Мақсат Рахмет: Театр - халықты тәрбиелейтін трибуна емес

Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық Балалар мен Жасөспірімдер театрында 16 қаңтар күні Г.Гориннің «Забыть Герострата» шығармасының негізінде «Ұмытыңдар оны» трагикомедиясының премьерасы өтті.

Сұқбаттасқан: Бейбіт Әлкеева

Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА

«Театртану» мамандандыруы, 4курс  


Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық Балалар мен Жасөспірімдер театрында 16 қаңтар күні Г.Гориннің «Забыть Герострата» шығармасының негізінде «Ұмытыңдар оны» трагикомедиясының премьерасы өтті. Спектакль режиссері – Ж.Жұманбай. «Көрермендерге сөзжұмбақ жасырудың қажеті жоқ» деп есептейтін режиссердің Балалар мен Жасөспірімдер театрындағы кезекті туындысы көпшіліктің көңілінен шықты. Себебі, онда көзіміз шаршаған жарық, эффект, шоу, музыка деген сүйемелдеулер жоқ. Спектакльде актерлік шеберлікті көрсету негізгі мақсат болған. Ж.Жұманбай актерлік құрам таңдауда жаңылмайтынын тағы да бір рет дәлелдеді. Спектакль соңына дейін көрерменін әсерден айықтырмай ұстай білген Герострат бейнесі ерекше атауға тұрарлық. Дегенмен, Герострат кім, оның қоғамдағы ролі қандай және ең бастысы сол көрермендер сенген бейнеге актер өзі сенді ме?! Осы және шығармашылығына қатысты өзге де сұрақтардың жауабын алу үшін Герострат бейнесін сомдаған актер Мақсат Рахметпен сұхбат құрған едік.


Мақсат мырза, әуелі, премьераңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Әлі айығып үлгермеген алғашқы әсеріңізбен бөліссеңіз.

Рақмет. Ең алғашқы әсерім жайлы айтсам: спектакль бітті, көрермендер қол соғып ыстық ықыластарын білдіріп жатты. Ал, мен түк түсінбей тұрмын, түсім секілді. Дәл сол сәтте спектакльді қайтадан ойнағым келді. Дипломдық қойылымнан соң алты жылдан кейінгі алғашқы басты ролім деп атауға болады. Өте үлкен қобалжу болды, оны жасыра алмаймын. Спектакль басталғанға дейін қобалжуды сезінбей тұрдым, сахнаға шыққанда үлкен жауапкершілікті сезіндім. Әрине, ол өнердің, сахнаның құдіреті. Дегенмен де, біраз қателіктерімді сезіндім, спектакль біте салысымен қайтадан ойнағым келді. «Әттеген-ай» деген тұстарымды түзеуді ойлап тұрдым. Енді тағатсыздана келесі қойылым күнін күтіп жүрмін.

Аталмыш қойылым әлемнің қаншама сахнасында қойылды. Герострат бейнесі де сан түрлі қырынан ашылды. Сіз сомдаған Герострат несімен ерекше? Жалпы ол сіздің түсінігіңізде кім және қандай кейіпкер?

Геростратты әр-түрлі талдауға болады. Бірақ, менің ойымдағы Герострат - ол ешқандай қаhарман (герой) емес. Бастапқы дайындықтарда оны тым ақылды етіп көрсетуге тырысатынмын. Бірақ, режиссермен жұмыс жасай келе оның қате екенін түсіндім. Оның ең басты қасиеті тез ойланады, ойы жүйрік, бір сәтте өзгере салады. Егер А жоспарымен келе жатып орындалмай қалса, Б жоспарымен кетіп қала салады, Б болмаса міндетті түрде В жоспары ойында тұрады. Негізі, өте қорқақ адам. Клеоннан, өлімнен қатты қорқады. Бірақ, сездірмейді, себебі, айлакер. Актерлік өнерде бейненің дәні (зерно образа) деген  ұғым бар. Сол тұрғыдан алғанда оны бір ғана жануармен сәйкестендіру, теңеу мүмкін емес. Себебі, ол өте құбылмалы. Клеонмен алғашқы сахнада жауынқұрт болып бастайды, Клеминтинамен сахнада жылан, сосын қасқыр, кейін арыстанға айналады. Актер үшін өте қызықты кейіпкер деп есептеймін.

Спектакльдің дайындығы жайлы сөз қозғасақ? Ізденіске, жалпы қойылымның біртұтас дүниеге айналуына қанша уақыт кетті?  

