Киногерлер бүгінгі жастар киносы турасында ой бөлісті

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры Шығармашыл жастардың VIII Халықаралық "ЖасStar" фестивалі аясында Oner.kz – өнертанымдық порталының ұйыдастыруымен "Бүгінгі жастар киносының бағыттары, көркемдік деңгейі және жаңа тенденциялар" атты дөңгелек үстел өтті.
Киногерлер бүгінгі жастар киносы турасында ой бөлісті

Гүлім Көпбайқызы

кинотанушы


 

Өзіне тән мәнерлеу амалдары, көркемдеу тәсілдері, эстетикалық заңдары мен шығармашылық дәстүрі бар қазақ кино өнері – соңғы жылдары кәсіби мамандар, киногерлер, кинотанушылар тарапынан жиі сарапқа салынып, республикалық басылым беттерінде, отырыс-жиындарда жазылып, айтылып, талқыланып жүр. Көрермен назарына ұсынылған жаңа туындылар өзіндік бағасын алуда. Қазақ кинематографиясының қоржынына қосылып жатқан фильмдердің көркемдік-эстетикалық деңгейі, режиссерлік шешімі мен тақырып таңдаудағы талғамы кімді де болса бей-жай қалдырмай келеді. Соның кезекті бір көрінісін бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры Шығармашыл жастардың VIII Халықаралық «ЖасStar» фестивалі аясында Oner.kz – өнертанымдық порталының ұйыдастыруымен өткен «Бүгінгі жастар киносының бағыттары, көркемдік деңгейі және жаңа тенденциялар» атты дөңгелек үстелден байқадық.

Бүгінгі шараның мақсаты сол – еліміздегі қысқа метрлі фильмдерді түсіріп жүрген жас режиссерлерді қолдай отырып, туындыларын кеңінен насихаттау, көркемдік деңгейін кәсіби тұрғыдан бағалап, даму бағыты мен жаңа тенденцияларды анықтау болды.

Кинотанушы, PhD докторы, СДУ қауымдастырылған профессоры Молдияр Ергебеков бастаған, сондай-ақ, кинотанушы, PhD докторы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Кино тарихы және теориясы» кафедрасының аға оқытушысы Баубек Нөгербек, кинотанушы, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің оқытушысы Ержан Жұмабек, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметінің жетекшісі Айнұр Иса, кинорежиссер Айгүл Ақсамбиева, кинорежиссер, кинопродюсер Серік Әбіш, кинорежиссер, актер Асхат Кучинчиреков, кинотанушы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Дана Әмірбекова, кинотеледраматург, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Айдана Аламан сынды өнер мамандары бас қосқан дөңгелек үстелде отандық режиссерлердің соңғы жылдары жарық көрген қысқаметрлі фильмдеріне жалпылама сараптама жасай отырып, соңын әсерлі әңгіме мен қызу талқылауға ұластырды.

 

Молдияр Ергебеков, Баубек Нөгербек

 

Халықаралық және Республикалық кинофестивальдерде жүлделі орындарға ие болып жүрген: «Жесткий тип» (реж. Баймұрат Жұманов), «Пәтер» (реж. Ербол Бораншы), «Куб» (реж. Максим Кодаров), «Картоп жегіштер» (реж. Шарипа Оразбаева), «Мама» (реж. Бегалы Шібікеев), «Мен қара түске ғашықпын», «Саз-махаббат» (реж. Айгүл Ақсамбиева), «Таң сәулесінің шапағаты» (реж. Дархан Төлегенов), «Еркек» (реж. Берік Жаханов), «Аялдама» (реж. Диас Құлмақов), «Малыбайдағы оқиға» (реж. Самғар Рахым) сынды қысқаметрлі фильмдер мамандар назарына ұсынылып, фильмдердің көркемдік және тақырыптық ерекшеліктері барысында сөз қозғалды. Жас режиссерлер фильмдерінің отандық кино саласын дамытудағы орны мен маңыздылығы, кемшілік тартып жатқан тұстары да дөңгелек үстелге қатысушылардың  назарынан тыс қалмады.

 

Ержан Жұмабеков, Айнұр Иса

 

Мәселен, отырыс барысында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметінің жетекшісі Айнұр Иса: «Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақфильм» АҚ жылына 10 шақты қысқаметрлі фильмдерді түсіреді. Бізге келіп түскен синопсистерді оқып, көркемдік кеңеспен талқылап, таңдап, өндіріске жібереміз. Байқап отырсақ, соңғы екі жылда біздің студияда, жеке студияда болмасын жарық көрген қысқаметрлі фильмдердің көркемдік деңгейі жоғарылады. Мемлекеттік студиялардан бөлек жеке студиялардың да кино саласына қызығушылығының артуы және оны жоғары деңгейде орындап шығуға деген ұмтылысы ерекше байқалады. Десек те, біраз фильмдерді көріп отырып, қазақи оқиғаны көрсетіп отырған режиссердің орыс тілді екенін аңғарамыз. Ол оның сценариінен немесе режиссерлік шешімдерінен көрініс тауып жатады. Сол себепті де, біздің жанымыз қазақ, ана тіліміз қазақ болғасын, туындыңызда қазақтың иісі шығып тұруы хақ, қазақтың дүниетанымына жақын болуы тиіс деп ойлаймын. Сонда ғана біз шетелдік кинофестивальдерде өзімізді таныта аламыз, сонда ғана біз көрерменге жақын боламыз» деген ойын ортаға салды.

 

Ержан Жұмабеков, кинотанушы

 

Ал, кинотанушы Ержан Жұмабеков: «Кез келген жас режиссер өзінің шығармашылық жолында толықметрлі фильм түсірмес бұрын қысқаметрлі фильмдерді түсіруден бастайды. Байқап отырсақ, елімізде өтіп жатқан фестивальдерде қысқаметрлі фильмдер көбірек көрсетілуде, ерекше назар аударылуда. Бұл жерде айта кететін жайт, түсіріп жатқан жас режиссерлеріміз тек Алматы және Астана қаласындағы өнер ордаларының студенттері ғана емес, еліміздің басқа да аймақтарындағы жастар. Әрине, кәсіби түсірілген фильмдер мен әуесқой түсірілген фильмдерді салыстыруға келмейді. Дегенмен, жас киногерлердің бойынан ұқыптылыққа деген ынтаны аңғаруға болады. Оны, тіпті, фильм титрларының қазақ тілінен тыс, орыс және ағылшын тілінде жазылуынан байқаймыз»,– дейді.

 

Серік Әбіш,  Асхат Кучинчиреков

 

Кинорежиссер, актер Асхат Кучинчиреков пен режиссер Серік Әбіш те өзіндік пікірлері, көзқарастарымен бөлісе отырып, сөз соңында осындай жиындардың, яғни режиссерлер мен теоретик мамандарының жиі бас қосып, әр дүниені талқылап, талдап, сарапқа салып отыруын дағдыға айналдыруды қалайтын ниетерін білдірді. Иә, кәсіби мамандар бас қосқан осындай жиындар бізге көбірек қажет. Ортаға салынған пікірлер нәтижесінен мән мағынаға толы сапалы, әрі тамыры терең туындылар жарық көретінін айқын.

 

 

Сізге қызық болуы мүмкін: