Мақала
Еркебұлан Қабдыл: Жас ұрпаққа Шәмшідей ардақты, ұлы адамның ән мұрасын дәріптейтін қойылымдар ауадай қажет
Бөлім: Театр
Датасы: 01.10.2020
Мақала
Еркебұлан Қабдыл: Жас ұрпаққа Шәмшідей ардақты, ұлы адамның ән мұрасын дәріптейтін қойылымдар ауадай қажет
Бөлім: Театр
Датасы: 01.10.2020
Еркебұлан Қабдыл: Жас ұрпаққа Шәмшідей ардақты, ұлы адамның ән мұрасын дәріптейтін қойылымдар ауадай қажет

Жуырда Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының сахнасында қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойына орай сырлы сазгердің ән қазынасына саяхат жасайтын «Өмір - өзен» театрландырылған музыкалық қойылымы қалың көрерменге жол тартты. Аталмыш туындының режиссері Еркебұлан Қабдыл ұлттық құндылықтарға толы ұлы сазгер әндерін қуыршақ театр кеңістігінде тұңғыш ұсынбақшы.

Сәлеметсіз бе, Еркебұлан Сәулебайұлы! Театр әлемі тылсым сырлы жұмбақ күш. Ал, сол әлемнен әрбір адам рухани ләззат алуы үшін режиссерлер қауымының көтерер жүгі ауыр екендігі айқын. «Режиссер» мамандығын таңдауыңызға не себеп?

Режиссер мамандығына деген қызығушылығым алғаш мектеп қабырғасында оқып жүрген жылдарда оянды десем болады. Бәлкім, бойымдағы қабілетті байқағандықтан болар, ұстаздарым түрлі мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруды жиі тапсыратын. Шағын әдеби кештер мен концерттерге қатысушыларды ұйымдастырып, жүйелі өткізуге сол кезден бастап дағдылана бастадым. Бертін келе кез-келген шығарманың өзім ойлап, тұжырымдаған нұсқасын сахнаға шығаруға тырысатынмын. Осылайша 2010 жылы бойымдағы қабілетті жетілдіру мақсатында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Драма театрының режиссері» мамандығына оқуға түстім. Курс жетекшісі ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Жанат Хаджиев аталмыш мамандықтың қыр-сырын жетік меңгеруге орасан зор күш салды. Академияның соңғы курстарында көпшілік іс-шаралар өткізу бойынша (ТОО «Almaty Concert Corporation») жұмыстарға араласа бастадым. Ал, дипломдық жұмысымды Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының сахнасына қойдым. Аталған академияны тәмамдағаннан кейін, Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай қаласының Қ.Жандарбеков атындағы қазақ драма театрында қоюшы-режиссер ретінде қызметке тұрып М.Әуезовтың «Қилы заман», Р.Отарбаевтың «Нашақор», Е.Кушаковтың «Қызыл алма» сынды спектакльдерді сахналадым. 2016 жылы білімімді жетілдіру мақсатында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Драма театрының режиссері» мамандығы бойынша магистратураға түсіп, «Ж.Хаджиевтің режиссерлік әдіс-тәсілі» тақырыбында диссертация жазып, 2018 жылы тәмамдадым. Осы жылдан бастап Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының режиссері ретінде қызмет етудемін.

Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының репертуарындағы бүгінгі заман талабына сай, режиссерлік шешімі ұтқыр, үздік туынды деп қандай қойылымды бағалар едіңіз?

Мемлекеттік қуыршақ театрының репертуарында заманауи бағыттағы үздік туындылар қатары жыл сайын толығып келеді. Бүгінде кішкентай бүлдіршіндерге арналған бірнеше жылдар бойы театр репертуарынан лайықты орын алған «Қызыл телпек», «Каштанка», «Буратино» сынды спектакльдердің көркемдік шешімдері - айтуға тұрарлық қойылымдар. Театр директоры Талғат Есеналиевтің жаңашыл бастамасымен соңғы жылдары бағыт-бағдары өзгеше ересектерге де арналған «Ана жүрегі», «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» (реж.А.Зайцев), «Медея» (реж.А.Салбан), «Ана-Жер Ана», «Ромео мен Джульетта» (реж. Д.Жұмабаева) сияқты спектакльдер режиссерлердің үлкен ізденістерінен туған ұтымды дүниелер деп есептеймін. Аталған қойылымдар бүгінгі заман талабына сай сахналық шешімдерге негізделіп, үлкен ойларға құрылған. Спектакль режиссерлері бүгінгі әлемдік театр үрдісінде болып жатқан жаңалықтан мол хабарлары бар екенін көрсете алды. Бұл қойылымдардың барлығы дерлік тек еліміздің ішінде ғана емес, халықаралық фестивальдерде де топ жарып, мамандардың оң пікірлеріне ие болып келеді.

Бүлдіршіндерге адалдық пен қамқорлықты үйретіп, мейірімділікке тәрбиелейтін «Ауыл иті Ақбай» қойылымын сахналау барысында өзіңіз үшін қандай жаңалық аштыңыз?

«Ауыл иті Ақбай» менің қуыршақтармен сахналаған алғашқы спектаклім. Пьеса күрделі, айтар ойы салмақты, мағынасы терең туындылардың бірі. Жас ерекшелігі кішкентай бүлдіршіндерге арналғандықтан, барынша олардың ұғым-түсініктеріне лайықтап, әрекетке құрылған дүние жасауға тырыстық. Әрбір қуыршаққа жан бітіріп, олардың өзіндік мінез-құлқын жасауға артістер бар күшін жұмсады. Осы тұрғыда өзім үшін ашқан ең басты жаңалық деп қуыршақтарды терең зерттеуге ден қойғанымды айтар едім. Оларды қозғалысқа келтірудің техникаларын игеруге тырыстым. Жұмыс барысында ғылыми-теориялық еңбектерді ақтарып, қуыршақтар әлеміне терең бойлауды мақсат еттім. Әрине, бұрын қуыршақтармен спектакль қойып көрмегендіктен, қиындықтар да көп кездесті. Бірақ, театр директоры мен актерлері үнемі қолдау көрсетіп, жұмыла жұмыс істеп, бір-бірімізді толықтырған шығармашылық үндестік қалыптасты. Спектакльдің сәтті шығуына барлығымыз айтарлықтай күш-жігер жұмсадық.