Қойылымның ең бірінші ерекшелігі – өзіндік жұмыс негізінде дүниеге келді. Режиссер және театр актерлері осы шығарманы алып сахналау туралы ұсыныс жасадық. Ең бастысы, театр біздің мүмкіндігімізді шектеген жоқ, дайындалатын зал жағынан болсын көмек көрсетті. Өткен жылдың маусым айында дайындықты бастадық, көркемдік жетекшіміз Еркін Жуасбек  жұмысымызды жақсы деп бағалап, маусым жабылуында сахналаймыз деп шешілген болатын. Бірақ, оған үлгермедік, қыркүйек айында режиссеріміз Ж. Жұманбай Семейдегі «Дариға-ай» театрына арнайы шақыртумен қойылым қоюға жол жүріп кетті. Сонымен, ол келген соң қараша айынан дайындықты қайта бастап, премьера сәті осы жылдың қаңтар айына келіп түсті. Дайындықтың ұзақ уақытты қамтығаны бір жағынан өте пайдалы болды. Себебі,  жасайтын бейнеңе араға біраз уақыт салып қайта келу көбірек ізденуге,  жаңа ойлармен жұмысты толыұқтыруға септігін тигізеді. Бейненің өзге қыры ішіңде пісіп жатады. Сол арқылы сапалы дүниені жасап шығаруға болады.

Бүгінгі күн мәселесін дөп басатын Геростраттан өзге қандай кейіпкерлер дәл қазір қазақ сахнасына шығуы тиіс деп ойлайсыз?   

Біздің қоғамда бәрі жүр. Дәл қазір актуалды болып тұрған мәселелерді бейнелейтін кейіпкерлер көп. Мәселен, іші ыза мен кекке толы Гамлеттер де жүр ортамызда. «Өлмек пе, қалмақ па?!» деп жүрген адамдармен де тілдесіп көрдім. Көзіміз көріп жүр көп бейнелерді. Айта берсек көп. Бастысы, өз формасын тауып сахналай білетін режиссер мен еңбектенуден шаршамайтын актердің қолына түссе сахнаға шығар туындылар көп.

Режиссермен жұмыс жайына ойыссақ. Қойылым режиссері Ж. Жұманбай.  Жұмыс жасау қаншалықты қызық немесе қиын болды? Қателеспесем,  бұл режиссермен жасап отырған екінші жұмысыңыз?

Иә, театрдағы бірінші ролім Ж. Жұманбай режиссерлігімен сахналанған «Бір сен үшін тудым» қойылымындағы Тибальт болды. Ол да бір қызықты жұмыстардың бірі, ол жерде сахна сайысын қоюшы ретінде де өз үлесімді қостым. Ж. Жұманбайдың «Жусан иісі» қойылымын, оған сахналық нұсқаны жасағанын көргенде теңеумен айтқанда, оның алдында «басымды идім».

Оның актерлік қабілетін, режиссерлік білімін ерекше бағалаймын. Біздің қойылымда қосалқы кейіпкерлер деген жоқ. Барлық сегіз актермен жеке-жеке жұмыс жасап, характерлерін ашуға тырысты. Қиын жағдайға түскен адамдардың ішкі жан-дүниесін сезіндіретін, шоу, эффектісіз қойылымдарды сағынып қалыппыз. Сол жағынан актерлер, яғни, өзіміз үшін өте қызықты жұмыс болды. Әлі де айызымыз қана қойған жоқ, тағы да ойнасақ деген құштарлықта жүрміз. Осындай мүмкіндікті сыйлаған режиссер Ж. Жұманбайға бүкіл актерлік құрамның атынан алғыс айтамыз!

Герострат - Мақсат Рахмет, Клеминтина - Жанар Мақашева

Актерлік құрам, ұжым жайында? Театрдағы аға буын артистермен жұмыс жасау жайында әңгімелесек?

Біздің Ғ.Мүсірепов театрындағыдай ұжымды еш жерден кездестірген емеспін. Шынайы өнерді сүйетін, ол үшін жанын салатын актерлер өте көп. Бір ғана мысал, осы қойылымға дайындалатын кезде жаз мезгілі болатын. Өзіндік жұмыс ретінде жасаған жұмысымыз болғандықтан түнгі бір, екіге дейін дайындалатынбыз. Сағызбай аға мен Гүлжамал апа бізбен бірге болды. Ойлай беріңіз. Осындай бір ерекше құлшыныспен жасалған жұмысымыз болды. Кестеден тыс жұмыс жасауға келісіп, серіктес болған барлық әріптестеріме алғыстан өзге айтарым жоқ.

Бүгінгі театр үрдісінде есімі ерекше аталып жүрген режиссерлердің қайсысымен жұмыс жасағыңыз келеді? Әлде өзіңізді режиссер ретінде көруіміз мүмкін бе?

