СЕМСЕРДЕГІ СЕРТ

Қатысушылар:

Хан көмекшісі (қазақ ханы Абылайдың көмекшілерінің бірі)

Ереке (Хан ордасының ақылшысы)

Барақ (қарт батыр)

Жәнібек (Ортажүз қосындарының бірінің қолбасшысы)

Қалмақ қыз (Жоңғар батыры Садырбайынның қалындығы)

Наршолақ (Хан ордасы шабарманы)

Аққайрақ (Хан ордасы шабарманы)

және Сарбаздар уәкіліне 10-15 адам...

 

Бірінші бөлім

(Бірінші көрініс)

Жоңғарларға қайтарма соққы беріп, қазақ даласынан оларды ығыстырып шығарған жаугершілік кез,  яғни, 18 ғасырдың ортасы. Селдір орманды тау бөктеріндегі өзен жағасы. Аспан шайдай ашық.

Сахна шымылдығы ашылғанда өзен жағасындағы бәйтерек көлеңкесінде ерін басына жастанып шалқадан түсіп жатқан жігіт көрінеді. Бұл демалып жатқан Жанібек батыр еді. Осы реткі жорықта қалмақ батыры Садырбайынмен жекпе-жек айқасқа түсіп, қарсыласының басын алып, атын олжалап келе жатқан беті болатын.  

Аздан соң сахнаның бір бұрышынан сарбаздарша киінген, нәзік денелі бір адам баспалап шығады. Бет-аузын тұмшалап алған. Ер немесе әйел екенін айырып білу мүмкін емес. Қолында семсері, мойнына асынған садағы, оқ қорабы бар.

Ағаштардың қалқасына далдаланып батырға қарай баспалап жақындай береді. Екі көзі шалқадан жатқан Жанібекте. Әлсін-әлсін тоқтап жан-жағына көз жүгіртеді. Қылышын ауаға сермеп, біреуді жатқан орынан табжылтпай жайратып, басын шауып түсірген бейнені келтіреді...(Бұнысы ана жатқан дәу батырды қазір дәл осылай жатқан орнында табжылтпай құрта салсам деген іштей қиялы болса керек...).

Батырдың жанына жақындап, қылыш сермеуге аз қалғанда, шалқадан жатқан батыр ары қарай бір аунап түседі. Оянып кеткен екен деп қалса керек, әлгі баспалап келе жатқан адам артына қарай шегіне қашып, қасында тұрған ағаштың басына тырмысып шығып, орнығып ала қояды.

Батырға аз-кем қарап отырған соң, семсерін қынабына салып, садағын алып Жанібекке оқтай бастайды. Осы кезде батырдың аяғына арқандаулы тұрған ат осқырынып, шылбырды тартып қалады да, батыр оянып кетеді. Басын ерден жұлып алып, жан-жағына қарап, тың тыңдап біраз отырған соң, аяғына байлаулы аттардың шылбырын шешіп, маңдайына қолын төсеп күн сала аспанға сығалай қарап алып, орнынан тұрады. Аттарды апарып ағашқа байлап қойып, беті-қолын жууға суға беттейді. Ағаш басындағы  адам бойын тасалап бұға қалады.

Батыр өзен жағасына жүрелеп отырып, алақанымен қос уыстап су алып бетін жуа бастайды. Осы кезде ағаш басындағы адам батырды атпақ болып садағын оқтай бергенде әлгі адамның аяғы тайып, өзі отырған ағаштың өкшесін тіреп отырған жіңішке бұтағы сынып кетеді. Батыр сыбдырдан секем алып, артына жалт қарап, ағаш басындағы өзіне жебе тартуға оқталып отырған адамды көреді. Бірақ, батыр абыржымайды, қорықпайды. Аспай-саспай әлгі адамға таңдана қараған бойда орнынан тұрады. Бір сәт одан көз айырмай қарап қалады. Ағаш басындағы адам қолы дірілдеп сасқалақтай бастайды. Батыр жауын көзге ілмеген кекесінді бейнемен миығынан күліп:

Жәнібек: Атсаңшы, сардарым, не қарап отырсың? (ағаш басындағы адамда үн жоқ). Сәл үнсіздіктен соң батыр тағы:

– Ат деймін. Тездетіп атпасаң үлгермей қаларсың... Мен сенің желіге байлап қойған бұзауың емеспін ғой... тұра беретін...

Ағаш басындағы адам тағы үндемейді не қыбырламайды. Сілейіп қатып қалған.

Батыр жедел қимылдап, көз іестірмес шапшаңдықпен сүйеулі тұрған садағығын ала салып:

– Ендеше, сен мені атпасаң мен сені атайын... (жебені ағаш басындағы адамға кезеп адырнасын тарта бастайды. Ол қолы дірілдеп сәл артқа шегінеді... батыр садағының адырнасын шегіне дейін тартып алып қайта босатады да, адырнасын тез тартып ағаш басындағы адамың денесіне дарытпай атып кеп қалады. Оқ оның бір жақ өңірін тесіп өтеді. Тосын шабуылдан есі шығып кеткен ол бетіндегі бүркенішін жұлып алып):

Қалмақ қыз: Батыр, ата көрмеңіз айтайын деген датым бар, - дейді. Жәни ағаш басында отырған адамның қыз бала екенін тани қойып бірден өзгеріп, садағын түсіріп, оған жұмсақ үнмен тіл қатады.

Жәнібек: Армысың ару қыз. Ағаш басына қонақтаған бұлбұлсың ба? (күлімсіреп) Жоқ әлде, аспаннан түскен перімісің?

Қалмақ қыз: (батырдың жұмсара қалған қабағына қарап еркінси қалса керек. Өжеттене) Пері болсам болармын...әйтеуір жай жүрген адам емеспін...

Жәнібек: Айдалада ағаш басында не қарап отырған перісің? Жәбірейіл жан алады дегенді естігенім бар... алайда, пері жан алады дегенді өмірі естімеген екенмін. Әсіресе, перінің қалмақ сардарының киімін киіп, садақ асынып жүргені мені қатты таңдандырып тұр. Сонда аспандағы перілердің де қалмаққа сатылып, солардың сойылын соғып кеткені ме...

Қалмақ қыз: Шынымды айтсам, мен бұлбұл да, періште де емеспін. Адаммын.

(Сұраулы көзімен қызға қарап сәл үнсіз тұрған соң):

Жәнібек: Адам екеніңді садақ тарта алмай қорқыныштан қолыңның қалтырауынан-ақ сезіп тұрғам. Мұнда не мақсатпен жүрген адам екеніңді айтшы...

Қалмақ қыз: (Қырыстана сөйлеп) Мен мұнда тек өлімді күтіп отырған адаммын.

Жәнібек: (Сыпайы қалжыңдап) Өлімнің осында келетін келмейтінін қайдан білесің? Әлде, саған, - «Осы ағаштың басында күтсін сөзсіз келемін”, - деп өлім өзі хабар айтып па?

Қалмақ қыз: (Шамданып, шамырқана) Ел басына күн туып, халықты қан жауып жатқанда бұл қай қылжағыңыз... өлім хабар айтпаса да өлімді осында күткім келді...

Жәнібек: Өлімді өзіңе күтіп отырмысың, әлде, өзгеге ме?..

Қыз жауап қатпайды. Үнсіз жерге қарайды...

(Жәнібек жанашыр кескінмен) Ай десе аузы, күн десе көзі бар қас сұлудың өзі екенсің. Жастық шағыңның жайнаған гүлі ашылар-ашылмастан аузыңа өмірді алмай, өлімді алғаның қалай?  

Қалмақ қыз: (Қыз ауыр күрсініп) Е,өлімді аузыма алмасқа не шарам қалды дейсің... (сәл кідіріп) кеше ғана ауылымызды жау шауып, батырларымызды өлтіріп, басымызға ақырзаман төндіріп кетті. Әке-шешем жау қолынан қаза тапты. Онымен қоймай, болашақ сүйенішіме балаған жанның жау қолынан қаза тапқаны өзегімді өртеп, маған өмірді емес, өлімді таңдатып отыр. (қыз сөзін әрмен қарай жалғай алмай бетін басып булыға жыламсырайды)

Жәнібек: Шаһйт болған кісілердің топырағы торқа болсын... өз-өзіңе берік бол. Өлгеннің артынан өлмек жоқ... жұмбақтамай анығын айтшы, жауың кім? Кім кімді өлтірді?

 

Осы арада шегіністі баяндаудың көрінісі ойналады.

Екі топқа бөлінген жасақ. «Жекпе-жек!», «жекпе жек!»... - деп шуласады.

«Жекпе-жекке» екі жақтан екі батыр түседі. Қазақтар қосынынан Жәнібек, қалмақтар жағынан Садырбайын шығады.

Сахна ортасында екі батырдың қиян кесті шайқасы болып жатады.

Қазақтар жағы «Абылай!», «Абылай!!!» , - деп ұрандата жөнелген тұста Жәнібек Садырбайынды алып соғып, басын кесіп алады. Қалмақтар жеңіліс белгісін беріп қайтып кетеді де, қазақтар Жәнібекті мақтан тұтып, жеңісті құтықтасып жатады.

 

Алғашқы көрініске қайта оралады.

 

(Қыз ағаш басында, батыр жерде)

Қалмақ қыз: Мен сол Садырбайынның айтырып қойған қалыңдығы едім. Сені жатқан орныңда жайратып сол батырдың кегін алғым келді...

Жәнібек: Садырбайынды қол-аяғын байлап қойып, қазақтар ұрып өлтірген жоқ. Ол сахараның соғыс заңдылығы бойынша өз еркімен жекпе-жекке түсіп, нақ майданда қаза тапты... Мен сені қорыққанына өзін қорғап қалу үшін маған садақ кезеп отыр екен десем, кек қайтару үшін жүрмін де...

Қалмақ қыз: Мен дүниеде оған тең келетін батыр жоқ деп ойлаушы едім... тіпті өлгеніне сенгім де келмейді. (қыз жылайды) 

Жәнібек арлы-берлі жүріп ойланып сөз бастайды... 

Жәнібек: Көшпенділердің жазылмаған заңын киіз туырлықтылардың ұрпағының кез-келгені біледі. Ал, сен сахарада ержеткен көшпенділердің ұрпағы бола тұра бұл заңнан қалайша хабарсызсың? Жекпе-жекте өлген ерге құн төленбейді, ондай ерде арман да жоқ. Налыма. Садырбайын өзінің нағыз елі үшін туған ер екендігін қан майданда дәлелдеп берді. Шайқасқа шыққан батырда екі-ақ жол тұрады. Бірі қарсыласынан жеңілу – өлім, енді бірі жеңу  – тірі қалу. Бұл жолы тағдырдың талдауы Садырбайынға келген екен. Жазмыш деген сол.

Қалмақ қыз: Мен бәрібір өлген жанмын...

Жәнібек: Неге олай дейсің? Өмірден түңілуге бола ма; бақытың әлі алда... (жағымды кескінмен тамсана қарап) Садырбайындай ердің саған көзі түссе түскендей екен. Өлгеннің артынан өлмек жоқ. Батырға жар болуға лайық болып туылғаның рас болса, бір батыр өлді екен деп бірге өлсең әлсіздігің болар... киіз турырлықты көшпенділер батырдан кенде болмаған...

Қалмақ қыз: Енді жал-құйрығынан тоналған жалғыз басыммен қай бақытқа кенелер дейсің мені! Маған ең оңай жол, осы ағаштың басынан өзімді анау асау толқынның құшағына лақтыру. Оныма қазақтар қуанбаса, жыламас.

Жәнібек: Маған кездеспей тұрып өліп кетсең тағдырдың ісі дер едім. Көзбен көріп тұрып сенің өлуіңе жол беру мен үшін өліммен бірдей... Көшпенділер жетімін жылатып, жесірін қаңғытпаған халық. Сахарадан саған лайық бір ер азамат табылар...

Қалмақ қыз: Сонда не демексің?

Жәнібек: Ашуыңды бір жолға маған беріп, жерге түс демекпін... «айтатын дәтім бар», - деп едің ғой... тыңдайын...

Қалмақ қыз: Айтайын деген датымды айтып болған сияқтымын...

Жәнібек: Жорықта қолға түскен қыз екеніңді ұмытпа... мен қазір не десем сен соған көнуге мәжбүрсің!

Қалмақ қыз: (қыз кекесінді күлкімен мырс етіп) Дәл осы сөзді тым асығыс айтасың батырым, мен әлі сенің қолыңа түскен жоқпын... сенің еркіңе қойсам жауыма тоқал бол дерсің... (тістене) жау болғанда да әке-шешемді, жарым болғалы тұрған Садырбайынды өлтірген қазаққа күйеуге шығу қолымнан келе қоймас. Тіпті ойлауға да дәтім бармайды.

Жәнібек: Қазақтың қалмақпен жау болғаным рас, бірақ біз өзіміздің еліміз бен жерімізді қорғау үшін күрестік. Сенің тыныш жатқан еліңді бұлап, жеріңді басып алсақ оның жөні бір басқа. Қойына шапқан қасқырға қару жұмсағаны үшін қойшы кінәлі емес қой.

Қалмақ қыз: Қанға боялып, қансыраған қалмаққа қазақтар кінәлі емес демексің бе?

Жәнібек: Бүгін сенің елің бізден жеңіліп жер аударса, кеше біздің ата-бабаларымыз сендерден жеіңліп “елімайлап” босқан... Қазақ пен қалмақтың ертеңгі күні не болары бір жаратушының ғана қолында...

Қалмақ қыз: (қыз ашуға булығып қыстығады) Десе де, қан майданды өз көзіммен көріп тұрып қазақтарды қалай ғана кешірем...

Жәнібек: Өткенді қуып қайтеміз. Онанда қалған күндердің қайыр-берекетін тілейік. Қазақ пен қалмақ арасындағы ғасырдан ғасырға жалғасқан қан төгісті тоқтататын кез келген сияқты. «Судың түбін шым, даудың түбін қыз бекітеді» дейді. Сен үзікке жалғау, жыртыққа жамау болып, сахарада ежелден бірге жасаған қазақ пен қалмақты құда-жекжат қылып жақындастыр. Бұл жолы қалмақтың қызын барымталап, қара күшпен емес, өз ықтиярымен алып барайын...

Қалмақ қыз: Жоқ, батыр! (жан айқайы шығып, жалынышпен) Маған істеген зор жақсылығың болсын, өтінем! Бір тал оғыңды маған арнай сал!

Жәнібек: Өлім тілеу үмітсіздің ісі. Жанарың от шашып, атастырған жігітімнің кегін алам деп тұрып, осыншама өмірден күдер үзгенің қай сасқаның... Қазақ пен қалмақтың берекесі, мүмкін, сен арқылы нығаяр.

Қалмақ қыз: Мені шын аясаң тірі тозаққа сала көрме... қазақтың қолына мендей қыздың талай мыңы түскен шығар, содан орнамаған береке-бірлік дәл менімен бекемделеді дегенге сенгім келмейді.

 

Осы арада тағы да сахнада шегіністі баяндаудың көрінісі ойналады.

 

Жазық жерге жағалай тігілген қостар көрінеді. Бергі қостың алдында қайыстан өрім өріп, айыл-тұрман жамап, басына шыт тартқан бір сардар отыр. Оның аты Қанай еді. Арғы қостарда да ас-су дайындап жатқан, ер-тоқым әбзелдерін ретке келтіріп, қос маңын жиыстырып жүрген кілең еркектердің қарасы көрінеді.

Жаңағы есігінің алдында Қанай отырған бергі қара қостан бір қол, бір аяғы, басы таңулы жаралы сардар шығады. Оның аты Қасейін. Алдынғы жорықта ауыр жараланған. Жәнібектің жорықта бірге жүрген ең жақын досы.

(Қасейіннің жарақаты жанына қатты батып тұрғаны байқалады. Қостың босағасына сүйеніп зорға тұр. Есік алдына шыға сала жан-жағына айнала көз тастап алып,Қанайға)

Қасейін: Қанай, Жәнібек батырды шақырып келші?

Қанай: Құп! Батыр еке... (Қанай жүгіріп кетеді.)

Іле-шала Жәнібек жетіп келеді.

Жәнібек: Ассалаумағалейкум!

Қасейін:  Уағалейкумассалам! (Екеуі құшақтасып, төс соғыстырады)

Жәнібек: Жаралы арыстаным, (алақанымен Қасейіннің иығына қағып-қағып) сырқатың тәуір ме?

Қасейін: Аллаға шүкір, жаман емес... (Қанай жүгіріп келіп есік алдына сырдақ салады)... (Қасейін сырдақты иегімен нұсқап) кел отырып сөйлесейік...Жәнібек сырдаққа отырады. (Қанай Қасейіннің қолтығынан сүйеп отырғызбақ болады.)

Қасейін: (Қанайды иығымен жасқап) Жоқ. Керек емес. Өзім отырам. Кеудемде шыбын жаным тұрғанда біреуге масыл болғым келмейді.

Үшеуі де үнсіз қалады. Қасейін қиналғанына қарамастан жайлап сырдаққа өзі отырады.

Жәнібек: Өзім де саған келейін деп жиналып жатқанымда «Шақыртып жатыр» деп Қанай кіріп келді...

Қасейін: Қашанда тілегі де, жүрегі де бір достардан емеспіз бе. Сен болсаң қайта жорыққа аттану алдында тұрсың, ал, мен қалып барам.

Жәнібек: Батыр-ау, ол не дегенің. Аз-ақ күнде жарақатыңнан айығып артымнан сенде келерсің...

Қасейін: Десе де... (сәл кідіріп, Қанайға қосы ымдайды. Қанай жүгіріп барып қостан ораулы тұрған семсерді алып келіп Қасейіннің алдына қояды.) Қасейін орау сыртынан семсерді сыйпай отырып: - мынау бір кезде өзің қатты қызыққан әлгі семсер. Сол сәтте саған түсіндіріп отыруға мұрсам болмаған еді. Мұны жас күнінде әкемнің әкесі аса шебер бір ұстаға арнайы соқтырып ұстаған екен, ол кісі дүниеден озған соң әкем ұстаған екен. Ал, әкем қаза болғаннан кейін анам осы семсерді сармайдай сақтап жүріп мен ержетіп, алғаш ат жалын тартып мінгенімде қолыма ұстатқан болатын. Үш атадан бері әкеден балаға мирас болып келе жатқан бұл семсерді әр жорық сайын жанымнан тастамай алып жүретінмін. Соныма жарай барған жорығымнан ылғи да жеңіспен оралатынмын. Соңғы жорықта бұл семсер қасымда болмап еді, көріп отырсың ғой, қандай халге душар болғанымды. (Семсердің орамын ашып, қынабынан суыра сөзін жалғастырып ) қолға жеңіл, қаңылтақ көрінгенімен, өте өткір өзі. (семсерді аударып-төңкеріп қарап қояды) бұл семсердің үйде тұрғаны жарамас. Ана жолы қатты қызығып:

- «Андағы семсерді қолыма алып жауға бір қойға тиген қасқырдай болып өрлі-қырлы шапсам ғой, шіркін», -  деп едің. Сол арманыңа жететін кез келді. Келесі жорықта қасыңда өзім бола алмасам да, ата-бабамның көзіндей болып келген семсерім сенімен бірге болсын. Мен ертең ауылға бет аламын. Үйге қайтып күтінем... Мә, (семсерді қос қолдап Жәниге ұсынып) ... қайда жүрсең де мені есіңнен шығара көрме.

Жәнібек: (Ыңғайсыздық танытып, сәл шегіншектеп) батыр-ау, ол менің жай ғана айта салған сөзім ғой. Оған бола әкеңіздің көзіндей болған семсерді маған сыйлағаның... (сөзінің соңы айтылмай күмілжіп қалады).

Қасейін: Жарақатым тым ауыр. Сен жорықтан оралғанша өлі боламын ба, тірі боламын ба кім білсін... сен келгенше жарақатым жазылып, аман отырған күннің өзінде енді семсер, найза көтеріп жауға шаба алмаспын. (жаралы қолын көтермек болады. Көтере алмайды) көрдің ғой міне, іш-сырты бірдей істен шығып тұр. Кеше өзің ертіп келген емші де, «Жебенің уыты ішіңізге тартып барады, қайтару қиын болып тұр», - дейді. Менің атам да, әкем де жорықта жүрып отызға жетпей жастай қаза тапқан адамдар екен. Менің қанша су ішерім қалғанын бір Алланың өзі біледі... (Семсерді тағы ұсынып) Менің қолымды қақпа ал... Бұл семсердің нағыз иесі сен деп ойлаймын.

Жәнібек қолын баяу созып семсерді алады.

Жәнібек: Арыстаным, сен ажалға жеңдіре қоятын жігіт емессің, қайратты бол! (тебіреніп) Жорықтан аман-есен олжалы оралсам, әкелген барлық олжамды қосып семсеріңді өзіңе қайтарып беремін... (семсерді екі басынан қос қолдап ұстап тұрып, кеудесіне басып, сосын аузына апарып сүйіп) сертіме осы семсерің куә... Айтқаным айтқан.!

Қасейін: Ер азаматтық сертіңді қабыл алдым. «Жаман айтпай жақсы жоқ» деген. Менің ұлым жоқ екенін өзің білесің. Сен қайтып оралғанша бақилық болып кетсем осы семсер саған аманат. Менің көзімдей көріп ұстап жүр. Сенің қолдаушы «Қызырың» болсын...

 

Алғашқы көрініске қайта оралады.

 

(Қыз ағаш басында жігіт жерде). 

Жәнібек: (күлімсіреп ағаш басына қарап) Аспаннан сайрамай жерге түс...

Қалмақ қыз: Мен үшін бақытым батқан...

Жәнібек: Батар күн атар таңсыз болмайды. Сенің таңың атуға дайын. Сол таңды өз қолыңмен батырма. Егер сен айтқаныма көнбесең ану тұрған атыңды алдыма салып айдап жөнеле беремін де, елі ауған иен далада жалғыз қалып адам етіне дәніккен қасқырларға бекерден-бекер жем боласың.

Қалмақ қыз: (Қыз үрейленген бейнемен) Батыр, жұмбақтамай айтар сөзіңді ашып айтшы...

Жәнібек: Тар таңың дайын дегенім бекер емес. Елімде Садырбайынды он орайтын Қасейін батыр қалды. Сені соған апарып табыстайын...

Қалмақ қыз: Өз басым батыр болмасам да, бала күнімнен ер қорғаған батырларға сүйініп ержеттім. Егер қазақтың ел қрғаған батыры мені шын ұнатып, қамқор қанатының астына алса артық өкінішім де бола қоймас. Алайда, өз басым ер мен ердің арасындағы сауға болғым келмейді...

Жәнібек: Сөзіңе қарағанда текті жердің қызы көрінесің. Осы айтқаның рас болса түс бермен.

Қалмақ қыз: Мен бір бойын үрей билеген жұдырықтай қыз бала болған соң, қайда қашар деп, садақ тартуға асықпаған боларсың?

Жәнібек: Отырған адамды ит екеш итте қаппайды емес пе. Жау екен деп еш қарсылық білдірмеген адамды атсам кім болғаным. Қыз бала екеніңді бет бүркенішіңді шашкенде ғана таныдым. (бәсең үнмен) Сені аяп кеттім.

Қалмақ қыз: Жәнібек деген атыңды сыртыңнан естігенде кеудесіне нан  піскен қазақтың кеудемсоқ батырларының бірі шығар деп ойлаушы едім. Бірақ та қазір ерлігіне ісі сай, тұлғасына сөзі сай жігіттігіңді көріп тұрғандаймын. Мен де сені әу баста ұйқтап жатқан орныңда жайрата салуға оқталсам да, батырға ғана тән тұлғаңды көріп, қапы қалдырғым келмеді.

Жәнібек: Ендеше, екеуміздің арамызда бір үндестік бар сияқты. Жерге түс кеттік. 

Қалмақ қыз: Жауы жүр десе өз аяғымен ілесіп кете беретін қалмақ қызы жоқ мұнда.

Жәнібек: Қайта-қайта жау-жау дей бердің ғой. Арамызда енді ғана түсіністік орнап келе жатқанда сол жағымсыз атауды қайталай бермеші. Түс жерге. Уақыт та біраз жерге барып қалды. Қараңғы түспей тұрып қосынды қуып жетіп алайық.

Қалмақ қыз: Менің жерге түспес бұрын саған қоятын екі шартым бар. Соны орындасаң түсем.

Жәнібек: Қане, айта ғой... әуелі тыңдап көрейін.

Қалмақ қыз: (Аздап ыңғайсызданып) Мен анамнан туған қалпы лайланып көрмеген періштемін. Егер жерге түсер болсам, бірінші маған қас қылмауға уәде бер. Екінші әйел заты тірі жүрсе бір еркектің етегінен ұстау керек қой, солай екен деп мені барымта ретінде досыңа сыйламайсың, мен тірі жүрсем тек сендік болып қалсам деймін. Сен Садырбайыннан да мықты батыр екенсің, сені одан артық көрмесем кем көрмеспін... Осы екі шартымды орындауға уәде бер. Оған көнбесең, менің тірідей қолға түсіп қатын құмар қазақтың базарына түскенімнен, осында-ақ өлгенім артық.

Жәнібек: Бетім жаудан қайтпаған, тілім даудан таймаған батыр атағын алып жүріп, қаршадай қалмақ қызының алдында екі сөйлесем ерлігім қайсы... Бірінші шартыңа бірден қосыламын. Ал, екіншісіне келер болсам, досым Қасейінге «Бұл реткі жорықтағы барлық олжам сенікі» деп сөз берген едім. Сол сөзімді қайтарып ала алмаймын. Сені әйелдікке алудан бас тартуымның себебі осы. Ал, Қасейіннен басқа ешкімге қорлатпауға уәде берем.

Қалмақ қыз: Сөзіңе сенгім келеді, бірақ, қорқамын.

Жәнібек: Қорқатын дәнеңе жоқ. Айтқанымды орындамай көрген жан емеспін.

Қалмақ қыз: Сол батырың мені ұнатпаса не істемексің?

Жәнібек: (жүзі жайраңдап) Сендей аруды жар етсе Қасейінде арман болмас. Егер ол алмаса өзім-ақ аламын... (шалқалап қарқылдай күледі. Қыз да жүзіне қуаныш белгісі пайда болып, Жәнібекпен қосылып сықылықтай күледі. Жәнібек өзімсінген бейнемен)

- Түс енді, ас-су ішіп алып, кешке қалмай жүріп кетейік, - дейді.

 

Екінші көрініс.

 

Түс мезгілі. Құмдауыт жерге тігілген қостар. Бір қоста сарбаздар дастарханға жайғасып, шай ішу үстінде. Қостың төріне Жәнібек батыр жайғасқан. Отырғандардың барлығының жүзінен күлкі еседі. Қалмақ қыз қазан жақ босағада шай құйып отыр.

Жәнібек: Сарбаздар, қалмақтар қосын жиып қайта шабуыл жасамаса, аз күннен соң елге қайтамыз. Мына түрлеріне қарағанда олардың бүгін-ертең қайрылып шағар халі жоқ сияқты. Десе де, сақтықты босаңсытып алмаңдар. «Жау жоқ деме, жар астында» деген. Қарауылшылар мен шолғыншыларды жиі ауыстырып, сарбаздар кезек-кезек тынығып отырсын. Аттарың ерін алып жайылтуға да асықпаңдар... (аз-кем тыныстап алып) Елге қайту деген сөз – барып алып қаннен қаперсіз ұйықтау дегенді білдірмейді. Онда да сақтық бірінші орында болу керек.

Сарбаздардың біреуі: (Баяу, мүләйім үнмен) Елден хабар әкелуге кеткен жігіттер кешігіп жатыр ғой өзі?

Жәнібек: Бала-шағаларының қасына түнеп, аунап-қунап қайтқанша да осы болып жатқан шығар.

Сырттан бір сарбаз келеді.

Жәнібек: (Әлгі сарбазға қарап) Сенің орныңа адам барды ма?

Әлгі сарбаз: (Қалмақ қыз ұсынған шайды алып алдына қойып, дасдарханнан тамақ ала жауап қайтарып) Қарауылдың кезегін келесі қосынның жігіттері өткізіп алды.

Жәнібек: Ел іргесі тыныш па әйтеуір?

Әлгі сарбаз: Жарты күндей жүргенімізде еш бейсауат адам көзге түскен жоқ. Жаңа алыстан бір шаң көрініп еді, сәл байқастасақ, шауып келе жатқан қосар атты екі-ақ адам екен. Бөгенайы біздің елге кеткен жігіттерге келген соң жақындауын күтпедік.

Жәнібек: (Ойланып отырып барып) Олар болса неге шауып келеді... жайшылық болса екен.

Сарбаздардың біреуі: Біздің төрт көзбен күтіп отырғанымызды білген болар.

Тағы бір сарбаз: (қутыкештеніп, сөзді іліп әкетіп) Жас тоқалымды басқа біреу иемденіп алдыма екен деген қызғаныштан жарылардай болып жүрген сен сияқты бірнеше жігіттің жүрегін тезірек орнықтырмақ шығар.

Дастархан Барлығылар қыран күлкі болады. Күлкі тиылар-тиылмастан сырттан ат дүбірі естіледі. Қостағылар күлкісі сап тиылып, барлығы сыртқа көз түре қалады. Осы кезде «Ассалаумағалейкүм!» Деп екі жігіт қатар кіріп келеді де, қамшаларын екі бүктеп оң қолдарына ұстаған бойда бастарын сәл иіп, оң қолдарын қолдарын кеуделеріне қойған бойда бір тізерлеп жүрелелінен отыра кетеді.

«Уағалейкумассалам!» деп Жәнібек бастап, қалғаны қостап қостағылар жамырай сәлем алады да, орындарынан тұрады. Жаңа келген екі жігіт те орындарынан тұрып Жәнібектен бастап, сарбаздармен жағалай төс соғыстырып амандасып шығады. Аман-сәлем аяқталған соң Жәнібек дастарханға жайғасуға ишара білдіреді. Барлығы дастархан басына жайғасады.

Жәнібек: (Жаңа келген екі жігітке кезек қарап) Өңдерің солғын ғой өзі екеуіңнің. Ел-жұрт, ауыл-аймақ аман ба?

Керім (елден келген екі жігіттің бірі): Жалпы ел-жұрт аман есен жатқан көрінеді. Сіздің тапсыруыңыз бойынша ат тұмсығын бірден Қасейін батырдың үйіне тіредік.

Қалмақ қаз елең етіп әлгі жігітке қарап қалып, өзін көзінің құйрығымен бақылап отырған Жәнібектен ыңғайсызданып қалады.  

Жәнібек: (өзі де ыңғайсыздана сөзді бірден жалғастырып) Иә, батырдың хал-ахуалы қалай екен?

Керім: Батырдың жарақаты асқынып кеткен көрінеді. Біршама уақыттан бері өздігінен кіріп-шыға алмай, төсек тартып жатып қалыпты. Біз барғанда хал үстінде екен. Сүйіншілей отырып сәлеміңізді толық жеткіздік. Сіздің жеңіспен қайтып келе жатқаныңызды бізден бұрын естіпті, қатты қуанғанын айтты.

 

Шегіністі баяндау

 

(Сахнаның бір жақ шетінде.)

Үйінде төсек тартып Қасейін батыр жатыр. Өңі жүдеу. Қасында батырдың маңдайына дымқыл орамал басып, бір тізерлеген әйелі Жамал отыр. Сырттан үрген иттің даусы естіледі.

Қасейін: (әйеліне ақырын бетін бұрып, ыңыранған үнмен) Тысқа шықшы, біреу-міреу келе жатыр ғой деймін.

Жамал: (есіктен тысқа сығалай қарап) Таңертеңгі қосыннан келген екі сардар келе жатыр.

Қасейін: Е, қайтуға бет алғандары болса керек.

Жамал: Солай сияқты қосар жетелеп, қоржын бөктеріп алыпты.

Қасейін: (Қасейін теріс қарап сәл жатады да, бетін әйліне қайта бұрып) Сен бізді оңаша қалдыра тұршы. (Сөз аяғы бітпей жатып қонақтарда келіп қалады. Жамал есік ашып сарбаздарды үйге кіргізген бойда, шығып кетеді).

Екі сардар Қасейіннің төсегінің қасына келіп қатар отырады.

Керім (екі сардардың біреуі): Батыр, біз қосынға қайтуға бет алдық. Жәни батырға айтар, тапсырарыңыз бар ма?

Қасейін: (сөзін үзіп-үзіп зорға сөйлеп) Жәнібек екі сөйлемейтін бір тоға азамат, сонымен қатар, алған бетінен қайтпайтын нағыз ер жүректің өзі. Ақылын тыңдап, айтқанына көніңдер... Менің енді оны көре алуым екіталай. (түңіліңкі үнмен) Аманатымды ауыз екі тапсыруға мына ажал құрғыр күттірмейтін сияқты. Сендерден айтып жіберсем де, Жәнібек менің сөзімді жерге тастамайтынына толық сенемін.

Керім: Айтыңыз, айтыңыз...

Қасейін: Ол осы рет атқа қонарда ата-бабамнан мирас болып қалған семсерімді қол-екі табыстаған болатынмын. Сонда ол: - «Бұл жолы жорықтан аман-есен оралсам барлық олжаммен қосып, семсеріңді өзіңе қайтарып беремін», - деп сөз беріп кеткен еді. Жәнібек өз сөзінде тұрып ай мен күндей аруға да қылдай қиянат жасамай маған алып келе жатыпты. Ер жігітке тән пиғылына мыңда-мың рахмет. Енді мен сол семсерге қоса, ану алып келе жатқан қалмақ қызын да өзіне аманаттаймын. Оны елге жеткізгенше мен олай-бұлай болып кетермін. Жазықсыз жанды кім көрінгенге жәбірлетпей азан шақыртып, қазақша атын қойып өзі тоқалдыққа алсын...

Қосыннан келген екі сарбаз: (жарыса үн қатып) Батыр, бұныңыз қалай?..(аң-таң болып...)

Қасейін: ... (терең тыныс алып, ойлы пішінмен, баяу үнмен) Түс көрдім... ол қыз тегі жаман адам емес... Аман-есен Жәнібекке қосылса сол қалмақ қыз біздің елге құт болады... Сөзсіз тоқалдыққа алсын...  

Сарбаздар: Ол қыз өзін тек сізге ғана арнап келе жатыр еді...

Қасейін: Мен оның бәрін сезіп, біліп жатырмын. Сол үшін де ол қызды арнайы ақиреттік досыма аманаттап отырмын... (аз-кем тыныстап алып) Жәнібек сарабаздар көзінше мен сыйлаған семсерді сүйіп тұрып: - «Мен сені тоқалдыққа аламын, көзімнің тірісінде ешкімге қорлатпаймын»,- деп қызға серт берсін... Мені екі дүниеде де тыныш жатсын десе Жәнібек осы талабымды айнытпай орындасын... Ал, енді жолдарыңнан қалмаңдар...

Екі сарбаз: (қол алысып қоштасып жатып) Алаңсыз емеделе беріңіз, сіздің тездетіп сауығып кетуіңізге шынайы тіктеспіз. Сау болыңыз...

Керім (сарбаздың бірі: (есіктен шығып бара жатып артына бұрылып) Сіздің сәлеміңізді естісімен Жәкең өзі де жақын арада келіп қалар...

Қасейін: Маған бола асықпасын... ел іргесін тыныштандырып бірақ келсін...(жүре бер дегендей қол ишарасын жасайды)

 

Шегіністі баяндау бітеді.

 

Жәнібек батырдың қара қосы. Қостағы сарбаздар елден келген екі жігіттің аузына аңырып қалған... Жәнібек ойға батып екі сарбазды тыңдап отыр...

Керім: (Салмақты пішінмен) Келесі күні артымыздан хабаршы келді. Қасейін батыр біз кеткен күні кешке қарай дүние салыпты... (барлығы бетін сыйпап, үнсіз отырып қалады...)

Жәнібек: (терең күрсініп) Е, жаралы арыстаным-ай, төсек тартып, жаны қиналып жатса да құлағы жау шебі жаққа түрулі болған екен ғой...Нағыз елім деп еңіреген ердің өзі еді... топырағы торқа, жатқан жері жаннат болсын!.. (мұңайыңқы, қимастық сезіммен өз-өзіне күбірлеп) арыстаным, аманатыңды тапсырып алдым... айтқаныңды айнытпай орындауға ант берем...

 

(Пауза)

 

Жәнібек батыр досының өсиетін орындап, сарбаздар көзінше қалмақ қызға ат қойып, оны тоқал етіп алуға сөз бермек. Батырдың қосына біраз адам жиналған мезетте Жәнібек батыр рәсімді бастайды.

Жәнібек: (толқыған үнмен) Уа, сарбаздар! Қасейін батыр менің жорықтағы бірден-бір сенімді серігім еді. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген осы, ажалына арашашы бола алмадық. Асыл ер маған тапсырар аманатын ауызша қалдырып, дүние салды. Қасейін дүниеден қайтқалы бір жеті болды. Елде де жетісі беріліп жатқан болар. Біз де қол қусырып қарап отырмай, мал сойып, қатым түсірейік. Ең әуелі мен қатын құмарлықтан емес, досыма деген адалдығым үшін Қасейіннің көзі тірісіндегі маған қалдырған өсиетін орындап, қалмақ қызды тоқал етіп алуға сөз бермекпін...

Сарбаздар: (бір ауыздан, дуылдасып) Жөн-ау...дұрыс шешім болды...

Осы кезде топ ішінде үндемей тұрған қартаңдау бір сарбаз сәл алдыға озыа шығып:

- Батыр, досыңыз Қасейіннің өсиетін орындағаныңызға еш қарсылығымыз жоқ. Алайда, (күмілжіп, жасқаншақтай) тоқал алу мәселесіне келер болсақ... тоқал алу мәселесіне келер болсақ...

Жәнібек: (батырға тән бұйрықты кескінмен) Айтпақ ойыңызды тартынбай ашық айта беріңіз!

Әлгі сарбаз: Біз орта жүздің шағын бір қосыны бола тұра, негізгі қосындағылармен ақылдаспай тұрып, соғыс тұтқынын тоқалдыққа алу рәсімін жасағаныңыз асығыстық болама деп ойлаймын.

Жәнібек: (Күлімсіреп, байыппен, ойланып барып) Дұрыс айтасыз... соғыстағы олжаны төрт қара көз түгел отырғанда бөлісу керек екенін мен де ұмытқан жоқпын.Дегенмен де, екі-үш күннен бері арылы-берлі ойланып, негізгі қосынға баруды күттірмей-ақ, осылай істегенім жөн болар деп шештім... Бір күн ерте болса да Қасейіннің аруағы разы болсын...

Сарбаздар: (дабырласып) Дұрыс болған екен... Қасейіндей азаматтың өсиеті жерде қалмасын... рәсімді бастайық...

Жәнібек: (екі жағында тұрған сарбазға иек қаға) Ендеше, қыздың өзі де келсін...

(Бірнеше сарбаз барып қызды ертіп алып келеді.)  

Жәнібек: (қызға қарап) Жорыққа аттанар алдындағы досыма берген уәдем бойынша сені өз білермендігіммен Қасейінге тоқалдыққа әпермек болғанмын. Алайда, жаралы арыстан сол сырқатынан айыға алмай дүние салыпты... (қалмақ қыз жерге қарайды... Аз-кем үнсіздіктен соң)... ол көз жұмар алдында саған бас-көз болуды маған аманаттап кетіпті. Мына жұрт екумізге куә болуға жиналып тұр. Әуелі сенің пікіріңді естиік, ойыңда жүрген талап-тілегіңді айт қане...  

Қалмақ қыз: (қыз алдына түскен шашын  өре тұрып, қыз даусына діріл араласып) Өткенді қуып қайтем, бәрі де тағдырдың ісі. Көп болып солай болуды ұйғарған болсаңыздар көнбеске шарам жоқ. Бұл заманда әркім сүйгенінің емес, сыйлаушысының құлы... мені жау қызы деп сырт теппей, бауырыңа басып, жүрек жылуыңды арнай білсең, мен неге бақытымнан бас тартайын.

Сарбаздар: (жарыса) О, баркелді...

Топ ішінде бір сарбаз: Қасейін батыр адамның өзі былай тұрсын, сөзінен сынайтын шебер еді ғой... мына қызды бекер бағаламапты...

Жәнібек: Мен сөз бермес бұрын менің дініме кіріп, Мұсылман болатыныңа алдымен сен сөз бер.

Қалмақ қыз: (разы болған, тебіреніспен) Мен бұдан былай сіздерді бөтен санамайсың. Сөздеріңізге аздап тілім сынып қалды...Қазақтың батырына тиіп, қазақтың ұрпағын дүниеге әкеліп жатсам, сіздердің діндеріңізді қабылдамай қайда барам... айтпақшы, менің тағы бір қояр талабым бар еді...

Жәнібек: Ойыңа алғаныңды жасырмай айта бер.

Қалмақ қыз: Күндердің күнінде бала көріп жатсақ оған не әкемнің, не садырбайынның атын қойсам деп едім...

Сарбаздар: (шуласып кетеді) Олай істеуге бола қоймас!... мынасы тым артық талап екен!.. батырға тоқал болғанына қуанбай ма!..

Жәнібек: (қолын көтере) Доғарыңдар бос сөзді!.. (жан-жағына қарап алып, тыныстап) ол бір қыздың жай айта салған тілегі. Ал, оны қабылдау-қабылдамау өз қолымызда... мәселе баланың атында емес, затында ғой... (қызға қарап) қандай болғанда да сенің батыр әулетінен екенің рас. Екеуміздің қанымыз қосылса қалайда текті ұрпақ болар еді... Алла ұрпақты болар күнге жеткізсін... тағы не айтасың... (қалмақ қызға айта бер дегендей ишара білдіреді)

Қалмақ қыз: Біз аспанға табынамыз. Сіздер Аллаға сйынасыздар. Маған маған Қасейін айтқан семсерді сүйіп тұрып Көзіңіздің тірісінде берген сертіңнен айнымасқа Алланың атымен ант бере аласың ба?!

Жәнібек: Неге бермеске.

Қалмақ қыз: Ендеше, міне, мына тұзды жалап, сертіңді семсеріңмен көрсет.(қыз қалтасынан шытқа түйілген тұзды алып, Жәнібектің қолына ұстатады)

Жәнібек батыр қарт сарбазға баста дегендей ым қағады. Қарт қасындағы тұрған семсерді қос қолдап Жәнібекке ұсынады.

Жәнібек: (Батыр семсерді екі басынан ұстап, кеудесіне қойып тұрып сөйлейді.) Мен Қасейін батырдың өсиетін орындай алмасам атым өшсін... Мынау ағып жатқан өзенге серт, анау асқар тауларға серт, міне ақ семсерге серт, дәм тұзға серт. Мен сені тек өзіме жар етуге ант беремін (қылыштың жүзінен сүйеді, сосын шыттағы тұзды жалайды.)

Қалмақ қыз: Ержігіттің екі сөйлегені өлгені. Батыр басыңызбен айтқан сертіңізден айнымайтыныңызға сенемін...

Жәнібек: (көпшілікке қарап) Ал, енді қазақша ат қоюымыз қалды...

Қалмақ қыз: (Жәнібекке қарап) Маған ат қоюды кейінге қалдыра тұрып, қазір қатым түсіруді бастай берсек...

Сарбаздар: Ол да жөн... ат қоюды асықпай ақылдасармыз...

Жәнібек: Олай болса, қатымның дайындығына кірісейік... (сарбаздыардың барлығы жұмысқа жұмыс істеуге жиналғандай әбігерленіп сахнадан түсіп кетеді.)

 

(пауза)

 

Жәнібек астына сырмақ салып қосының алдында отыр. Қолында садағы бар. Шамасы бірдеңесін түзеп, жөндеп отырған сыңайлы. Қасында қалмақ қыз. Ол да бос отырған жоқ. Қолындағы шәйнегін әмірсіз ысқылап жуып отыр.

 

Жәнібек: (істеп отырған жұмысын тоқтата қалып, ойлана қызға қарап) Біз бір нәрсені ұмытып барады екенбіз..

Қалмақ қыз: (таңдана, сұраулы көзімен қарап) Нені?

Жәнібек: (күлімсіреп) Сен тапшы, біз маңызды мәселелерден нені ұмыттық?

Қалмақ қыз: (күле сөйлеп) Сен ұмытсаң да, мен ұмытқан жоқпын. Білемін.

Жәнібек: (жақындай түсіп) Білсең айтшы кәне...

Қалмақ қыз: Айтпаймын.

Жәнібек: (қулана қарап) Менің нені меңзеп отырғанымды таба алмадың, сосын айтпайсың.

Қалмақ қыз: Таптым, бірақ оны тек неке қиған күні ғана айтам.

Жәнібек: Бәсе, айттым-ғой, түсінбедің деп... Мен сенің атыңды әлі қоймағанымызды меңзеп отырмын... сенің айдай жамалыңды қызықтаумен болып, ат қоюды ұмытып кеткен сияқтымын.

Қалмақ қыз: Әрине, мен де біліп отырмын. Бірақ, оған қазірше асықпайық... (ойлана, мұңайыңқы үнмен, жерге қарап) Мен қалмақ қызымын. Ат қоюдан бұрын мұсылманшылық парызым... Сенімен қосылып, неке қидырған күні Мұсылманшылыққа кіремін де, құранға қаратып атымды қойдырамын.

Жәнібек: Оған дейін сені қалай атаймын... елге кім деп таныстырамын...

Қалмақ қыз: Өзің бір әдемі ат ойластыра жүр, неке қиылған күннен бастап сол есіммен атайсың. Қазірше атсыз қыз деп атай берсең болады.

(екеуі де бірге күледі)

Жәнібек: “Атсыз қыз” дегеннен гөрі, “атсыз ару” деп атай тұрсам жаныма жағымды сияқты...

Қалмақ қыз: (еркелеп) Қалай атасаң да мейлі, қалауың білсін...

 

Екінші бөлім

 

Шымылдық ашылғанда тау бөктеріндегі жасаңға кере тігілген ханның ақ ордасы көрінеді. Кереге басында аң терілері самсып тұр. Киіз үйдің іші-сырты ою өрнекпен әсем безендірілген, орда төрінде құс жастыққа шынтақтап Абылайдың көмекшілерінің бірі жатады. Осы кезде екі иығынан демала, ентігіп сырттан Наршолақ атты шабарман кіреді.

Наршолақ: (есіктен кіре тәжім етіп тоңқаңдап) Алдияр тақсыр, рұқсат етіңіз, (ентігін баса алмаған күйде абдырап) Жұрт тыныш, ел іргесі бүтінделіп, төрт төңірек жеңісті тойлап жатыр. Бірақ… (жұтынып, сөзін қасақана аяқсыз қалдырады)

Хан көмекшісі: Сөзіңді бөлмей сөйлей бер. Бірақ… не болып қалды?

Наршолақ: (қипақтап) Енді былай… сізге айтуға ыңғайсыздау… ел іргесін бүтіндеген Абылай хан бола тұра… қол астыңыздағы батырларыңыз… барлық жорықты тек өзі ғана жасағандай міңгірлеп)...

Хан көмекшісі: Оу, Нареке, сөзіңді ит сүйреген аш ішектей соза бермей, айтпақ ойыңның тоқ етерін айтшы. Ел іргесі тыныш па өзі?

Наршолақ: Тынышы, тыныш тақсыр. Дегенмен балапан басына, тұрымтай тұсына дегендей… (сыйпақтап) біреуді біреу білмей… әркім өз қарекетімен кетіп ханымыз болған Абылайға сый-құрмет көрсете алмасақ… кісінің ұжданы мен ұяты қалай шыдасын…

Хан көмекшісі: (шабарманның мылжыңынан іші пысқан, кекесінді ашумен) По! Наршолақ-ай, сен қашаннан бері астарлап сөйлейтін терең адам болып алғансың?!

Наршолақ: (ыңғайсыздана) Астарлап сөйлеп, тереңдігімді білдіргім келіп тұрған жоқ… Мерген бізде, атылған аң өзгеде…

Хан көмекшісі: (шыйрай сөйлеп) Жұмбақтап сөйлеп, осы созбақтағаның да жетер! Біреуге деген өкпе-ренішің болса анықтап, ашып айтшы…

Наршолақ: (еңсесін көтеріп батылдана) Абылай хан кеше ғана анау шолақ керейден шыққан бала Жәнібекке оң тізеңізден орын беріп шолжаңдатып жіберіп еді...

Хан көмекшісі: Ия, орын берсе не болыпты… (сәл ойланып) сонымен не айтпақсың?!

Наршолақ: (ашуға булығып) Не болушы еді!.. Бүгін міне балақтағы бит басқа шыққанның кебін кидіріп отыр.

Хан көмекшісі: Жәнібек көзсіз ерлікке барғаннан басқа солғұрдайын не бүлдіріпті… Оның жалаңдаған жас бөрі екенін бүкіл жұрт көрді… (орнынан тұрып жүре сөйлеп) Жәнібек бала болса да, елін, жерін қорғау үшін жер жастанып, етігімен су кешіп жүр. Жорықта ханның басына қатер төнгенде еш өлімді елеместен астындағы атына шейін түсіп беріп, жау жолында жалғыз шайқас жасады. Соңғы бір жорықта қалмақтың батыры Садырбайын дегенмен жекпе-жекке түсіп жеңіске жетіпті. Соны естіп еңсеміз көтеріліп отыр еді… (үнсіз арлы-берлі шыйырлап ойланып, түңілген бейнеде басын шайқап алып, Наршолаққа бұрыла сөйлеп) Тағы не бола қалды?!

Наршолақ: Сабыр етіңіз, негізі бұл менің айтпақ ойым емес. Қосындағы сарбаздар маған «Ордаға сен бар» деген соң көпшіліктің өтінішімен (сөзінің аяғын жұтып сыйпақтайды)…  Жәнібек батыры батыр ғой. Менің әншейін айтайын дегенім. Жорықтан қайтқан ер жігіттің олжасы ортақ болмайтын ба еді… Өз білермендігімен олжа иемденуы елдің ертеңгі берекесіне нұсан тигізбесе болғаны…

Хан көмекшісі: Сенің кімді сөз етіп, нені меңзеп тұрғаныңды түсінсем бұйырмасын…

Наршолақ: Жәнібек батырды айтам… Ол Садырбайынның аузы айдай, көзі күндей сұлу қалындығын әкеліп алып, өз олжасын өзі иемденіп, майрағайда тайрағай болып жатқан көрінеді. Сарбаздардың соған намысы келіп іштей ширығып жүргенін көрген соң, мен де шыдай алмадым…

Хан көмекшісі: (кекесінді үнмен, даусын көтере сөйлеп) Ту, шіркіннің намысшылын. Намысшыл болсаң кеше жекпе-жекте қайда қалдың?!

Наршолақ: Жекпе-жекте жасаған ерлігіне ешкім көз жұма алмайды. Бірақ, Шыңғыс заманынан келе жатқан дәстүр бойынша, олжаның үлкенін, қыздың сұлуын әуелі ханның алдынан өткізіп барып иемдену керек емес пе?! … Менікі Жәнібектің сол салтты өз білермендігімен бұзып жатқанын сізге құлақ қағыс ету ғана …

Хан көмекшісі: (Наршолаққа қадала қарап, кәрлене тіл қатады) Батыр қараңды! Соны да сөзім бар деп отырмысың… Қызды кім алмайды, қымызды кім ішпейді. Қан майданда халқы үшін белуардан қан кешкен батырды, бір қызға еріні тиді екен деп сан саққа жүгіртсек елдігіміз қайсы!!!

Наршолақ: Тақсыр кешіріңіз, кешіріңіз. (тоңқаңдап жасқана басып шығып кетеді)

(Хан көмекшісі алақанын шапалақтап-шапалақтап қалады, сырттан тағы бір шабарманы Аққайрақ кіреді.)

Аққайрақ: Алдияр тақсыр. (тізерлеп, тәжім ете)

Хан көмекшісі: (сабасына түсіп, кең толғап сөйлейді) Еліміздің басынан қара бұлттың көлеңкесі сейіліп, енді-енді есін жиып келеді. Жеріміздің ұлтанды бөлегін қайтарып алдық. Десе де, Саптаяққа ас құйып, сабына қарауыл қоятын сақтығымызды жоғалтып алмайық. Жорықтан жеңіліп қайтқан қалмақтар қарашұбар жыланша қайта қайрылып шақпасына кім кепіл… Аттың ауыздығын алып, айылын босатуға әлі де болса ерте. Батырларымызға менен сәлем айт. Ел іргесі сөгілмес үшін, айналада болып жатқан уақиғаларға зер салуды ұмытпасын.

Барлық қосынды аралап шық! Ханның ордада жоғын өзге қосындарға сездірмеуге тырыс. Әсіресе, жаңағы айтқан Жәнібек қосындарын  асықпай аралап, аңысын бақыла… Хабарыңды кешіктірме… (жөнел дегендей ишәра білдіреді)

Аққайрақ: Құп тақсыр, бұйрығыңызды бұлжытпай бір-екі күн ішінде орындап боламын… (Аққайрақ шегіншектеген бойда ордадан шығып кетеді)

 

(Пауза)

Хан көмекшісі: (орда ішінде арлы-берлі ойға шомып жүріп жүр. Өз-өзімен күбірлеп) Қалмақ қашты дегенімізбен алдымызда шүршіттер тағы бар… Әлі де сауысқандай сақтық керек… сақтық керек… (сырттан Аққайрақ кіріп сөзін бөліп жібереді)

Аққайрақ: Тақсыр сарбаздардың құлағы түрік, сауыт-сайманы сайлаулы. Барлық жерде жеңісіміз тойланып жатыр… Сарбаздар ішінде Жәнібектің ерлігі ерекше ауызға алынуда… (кідіріп, көзінің жағымсыз қырымен қылыйлана қарап) дегенмен, аздап өкпе назда етек алған көрінеді…

Хан көмекшісі: (елең етіп) Қандай өкпе-наз?

Аққайрақ: (кібіртіктеп) Жәй… әншейін… біздің қазақ бірін-бірі шұқыламаса отыра ала ма?.. Хор қызындай Садырбайынның сұлуын ханға тарту етпей, Жәнібек  өзі иемденіп алды дейтін көрінеді…

Хан көмекшісі: Пай-пай, шіркін, Аққайрақ-ау, сенің аузыңа Наршолақ түкіріп жібергеннен сау мА өзі? Әлде қыз көрмеп пе едіңдер!.. Жәнібек қалмақтың бір қызын олжалады екен деп алашапқын болып жүрсіңдер. Содан басқа айтарға әңгіме табылмады ма?

Аққайрақ: Байдың асын байқұс қызғанғандай болып біздің неміз бар еді. Біздікі әншейін айтқан ғой... дегенмен жорық әлі аяқтаған жоқ. Сарбаздар арасында  ықпалы жаман болып жүрмесе игі еді.

Хан көмекшісі: (жақтырмаған сыңайда қарап) Сол қалмақ қызы туралы әңгімені осымен доғарсаңдар қайтеді!..

Аққайрақ: Сарбаздардың іс-әрекетіне осы бастан сақ болмасақ, соғыстан кейін өз беттерімен олжа іздеп, көрінген қыз-келіншектің соңынан кететін әдепсіздік шыға ма дегенім ғой...

Хан көмекшісі: (қолымен шығуға ишәра жасап) Ер бірлігі – ел бірлігі. Сол үшін өсек-аяңды өршітпей, сарбаздарды сабырға, бірлікке келтіріңдер... Маған Ерекені шақырып жібер... (Аққайрақ шығып кетіп, Іле-шала Ереке кіреді)

Ереке: (есіктен кіре кеудесін басып иіле) Ассалаумағалайкүм!

Хан көмекшісі: Уағалейкумассалам! (қасындағы орынды нұсқайды, Ереке ишара жасай келіп жайғасады) Ел іші тыныштық па?

Ереке: Құдайға шүкір, тыныштық…

Хан көмекшісі: (кең тыныстап алып) Қалмақты қуып Алатау бауырын тазарттық. Десе де алда болатын жорықтар жеткілікті. Сарбаздар сақадай сайлаулы, аттар күйімен кермеде байлаулы ма?

Ереке: Қазірше жаман емес, алайда кемді күн тынығып алсақ артық болмас еді.

Хан көмекшісі: Қазақтар қалжырады, шамалы күн тынығып алсын деп қалмақтар қарап жата ма? (кекесінді кейіппен)

Ереке: Бізден қашқан жоңғарлардың алдынан шүршіттер шығып, жығылғанға жұдырық жұмсағандай, олардың есін жиғызбастан сілейте соққылаған көрінеді.

Хан көмекшісі: Онда бізге құдай берді деген сөз, Қаракерей Қабанбай батыр, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Шапырашты Наурызбай батыр, Керей Жәнібек батыр, Матай Шөңкей батыр, Бура Ақпантай батыр, Ақтамберді батыр, Еспембет батыр, Малайсары батыр қостарына сәлем айт. Менің атымнан емс, хан бұйрығы деп хабарла… Жорыққа дайындалсын.

Ереке: Сіз өзіңіз де уақыт шығарып аралап шықсаңыз жөн болар еді. Оның үстіне Қосына қыз әкеліп алып, қызыққа батып жатқандар да бар көрінеді...

Хан көмекшісі: Сен де Айналып-айналып келіп Жәнібек олжалаған қалмақ қыздың құйына батайын дедің бе?!

Ереке: Тақсыр, қате түсінбеңіз. Қалай болғанда да, мың естігеннен бір көрген артық, сенімді сарбазыңыздың құсын көріп, құттықтап қайту оғаш бола қоймас…

Хан көмекшісі: (ойланып сәл тұрғасын) Жарайді, барсақ барып қайтайық. Құсың құтты болсын айтып арнайы баратын да жөнім бар еді…

 

Жәнібек батырдың қосы. Қарапайым киіз үйдің төрінде ақ сақалы кеудесіне түскен Барақ батыр отыр. Қасында Жәнібек батыр және бес-алты сарбаз бар. 

 

Барақ батыр: (Жәнібекке қарап, сақалын сылап отырып) Ал, Жәнібек батыр болып  қол бастадың, ай мен күндей аруды да олжаладың, жарайсың!..

Жәнібек: Батыреке, не айтарымды да білмей отырмын. Садырбайынның жеңілісі жаратқанның жазғаны болар... Ал, қызды Қасейіннің өсиеті бойынша, досымның аруағы разы болсын деген ниетпен қызғыштай қорғап отырмын…

Барақ батыр: Жас жағынан айтқанда жолымды қуған баламсың, «бақытың баянды болсыннан» басқа не айтам саған. Бірақ, осы сарбаздардың кейбірі «Жәнібек орданың рұхсатынсыз олжаға түскен қызды тоқалдыққа алды…» дейтін алып-қашпа сөз бар көрінеді.

Жәнібек: (кеңкілдеп күліп) Ел емес пе; жұртқа жағу қиын ғой... Әйтепесе, осы сарбаздардың көбі әлі некемізді оқытып, келініңізге мсылманша ат қойдырмағанымызды әбден біледі…

Сізді бүгін шақыртқан себебім – ханның ордаға оралуын күтпей-ақ, Қасаейін өсиетінен орындалмай қалған соңғы екі шартын өтесем бе деп едім.

Барақ батыр: Оның жөн балам, шариғатта «бір дінсізді дінге кіргізу үлкен сауап» дейді екен. Дінге кіргізіп, қазақша ат қойдырғаның өте орынды. Бірақ, бүгін-ертең оған асықпаңдар. Бас-аяғымыз жиылсын... Өзің де айтып отырсың «жұртқа жағу қиын» деп. Ертеңгі күні қосындағы сарбаздар сені сылтау етіп өз беттерімен олжа иемденіп, ордаға бағынбай қойғаннан ерінбейді… «Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді» дейді бұрынғылар… Жақсылыққа асыққаның жөн. Дегенмен де әлі де ақсақтың аялына баға тұр… (ойланып отырып, есіне бірдеңе түскендей елең етіп) Келіннің аты кім?

Жәнібек: «Некеміз қиылған күні өзің ат қой, оған дейін атсыз ару деп атай бер…» деп, әке-шешесі қойған атын айтпай қойды.

Барақ батыр: Жәрәйді, Алла қаласа ол күн де алыс емес. «Баталы құл арымайды, батасыз құл жарымайды» деген. Келінді шақырыңдар, екеуіңе батамды берейін»…

(бір қанша қостағы жігіт жүгіріп шығып кетеді де, «оң аяғыңмен аттай ғой әке, біздің қазақта келін босағадан оң аяғымен аттап кіреді», - деп қалжың дап мәз болысып, қалмақ қызды үйге кігізеді.)

Барақ батыр: Е, айналайын, біздің қазақ «қойшының таяғынан, келіннің аяғынан» деп ырымдайды. Қалмақ қызы болсаң да қадамың қазаққа құт-береке әкелсін… Жәнібек балам қолдарыңды жайыңдар (бәрі алақандарын жаяды, Барақ батыр сөзін жалғастырып) Бақыттарың баянды болсын, қадамдарыңа нұр жаусын, оң жағыңа қарасаң алтыннан діңгек орнасын, сол жағыңа қарасаң күмістен діңгек орнасын…

(осы кезде сырттан аттың кісінеген үнімен қоса, «ордадан адамдар келе жатыр!» деген айғай естіліп батаны бөліп жібереді, бірі «Әумин» деп үлгеріп, бірі үлгерместен қостағы жігіттер сыртқа лап қояды. Барақ батыр да үнсіз аңырып отырып, бетін сыйпай салып, сыртқа құлақ түреді.) 

Қостың алдында андайтын жерде қасында Наршолақ, Аққайрақ, Ереке бастаған нөкерлерімен хан көмекшісі келе жатады.

Наршолақ: (хан көмекшісіне қутыңдай қарап) Қызық болсын. Жәнібекті бір сынап алмайсыз ба?

Хан көмекшісі: Қалай?

Наршолақ: Сіз бірден суық жүзіңізді сыртыңызға салыңыз да, «Жәнібек сенің бассыздығыңа хан қатты ашуланды. Тез ордаға жүр!» деңіз. Не дер екен…

Хан көмекшісі: Жәнібек көзсіз батыр ғана емес, сөзге сөз табатын, қиыннан жол табатын ақылгой… Оны хан әлдеқашан сынап, бағасын беріп болған. 

(осы кезде сахнада артқы көрініс іске қосылады)

Абылай: (Наршолақты шақырып алып) Наршолақ, ана жаңа келген жас баланың сыртқы бітімі мен көзінің оты жаман емес екен. Көзсіз батыр болғандай бейнесі бар. Бүгін бір сынап көрейік…

Наршолақ: Қалай сынамақсыз.

Абылай: Сен қосыннан сенімді екі жігітті маған жібер.

Наршолақ: Құп тақсыр. Қазір… (наршолақ шығып кетеді де, екі сарбаз келеді)

Екі сарбаз: (жарыса сәлем беріп, кіреді) Ассалаумағалайкум! Ханеке.

Абылай: Уағалайкумассалам! Келіңдер…

Екі сарбаз: Хан сіз шақыртып жатыр дегесін… (екеуі кібіртіктейді)

Абылай: Ия, мен сендерді маңызды бір жұмысты тындыруға жұмсайын деп шақырттым… (аз-кем тыныстап алып) Бағанағы жол үстіндегі моланы көрдіңдер ғой…

Екі сарбаз: (жарыса) Ия, көрдік.

Абылай: Олай болса, екеуің тамақтарыңа тойып алып, сонда аруақ болып киініп алып жасырынып жатасыңдар!

Екі сарбаз: (таң-тамаша болып) Неге?

Абылай: Мен түнге қарай, қосынға жаңа келген жас бала Жәнібекті моланы бұзып отын әкелуге жалғыз жұмсаймын.

Екі сарбаз: Біз не істейміз сонда?

Абылай: Сен екеуің ол қабірден ағаш ала бергенде аруақ болып қорқытасыңдар.

Екі сарбаз: Қалай?

Абылай: Үстеріңе ақ мата оранып алып, қабірде жасырынып жатып,    Жәнібек моланың ағашын ала берген де, дауыстарыңды күңіренте, «Ей, күнәкәр пенде біздің үйімізді неге бүлдіресің?!» деп шыға келесіңдер.

Екі сарбаз: (бір-біріне қарап күліп алып, сосын Абылайға қарап) Өзі түн болса. Оның үстіне бала болса жүрегі жарылып өліп кетіп жүрмесін?!

Абылай: Мен дам танысам ол оңакй-оспақ қорқа қоятын адамға ұқсамайды. Неде болса көрелік. Кешікпей жөнеліңдер!

Түн. Ағаштан салынған молалардың арасына аппақ киім киіп, аруақтарша жасанған екі сарбаз барып тығынады. Іле-шала ыңырсып ән сала келіп, Жәнібек моланың қасына атын байлап қойып, аруақтарға арнап құран оқиды. Құран оқып болған соң бетін сыйпап орнынан тұрады да, моладан отын ала бастайды...Жәнібек бірнеше ағашты моладан алып атының қасына апара бергенде алдын-ала тығынып жатқан екеуі дауыстарын күңіренте:

- «Ей, күнәкәр пенде, біздің үйімізді неге бүлдіресің; біз тоңамыз ғой…тастап кет!!!», - деп ағаштан ұстай алады. Сонда Жәнібек еш тіксінбестен:

- «Айтып, кешірім сұрадым ғой мен сендерден.  Өлі аруақ сендер түгілі, тірі Абылай аштан өлгелі жатыр, аруақ болсаңдар жайларыңа жатыңдар, ал, ал адам болсаңдар жайратамын қазір!», - деп әлгі екеуін қолындағы ағашты ала жүгіреді. Екеуі қашып, қабірге тығылады да, Жәнібек алған отынын қолтықтап кете береді.

Жәнібек кете бере екі сарбаз бастарын көтеріп, бір-біріне қарап « жас болғанда неткен жүрек жұтқан бала еді» десіп таңдай қағысады. Бірі:

– «Жә, не қарап тұрмыз. Көрген-білгенімізді ханға жеткізейік...», - дейді. (Екеуі асығыс сахнадан шығып кетеді.)

Сахнаның бір бұрышынан хан көмекшісі шығады. Қасында жағымпаздана сөйлеп, алды-артын орап Наршолақ жүр.

Наршолақ: Көрдіңіз ғой, нағыз қас сұлудың өзі... Жәнібектің мұндай сұлуды атсыз-атақсыз иемденіп алуы барып тұрған бассыздық. (Жанындағылар Наршолақты қоштап):

- Расында да, Жәнібектің мұнысы бассыздық қой!

Хан көмекшісі ойланып тұрып қалады. Наршолақ тіптен жылпылдай жөнеледі.

Наршолақ: Анау қалмақ болса да ханға лайық жаралған жан екен. Көзі, қасы қандай, шіркіннің?! Сіз қазірден-ақ Жәнібекті бұлай өз бетімен жіберсеңіз ертең-ақ басыңызға шығары сөзсіз. Көрдіңіз ғой, жаңаның өзінде сізді бойына тоғытып тұрған жоқ...

Қасындағы бір сарбаз: Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмаған соң өзі билеп өзі төстейді де...

Хан көмекшісі: Бұл қалмақ қызды Жәнібек атсыз-атақсыз иемденіп отырған жоқ. Басын өлімге тігіп, жекпе-жекке түсіп жеңіп алды...

Наршолақ: Сіз де айтасыз-ау, сонда Жәнібек ел мүддесі үшін емес, осы қызға бола қалмақтармен қырқысып жүр ме сонда?

Сарбаздар: (бір ауыздан) Рас-ау!..

Аққайрақ: Әркім жеңіп алғанын орданың рұқсатынсыз жеке меншігіне ала берсе мына елдің ертеңгі берекесі не болмақ?

Хан көмекшісі: Несіне даурығасыңдар?! Бір жөні болар... (ойланып біраз тұрып) тек ертеңгі сарбаздарға өз олжасын өзі иемдену жол болып кетеді демесек... (тағы ойға батып, ширығып жүре жөнеледі).

Аққайрақ: (қармағымды қабуға аз қалдың-ау, деген сыңаймен қуана қутыңдап) Сіздің хан көңілінен шығатын бір мүмкіндігіңіз табылып тұр...

Хан көмекшісі: (таңданыспен аққайраққа қарап) Аққайрақ...

Аққайрақ хан көмекшісінің құлағына сыбырлап, басқаларына бір көз қысады да, хан көмекшісін ертіп ала жөнеледі.

Наршолақ: (қасында қалған сарбаздарға сыбырлай сөйлеп) Бәріміз бір ауыздан қалмақ қызды алып кетіп ханға тарту етуді өтінейік... хан көмекшісін бұған қалайда көндіруіміз керек... Жүріңдер! (хан көмекшісі мен Аққайрақтың артынан кетеді)

 

(пауза)

 

Жәнібектің қара қосының алды. Хан көмекшісі қатуланып, түнеріп алған. Жәнібекке бұйыра сөйлеп тұр. Қастарында Аққайрақ, Наршолақ, Ереке, Қалмақ қыз, тағы бірнеше сарбаздың қарасы көрінеді.

Хан көмекшісі: Батырлығың бір басқа, ал, мына бассыздығың туралы ертең қанға не дейміз?

Жәнібек: (қысылыңқырап, ұялған сыңай танытады) Өздеріңіздің алдыңыздан өтуге бір реті келмеді. Десе де игіліктің ерте-кеші болмайды ғой… (сөзді Аққайрақ бөліп)

Аққайрақ: (қасақана тисе сөйлеп) Қайдан мұрсаң болады, қызыл түлкідей құлпырып қалмақ қыз құшағыңа құлағанда… ха,ха,ха… (шалқалап күледі, басқалары да қосыла күледі.)

Наршолақ: Ханнан қызыл түлкіні қызғанып жаттым десейші…ха, ха, ха.(топтық күлкі жалғасады)

Ереке: «Сұңқар шашып жейді, жапалақ басып жейді» деуші еді, қалмақ қызды өзің ғана басып алғаныңнан, жапалақ мінез батыр екеніңді байқадық. (сөзді Наршолақ іліп алып)

Наршолақ: Көптен көрген қызылы емес пе, сол үшін қызғанады да…(Наршолақ пен аққайрақ қоса күледі, Абылайлар күлмейді.)

Хан көмекшісі: (күлімсіреп, кекесін шыраймен) Жәке, шынымен де қалмақ қыздың қызығы жорық даярлығының қызуын бәсеңдетіп жіберген жоқ па?

Жәнібек: Ол не дегеніңіз... сарбаздар сақадай сай тұр.

Ереке: Бір кездегі бала Жәнібек, міне бүгін ер Жәнібек атанды. Ел көріп есейді, өзі білер деп едік, олжа туралы ауыз ашпайды ғой… (Аққайрақ пен Наршолақ жарыса)

Аққайрақ, Наршолақ: Ия, Жәкеңнің қалмақ қызын көргенде ханды ұмытып кеткені жөн болмады.

Ереке: «Қалмақ қызын ханға сыйладым» деп айтуына мұрса бермедіңдер ғой... Жәнібек сендер ойлағандай жөн білмейтін жігіт емес…

Наршолақ: Батыр басымен қайдағы бір қалмақ қыз үшін ханның бетін түсіре қоймас...

(Жәнібек мыналар рас айта ма деген кісіше хан көмекшісіне қарайды. Хан көмекшісі үнсіз күлімсіреп тұрады. Жәнібек сәл ыңғайсызданып.)

Жәнібек: Сауғамды ханға сыйласам, шынымен де қабылдай қояр ма?

(хан көмекшісінің қасындағылар бір ауыздан шу ете түседі)

Дауыстар: Әрине, батыр-ау, «Сұрап бергенше ұрып бер» деген. Хан да ет жүректі пенде емес пе, неге алмасқа.

(Жәнібек хан көмекшісіне қарайды. Хан көмекшісі жанындағыларға қарап күліп алып)

Хан көмекшісі: Әрине, «жібекті кімнің кигісі, сұлуды кімнің сүйгісі келмейді» дейсің…

(хан көмекшісінің қасындағылар «табылған сөз болды» десіп, шуласады.)

Жәнібек: (терең ойға шомып тұрып, тез есін жинап) Ханның қызды сұратқаны рас болса, бұқара басыммен қолын тартпаймын. Ол кісі қалмақ қызы түгілі, қара басыңды бер десе де даярмын.

(қалмақ қыз бере сала ма дегендей, жылап келіп Жәнібектің аяғын құшақтап)

Қалмақ қыз: Батыр, уәдең қайда?!!

Жәнібек: (қызға қарап) Уәдем, уәде! Қорықпа да, саспа!

Ереке: Жә, батыр, бізді көп күттірмей жолға сал…

Жәнібек: Хан мен қара бір қызға талассақ арымыз ашылып, арамыз алыстар. Елімізді бір ту астына біріктірер тұста, өз өзімді сыйлай алмасақ, қай жатты жанынан түңілдіре аламыз… Мен бұл қызға Қасейін батырдың аруағын атап тұрып серт берген едім… Сол үшін былай тартсам өгіз өліп, былай тартсам арба сынатын қиын жағдайда тұрмын. Түнімен кеңірек ойлануыма рұхсат беріңіздер?! Сұрауларыңыздың жауабын ертең берейін… Бүгінше ат-көліктеріңізді тынықтырып, қонағым болыңыздар…

(бәрі бет-бетіне тарап, сахнадан түсіп кетеді.)

 

(пауза)

 

Түн. Жәнібек батырдың қара қосы. Батыр қалмақ қызбне бірге төсекте жэатады. Жәнібек ұйықтап кеткен тұста қылмақ қыз көрпеден ақырын сурылып шығып, далаға беттейді. Жәй кетпей кереге басында тұрған семсерді қолына ала шығады. Жәнібек оянып кектеді де қасындағы қыздың жоқ екенін көріп, жүрегі бірдеңеден секем ала далаға жүгіреді. Есіктен шыққан бойда андайтын жерде шашын артына бос тастаған бойда ақ көйлегі желбіреп тұрған қызды көреді де, солай жүгіреді. Бірақ қыз Жәнібек қасына барғанша өз өзіне қол жұмсап үлгіреді.

Жәнібек жүрек тұсына семсер қадалып, құлап бара жатқан қызды жүгіріп барып құшақтап, «Бұның не? Неге бұлай істедің?! Мен онсыз да сені ешкімге бермес едім ғой!!!» деп қыздың басын сүйейді.

Қалмақ қыз: (Жәнібектің құшағында талықсып бара жатып, сыбырға жуық үнмен) Сені екі оттың арасына салып қинағым келмеді. Сен сертіңде тұрдың… Мен өте бақыттымын…

Қыз қолын созып Жәнібектің мойнынан құшақтамақ болып ұмсынып барып жан үзіп кетеді.

Мұңлы музыка ойнай жөнеледі.

 

(Шымылдық)

Соңы

28.10.2011 жылы өңделді

15 Қаңтар 2020
138
0
0