Қазақстандық диджей Иманбек Зейкенов "Грэмми" сыйлығына ие болды

Қазақстандық диджей Иманбек Зейкенов "Грэмми" сыйлығына ие болды

63-ші мәрте өткізіліп отырған "Грэмми" сыйлығы Лос-Анжелестегі Staples Center ғимаратында онлайн форматта өтті. Биылғы номинанттар 2020 жылдың 24 қарашасында белгілі болды. Індетке байланысты марапаттау рәсімі 31 қаңтардан 14 наурызға ауысты. Кешті әзілкеш-актер Тревор Ноа жүргізді.

"Үздік ремикс жазбасы" номинациясына қазақстандық Иманбек Зейкенов "Roses" (орындаушы SAINt JHN) әнімен ұсынылды. Иманбекпен бірге Андре Анжос "Do You Ever (RAC Mix)", Морган Пэйдж "Imaginary Friends (Morgan Page Remix)", Луи Вега "Praying for You (Louie Vega Main Remix)", Мартин Фогт "Young & Alive (Bazzi vs. Haywyre Remix)" бақ сынасты.

Иманбек "Грэмми" сыйлығына ие болған алғашқы қазақстандық.

Павлодар облысының Ақсу ауданында 2000 жылы дүниеге келген Иманбек Зейкенов 2019 жылы "ВКонтакте" әлеуметтік желісіне американдық рэпер Saint Jhn "Roses" әніне ремиксті жүктеп, танымалдылыққа ие болды. Әннің түпнұсқасы 2016 жылы жарыққа шықты.  Roses (Imanbek Remix)  бейнебаянының тұсаукесері 2020 жылдың наурыз айында жарыққа шығып, 100 млн қаралым жинаған.