Мақала
THEATRE ONLINE: сыншылар көзімен
Күллі әлем адамзат тіршілігіне өзгеріс әкелген құбылыспен күрес жүргізіп жатқан уақытта, өмірдің мәнін өнерден іздейтіндер, соның ішінде тірі өнер – театр өкілдері мен жақтаушылары оның бүгінгі хәлі мен болашақ тағдырына алаңдаушылық білдіруде.
Бөлім: Театр
Датасы: 26.05.2020
Авторы: Жансая Тұрмағанбет
Мақала
THEATRE ONLINE: сыншылар көзімен
Күллі әлем адамзат тіршілігіне өзгеріс әкелген құбылыспен күрес жүргізіп жатқан уақытта, өмірдің мәнін өнерден іздейтіндер, соның ішінде тірі өнер – театр өкілдері мен жақтаушылары оның бүгінгі хәлі мен болашақ тағдырына алаңдаушылық білдіруде.
Бөлім: Театр
Датасы: 26.05.2020
Авторы: Жансая Тұрмағанбет
THEATRE ONLINE: сыншылар көзімен

Екі айдан астам уақыт бойы сахнаға шықпаған шығармашылық құрамның жағдайын айтпасақ та түсінікті. Олар «амал жоқ» деп қол қусырып қарап қалмай, тірі организмнің бәсеңдеген жүрек соғысын тоқтатпауға тырысып жатқанына куәміз. Бұл құбылыстың бәрі әрине, театр сыншыларының назарында.

Бүгінгі таңда әлемнің барлық бұрышындағы өнер ұжымдары бірдей жағдайды бастан кешіріп жатыр. Көрермен залымен тікелей энергия алмасып отыратын сахна өнерінің өкілдеріне де, оған бағыт бағдар беріп, жазып, айтып жүретін театртанушыларға да бұл кезең оңай тиіп жатқан жоқ. Тұсаукесер, фестиваль, жоспарланған шеберлік сабақтары, театр шараларының тоқтатылуы аудиториясыз өмір сүре алмайтын өнер түрінің дағдарысқа ұшырауына әкеліп отыр. Тосқауылдармен күрес барысында театрлар қолдарынан келгенін жасап тыраштанып жатса, театр сыншылары осы жағдайдан кейінгі көріністі, салдарды, нәтижені, жалпы карантин уақытындағы театр тынысын бақылай отырып, даму шарттарын саралай келе оның болашағына кәсіби болжам жасауды жөн көрді.

Бұл, бәлкім театр үшін жаңа белеске қадам басу кезеңі болар? Мүмкіндіктері шектелген күйде отырған театрлардың тығырықтан шығатын жаңа тәсіл, жол іздеуі жаңа бағыт, формалардың пайда болуына әсер етпей қоймайды. Жай ғана архивтік спектакльдерді ұсынып жатқан, ағымдағы репертуардағы қойылымдардың түсірілімін жариялап жатқандар да, тікелей трансляция арқылы спектакль қойып жүргендер де, күн сайын бір әртіс эфирге шығып шығармашылығы туралы сұрақтарға жауап беріп жатқан да театрлар бар. Әрқайсысы өз шама шарқына байланысты қызметтерін жалғастырып келеді. Ал, бұл құбылыс қашанға дейін жалғасын таппақ және кедергілерді еңсерген театрды қандай жетістіктерге жеткізуі мүмкін?

Осы секілді сұрақ, мәселе, идеялардың барлығын бір шеңберге ортақтастыруға мұрындық болған «Халықаралық театр сыншылары бірлестігі» «Theatre Online» атты халықаралық виртуал ғылыми конференциясын жүзеге асырды. 11 мамыр күні ұйымдастырылған театр сыншыларының онлайн режимдегі кездесуі қызу талқылауларға ұласты. Театрдың карантинге дейін де заманауи өзекті мәселелері аз емес еді. Сондықтан, бұл конференцияда сөз етілуі тиіс тақырып тапшылығы болған жоқ.

Құрылғанына бір жыл тола қоймаған «Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің» құрылтайшылары Лаша Чхартишвили (Грузия), Анар Еркебай (Қазақстан), Эльчин Джафаров (Әзірбайжан) конференцияның кіріспе, қорытынды бөлімдерінде сөз сөйлеп, аталмыш шараның маңыздылығы мен мақсат-міндеттерімен таныстырып, бірлестіктің алдағы жоспары туралы айта кетті. Марина Васадзе мен Исрафил Исрафилов конференцияның екі бөлімін өзара бөлісіп модератор болды.

