Мақала
Мақсат Камалов: Көрерменмен қауышатын күнді асыға күтудеміз
Бөлім: Театр
Датасы: 09.10.2020
Авторы: Бейбіт Әлкеева
Мақала
Мақсат Камалов: Көрерменмен қауышатын күнді асыға күтудеміз
Бөлім: Театр
Датасы: 09.10.2020
Авторы: Бейбіт Әлкеева
Мақсат Камалов: Көрерменмен қауышатын күнді асыға күтудеміз

Әлемді әлсіретіп, елді есеңгіреткен жағдай қалыпқа келіп, карантиндік іс-шаралардың жүйелі жүргізілуінің арқасында мәдени ортадағы ахуал да оңалып келеді. Барлық сала мамандары онлайн форматқа ауысып, жаңа кезеңнің тәжірбиелерін байқап көруде. Болмысы бөлек, тірі ағза саналатын театр өнері де көрерменмен рухани байланысын ажыратпас үшін онлайн форматта жұмыс істеп келеді. Көрерменімен сахнада жүздесіп үйренген театр ұжымдары үшін бұл оңайға соққан жоқ. Соған қарамастан, театрға келуге мүмкіндігі бола бермейтін бүлдіршіндер үшін үздіксіз жобалары мен түрлі танымдық айдарларын ұсынып келе жатқан бірден-бір ұжым – Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры. Биыл мерейлі 85 жылдық мерейтойын атап өткен іргелі өнер ордасы ән әлемінің ақтаңгері, қазақ вальсінің Падишасы – Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына орай сахналанған «Өмір-өзен» спектаклін көрермендерге тарту етті. Аталмыш қойылымда басты кейіпкерлердің бірін сомдайтын, театр артісі Мақсат Камаловпен спектакль жайында сұхбаттасудың сәті түсті. 

Қайырлы күн,  Мақсат мырза! Көрерменмен қауышатын күнді сәт санап күтіп жүрген боларсыздар, онлайн жұмыс не үйретті? 

Қайырлы күн! Жарты жылдық үзілістен кейін театрлар мен музейлердің есігі айқара ашылмақ. Аз да болсын көрермендерімізбен қауышатын күнді асыға күтудеміз. Пандемия кезінде біздің театрымыздың қызметкерлері қол қусырып отырған жоқ. Кішкентай көрермендерімізге онлайн форматта жол тартқан бірнеше айдарымыз бар. Карантин болмаған кездегі оқымаған ертегілерімізді балаларға оқып беру арқылы, өзіміздің де санамызға құйып жатырмыз, "Үйрен де жирен, балақай" айдарында қолымызға бұрын-соңды ұстамаған дүниелермен таныстық. Карантиннің пайдасы өте көп болды. 

Мемлекеттік қуыршақ театры музыкалық қойылымды алғаш рет сахналап отыр.  Бұл қойылымының жаңалығы не болмақ?

Еркебұлан Қабдылдың режиссёрлік бастамасымен қуыршақ театрында бұрын-соңды болмаған эстрадалық жанрдағы қойылым қойылуда. Қуыршақтармен үйлесім тапқан бұл қойылымның әндері тек жанды дауыста орындалмақ. Шәмші әндерінен композициялық үлгіде жинақталған қойылымда сазгердің «Ақ бантик», «Дүнген қызы», «Сен сұлу», «Арыс жағасында», «Отырардағы той» т.б әндері орындалады.

Сазгердің лирикаға толы әуендері қаншалықты жүрегіңізге жақын?

Шәмші атамыздың әндері - әсем де ақылды көкөрім жасты ғана емес, ересек, егде қауымның да, сан түрлі мамандық, алуан ұлт адамының да көңілін баурап алған құдіретті әндер. Кішкентай күнімізден естіп өскен есті әндер қайбіріміздің де сүйікті әндеріміз деп есептеймін. Композитордың барлық құлақ құрышын қандыратын әндерінің абыройы ғасырлар өткен сайын артпаса кемімек емес. Бізден кейінгі буын да сазгердің әндерінен жүрек тыныштығын табады деп ойлаймын.

Дайындық жөнінде сөз қозғасақ? Қойылым біртұтас дүниеге айналуы үшін қанша уақыт кетті?

Қойылымға дайындыққа кірісе кеткен сәтіміз карантиннің алды болатын. Өкінішке орай, елдегі жағдайға байланысты тоқтап, қазір қайта жалғасты. Көрерменге сапалы дүние ұсыну үшін барлық уақытымызды дайындыққа арнап жатырмыз. Жанды дауыста орындалатын барлық әндер үлкен дайындықты талап етеді. Сонымен қатар, жұмыс кестемізге сай күнделікті вокал, хор, би сабақтарынан дәрістеріміз және кішкентай көрермендеріміз үшін ұсынатын танымдық айдарларымыз да жалғасын табуда. 

Бұл әдеттегідей сіздердің репертуарларыңызға енген формасы ерек, фестивальдік спектакль ме?

Аталмыш қойылым фестивальдік қойылым емес. Бұл Шәмші әндерінен демалып, әсем әуенге еліте қосылып, бірге орындайтын, жан тыныштығын орнататын қойылым. Лирикалық әндер мен қуыршақтар үйлесім тауып, көреремендерге қуаныш сыйлайды деген ойдамыз. «Мен өмірімде қанша ән жазған болсам, сонша рет жылаған болуым керек» деген сазгер сазын сезінуге тырысып жатырмыз. Ал, ең басты міндет, оны көрермендерге сезіндіру болмақ.

Алда қандай қойылымдар сахналауды жоспарлаудасыздар?

Алдағы жоспарымыз өте көп. Дәл қазіргі қиын-қыстау кезеңде дөп басып, ештеңені жар салмай-ақ қояйық. Уақыты келгенде көрермендерімізбен қуанышты жаңалықтарымызбен бөлісетін боламыз.

Бүгінгі бүлдіршіндерді қызықтыру оңай емес. Заманауи театр балалардың сұранысын тудыру үшін не жасай алады?

Біздің театрымыз "бар жақсымыз балаларға" деген ұранды ұстанатындай. Себебі, біздің қуыршақ театры кішкене көрермендерімізді өзіне баурай алады. Ол үшін театрымызда барлық жағдай қарастырылған. Кішкентай көрермендеріміз үшін шектен тыс ақпараттар әлемінде балалық шақтың ғажайыбын сезіндіретін және бір сәт болсын қиял-ғажайыпқа сендіретін қойылымдарды сахналауды жоспарлаудамыз. Барлық балалардың сүйікті кейіпкерлері, әлемге танымал ертегі жуырда Мемлекеттік қуыршақ театрында сахналанады. Алда балғын бүлдіршіндерімізді қызықты қойылымдар легі күтуде.

Театрдың онлайн форматтағы «тірегі» кімдер болды? Сахнада шықпай көрермендерді қуанту мүмкін бе екен?

Онлайн жұмыс болғандықтан әлеуметтік желімен тікелей байланыста болдық. Ақпарат бөлімі мен пиар-менеджерлер де қалыс қалған жоқ. Театр артистерінің оқылуындағы әлем және халық ертегілері, түрлі танымдық айдарлар бәрі тікелей әлеуметтік желілер арқылы көрермендерге ұсынылып отырды. Бұрындары көрермендерімізбен кейіпкер ретінде байланыста болсақ, карантин кезеңінде артист ретінде тікелей эфирлерге шығып, көрермендерімізбен жақынырақ танысып, сауалдарына жауап беру мүмкіндігі туды.

Соңғы сауал. Біз сұхбат жүргізген Мақсат мырзаның өмір мен өнердегі мақсаты қандай? 

Мақсаттың өмірдегі мақсаты - адам боп қалу, өнердегі мақсаты - қазақ қуыршақ өнерін әлемге паш ету. Сіз боп, біз боп қасиетті театрымызда қауышуды жазсын!

Сұхбатқа уақыт бөлгеніңізге алғыс білдіреміз!