IX Халықаралық Malatya кинофестивалін "Томирис" фильмі ашты

«Томирис» фильмі Түркияда өткен кинофестивальдің ашылу салтанатында көрсетілді  

Режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмі Түркияның Малатиа қаласында қарашаның 15-і мен 19-ы аралығында өткен IX Халықаралық Malatya кинофестивалінің ашылу салтанатында көрсетілді. Сонымен қатар, бұл фестивальде Адай Әбелдиновтың «Күлтегін» толықметрлі анимациялық фильмі ұсынылды. Бұл туындыларды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. «Томирис» фильмінің өндірісіне Sataifilm компаниясы қатысты.

Ақан   Сатаевтың «Томирис» фильмі біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда болған оқиғаны суреттейді. Фильмде кішкентай қыздан айбынды жауынгерге айналған, жақындарынан айрылып, сатқындардан өшін алған және сақ тайпаларын өз билігі астында біріктірген ұлы даланың аты аңызға айналған Томирис патшайымының тағдыры баяндалады.  Ол махаббат пен өз халқының тәуелсіздігі үшін сол замандағы ең қияметті соғыста Парсы империясының  патшасы Кирмен шайқасады.

Ал «Күлтегін» тарихи анимациялық туынды көшпенді халықтардың басын біріктіріп, Ұлы көшпенділердің дәстүрін жалғастырған түрік қағанатының даңқты әскери қолбасшысы Күлтегіннің балалық шағы туралы баяндайды.

Халықаралық Malatya кинофестивалі Түркияның Мәдениет министрлігі және Малатиа қаласының басшылығы қолдауымен ұйымдастырылған. Мәдени іс-шараның мақсаты - әлемнің кәсіби киногерлерін бір алаңда жинау. Биыл фестиваль барысында негізі және конкурстан тыс бағдарламалардың көрсетілімдері ұйымдастырылып, шеберлік сағаттар өткізілді.

19 Қараша 2019
57
0
0