Мен қазір Тұран университетінде «режиссура» мамандығы бойынша магистратурада білім алып жатырмын. Кейінірек қойсам деп жүрген идеялар бар ойымда. Бірақ, әрине, қазір емес. Бірлесіп жұмыс жасағым келетін режиссерлер жоқ емес. Е.Нұртазинмен бір жақсы дүниені ойластырып жатырмыз. Бұйыртса, жарыққа шыққанда көре жатарсыздар. Ф.Молдағали деген режиссер жайында да жиі естіп жүрмін. Реті келсе танысып, жұмыс жасап көргім келеді. Тұңғышбай Жаманқұлов ағайымның қойылымдарында бейне жасағым келеді.

Қазіргі қазақ сахнасында аударма шығармалардың көп болуы қазақ драматургиясының әлсіздігін көрсете ме? 

Бізде мойындау керек, материалдар өте аз. Осыдан бір жарым жыл бұрын театрда көркемдік кеңесте тек қазақша пьесалар қойылсын деп айтылды. Бірақ, сахналайтын пьесаның көркемдік деңгейі жоғары болуы маңызды. Бізде жасыратыны жоқ, қазіргі пьесалар әлсіз. Мәселен, кешегі қойылым көрермендердің көңілінен шықса ол 50%  Г.Гориннің, яғни автордың еңбегі. Себебі, драматургияның деңгейі қойылымға өте қатты әсер етеді. Сондықтан, тек қазақ туындылары деп отыра бермеуіміз керек. Жақсы драматургияны сахналауға тырысу керек. Сонда, қазақ драматургтері талпыныс, ізденістерді арттыра түседі деп ойлаймын.

Тарихи спектакльдерде, тарихи тұлғаны сомдау жөнінде ойыңыз? Қай тарихи бейнелерді жасағыңыз келеді?

Жалпы қазақтың актерлік мектебі өте жақсы ғой. Сомдағым келетін бейнелер көп. Әбілқайыр хан бейнесін сахналауды да армандаймын. Бірақ, әлі ол рольге жас мөлшерім, тәжірбием жете қоймайтын шығар. Сауранды сомдағым келеді. Дипломдық жұмысымыз Тұңғышбай ағаймен «Ант» қойылымы болған. Ол кезде Сәмеке ханды ойнағанмын. Жалпы, өзімнің ең алғаш театрға барған кезім, мектепте сегізінші сынып оқып жүргенде Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен Жасөспірімдер театрына Ж.Хаджиев режиссурасымен сахналанған қойылым болатын.  Сол спектакльдегі Абылай ханның жас кезін дәл қазіргі сәтте ойнағым келеді.

Сахнаның адамысыз.  Әншісіз, театр актерісіз. Ал, кино саласында көре аламыз ба?

Мен  осы уақытқа дейін көп кино кастингтеріне бармаппын. Өзі бір уақыты келеді деп ойладым. Ол ойларымның қаншалықты дұрыс-бұрыстығын уақыт көрсете жатар. Бірақ, енді ақырындап кіріссем бе деп жүрмін. Қолдан келіп жатса неге көрмеске.

Актерлік потенциалыңыз, жалпы қабілет-қарқыныңыздың деңгейі бізге мәлім. Бойыңыздағы бар тәжірбиені жинақтап өзіңізді психологиялық рольге салып көруге қалай қарайсыз? Мүмкін ол моноспектакль? Әлде оған ерте ме?

Мен негізі Ж. Жұманбайға бірінші моноспектакль сахналауды ұсынған болатынмын. Өте жақсы, құнды шығарма болды. Қазақтың романы. Сахналық нұсқасын жасау туралы ұсыныс айттым. Себебі, «Жусан иісін» көргеннен кейін, оның сахналық нұсқаны (инсценировка) қалай шебер жасайтынына көзім жетті. Ол роман режиссерге ұнады. Ол жерде нағыз психологиялық образ. Егер Жұлдызбек ал қазір бастайық десе, дәл осы сәтте кірісуге дайынмын.

Театр өнері жолындағы ұстаздарыңыз жайында?

Жалпы, мен өзім бақытты шәкіртпін деп есептеймін. Колледжде ең алғаш актерліктің әліпбиін үйреткен ұстазым - Есім Сегізбаев. Академияға түсіп Тұңғышбай Жаманқұлов шеберханасында жалғастырдым. Ол екі есе бақыт деп түсінемін. Т. Жаманқұлов, Дәрия Жүсіп мектебі ол бөлек. Хадиша Бөкееваның мектебі деп атайды бізді, көбіне. Себебі, бір емтиханда жоқ дегенде үш үзінді ойнап шығатынбыз. Мәселен, екінші курстың емтиханында менің бір ролім Ромео, тағы бір ролім комедиялық бейне болатын. Ағай бізге талғамды, өрені, интеллектті үйретті. Оны өзі үлгі болып көрсете білді.

Театр ақша табатын орын емес. Дегенмен, өміріңізді қай кезге дейін театрда елестетесіз?

Әрине, мен актерлік штатқа ауысқаныма енді бір жарым жыл болды. Театрда актерлердің жалақысы төмен. Оны бәрі де біледі. Бірақ, егер менің «Алашұлы» сияқты топта ән айтып, басқа да табыс көздерім болмаса театрда өзіндік жұмыс жасауға мүмкіндігім болмас еді деп ойлаймын. Театрдың айлығымен өзімізге мұндай мүмкіндік бере алмас едік. Өте жіті қадағалау керек мәселе деп есептеймін. Жағдайдың қалай жалғасатынын білмеймін, бірақ, мен бұл театрда соңына дейін қалуға ниетім бар. Бұл жерде айлық үшін жүрген адам емеспін. Қарапайым сахна сыртындағы құрал-жабдықтардың шаңынан, шымылдықтың иісінен ләззат аламын. Мені ұстап тұрған – театрға деген махаббат. Театр өнерін ешқандай өнермен салыстыруға болмайды. Спектакльде ойнаудың ләззатын басқа ешбір өнер иелері сезіне алмайды.

Спектакль соңындағы он минуттық көрерменнің ыстық ықыласы үшін айлап-жылдап тер төгесіздер. Актерлік өнер сонысымен ауыр жол. Сіздің ұғымыңыздағы актерлік өнер түсінігі? Үш ауыз сөзбен?  

Актерлік өнер – Еңбек. Еңбек. Еңбек. Оның ішіне ізденіс, білім бәрі кіреді. Актер болу мамандық емес. Ол одан да жоғары нәрсе. Оқып, меңгеріп істей салатын дүние емес. Оның ішінде өмір сүру керек.

Қазір актерлік өнер бойынша білім алушылар саны артып келеді. Жыл сайын басқа облыстарды былай қойғанда, Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясынан қаншама түлектер бітіріп жатыр. Алматыдағы алты-жеті театр барлық бітірушілерге есігін айқара ашып отырмағаны белгілі. Мұны мәселе деп қарастыруға бола ма әлде қалыпты жағдай ма? Арттарыңыздан ерген ізденуші актерлердің болашағына деген көзқарасыңыз қандай?  

Нақты қалай боларын білмеймін, бірақ, бізде расымен бұл проблема бар. Оны мамандыққа қабылдау кезінде шешіп алған дұрыс секілді. Бұрындары бітірушілерді облыстық театрға жіберу міндетті болған екен. Актерлік өнерді оқудың қиындығы көп, ал бітіріп шыққан соң қиындығы екі есе артады. Сондай қиындықтардың кесірінен талай талантты актерлер театрдан кетіп қалып жатыр. Тұрмыс қысқан кезде театрдан алып жүрген ләззатың, шығармашылығың жайына қалады. Бұл проблема бізде жоқ емес, бар. Ол дәл осы театр өнерінде.

Герострат... қайта оралайық. Көрермендер сенді. Осы бейне арқылы жиынтық образ жасай алғаныңызға өзіңіз сендіңіз бе?!

Бір рет қана ойнап шықтым. Көп дүниені жеткіздім, сезіндім деп тоқмейілсуге болмайды. Бірақ, сенім керек. Актер мен режиссер арасында сенім болу керек. Өзіңді шыңдау үшін ортақ жұмыстар керек. Оның үстіне Гүлжамал апа, Сағызбай аға секілді өз ісінің кәсіби шеберлерімен жұмыс жасау үлкен тәжірбие сыйлады. Шынымды айтсам, спектакльден соң өз ойыныма разы болып тойып қалу емес, керісінше қарным ашып, «тағы да» деп жүрегіме, ойыма тыныштық бермей тұрған құлшыныстар бар. Театр халықты тәрбиелейтін трибуна емес, көрерменді басқа бір әлемге алып кететіндей деңгейде өнер көрсету. Сол арқылы көрермен ойлана ма, толғана ма, әлде сабақ ала ма?! Ол көрерменнің өзінің мәселесі. Ең бастысы – көрермен жүрегін қозғай білу.

Әңгімеңізге көп рақмет!

Герострат - Мақсат Рахмет, Крисипп - Әсет Иманғали

Суреттерді түсірген: Рақымжан Құдайберген.