Мақала
Музыкалық жас көрермен театрының тұсауы кесілді
Бөлім: Театр
Датасы: 23.12.2020
Авторы: Аманкелді Мұқан
Мақала
Музыкалық жас көрермен театрының тұсауы кесілді
Бөлім: Театр
Датасы: 23.12.2020
Авторы: Аманкелді Мұқан
Музыкалық жас көрермен театрының тұсауы кесілді

Сүйінші! Жаңа театр дүниеге келді. Қаллеки театры жаңадан салынған кең сарайына көшіп, 30 жылдай шығармашылық ұжымға қара шаңырақ болған театр ғимаратын жаңадан құрылған балаң театр орын басты. Балаң болғанда да еліміздің Бас қаласында іргетасы қаланған балалар мен жастардың рухани-шығармашылық орталығына айналатын бірегей ұжымы болуға бағыт ұстаған Нұр-Сұлтан қаласының Музыкалық жас көрермен театры. Бұған дейінгі балаларға арналған қуыршақ, балалар мен жасөспірімдерге арналған театрлар болғанымен жас көрермендерге арналған музыкалық театр бірінші рет ашылып отыр. Театрдың алғашқы тұсаукесер қойылымы ұлы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арнап сахналанған М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясының негізінде Мирас Әбіл инсценировкасын жазған «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы қоюшы-режиссер Асхат Маемировтың режиссурасымен шымылдығын түрді.

Әлемде, қоғамда болып жатқан қанадай қиындықтарға қарамастан еліміздің төрінде театр өнеріне жасалынып жатқан мұндай назар, ерекше атап өтуге тұрарлық. Қаллеки театры өзінің көптен күткен театр ғимаратына көшкесін, мына босаған театрды басқа мекемеге береміз десе, қала әкімінің қолын кім қағар еді? Шүкіршілік, олай болған жоқ. Қоныс жаңартқан театр орнын жаңадан бой көтерген музыкалық жас көрермендердің театры басты. 

Бүгінгі шешімі оңынан туған бұл бастаманы жүзеге асырушы театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер А.Маемиров. Жаңа театрдың актерлері болып Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын осы кісінің  шеберханасын бітіріп шыққан түлектері мен бүгінде оқып жатқан шәкірттерінен тұратын жастар құрайды. Жас көрермендер театры ылғи  жастардан құралған театр болыпты. Бір шеберхананың түлектерінен құрылған театрлар көрші елдердің театрлары тәжірибесінде жиі кезедеседі. Біздің елдің театр кеңістігінде режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың шеберханасынан шыққан «Жастар театры» да осы негізде түзіліп бүгінгі тәуелсіз еліміздің жетекші театр ұжымдарының қатарында. Сондықтан мұндай бастаманың сәтті жобаға айналған нәтижелері бүгін тұсауы кесілген жас театр үшін де үміт артарлықтай тәжірибелер мен нәтижелерді алға тартады. Бұл бастамаларды есітіп, алғашқы адымын куәгері болған қуанышымыз ұзағынан болғай дейік. 

Астаналық мәдениет ошақтарының картасында маңызды орны алатын жаңа жұлдызша – Нұр-Сұлтан қалалық Музыкалық балалар мен жасөспірімдер театрының қала мәдени өміріне берері мол. Бас қала тұрғындарының негізгі бөлігін жастар құрайтындықтан мұндай театрдың көрермені де мол боларына сенім бар. Жылдан-жылға көбейіп жатқан мегаполистің көп санды бүлдіршіндері мен жасөпірімдер қажетін өтейтін спектакльдер қою, солардың дамуы мен шығармашылық өркендеуіне тілекші бола отырып, театрдың барлық жаңа бастамаларына баяндылық, шығармашылық шалқар шабыт, зор табыстар күтеміз.

Бұл өнер ұжымының алдында болашақта жұртшылықтың ықыласы мен құрметіне бөленіп небір дүлдүл дарындар мен дарабоз саңлақтардың киелі шаңырағына айналатын аяққа тұру, даму, биік белестерді бағындыру міндеті күн тәртібінде. Бас қаладағы белгілі театр ұжымдарының ішінде өзіндік жолын тауып, өз көрермендерінің жүрегін жаулай алатындай, бәсекелестікте дәлелдеуді қажет етеді. Ең басты негізгі аудиториясы балалар мен жастар болып есептелетін бұл театрдың көрермендеріне басталатын жол да өзіндік ерекшелікке ие. Бойында отаншылдық  рухты, адамзаттың, ұлттың ұлағатты асыл құндылықтарын насихаттау мен сіңіруде орасан зор еңбек күтіледі. Халқымыздың ұрпақ тәрбиелеуде егетін құндылықтары театрдан бастау алуына үлес қоспаққа, жастардың бойындағы ізгілік пен руханилыққа бастау бұлағын ашуға деп бастап жатқан қадамдары құптарлық. 

