"Bravo" Халықаралық кәсіби музыкалық премиясы 2-сәуір күні Мәскеудегі Үлкен Театрда (Большой Театр) 3-мәрте өткізілді. Кешті Ресейлік танымал тележүргізушілер Андрей Малахов пен Елена Север жүргізді. Үлкен Театр сахнасында Майра Мұхамедқызы, прима балерина Светлана Захарова, «Grammy» сыйлығының иегері Ильдар Абдразаков, опералық әнші Альбина Шагимуратова, уругвайлық бас-баритон Эрвин Шротт және италиялық танымал опера әншісі Массимо Кавалетти өнер көрсетті.
«BraVo» алтын статэуткасы ресейлік және шетелдік классикалық музыка орындаушыларына табысталады.
Майра Мұхамедқызы - ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері, «Тарлан» сыйлығының, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Париждегі «Гранд Операның» Қазақстаннан шыққан тұңғыш әншісі. Ол 1969 жылы 9 мамырда ҚХР-да дүниеге келген. Бейжің Ұлттар Университетінің Музыка Факультетін (Джоу Бен Чин сыныбы) және Пекин Консерваториясын (Го Шу Джен сыныбы) бітірген.
Майра Мұхамедқызының (Еуропа сахнасында Майра Керей) шығармашылық өміріндегі айтулы кезеңі Францияның Гранд-опера театрымен (Opéra National de Paris) келісім-шарт жасауынан басталады. Әлем опера аренасына Пуччинидің «Богемасындағы» Мюзетта рөлімен дебют жасап, опера жұлдыздары тенор Роберто Аланья, Марселло Альварез қатарлас әншілермен бірге ән салды. Г.Доницеттидың «Махаббат дәрісі» (L'Elisir d'Amore) атты комедиялық операсында Адина рөлімен Opéra National de Lorraine, Opéra de Rennes, Théâtre de Caen, Grand Théâtre de Reims және Opéra National Bordeaux сахналарында өнерін көрсетті. Әлемдік классикалық операның үздік үлгілеріне қатысып, жетекші партияларды орындап, Еуропадағы мансабын бүгінге дейін жалғастырып келеді.