қайраттың өзіне дейінгі ешқандай әншіге ұқсамайтын ерекшелігі менмұндалайды.

Ия, Қайрат өзіне қазақ әншілік өнерінің ең үздік өнерпаздары – Әмірені, Қалиды, Жүсіпбекті, Манарбекті, Қосымжанды, Байғабылды, Игілікті қайталаған жоқ. Бірақ Қайрат осы әншілердің бойындағы барлық орындаушылық ерекшеліктерді өзіне сіңіре білді. Мәселен, ол Қосымжан мен Байғабылдың домбыра қағыстарын түгел игеріп, кейін оны өзінше түрлендірді. Ұстазы Жүсіпбек дауысындағы шапшаң оралымдылық, темірдей қатты ырғақтылық пен игілік  дауысындағы нәзік лиризмді әдетте мұндай дыбыстарды алуға икемсіздеу келетін баритон ға қалемшеледі. Сондай-ақ ол Жүсекеңнің «тек ноталардың ғана дыбысын шығарып қоймай», тышқанның ізіндей ондаған ноталардың «жол арасынан» неше алуан сырлар тауып, оқи білетін» (А.Жұбанов) айрықша орындаушылық тәсілін меңгерді. Қайрат феноменінің құпиясы – оның осы дауысында жатқанын халық өнерінен хабары барлардың түйсініп, сезіне алары анық. Қайратты әбден тыңдап, ұққан адам – дәстүр де жаңарып, дамып тұру керек деген қорытындыға келері хақ. Қайраттың ерекшелігі сонда – ол ән салу өнерін сол дәстүрдің іргетасына сүйене отырып, оны бекем сақтай алу арқылы жаңғырта алды. Бұл бойында таудай таланты бар өнерпаздың ғана қолынан келетіні өз алдына, өте зор шеберлік пен көп қажыр-қайрат жұмсауды қажет ететін ұлан-ғайыр іс еді. Бұл орайда Қайрекеңнің «жақсы ортақ» дегендей, ән салудың әлемдік үздік мектебі-еуропалық вокалға да жүгінген кездері болды [4, 25].

Қайрат әндердің төменгі регистрдегі бөлімінің жетілдіруге, сондай-ақ көптеген сүйекті әндердің «олпы-солпы» жерлерін өңдеп, қырнап жонуға аса бір ыждағаттықпен кірісті. Нәтижсі ғажап болып шықты! Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып», Мұстафаның «Бүркітбай»; Естайдың «Қорлан», «Қорлан», «Юран-ай»,  «Қоштасу»; Мәдидің «Қаракесек», «Үшқара», «Шіркін-ай»; Ақан серінің «Алтыбасар» , «Райхан гүл», «Әудемжер», «Ақтоқты», «Шамсиқамар»; Біржан салдың «Он екі взвод», «Алқаракөк», «Айбозым» және т.б классикалық әндері жаңғырып, қайта түледі. Көп жағдайда халық композиторларының шығармаларын орындайтын  әншілер төменгі дауыстың «жұқалығынан» жоғарғы нотала ға «шығып алып», қайтадан «төменге» түскен кезде «тайғанақтап» жататыны бар. Керісінше  қия биікке самғап кетіп, түлкіге ту биіктен құлдилап түскен қырандай лып етіп түсіп, нық қона қалу – Қайрекеңе тән қасиет. Немесе төменгі регитрден жоғарғы интервалға бірден шапшып, лашынша қайқаң етіп, жеңіл көтеріліп кету де Қайрекеңе сай ерекшеліктер дер едік. Жалпы Қайрат Байбосыновтың әндерін тыңдағанда, оның ән салу өнері қыран құстардың самғай ұшуына ұқсайтынын түйсінесің. Қайрекеңнің әні бірде Алтайдың ақиығындай қалықтаса, бірде сұңқарша самғата салатыны – дала қырандарының ұшу тәсілін меңгергендей ғажап құбылыс [5, 58].

Қайрат Байбосынов – әнді теріс бұрау тәсілі мен (квинта) шырқау дәстүрін барынша дамытқан өнерпаз. Әннің бас-аяғын жинақтап таптырматын бұл әдісті  Қайрекең теріс бұрауда орындалатын шертпе күйлердің небір ғажап үлгілерін ән астарына «төсеп жіберу»  арқылы әндерді одан сайын түрлендіре салуға қол жеткізді. Мәселен, қазақ музыкасындағы ең биік, диапазоны кең ән болып саналатын Үкілі Ыбырайдың «Ал, гәк» әні Қайрат Байбосыновтың теріс бұраумен орындау тәсілін қолданғанының арқасында ерекше көркем сипатқа ие болғанын айтсақ та жеткілікті.

Халқымыздың әншілік өнеріне Қайрат әкелген мұндай құбылыстар аз емес. Бір сөзбен айтқанда қазақтың классикалық ән орындау дәстүрін әнші Қайрат Байбосынов бұрын-соңды болмаған биікке көтерді. Халық және халық композиторларының әндерін барша халықтың игілігіне айналдыру жолында тап Қайраттай еңбек еткен әнші қазақта некен-саяқ дер едік [6, 75]. 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

  1. Аманжол Әлтай«Айбозым» Ақжолтай баспасы, Астана-2010
  2. Ахмет Жұбанов «Замана бұлбұлдары» Алматы:Дайк Пресс,2001ж
  3. Бохай Қожырұлы «Қазақ елінің атақты музыка өнерпаздары», «Елтаным» баспасы, Алматы 2010 ж
  4. Ғұмырнамалық хикаят ( « Әйгілі адамдар» сер).-Алматы: «Өнер»,2013
  5. «Егемен. Қазақстан» газеті,22 қараша,2000жыл
  6. «Жәнібек» естеліктер жинағы,Алматы, «Жалын» баспасы,2001жыл
30 Мамыр 2019
407
0
0