Театр маусымы "№ 13" комедиясының тұсаукесерімен ашылады

Шахмет Құсайынов атындағы облыстық театры өзінің кезекті XXIV маусымын 16 қыркүйек күні "№ 13" комедиясының тұсаукесерімен ашады.
Театр маусымы "№ 13" комедиясының тұсаукесерімен ашылады

Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театр ұжымының 80% қызметкері наурыз айының бел ортасынан бастап  қашықтан жұмыс істеу форматына көшті. Театр өнері сан таланттың басын бір арнада тоғыстыратын ұжымдық өнер екені барша жұртқа мәлім... Десе де, "тәртіпке бағынған құл болмайды" демекші, карантин ережелеріне мойынсұна отырып, жұмыс істеуге көшкен әрбір қызметкер қал-қадірінше театрда атқарып жүрген күнделікті қызметін үйінде жалғастырып, әр атқарған жұмысын видеоға түсіріп күнделікті есебін жіберіп тұрды. Қашықтан жұмыс істеу барысында ешкім де қарап жатпады. Қыспаққа алған күндердің талабына сай барлық ұжым 6 ай бойы бір кісідей қимылдап ауызбіршілікпен қарманып бақты...

Театр ұжымы қашықтан жұмыс істеуге көшкен күннен бастап, онлайн режимге икемделіп жұмыс кестесі құрылды. Жеделдетіп театр сайтында "Театр сіздің үйіңізде" атты айдар ашылды. Осы айдар арқылы театр қоржынындағы түрлі жанрдағы жан сергітер жақсы қойылымдар театрдың ресми сайты мен YouTube каналынан күн сайын көрермен назарына ұсынылып отырды. Бұл жоба театр көрермендеріне үйде отырып зерікпес үшін үлкен олжа болды. Сонымен қатар, Халық әртісі, театрымыздың ақ жаулықты анасы Жібек Бағысова бастаған театр әртістері, қолда бар мүмкіндікті пайдаланып үй жағдайында шығармашылықтарын шыңдап, поэзия, проза оқып, ән салып, түрлі бейнежазбалар жасаумен болды. Еліміздегі түрлі мерекелік даталарға арнап бейнежазба форматында іс-шаралар өткізілді. Мәселен, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай театрдағы шығармашылық ұжым арасында Абай шығармаларын оқып насихаттау мақсатында түрлі челленж ұйымдастырылды. 10 тамыз, Абай күніне орай "Абай айтқан асыл сөз" атты апталық өткізілді. Апталық үшін арнайы жасалған бейнежазбалар театр сайты мен YouTube каналынан және әлеуметтік желідегі парақшаларда жарияланып көрерменге көрсетілумен болды.

Абай күні қарсаңында түрлі халықаралық іс-шаралар да жүзеге асты. Соның бірі, ҚР Мәдениет министрлігі ұйымдастырған "Абай өлеңдерін әлем тілдерінде оқу" халықаралық бейне челленжі. Бұл бейне челленжге әлемнің түкпір-түкпіріндегі түрлі лауазымдағы тұлғалармен қатар, театрымыздың талантты әртістері ҚР "Мәдениет қайраткері" - Төлеубек Көңбай мен ҚР "Мәдениет саласының үздігі" -  Маржан Бөкешова қатысып, Абай өлеңдерін ұлықтады.

Театр режиссерлері көрерменін қуантуға асығып, бастап қойған көптеген шығармашылық жұмыстарын онлайн жалғастырды. Қоюшы-режиссер Болат Абдрахманов та А.Цагарелидің "Ханума" музыкалық комедиясына тас түйін кірісіп, шығармашылық жұмыстың тең жартысына келген сәттен "Zoom" қолданбасы арқылы артістермен ұдайы байланыста болды.

