Қуыршақ театрында "Үйшік" ертегісі қойылады

Қойылым режиссері – Антон Зайцев.
Қуыршақ театрында "Үйшік" ертегісі қойылады

Бүгінде қуыршақ өнерінің, оның ішінде қуыршақ театрының қоғамдағы ролі, негізгі миссиясы айқындалып келеді. Көрермен жасын таңдамайтын күрделі өнер түрі бүгінде еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейінгі көрермендерге түрлі жанрдағы қойылымдар сахналап келеді. Солардың бірі, алты жасқа дейінгі бүлдіршіндер үшін сахналанып отырған Мемлекеттік қуыршақ театрының жаңа маусымында сүйікті көрермендерімізге жол тартатын – «Үйшік» ертегісі.

Спектакль атмосферасы бүлдіршіндерге оқиға ішінде жүргендей әсер сыйлайды. Көрермендер залы үй жағдайындағыдай ыңғайлы әрі әдемі. Әсем ән, қызықты ойындар, түрлі жаттығулар да қойылымның көркін аша түседі. 

Әдетте, балабақшаларда сәбилер тобынан бастап, тәрбиешінің көмегімен кішігірім тақпақтарды, танымдық өлеңдерді, сахна көріністерін ойнатып жатамыз. Бұлар балалардың ой-өрісін, есте сақтау қабілеттерін дамытатынын жақсы білеміз. Ал, тікелей театр қойылымдары балабақша бүлдіршіндері үшін ерекше маңызға ие екенін ескере бермейміз. Театр қойылымдары – балаларды әңгімеге араласуға, спектакльдегі оқиғалар туралы ата-аналарына, жолдастарына әңгімелеп беруге итермелейді. Мұның бәрі сөйлеу қабілетінің дамуына, диалог түрінде сөйлеуге, өзі алған әсерін монолог түрінде сөйлеп жеткізуге себебін тигізеді. Ертегілер әлеміне сапар шегу балалардың қиялдау, елестету қабілетін дамытады.