"Алатау" дәстүрлі өнер театры MEGA-да флэшмоб өткізді

Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұжымы жуырда «MEGA Alma-Ata» сауда және ойын-сауық орталығында дәстүрлі ән мен күйден флэшмоб өткізді. Шара Наурыз мейрамы мен 27 наурыз — Халықаралық театр күніне орайластырылды.
"Алатау" дәстүрлі өнер театры MEGA-да флэшмоб өткізді

«Алатаудан ән шашу» деген атпен өткен дəстүрлі өнер театры өнерпаздарының  мерекелік тартуы орталықта жүрген жұртты бірден елең еткізді: оларды «Үш қоңыр» триосы орындаған «Жәкенжар», «Құрбым-ай» халық әндері «мен мұндалап» шақырғандай болды. Флэшмобты кіріспе сөзбен ашқан «Алатау» театрының шара жүргізушісі Нәсіпжан Басшыбай қала әкімі Бауыржан Байбектің тікелей бастамасымен құрылған мәдениет ошағының дүние жүзі бойынша дәстүрлі өнерді насихаттайтын және жанында кинозалдары бар бірден-бір театр екендігін хабарлап өтті.

Театрдың құрылғанына бір жылдан асты. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, бүгінгі заман талабы ұлттық дәстүрдің тек қана озығын пайдалануды талап етері хақ. Бұған бірден-бір дәлел – Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы. Бағдарлама аясында осыған дейінгі шаралар театрдың ғимаратында ұйымдастырылып келсе, биылдан бастап ұжым өздері қала халқының арасына баруды қолға алды. Бұл тәсілдің болашағының зор екендігінің үлкен бір дәлелі — домбыра, қобыз, дарбука, баян сияқты ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен шаңырағы шалқақ, керегесі кең ғимаратты күмбірлеткен күй, шалқытқан ән мен терме. Осы орайда «Алатау серілерінің» орындауындағы «Молдабай», «Он алты қыз» әндері сауда-саттық жасап, балаларын ойнатып жүрген қала жұртшылығын флэшмоб алаңына тез-ақ жинады. Шара барысында театр өнерпаздарының көшін бастаған Алма Аманжолова, Қазыбек Әдікей және Сәулежан Тақзия, Нариман Әбдірахманов, Ерғали Ағайдаров, Рауан Әбілбаев, Рауан Ексілов, Жанаргүл Сәркенова сияқты дәстүрлі өнер шеберлері қазақтың сырлы да сазды әндерін шалқытып, тағылымды терме ұсынса, Азат Дулатұлы мен Нұрбек Жүзбембетовтың орындауында домбыра шанағынан күміс күйлер төгілді.

Осы маңайда ойнап жүрген балақайлардың «алатаулық» қыздар тобы орындаған «Жас екпін» маршына еріп, би билеуі ерекше әсер берді. Осындай ұлттық нақыштағы өнер, халықтың салт-дәстүрі балалардың ұлтжанды азамат болып өсуіне септігін тигізері айдан анық. Шараның мақсаты — Әз Наурыз мейрамы кезінде қала жұртшылығына дәстүрлі өнерімізді насихаттап, ән мен жыр, күй, терме, жалпы ұлттық өнерімізге құрметпен қарау, қастерлеу сезімін сіңіру болатын. Өнерпаздар діттеген бұл мақсат орындалды. Халық көкейінде, әсіресе сауда орталығында жүрген өзге ұлт өкілдерінің бойында қазақ дәстүріне деген құрмет ұшқыны қылаң берді деген ойдамыз.

Флэшмоб тұтас алғанда қала жұртшылығы арасында ұлттық өнерімізді насихаттауға аз да болса өз үлесін қосты ғой деген сенімдеміз. Дәстүрлі әні мен жыры, биі мен күйі бар халық ешқашан жойылмақ емес.

«Алатау» дәстүрлі өнер театрының

PR менеджері Гүлмира Асылбекқызы