Бұл конференция бұрынғылардан өзгерек болғаны анық. Біріншіден, әрине, өткізілу формасы жағынан. Екіншіден, ондағы көтерілген тап бүгінгі күндегі өзекті мәселелер тұрғысынан. Әр елден, сәйкесінше тәуліктің әртүрлі уақытында қосылған театр мамандары өздерінің бүгінгі үрдіске бей-жай қарамайтындарын білдірді. Ағылшын және орыс тілінде өткен екі секциялы конференцияның қатысушылары мен көрермендері өз ойларын ортаға салып, ұйымдастырылып отырған конференцияның маңыздылығын алға тартты. Расында да, театр тарихында болып жатқан барлық процессті көзден таса қылмайтындардың, яғни, театртанушылардың кезекті миссиясы да осы туралы ойларын білдіру, мәселе көтеру, бағдарын жасау екені белгілі. Онысын ойдағыдай орындап та келеді.

Бір қызығы, конференция форматы баяндама оқумен ғана шектелген жоқ. Қатысушылар өз ойларын ашық әрі еркін жеткізіп, айтылған тақырып бойынша қызу талқылаулар жүргізді. Бір-бірінің ойын іліп әкетіп отырған театрсүйгіш мамандардың бүгінгі театрдағы процесске деген қызығушылығы ғана емес, сахна өнерінің болашағына қам жейтіндігі айқын көрініп тұр.

Мәселен, әзірбайжандық театртанушы, өнертану кандидаты, профессор Айдын Талыбзаде (Әзірбайжан) өз сөзінде: «Словосочетание театр-онлайн, во-первых, это полнейший идиотизм, абсурд, а во-вторых, все означаемые этого понятия, абсолютно противоречат поэтике, гармонии театра. Театра онлайн не бывает: это аксиома», – десе, ресейлік өнертанушы Эмилия Деменцова (Ресей): «Разумеется, можно долго спорить о том, что театр в записи теряет свою энергетику, что даже прямые трансляции спектаклей не передают его «священнодействия», но, уверена, что всем очевидно одно – лучше спектакль в записи, чем его отсутствие», – деген пікірін ортаға салды. Ол баяндамасында карантин жағдайындағы театрға төнген қауіп пен туындаған мүмкіндіктер туралы кеңірек сөз етті. Яғни, пандемияны театрдың жалпы жаңа формаға енуі мен жеке-жеке өнер ұжымдарының өз алдына дамуына, бір дамылдап, қайта күш жинауына әсер ететін фактор ретінде қарастырды. Сонымен қатар, ресейлік тағы бір театртанушы, өнертану кандидаты Айсылу Сагитова (Ресей): «После окончания карантина наступит долгий период восстановления административной, экономической и художественной структур театров. Сложно сказать, как будет происходить возвращение зрителя в театр. Однако, ясно, что в первое время мы будем избегать места массового скопления людей, следовательно, даже после того, как театры откроют свои двери, театрам нужно быть готовыми к тому, что зрителей в зале будет немного», – деп, осы кезеңнің салдарынан театрлар өз аудиториясын сақтап қалу үшін немесе қайта жинау үшін көрерменнің жетегінде кетуі әбден мүмкін дейді.

Конференцияда сөз сөйлеген он үш спикердің тоғызы теоретиктер. Жоғарыда аталған театртанушылардың тізімін өнертану кандидаты, профессор Сәния Қабдиева (Қазақстан), PhD, доцент Видади Гафаров (Әзірбайжан), өнертану кандидаты, Станиславский Электротеатрының кураторы Кристина Матвиенко (Ресей), Нишанташи университетінің орындаушылық өнер менеджменті кафедрасының меңгерушісі Зияд Гулиев (Түркия), Ламеи университетінің оқытушысы (Иран) Саид Каземьян, өнертану магистрі Александр Мантуш (Белоруссия) толықтырды. Олармен қоса АртеФактум театрының маманы (Мексика) Моника Баджонеро Диас, Карачи театрының көркемдік жетекшісі Сохаил Ахмед Малик (Пәкістан), режиссер, dOM театрының көркемдік жетекшісі Тарлан Расулов (Әзірбайжан), драматург, «Слезы и смех» театрының режиссері Христо Стойчев (Болгария) та баяндамаларын ұсынып, конференция барысында белсенділік танытты.

Әрине, біздің елімізден де театр режиссерлері, сценографтар, актерлер, басқа да мамандардың бұл шараға атсалысуы, соған байланысты өз ой мақсатын білдіруі маңызды еді. Тек көрермен ретінде отандық екі үш қана театр практиктері қатысқаны өкінішті. Өйткені, әлем театрларында не болып жатқандығынан, қандай мәселелермен тұспа тұс келіп, нендей жаңалықтар еніп жатқанынан хабардар болу, қай елдің қандай театр өкіліне болмасын артық етпес еді.

Қазіргі күні театрлар кешіп отырған күй театр өнерінің тарихы мен теориясын зерттеушілер, саралап талдаушылар, бағытын анықтап, бағдарын көрсетушілердің назарынан тыс қалмақ емес. Керісінше, тікелей нысанасына айналып отырады. Бұл конференция соның бір дәлелі болып қалмақ.

Сізге қызық болуы мүмкін: