Жайдарбек Күнғожинов каскадерлар арасында «Оскар» сыйлығына теңелетін премиясына режиссер Ақан Сатаевтың 2019 жылы жарыққа шыққан «Томирис» тарихи драмасындағы трюктер қойылымындағы жұмысын ұсынды.«Таурус» – кинодағы үздік трюктерді анықтайтын Әлемдік каскадерлер академиясының (АҚШ) жыл сайынғы премиясы. Жыл сайын «Таурус» жеңімпаздарды Paramount (Лос-Анджелес) студиясында марапаттайтын. Пандемияға байланысты 2020 жылғы марапаттау кеші қарашаның 21-ші жұлдызында https://www.taurusworldstuntawards.com сайтында онлайн форматта өтті.
«Шетел фильміндегі үздік трюк қойылымы» номинациясына «Томирис» фильмінен бөлек «Ленинградты құтқару» («Спасти Ленинград», Ресей), «Касабланка» («Casablanca», Мысыр), «Захар Бүркіт-2» («Захар Беркут-2», Украина), «Римнің алғашқы патшасы» («Il primo re», Италия) фильмдерінің трюк қоюшы мамандарының жұмысы ұсынылды.