Әуезов театрында жаңа директор

Еркін Жуасбек – Мұхтар Әуезов театрының директоры.

ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов «М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры» РМҚК ұжымына министр Ақтоты Райымқұлованың арнайы бұйрығымен келіп, жаңа директор тағайындады. 5 наурыздан бастап театрға өнертану ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Еркін Тілеуқұлұлы Жуасбек басшылық етеді.

«Сәттілік тілейміз! Талай жыл қызмет етіп, осы жердің өсу-өркендеуіне атсалысып келе жатырсыз. Жалпы Қазақстанның театр өнері саласында еңбегіңіз орасан зор. Соны министрлік өте жақсы бағалап, өзіңізге деген үлкен жауапкершілік, сенім артып, театрдың дамуына үлес қосады деген ниетпен сізді тағайындауды жөн деп санады. Қызметіңіз құтты болсын. Бұл лауазымнан артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр. Ұжыммен бірге жемісті қызмет етеріңізге сенеміз», – деп вице-министр жаңа басшыға министрліктің тарапынан бірнеше тапсырма берді.

Ресми тағайындаудан кейін,  Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов сөз алып: «Басшылыққа рахмет. Еркін – өзімізде өскен, қызметін адал атқарған азамат. Театрды біледі. Алдағы уақытта абыроймен жұмыс істейді деп үміттенеміз» - деді.

Әуезов театрына директор болып тағайындалған жаңа басшы ұжымның алдында сөз берді:

«Сіздермен қатарласа қызмет істеп, бар тәжірибем мен білімімді осы театрдың абыройын асқақтатуға саламын деген сөзіме сенулеріңізді сұраймын. Маған сенім білдірген ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға рахмет! Осыған дейін қалай жұмыс істесем, бұдан кейін де терең, мағыналы еңбек етуге тырысамын. Басқа айтарым жоқ».

6 Наурыз 2020
90
0
0