Адамзаттың көңіліне қаяу салып, үлкен үрейімен қаумалаған жаман ойлардан арылып, бір сәт серпіліп, жан рахатын алу үшін керекті дүниелердің бірі - театр десек, қателеспеспіз. Театрдың өзге өнерден ерекшелігі көрерменмен тікелей рухани байланыста болатын табиғи өнер санатына жатуы. Ал технология дамыған заманда виртуал өнер көрсету көрерменге аса қызық еместігі хақ. Десе де, жоқтан бар жасау, бір орында тұрып қалмау, алдан кезіккен түрлі бөгеттен аттап өте білу нағыз кеменгерлік пен ерлікке пара-пар. Осы бір сынақ күндерден әркім өзінше жол тауып жаңа бір соқпаққа түсуде. Ең бастысы қарекет қылуда... Елдегі дүрбелең қатты қарқын алмай тұрып ҚР "Еңбек сіңірген қайраткері", қоюшы-режиссер Мұратбек Оспанов көрермен көңілін күлкімен емдеп, шаттыққа бөлеу мақсатында Рэй Кунидің "№ 13" комедиясын даярлап жатқан-ды. Қойылым дайын бола бастаған шақта елдегі төтенше жағдай өз кедергісін келтірді. Алайда шығармашылық ұжым келген жерден тұралап қалмай, қойылымның даярлығын карантин талаптарына сай, қашықтан жалғастырып, шығарманы сахнаға толық дайын етті. Сөйтіп театр Р.Кунидің "№ 13" комедиясының онлайн тұсаукесерін жасап, театрдың ХXIII маусымына нүкте қойды. Бірақ, көрермені үшін сырлы сахна төрінде жүрегі алқынып, бір арнаға симай толқып, сан түрлі күйге бөленіп алабыртатын әртістерге онлайн жұмыс істеу еш әсерсіз екенін байқатты. Залға ине шаншар орын қалдырмай жиналған көрерменге өнер көрсету мен онлайн жұмыс арасы - жер мен көктей екенін, аласапран күндер мықтап ұқтырғандай... 

Өз үйлерінде жіпсіз байланған театр қызметкерлері мен жаны жайсаң көрермен бір-бірін сағынғандай һәм бұрынғы еркіндікті аңсағандай...  

Еліміздегі карантин талаптары жеңілдеп, отандастарымыздың күнделікті өмірі қалыпты жағдайға түсе бастауы кім – кімді болмасын қуанышқа бөлейді. Театр ұжымы да сақтық шараларын сақтай отырып, біртіндеп ғимарат ішіндегі қалыпты жұмысына көшуде. Көрерменге айтар ақжолтай жаңалығымыз да бар. Театр өзінің кезекті XXIV маусымын  16 қыркүйек күні, Рэй Кунидің "№ 13" комедиясының тұсаукесерімен ашпақ (режиссері: ҚР "Еңбек сіңірген қайраткері" - Мұратбек Оспанов, қоюшы-суретшісі - Жарасхан Исин).

Рэй Кунидің бұл пьесасында премьер-министрдің көмекшісі Ричард Уилли сүйкімді көңілдесімен бірге, қонақ үйде жасырын кездесіп көңіл көтеруге келеді. Кейіпкердің өкінішіне орай жоспарлары күл-талқан болып, күн сәтсіздікпен басталып шырғалаңға салады. Себебі, ойламаған жерден бұл екеуі жатқан қонақ үй бөлмесінің терезесіне қыстырылып  жан тәсілім еткен ер адамның денесі (мәйіті) табылады. Осылайша, нағыз шытырман басталады. Көңілдестердің бұл оқиғаны полицияға хабарлауға құлқы жоқ. Полицияға хабарлаған жағдайда жасырын кездесуші екеудің де күллі абырой-атағына нұқсан келмек. Дәл осы сәтте Ричард Уилли саясаткерлердің тікелей эфирде өтетін пікірталасына қатысуы керек-ті. Ал бұл болса, көңілдесімен қонақ үйде жүр... Оқиға ары қарай түрлі-түрлі күлкілі оқиғалармен толысып, шиеленісе түседі. Бастарына пәле боп жабысып сарсаңға салған мәйіттен бұл екеуі қалай құтылмақ? Оқиға немен тынады? Бәрін білуге құмартсаңыз тұсаукесерді тамашалауға келіңіз, көрермен! Көрерменсіз театр тұл! Біз сіздерді сағындық, мәртебелі көрермен! Мамыражай, шуақты күндерде театрда жолығайық өнер сүйер, театр сүйер әлеумет!


Әдебиет бөлімінің меңгерушісі - Манарбек Қыдырбайұлы