Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және ұлы жазушы М.Әуезовтің 120 жылдығы аясында ұйымдастырылған көрменің мақсаты – өскелең ұрпаққа, театр өнеріне қызығатын ізденушілерге, жалпы өнерсүйгіш қауымға қазақ өнерінің қара шаңырағы, 92 жылдық тарихы бар М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының құрылған кезеңінен бастап бүгінгі күнге дейінгі өнер шежіресінен сыр шертіп және Алматы қаласында орналасқан мәдени ордалардың басын қосу арқылы олардың тарихын бір арнада тоғыстырып, театр музейінің тыныс-тіршілігінен хабар бере отырып, мол мұра, құнды жәдігерлері туралы мол мағлұмат беру.
Театрлардың тарихы бір арнада тоғысатын көрмеден қойылымдардың афишалары, фотосуреттер, майлы бояумен салынған портреттер, актерлердің әр жылдары әртүрлі спектакльдерде киген сахналық костюмдері, өнер майталмандарының жеке заттары, қолжазбалар, театр қайраткерлерінің күнделіктері, әр кезеңдегі театр өмірі және актерлер жайлы ақпараттар, мақалалар, зерттеулер, құнды жәдігерлер орын табады.
Көрмеге қазақ өнерінің қарашаңырағы – М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры, Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театры, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Республикалық неміс драма театры, Мемлекеттік Республикалық корей музыкалық комедия театры, Н.Сац атындағы Мемлекеттік орыс балалар мен жасөспірімдер театры, Қ.Қожамьяров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театры және М.Ю. Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының құнды жәдігерлері қойылады.
Театр музейлері – театр және кино өнерінің ұлы қайраткерлерінің, әр жылдардағы актерлер мен театр қызметкерлерінің өнер шаңырағындағы өмірімен, өнерімен, аяулы сәттерімен қайта қауыштыратын орда. Театрдың құрылған кезеңінен бастап, қазіргі беталысы, хал-ахуалынан хабар беретін көрмелер, өскелең ұрпақтың санасына сілкініс беріп, тарих туралы мол мағлұмат алуына, сондай-ақ, өткеннің естеліктерін ұмытпай, алға нық сеніммен аяқ басуына әсер етеді. Елбасы айтқан «рухани жаңғыруға» театр, музей сынды мәдени ордалардың қосар үлесін есептесек, өткізілетін бұл көрме маңызды рөл атқарады.