"Театр өнерінің тарихы мен теориясы" кафедрасына 30 жыл

"Театр өнерінің тарихы мен теориясы" кафедрасына 30 жыл

2020 жылдың 23 қазан күні театртанушы ұстаздар, өнертану кандидаттары «Өнертану» факультетінің деканы М.Б.Жақсылықова, «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі А.С.Еркебай, кафедраның доценті З.У.Исламбаеваның ұйымдастыруымен Zoom уеб платформасында Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Өнертану» факультеті, «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының құрылғанына 30 жыл толуына орай «Қазақстан театртану ғылымы: тарих, теория, тәжірибе» атты халықаралық ғылыми конференциясы өтті. 

Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде өткен бұл халықаралық іс-шараға Париж (Франция), Варшава (Польша), Мәскеу (Ресей), Баку (Әзірбайжан), Тбилиси (Грузия), Ташкент (Өзбекстан), Уфа (Башқұртстан), Бішкек (Қырғызстан) сияқты әлемнің түкпір-түкпірінен сондай-ақ, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан қатысқан театртанушы-ғалымдар кафедраның мерейтойымен құттықтап, баяндамаларында бүгінгі театртану саласының өзекті мәселелерін тілге тиек етті. Модератор, өнертану кандидаты, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, халықаралық театр сыншылары ассоциациясының (IATC) қазақстандық секциясының жетекшісі С.Д.Қабдиева конференцияға қатысушылармен орыс және ағылшын тілдерінде ой бөлісіп отырды. 

Алғашқы құттықтау сөзді бастаған академияның ректоры А.Ж.Абдуалиев кафедра оқытушыларының отыз жыл бойы атқарған еңбектеріне тоқтала келіп, олардың бүгінгі таңда бәсекеге қабілетті мамандарды тәрбиелеудегі атқарылған жұмыстарына баса назар аударды. Академия басшысының сөзінен кейін «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының тарихы туралы бейнебаян көрсетілді. Сонымен қатар, еліміздің түрлі өнер ордарларынан, атап айтқанда Қазақстан театр қайраткерлері одағынан, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрынан, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрынан, Мемлекеттік қуыршақ театрынан (Алматы),  С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық драма театрынан, Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрынан, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрынан, Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрынан, А.Н.Островский атындағы Батыс Қазақстан облыстық орыс драма театрынан, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Номад театрынан құттықтау хаттар мен Б.Әбділманов, Ш.Жанысбекова, Ж.Толғанбаев, Г.Тұтова, К.Шаяхметова, т.б. бүгінгі театр және кино актерлерінен видео құттықтаулар келіп жатты.

Өнертану докторы, Әзірбайжан Мемлекеттік мәдениет және өнер университетінің профессоры И.Р.Исрафилов, театртанушы, Ресейдегі Мәскеу қалалық «Царицыно» мұражай қорығының бас директорының даму жөніндегі орынбасары К.Е.Байдильдина, театртанушы, PhD, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Ж.С.Сұлтанова - кезегімен өздерінің лебіздерін білдіріп, қазақ театртану ғылымының тамыры тереңдеп жатқанын жеткізді.

Аталмыш конференцияда 12 түрлі баяндама оқылып, талқыға түсті. Атап айтсақ: өнертану кандидаты, профессор С.Д.Қабдиева «Қазақ театртану ғылымының даму жолдары»; өнертану докторы, Өзбекстанның мемлекеттік өнер және мәдениет институтының профессоры М.Т.Туляходжаева «Режиссерлік-педагогикалық сабақтастық туралы»; жазушы, драматург, «Драма.кz» фестивалінің жетекшісі О.Е.Жанайдаров «Қазақстанның қазіргі драматургиясын дамытудағы театртанушының ролі»; өнертану докторы, Шота Руставели атындағы Мемлекеттік театр және кино университетінің доценті М.Васадзе «Қазіргі Грузия театр сыны мен театрының байланысы туралы кейбір мәселелер»; гуманитарлық ғылымдар докторы, Варшава университеті, «Орталық және Шығыс Еуропаның мәдениаралық қатынастар» бөлімінің қызметкері А.В.Москвин «Ұлттық театр және оның мемлекеттің мәдени саясатын құрудағы ролі»; өнертану докторы, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Б.К.Нұрпейіс «Қазақ театртануының бүгінгі даму үрдісі»; өнертану докторы, Шота Руставели атындағы Мемлекеттік театр және кино университетінің доценті Л.Чхартишвили «Қазіргі театртанудың кейбір критерилері»; өнертану кандидаты, З.Исмаилов атындағы Уфа мемлекеттік өнер институты «Өнер тарихы мен теориясы» кафедрасының доценті А.Сагитова «Салават мемлекеттік Башқұрт театрының сахнасындағы Мухаметши Бурангуловтың «Идукайы»; театр режиссері, сыншы, өнертанушы, костюм тарихын зерттеуші Д.Шавлис-Асатиани «Қараңғы түнектен жарыққа ұмтылыс»; театртанушы, Қырғызстан Республикасы ҰҒА аспиранты Э.М.Турдубекова «Қазіргі қырғыз театрындағы режиссураның трансформациясы: мәдениеттанушылық талдау»; режиссер, PhD, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Музыкалық жастар мен балалар театрының директоры А.М.Маемиров «Әлемдік мәдени кеңістіктегі Қазақстан театр өнері»; өнертану кандидаты, доцент, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Театр және кино» бөлімінің меңгерушісі А.О.Мұқан «Қазақ театртану ғылымының тарихы, бүгіні мен болашағы» сынды тақырыптар аясында сөз қозғалды. 

Бұл авторлар өз баяндамаларында әлемдік театр өнерінде болып жатқан бүгінгі құбылыстарды және театртанудың қай бағытта дамып жатқандығы туралы өте мазмұнды ой-пікірлерді ортаға салды. Сонымен қатар, қазақстандық театртану саласы мамандарының 30 жыл бойы жас мамандар тәрбиелеп, Б.Құндақбаев пен Ә.Сығайдың мектептерін қалыптастырып үлгергені де айтылды. Осы уақыт ішінде қазақ театртанушы-ғалымдарының 60-қа жуық іргелі еңбектер мен монографияларды шығарып, сансыз мақалалар жазғандығы да баса айтылды. Конференция барысында болашаққа да бағдар жасалып, түрлі мәселелер мен алға қойған мақсаттар талданды.


Назерке Құмарғалиева,
театртанушы