Жұбан ақын жүрген жолдармен...

Жұбан ақын жүрген жолдармен...

Биыл көрнекті ақын, қоғам қайраткері Жұбан Молдағалиевтің туғанына 100 жыл. Еліміз бойынша карантиндік іс-шаралар басталмас бұрын «Мен қазақпын!» деп тұтас ұлттың жігерін жанып, намысын қайраған батыр ақынның ғасырлық тойы халықаралық деңгейде атап өтіледі деп жоспарланған еді. Өкінішке қарай, ойға алған істердің дені елдегі жағдайға байланысты жүзеге аспай қалды.

Х.Бөкеева атындағы театрдың шығармашылық ұжымы Жайықта туып, жалпы қазақтың мұңын айтып, жоғын жырлаған ақын Жұбанның рухына арнап қойылым қоймақ ниетте. Бүгінде пьеса дайын, ал театрдың шығармашылық ұжымы карантиндік шектеу талаптарын сақтай отырып, дайындық жұмыстарын жалғастыруда. 

Жалпы, Жұбан ақын жайлы бұрын-соңды еш театрда қойылым қойылмаған, ақынның бейнесін бірде-бір актер сомдамаған. Біздің ойға алған жоспарымыз сәтімен жүзеге асса, барша қазаққа ортақ таутұлға Жұбанның бейнесі өзінің туған жерінде Хадиша театрының шығармашылық ұжымы алғаш болып жарыққа шығармақ. Тыңнан түрен салудың жүктейтін жауапкершілігі де зор. Сол себепті де біз қазіргі шектеу жағдайына қарамастан, жан-жақты ізденіс жұмыстарын тоқтатқан емеспіз. Тарихта алтын әріппен аты жазылған ақынның бейнесін көрермен көңілінен шығатындай етіп шығару – біздің міндет. Осы бағытта келелі ізденіске пара-пар жұмыс басталды.

Мәселен, бірнеше күн бұрын жеті адамнан тұратын құраммен Жұбан ақынның туған жері – Ақжайық ауданы, атап айтқанда, Сайқұдық, Қурайлысай ауылдарына сапарлап бардық. Мұндағы мақсатымыз – Жұбан жүрген жолдарды жүріп өтіп, ақынның бейнесін, өмір жолын жан-жақты ашуға септігін тигізер деректермен танысу. Қазақта «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» деген тамаша тәмсіл бар. Сол айтқандай, ақын жайлы көзкөргендерден сұрастырып, оның ізі қалған елді мекендерді аралап қайттық. Кезінде Сайқұдық ауылындағы Мәдениет үйінің меңгерушісі қызметін атқарған Елубаева Туғанай апамыздың, Жұбан ақынның ауылға келген кезінде көлік жүргізушісі бола жүріп, көп мәрте сапарлас болу бақыты бұйырған, бүгінде жасы 90-дағы Шакимов Мақсот атамыздың және біраз жыл депутат болып, жауапты қызмет атқарған, бүгінде жасы жетпістен асқан Әбілхайыров Наурызғали атамыздың Жұбан ақын туралы айтқан естеліктері ерекше әсер сыйлады. Бәрінен бұрын Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов бастаған ел ағалары мен жолбастаушымыз болған ақын ағамыз Сағынтай Бисенғалиевтің азды-көпті ізденіс жұмысымызға танытқан шынайы жанашырлықтары үшін ерекше риза болдық.

Ақынның ізі қалған елді мекенге сапардан бөлек оның өмірі мен шығармашылығы жайлы зерттеп-зерделеп жүрген, кезінде көзін көрген жандармен жүздесуді бастадық. Мысалы, еңбек ардагері,  Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты  болган Хаймулдин Ғазиз ағамызбен кездесіп, ақынның лауазымды қызметтер жүгін арқалап жүрген сәтіндегі бейнесімен жақынырақ таныстық. Ал Жұбанның отағасы, әке ретіндегі бейнесін аз да болса ашуымызға ақынның немере қарындасы, Алматыдағы бес жыл студенттік шағын Жұбанның үйінде өткізген Сәуле апайдың естеліктері көмектесті. Жуық арада белгілі ақын, жұбантанушы Үзілдік Елубайқызымен жолығып, Ж. Молдағалиевтің ақындық бейнесі, шығармашылығының өзегі жайлы жайттарға қанықтык. Спектакль сахнаға жол тартпас бұрын карантиндік іс-шаралар аяқталғанға дейін Алматыға барып, ақын шаңырағының түтінін түтетіп, шырағын сөндірмей отырған жары София апамызбен және ұл-қызымен жолығып, ақынның басына құран оқытып, тәу етпек таудай ниетіміз тағы бар.

Елімізде орын алған күрделі ахуал артта қалып, театр толықтай жұмысына кірісіп, ойға алған жоба-жоспарларымыз жан-жақты қолдау табар болса, Хадиша театрының сахнасынан Сіз бен бізге Жұбан ақын «сөйлейтін болады».

Жұбан Молдағалиев – барша қазаққа ортақ тұлға. Сондықтан да, Жұбан ақын туралы қойылымымызды жанашыр жандар мен жергілікті биліктің, тіпті болмағанда, меценаттардың қолдауымен турне жасап, республикамыздың өзге өңірлерінде көрсетсек деген ниетіміз де бар. Аталмыш шара ғасырлық мерейтойға лайықты сый болар еді. Жайықта туған жампоздың жарқын бейнесі ең алғаш болып өзі туған өлкенің қасиетті сахнасынан жарқ етсе, таутұлғаның көркем бейнесін өскелең ұрпақ жадында жаңғырта алсақ – үлкен міндеттің орындалғаны.

Салтанат Абулгазиева
Х.Бөкеева атындағы БҚО қазақ
драма театрының директоры,
өнертану магистрі, «Серпер» Жастар одағы
сыйлығының лауреаты