"Шырақшы" фильмі Sochi International Film Festival and Awards фестивалінде

Ресей мен Ұлыбританияның ұйымдастыруымен өтетін Сочидегі Халықаралық кинофестиваль және «Ирида» киножүлдесі жылына екі рет өткізіледі.

Ермек Тұрсыновтың «Шырақшы» фильмі Ресейдің Сочи қаласында қарашаның 16-ы мен 21-і аралығында өтіп жатқан Sochi International Film Festival and Awards кинофестивалінің басты байқауына қатысуда.

Бұл фильм  Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде неміс қариядан киноаппарат сыйға алған солдат туралы. Соғыстан соң елге оралған ол қартайған шағына дейін ел аралап, киноаппаратпен ескі фильмдерді көрсетумен айналысады.

Кинотуындының әлемдік тұсаукесері XXII Шанхай халықаралық кинофестивалінің аясында  өтті. Фильмде басты рөлді сомдаған актер Мұратжан Мұқажанов Анапада өткен «Киношок» фестивалінде «Кино өнеріне адал кейіпкердің образын көркем сомдағаны үшін» қазылар алқасының дипломымен, ал картинаның операторы Мартин Сечанов  А.Княжинский атындағы «Үздік операторлық жұмыс» жүлдесімен марапатталды. Ал жақында бұл картина «Алтын глобус» жүлдесіне үміткерлер қатарынан көрінді.

Ресей мен Ұлыбританияның ұйымдастыруымен өтетін Сочидегі Халықаралық кинофестиваль және «Ирида» киножүлдесі жылына екі рет өткізіледі. Бұл байқау желтоқсан айында Ресейдегі Сочи қаласында, ал наурыз айында Лондонда өтеді. Ал «Ирида» киножүлдесі (ежелгі грек мифологиясы бойынша кемпірқосақ құдайы) 2016 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Продюсер әрі сценарист Любовь Балагова-Кандур жүлденің негізін қалаған.

19 Қараша 2019
47
0
0