Тұңғыш рет ұйымдастырылған онлайн пьеса оқылымы

Тұңғыш рет ұйымдастырылған онлайн пьеса оқылымы

2020 жылдың 1 маусым күні Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің ұйымдастыруымен және қазақ театрлары актерлерінің қатысуымен ZOOM платформасында драматург Байділдә Айдарбектің «Коронавирус» атты пьесасының оқылымы өтті. Оқылым режиссері – Еркебұлан Қабдыл.

Мұндай онлайн жүйесімен пьеса оқылып, жан-жақты талқылануы елімізде тұңғыш рет болып отыр. Аталмыш іс-шараға М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актері Бекжан Тұрыс, Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық драма театрының актрисасы Бахыт Жұмағұлова, Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері Еркін Әбдірешов, Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық драма театрының актрисасы Бибігүл Исалиева, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрының актері Бекмұхаммед Киекбаев, І.Омаров атындағы Қостанай облыстық драма театры және Номад театрының актрисасы Ажар Шәкіржанова, Мемлекеттік қуыршақ театрының актері Руслан Әбу, Абай атындағы Шығыс Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театрының актрисасы Асель Асылбекова сынды белгілі өнерпаздар қатысты.

Дәл қазіргі уақытта әлем бастан кешіп отырған мәселені көтерген «Коронавирус» пьесасының оқылымы еліміздегі қазақ театрлары мен жалпы өнерге қатысты тұлғаларды бей-жай қалдырған жоқ. Сонымен бірге, бұл шара  театрсүйер қауымның қызығушылығын арттыратын сәтті бастама болып, театртанушылардың ұйымдастыруымен бой көтерген тамаша коллабарациялық жұмыс болып шықты. Алғаш рет онлайн режимінде ұйымдастырылып отырған оқылым шебер актерлердің басын бір арнаға тоғыстырып, олардың жұдырықтай жұмыла жұмыс істеуіне септігін тигізді. Бір жарым сағат уақытты қамтыған оқылымда әр аймақтан қатысқан актерлермен жұмыс істеген режиссер де өзінің ұйымдастыру қабілетінің жоғары екендігін аңғартты. Онлайн-оқылым актерлердің кейіпкердің көркемдік бейнесін жасау үшін олардың мінез ерекшеліктерін айшықты көрсете білуімен, рольді сезіне алуымен, дауыс екпінін құбылтуымен, темпо-ритмді түсірмей, өз деңгейінде ұстап тұруымен жандана түсті.

Коронавирус пандемиясы басталғанға дейін «Драма kz» жобасы сиясы кебе қоймаған көптеген пьесалардың оқылымы Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйінде өткізіліп, пьесалар театртанушылардың, жас режиссерлер мен драматургтердің және студенттердің арасында қызу талқыға түсетін. Алайда, жан-жақтан, яғни әртүрлі театрлардан актерлер мен режиссерлерді арнайы шақыртып, оқылымға қатыстыруға мүмкіндік келе бермейтін. Бұл жолғы онлайн-оқылымның бір артықшылығы Алматы қаласындағы өнер ұжымдарымен бірге облыстық өңірлерден актерлерді шақыруға мүмкіндік алғанында болып отыр. Себебі, бұл жүйеде оқылымға қатысу үшін арнайы Алматыға келіп, белгілі бір мекемеге барудың қажеті жоқ, интернетке қосылған компьютер немесе мобильді телефон болса болғаны. Демек, карантин өнерде облыс, аймақ, тіпті шекара жоқ екендігін онлайн жүйесі арқылы көрсетіп берді.

Негізінен Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің мақсаты – Қазақстан бойынша барлық театрлармен шығармашылық байланыс жасау, олардың ізденістеріне баға беріп, болашаққа бағыт-бағдар беру болып табылады. Жұмысын осындай мақсатта жүргізіп отырған бұл бірлестік дәл қазіргі уақытты пайдаланып, театрлардың, яғни драматургтердің, режиссерлер мен актерлердің осындай коллобарациясын жасай алатынын дәлелдеп берді. Оқылым аяқтала салысымен, Амангелді Мұқан, Бақыт Нұрпейіс, Анар Еркебай, Меруерт Жақсылықова, Ұлпан Тоқаева сынды театр сыншылары өз пікірлерімен бөлісіп, жаңа пьесаға талдау жасап, ойларын ортаға салды. Негізінен, жаңа пьесаларды үнемі талқылап отыру мен осындай пікір-таластар өнерде жүрген әрбір адамның шығармашылығы үшін маңызды.

Жалпы, жазылған пьесаның көркемдік деңгейі жоғары немесе төмен болсын ол қоғамда болып жатқан заманауи мәселелерді көтерсе, ол шығарма кәсіби театр сыншыларының талдауына түссе, заманауи сапалы драматургияның қалыптасуына ықпал ететіні сөзсіз. Бұл біріншіден. Екіншіден, мұндай шараларды ұйымдастырғанда құрылымы жағынан қисынды, талдауға сұранып тұрған дүниелерді таңдағанда, бұл процеске қызығушылардың көбейетіні анық. Үшіншіден, осындай маңызды іс-шараларға жастарды жұмылдырсақ, театрларымызда «Театр doc», «вербатим» тәрізді жаңа бағыттар мен жанрлар қалыптасып, тәжірибе алмасу процесі пайда болар еді. Әрине бұл бастама ғана. Алдағы уақытта аталмыш іс-шараны дамытып, жалғастыру үшін жас драматургтерді, режиссерлер мен актерлерді де белсенді болуға шақырамыз.