Сіздің режиссерлігіңізбен қуыршақ театрының сахнасында аса көрнекті сазгер Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойына орай «Өмір – өзен» музыкалық театрландырылған қойылымы көрермендерге тұңғыш жол тартпақшы. Аталған қойылымды сахналаудағы басты мақсатыңыз?

Еліміздің белгілі сазгері Ш.Қалдаяқовтың соңына қалдырған мол мұрасы бүкіл қазақ халқымен бірге жасай беретіні даусыз. Жасыратыны жоқ, қазіргі жас ұрпаққа осындай ардақты ұлы адамның шығармашылғынан сыр шертетін спектакль ауадай қажет деп есептейміз. Шәмші атамыздың жүрегін жарып шыққан әрбір әнді кеңінен насихаттау біз үшін зор міндет. Бүгінгі таңда біздің ұлттық музыканы тыңдайтын жастар жоқ емес. Ал, Ш.Қалдаяқов әндерінде ұлттық құнар, ұлттық мінез тұнып тұр. Сондықтан, барымызды бағалап, оны театр арқылы жастардың бойына сіңірсек ұтарымыз көп екені анық. Біздің басты мақсатымыз – ғасырдан ғасырға жететін Шәмші атаның ән мұрасын дәріптеу.

Ұлттық нақышпен нәрленген қазақы табиғатпен үндес шалқыған Шәмші әндері тыңдарманға несімен құнды? Қойылымның көрермен үшін тәрбиелік мәні қандай?

Спектакльді тамашалауға келген көрермен әртүрлі тақырыпта жазылған Шәмші әндерінің тереңіне бойлай түседі. Бүкіл қазақ халқы жатқа айтатын сырға толы әндерді тыңдай отырып туған жерге, анаға, сүйген жарға, дос-жаранға деген сезімдердің тереңдігіне тағы бір мәрте көз жеткізеді. Ән әлемінің падишасы атанған сазгердің қай әні болмасын, тыңдаушылардың жан жүрегін қозғап, әдемі әсерге бөлейді. Ерекше көңіл толқытып, адамның мейірін оятып, бір-біріне деген махаббат сезімдерінің нығая түсуіне мол әсерін тигізеді. Шәмшінің әндері әр қазақтың төрінде шырқалып, халықпен бірге жасап келеді. Сондықтан да, біздің спектаклімізге келген көрермен ұлы сазгердің құдіретті әндерімен тағы да бір рет қауышып, ән әлеміне тереңдейді. Әсіресе, жастар үшін тәрбиелік маңызы зор. Олар халқымыздың жарық жұлдызына айналған Ш.Қалдаяқовтың ән әлеміне құлаш ұрып, оның шығармашылығына байланысты аз да болса мәлімет алары сөзсіз.

«Өмір - өзен» қойылымының басқа музыкалық қойылымдардан ерекшелігі қандай? Мәселен, театр репертуарындағы ақиық ақын М.Мақатаев жырларын арқау еткен «Мен деп ойла...» қойылымы көрермен көзайымына айналуда.

«Мен деп ойла...» қойылымы – қуыршақтармен таза эстрадалық нұсқада сахналанған. Ал, «Өмір - өзен» белгілі бір оқиғаға бағындырылып, композициялық тұтастыққа негізделді. Әрбір әннің туу тарихы спектакль кейіпкерлерінің басынан өтіп жатқан маңызды оқиғалармен байланысып, көрермендердің қызығушылығын арттыра түседі. Өзінің туған жері мен халқын жан жүрегімен сүйген Ш.Қалдаяқовтың жүрек тебірентер әндерінің қазақ елімен мәңгі жасай беретінін көрермен жүрегіне жеткізуге ұмтылдық.

Болашақта қандай бағыттағы қойылымдарды жарыққа шығаруды жоспарлаудасыз?

Қазіргі таңда қуыршақ театры репертуарында өзіміздің ұлттық фольклор мен төл туындыларымыз негізінде сахналанған шығармалар қатары сирек екендігі жасырын емес. Осы орайда, алдағы уақытта кішкентай көрермендерге арнап қазақтың халық еретегілері мен батырлар жырын сахнаға шығару жоспарымда бар екендігін баса атап өткім келеді. Ұлттық құндылықтарымызды арқау еткен төл әдебиетімізде түрлі тақырыптарды қамтыған інжу-маржан туындылар өте көп. Менің ойымша, солардың сахналық нұсқасын өңдеп, көрерменге ұсынар болсақ ұтарымыз көп болады деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, қазіргі техника қарыштап дамыған заманда тілі шықпаған кішкентай бүлдіршіндеріміз үйде отырып-ақ теледидардан шетелдік мультфильмдерді көріп өсіп жатыр. Жас жеткіншектердің болашақ тағдыры бәрімізді де алаңдатады. Ал, театр қашан да ұлттық рух пен сананы сақтап қалудың басты тетігі болып саналады. Біз өз ұрпағымыздың патриоттық сезімін ұштайтын көркем қойылымдар сахналауды алдыңғы кезекке қойып отырмыз.

Әңгімеңізге рақмет!


Сұхбаттасқан: