Лаура Еділбекқызы. Актриса Гюль Зиятованың шығармашылығы

Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының дарынды актрисасы, қойылымның пластикалық режиссері Зиятова Гюльдің шығармашылық кескіні зерттеуді, зерделеуді қажет етеді. Себебі оның сахналық жетістіктерін ауыз толтырып айтуға болатындай сан қырлы.

Д.Фо "Байы бар, басы бос"

Лаура Еділбекқызы

театртанушы


Біздің кейіпкеріміз Гюльдің өнер есігін ашқан алғашқы аяқ алысына өскен ортаның, ата-анасының бойындағы ерекше қасиеттері мен өнерге деген көзқарасы әсерін тигізбей қоймауы да заңдылық. Осы деңгейге ол оңай жеткен жоқ. Ол көп ізденді, тер төкті.  Төрт жасында театр есігін ашқан алғашқы күннен-ақ сахнаға ғашық болды. Асқақ армандарын өнермен байланыстырып, өнерді жан-тәнімен сүйді. Табиғатыңнан тума талант болғаныңмен, тәлім алудың жөні бөлек. Өзінің ішкі үніне құлақ түріп, арманы жетелеген жас талант 1995 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына түседі. Онда «Драма режиссері» мамандығы бойынша ұстазы, белгілі режиссер, профессор, Қазақстанның халық артисі Маман Байсеркеұлынан тәлім алды. Қазақтың маңдайына біткен ұлы актрисасы, театр өнерінің хас шебері Сәбира Майқанованы, сондай-ақ шетелдің Жюльет Бинош, Джульетта Мазина, Мэрил Стрип сынды өнер майталмандарын үлгі тұтты. Академия қабырғасында оқып жүрген кезде-ақ әртүрлі конкурстарға қатысып, өзінің шығармашылық өзгеше қырларын көрсетумен талантын ұштай түседі. 1996 жылы «Қаланың үздік бишісі. Алматы-96» конкурсында 1орын жүлдесін иеленді. 1997-1998 жылдары Алматы қаласының «Мен» жастар шығармашылығы фестивалінде ұйымдастырушы және режиссер болып қызмет  атқарды. Өтінім беру арқылы 1998 жылы  София (Болгария) қаласында театрдағы пластика (пластика в театре) тақырыбында «Тела и время» бағдарламасы бойынша «Орындаушылық өнердің жазғы академиясы» («Летняя академия исполнительских искусств»)  атты халықаралық курсында оқуға грант ұтып алады. Сөйтіп «Сорос» қорының қолдауымен бүкіл ТМД елдерінен іріктелген екі адамның біреуі Гюль болып, ағылшын тілінде халықаралық курста оқып келеді. Ал 1999 жылы Алматы қаласында «Сорос» қорының қолдауымен ашық аспан астындағы «Амфион» халықаралық фестивалінің бас режиссері қызметін атқарды. 2000 жылы Астана  қаласында өткен «Шабыт» халықаралық фестивалінің  «хореографиялық жанры» бойынша дипломант  атанып, 2001 жылы мини-коллекция фестивалінде «Конвейер» спектаклімен Гран-при жүлдесіне ие болды. Каир (Египет) қаласында өткен халықаралық эксперименталдық театрлар фестивалінде «Үздік  қойылым» номинациясын иеленді.

Режиссер мамандығын алған ол шығармашылық жолын Ш.Құсайынов атындағы Көкшетау драма театрынан бастайды. Кейіннен 2003 жылы кіндік қаны тамған жері, туған өлкесі  Маңғыстау өңіріне қайтып оралады. Ол осындағы музыкалық драма театрының қалыптасуына өз үлесін қосқан өнерпаздардың санатында болды. Бұл жас маманның өз өнерін шыңдап, шығармашылық күш-жігерін толықтай ашып, көрсете алуының үлкен мүмкіндігі болатын. Оның қиындығына қарамастан, қызығына еніп, жастық жалынын, шалқар шабытын сарп етуде аянған жоқ. Гюль Зиятованың соқпағы осылайша өнер деген үлкен жолға жалғасты. Осы шаңырақта Гюль қойылымның пластикалық режиссурасын, яғни қимыл-қозғалысты,  би сахналарын қойып, сахналық костюмдер жасауда кеңесші ретінде танылып, жаңа қырларынан ашыла түседі. Ең алғашқы ролі 4 курста оқып жүргенде ұстазы Маман Байсеркеұлының режиссурасымен Шыңғыс Айтматовтың «Жанпида» атты шығармасы бойынша қойылған «Әділет азабы» спектакліндегі басты кейіпкердің бірі Аққұртқа болатын. Келесі жылы 5 курста режиссер ретінде өзінің дипломдық жұмысын Атыраудағы Махамбет атындағы облыстық драма театрында Франц Кафканың «Жәндік адам» шығармасы бойынша Ермек Аманшаевтың инсценировкасында спектакль қояды.

Спектакль қоюдағы алғашқы қадамын осылай бастаған Г.Зиятованың қойылымның пластикалық шешімін тауып, би сахналарын қоюда, сахналық костюмдердің қызықты шешімдерін ойластырып жасаған еңбектері өз алдына бір төбе. Бұған  оның театр репертуарында пластика режиссері ретінде жасаған Т.Әліпбаевтың «Томирис», А.Пушкиннің «Моцарт и Сальери» (орыс тілінде), В.Гаринейдің «Супружеская идиллия» (орыс тілінде), Абайдың 38-ші қара сөзінің желісі бойынша «38 немесе Қарақұрт», И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы», М.Әуезов пен С.Цвейг шығармалары негізінде қойылған «Зілзала», Ә.Кекілбаевтың «Шыңырау», А.Камюдің «Калигула», Е.Аманшаевтың «Үзілген бесік жыры», С.Жүсіптің «Адам болып өтейін», С.Адайдың «Үрей дерті», Н.Сауданбекұлының «Әлиханның аманаты», Р.Отарбаевтың «Фариза мен Мұқағали» іспетті шығармалары бойынша қойылған көптеген сахналық жұмыстары дәлел. Ол режиссер ойын толықтыруда, спектакльге өзіндік реңк беруде және қойылым идеясын ашуда мол үлес қосып келеді. Автордың айтар ойын, режиссердің мақсатын бірден ұғады, зерделеп, тың ой-пікір қосуға шебер. Осы орайда сонау студенттік кезеңнен бастап бүгінгі күнге дейін арасы үзілмеген, ұзақ жылға жалғасқан Гюль Зиятова мен Гүлсина Мерғалиеваның шығармашылық тондемін тілге тиек етсек, екеуі бір оқу орнына түсіп, бір топта оқыды. Бес жыл бойы бір бөлмеде тұрды. Ортақ мақсатты шығармашыл жандар бір жерде жұмыс істеуге бел буады. Осы жылдар бойы бір-біріне демеу бола білген олар әлі күнге бірге. Бұл турасында қазіргі таңда Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының бас режиссері әрі көркемдік жетекшісі Г.Мерғалиева шығармашылық өмірбаянындағы Гюльдің орны жайлы: «Қазақстан театры әлемінде Гюльді актриса әрі қойылымның пластикалық режиссері ретінде біледі. Гюль екеуіміздің үлкен тарихымыз бар. Біз үнемі бірлесе әрі табысты жұмыс жасадық. Ол менің қойылымдарымның мұнтаздай болуының себепшісі. Менің қорғаным. Сондай-ақ ол дарынды актриса. Гюль Зиятованы мен Фаина Раневскаяға теңеймін», - деп өнерін жоғары бағалайды.

"Зілзала" жапон әйелі

Сондай-ақ ол рольмен жұмыс жасау кезінде актерлерге кейіпкерінің образын жасауда дұрыс бағыт сілтеумен қоса бүге-шүгесіне дейін талқылап, түсіндіруден жалықпайтын тәлімгер. Осы ретте Г.Зиятованың еңбегіне баға берген курстасы, әріптесі, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының белді актері Нұркен Өтеуілов: «Біз Гюль Зиятовамен бірге оқыдық. Гюль актер пластикасын жоғары деңгейде меңгерген сахнагер. Қазіргі таңға дейін оның актерлерге қойылым идеясын дене қимылы арқылы жеткізуді үйретуі театрдың көптеген жетістіктеріне арқау болғаны шындық. Мен Жантөрин театрының репертуарындағы әр спектакльде Гюльдің пластикалық шешімдері жатқанын көремін. Өте талантты қыз. Актерлік органикасы, энергетикасы жоғары актрисалардың бірі», - деп сөзімізді дәлелдей түскендей. Тұтастай спектакльдің ұтымды, толыққанды, бүтін дүние болып шығуына тікелей септігін тигізіп жүргені өнерге деген сүйіспеншілігін, жанашырлығын байқатса керек.

Спектакльдің пластикалық шешімдерін табумен қоса Гюль өзін жетекші актриса ретінде де мойындата білді. Ол осы театр сахнасындағы алғашқы ролі И.Разумовскаяның «Сад без земли» (орыс тілінде) спектакліндегі Ольгадан бастап, А.Чеховтың «Скандальные истории» комедиясында (орыс тілінде) – Татьяна Алексеевна, С.Құдайбергеннің «Перзентхана» драмасында - Венера Айтбаевна, М.Әуезов, С.Цвейгтің шығармалары бойынша «Зілзала» эссесінде - Жапон әйелі, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық драмасында - Баронесса, С.Назарбек, Н.Мұхановтың «Ант» драмасында - Түркмен бәйбіше, Т.Уильямстың «Трамвай «Желание»» драмасында (орыс тілінде) - Стелла, А.Володиннің «Қос жебесінде» - Кейуана, Д.Фоның «Свободная пара» трагифарсында (орыс тілінде) - Она, Т.Джюдженоглуның «Көшкінінде» - Елес, Т.Нұрмағамбетовтың «Бес бойдаққа бір той» комедиясында - Мара, У.Шекспирдің «Гамлет» трагедиясында - Гертруда, А.Камюдің «Калигуласында» - Психолог, С.Адайдың «Үрей дерті» әфсанасында - Сауысқан, М.Задорновтың «Продайте мужа» комедиясында (орыс тілінде) - Елена Владимировна сынды бейнелер жасауда асқан шеберлік танытып үлгерді.  Бұдан бөлек балаларға арналған ертегілері С.Михалковтың «Үш торайында» - Торай, Ш.Перроның «Етік киген мысығында» - Мысық, Ш.Перроның «Золушкасында» - Жавотта, орыс халық ертегісі «Бауырсақта» - Қоян сияқты кейіпкерлерді сомдап, балаларды өзінің шынайы ойынымен баурап әкететін қасиеті бар. Сондай-ақ репертуардағы балаларға арналған Н.Чинкебаеваның «Аладдиннің сиқырлы шамы» және А.Михалковтың «Үш торай» атты қойылымдарының режиссері.

"Перзентхана", Венера Айтбаевна

Ойнаған рольдеріне тоқталар болсақ ана мен бала тақырыбын қозғайтын С.Құдайбергеновтың «Перзентхана» шығармасы бойынша қойылған спектакльде дәрігер Венера Айтбаевнаның бейнесін жасады. Перзентханада жатқан әйелдердің болмысын, жағдайын, мінез ерекшеліктерін жақсы меңгерген дәрігер, оларға психологиялық жағынан көмегін аямайды. Жүрегі мейірімге толы нағыз ақ халатты абзал жанның түр-келбетін, қимыл-қозғалысын, сөйлеу мәнерін шынайы әрі дәл жеткізе білді. Гюльдің ойынындағы дәрігер өз ісіне адал қызмет жасап жүрген нағыз жанашыр, қашанда көмегін аямайтын мейірбан адам болып шыққан.

Ерекше атап өтуге тұратын рольдерінің бірі М.Әуезов пен С.Цвейгтің шығармалары негізінде қойылған спектакльдегі жапон әйелі. Ол жапон халқына тән ерекшелікті ескеріп, образды пластика, көзқарас, ым-ишарат арқылы жеткізуге көңіл бөлген. Гюль ойнаған кейіпкер бүкіл спектаклдің діңгегі, жеткізер ойы іспеттес. Ана мен бала, мейірім, қамқорлық сияқты тақырыпты көтереді. Бір қолымен бесікті, ал екінші қолымен әлемді тербеткен Ана бейнесінің орасан екендігіне сендіре білді. Алма кезек жүріп отыратын үш линия, ірі шығармалардағы үш дара әйел тағдыры бір-бірімен өріле дамып, өзара үйлесім табады. Мұнда әйел жан сырының иірімдерін терең ашатын психологизм бар. Тілі, ділі бөлек үш түрлі әйелдің жан күйзелісі мен ішкі дүниесі ашылады. Әйел табиғатына тән нәзік иірімдерін, сезім арпалысының өткірлігін жеткізуге тырысады. Актриса ойыны мұнда әйел психологиясының түрлі құбылыстары мен қалтарыстарын, оның жан дүниесі мен сезімінің құбылмалы, нәзік сырларын барынша ашуға бағытталған.

Бес бойдаққа бір той, Мара

Гюль Зиятова актерлік жұмыстарында жоғарыда айтып өткендей психологиялық терең бейнелерді жасаумен ғана шектелмейді. Ол комедиялық рольдерді де шебер ойнауымен ерекшеленіп жүрген сахнагер. Мәселен, Т.Нұрмағамбетовтың «Бес бойдаққа бір той» спектакліндегі Мара ролін атап өткен абзал. Ол сахнада өзін тым еркін сезінеді. Мара сияқты киім киісі күлкілі, қисынсыз, епсіз қылықты қыздың бейнесін жасауда актриса өзі күлкілі, ыңғайсыз көрінуден жасқанбай кейіпкерін барынша нанымды етіп көрсетіп, комедиялық қанықтық енгізе білді. Ал, Ресейдің белгілі сатирик жазушысы М.Задорновтың «Продайте мужа» (орыс тілінде) спектакліндегі Елена Владимировна сияқты көрікті әйелдің парасатты мінезін шынайы әрі әсерлі етіп жеткізеді.

Лотерея, Сафура

Сондай-ақ ол театрдағы қызметімен қатар кино өнерінде де өз мүмкіндігін сынап үлгерді. Түсірілім алаңында өзін еркін ұстайды. Оның орындаушылық диапазоны жанрлық шарттылықтармен шектелмейтінін дәлелдеді. ҚР еңбегі сіңген қайраткер, кинорежиссер Дамир Манабай Гюль Зиятова жөнінде: «Түсірілім алаңына Гюль Зиятова шыққанда Сафура роліне кастинг аяқталды. Мен Гюль жайында көп естіген едім. Иә, иә, оны шақыруға асықпадым. Міне ол келді, нақтырақ атылып кірді, одан нақтырақ айтқанда алдымен ұзақ уақыт бойы ол туралы сыбыстар жүріп жатты да содан кейін барып ол түсірілім алаңына шықты. Маған осындай актерлік понт, батылдық ұнайды. Әсіресе, осындай қылықтың асқан талғампаздықпен болғандығын ұнатамын. Ал Гюльде талғам бар. Бұдан бөлек онда жігерлік пен сезімталдық бар. Сафура ролін жағымсыз деуге де болады. Ол адамгершіліктен гөрі құмарлықпен өмір сүретін әйел. Тек Гюльдің сезімтал ойыны ғана рольді жағымсыз сықақтан сақтап қалды. Гюль өз ісінің кәсіби маманы, түсірілім алаңында «Мотор» деген бұйрық айтылмайынша ол тіртіпті жұмыскер. Мен Гюльмен түсірілім алаңында ол камераның арғы жағында, ал мен бергі жағында қуана қайта кездесер едім», деп айтқандай ол өзінің санқырлылығын айқындап, көрерменнің ықыласына бөленген актриса. Г.Зиятова 1995 жылы «Последняя звезда Біржана» фильмінде (реж: Т.Теменов) – Ғайша, 2010 жылы «Кәусар» көркем фильмінде (реж: Г.Миргалиева) – Венера Айтбаевна, 2011 жылы «Лотерея» комедиялық фильмінде (реж: Д.Манабай) – Сафура, 2012 жылы «Кішкентай» комедиялық фильмінде (реж: Д.Саламат), 2013 жылы «Приключение» фильмінде (реж: Н.Төребаев), 2013 жылы «В ожидании моря» көркем фильмінде (реж: Б.Худойназаров), 2013 жылы «Ауыл сақшысы» телехикаясында (реж: С.Құрманбеков) – Шарипа, 2013 жылы «25-й километр» телехикаясында (реж: И.Пискунов, Э.Гильман, А.Жунусова) – Зульфия Закировна, 2013 жылы «Кемпір» фильмінде (реж: Е.Тұрсынов) – Келін сынды бейнелерін шебер сомдап шықты.

Өнер адамы қашанда жаны нәзік, жүрегі таза әрі сезімтал болып келеді. Осынау шығармашылық жолында қай қырынан алсақ та мейірімге, қамқорлыққа ден қою үшін алдымен адамның мінез-құлқы, өмірлік ұстанымы соған лайықты болуы керек шығар. Себебі, төңірегіне жылылық шуағын сыйлайтын актриса онсыз да тапшы уақытын бос өткізбеуді көздейді. Ол бірнеше жылдан бері Ақтау қаласындағы «Ясин» аталатын медициналық реабилитация орталығында, сан түрлі күрделі отадан кейінгі науқас адамдарды қалпына келтіру бөлімінде емделіп, шарасыз жатқан жандарға музыкалық ем жүргізумен айналысып келеді. Музыка арқылы емдеумен қамқорлыққа зәру науқастардың өмірге деген құлшынысын арттырып, шабыттандырады, рухани азық береді. Қайырымды болу әр адамның қолынан келе бермейтін асыл қасиет. Гюль сол орталықтағы жандардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын, жүрек жылуын ұсына білді. Ұлттық және шетел классикалық музыкасының жауһарларын тыңдатып, Ұлы Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы» сияқты, сондай-ақ қазақ вальсінің королі Ш.Қалдаяқовтың және басқа да қазақ әндерінің науқас адам ағзасына ем болып қонатын қасиетін ол әлдеқашан дәлелдеген-ді. Музыка терапиясы біздің елде дамымаған, толықтай зерттеліп, қолданысқа түспеген ем түрін насихаттап, игі іспен айналысуы да адами қасиеттерінің биіктігін, жомарттығын байқатады.

Маңғыстау облыстық театрын Гюль Зиятовасыз сөз ету мүмкін емес. Оның шығармашылығы осы өнер шаңырағы ашылғалы бері қойылып келген спектакльдер мен басты кейіпкерлердің мұнтаздай шығуына, ұтымды, сәтті қойылуына сіңірген еңбегінің айғағы. Театрдың түрлі деңгейдегі өнер додаларында, фестивальдерінде алған жүлделеріне де қосқан үлесі баршылық. Мәселен ол VII «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі аясында өткен байқауда «Ең үздік сахна костюмі» аталымы бойынша марапатталды. Қызылорда қаласында өткен республикалық театр фестивлінде марапатқа ие болған «38 немесе Қарақұрт» спектаклінің костюмдері, грим және пластика  авторы болып табылды. 2006 жылы Ақтау қаласында «Каспий - достық теңізі» халықаралық фестивалінің ұйымдастырушысы  болып қызмет атқарды.2011 жылы жоғары актерлік шеберлігі үшін «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, 2013 жылы театрдың 10 жылдық мерекесіне орай, Қазақстан Театр Қайраткерлері Одағының «Құрмет» грамотасымен, 2014 жылы Орталық Азия V халықаралық театр фестивалінде «2 пландағы әйел бейнесі» номинациясымен, 2017 жылы Ақтау қаласында өткен Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтың 80 жылдығына арналған Каспий жағалауы елдерінің 1 халықаралық театр фестивалі аясында Түрксой Халықаралық ұйымының «Халдун Танер» атындағы медалімен,2018 жылы Нұрмұхан Жантөрин атындағы сыйлықпен, 2018 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, еңбегі еленіп, абырой биігінен көрініп келеді. Ол қандай істі болмасын қолға алғанда, өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтын кәсіби маман. Өзінің өмірлік, кәсіби тәжірибесін барынша орынды, сапалы қолдануды мақсат қояды. Г.Зиятова театрда өзінің ішкі мәдениетінің тереңдігімен, ой-өрісінің, өнер жайлы пайымдауларының өзгешелігімен дараланып тұратын қасиеті бар шығармашылық иесі. Оның адамгершілігі, бекзат болмысы, кірпияздығы, сөйлеу мәнері, келбеті ерекше. Ол интеллектуалды актриса. Әдемі даусынан жылылықты сезінесің. Өнердегі һәм өмірдегі тазалығы, шынайылығымен, тереңдігімен құнды. Гюль Зиятованың пластика режиссері ретінде жасаған мол еңбегі мен актерлік өнеріндегі өзгеше мәнерге ие болуы,  баға жетпес ерекше қолтаңбасы театр өмірбаянындағы өзіндік айшықты өрнек болып табылады.

27 Мамыр 2019
65
0
0