Театр өзінің тұсаукесеріне ұлы Абайдың өміріне, болашағына зор ықпал еткен маңызды  кезең екендігін түсіне отырып сахна пердесінің ашылуын асыға күткеніміз анық. Залдың жарығы сөнгенде алыстан естілген жұмбақ дыбыстар үні күміс тамшылардай жетіген, шаңқобыз, домбыра өзге де дәстүрлі музыкалық аспапаптар ансамблінің сүйемелімен шымылдығын түрді. Жәйімен ашылатын музыкалық театрдың сахна кеңістігінде тыныштық басқан тылсым әлемді көреміз. Жайқалған ормандай иін тіресе жас актерлердің тобы сол тыныштыққа, сайраған құстар даусына елітіп тына қалғандай, ерекше әсер етеді. Осындай дауыл алдындағы бейбіт тыныштықтан басталатын спектакль өрімдей жастардың хормен орындайтын ән болып құйылады және спектаклдің негізгі кілтін іздеген режиссер А.Маемировтің негізгі ой-идеясын ашуға бағдар сілтейді. 

«Көзімнің қарасы,
Көңлімнің санасы.
Бітпейді іштегі,
Ғашықтық жарасы...» - деп басында барлық актерлердің унисон дауыста орындайтын, кейін бірнеше дауыстарға бөлініп жалғасатын ұлы Абайдың бәрімізге белгілі әнінің бірнеше шумағы орындалуы барысында спектакль астарындағы бозбала Абай, жас Абайдың алғашқы ерекше сезімге толы махаббат «жарасын», оның азамат болып қалыптасуға бағыт сілтеген өмір баспалдақтарын, өсу белестерін ашуға жасаған қадамын көреміз. Мұнда балалықтың базарынан жігіттікке, азамат, тұлға, ақын, ойшыл философ, тұтастай қазақтың Абайына айналатын басты кейіпкердің өмір баспалдағының ұмытылмастай болып жүрекке қашалып жазылатын бір сабағының куәсі боламыз.

Міне сол бозбала Абайдың жүрек лүпіліне құлақ түргізетін, әсерлі оқиғалар легі жас театрдың беташар спектаклі болды. Жас Абайдың оқудан елге келуінен басталатын спектакль оның Тоғжандай сұлуға деген оянатын нәзік сезімі, алғашқы махаббатының, шартарапқа шарқ ұрған көңіл құсының әсерінен туындайтын өлең-жырлары мен сырлы ән-әуенге айналып, көрерменнің жүрек қылын тербеткені театрдың барлық шығармашылық құрамының қатысуымен ойналады. Абай – актер Аян Өтепбергеннің орындауында жас Абайдың келісті келбетімен, бойында елдің ақылды, көрікті қыздары құлай ғашық болатын барлық қасиетімен көрінеді. Ол сомдаған Абайда әлі пісіп жетілмеген бозбалалықтан гөрі салмақтылық, сабырлылық, рационалды ойлауы басым, қалыптасқан жігіт Абайдың кейіпін көрдік. Араға көп уақыт салып елге келіп әкесі Құнанбаймен, анасы Ұлжанмен, досы Ерболмен сахналарында өзін салмақты ұстауы, сөз сөйлеуінен айналасы күткендей ер жеткен жанның іс-әрекетін көрсек, тентек інісі Оспанмен өтетін сахналарда Абайдың балалыққа тән қырлары аракідік көрініп қалады. Оның қасында толығымен бала болып кетпегенімен жақсы көретін  мінезді інісінің барлық тентектігін түсіністікпен, ағалық мейіріммен қарайды. Жанұядағы ата-ана тәрбиесі, молда алдын көргендігі оның болашақ адами-шығармашылық болмысының баспалдақтары секілді бере алады. Аянның актерлік қырынан бөлек вокалдық мүмкіндіктері Абайдың төл әндерін орындау барысында жағымды әсерлер қалдырды. Тоғжанмен арадағы сезімге толы сахналарда орындаушы шынай ғашық жанның жан-дүниесін, «көзбен көруге, ішпен білуге» мүкіндік берді. 

Ол келсе сол жерге өрт тигендей болатын, өзі кішкентай болса да тас жаратын, тас жармаса бас жаратын Абайдың інісі Оспанмен спектаклдің атмосферасы жанданып, сахнадағы әрекеттің ыстығы аспандап сала береді. Үйдің кенжесі, ортаның еркесі Оспанның қолды-аяққа тұрмайтын ұрыншақ, жәй жүруді мүлдем білмейтін образын Асылхан Төлепов жасады. Актер сахнадан қолды-аяққа тұрмайтын жылдам әрекеттің, айналасын іс-қылығымен үркітпесе таңы атып күні батпайтын тентектіктің жілік майын шағып ішкен жан етіп көрсетеді. Ол адамның бала кезіндегі еркіндіктің символы іспеттес ешкімнен жасқану дегенді білмей, ешкімнен қағу көрмеген мінезімен ерекшеленеді. Ол осы мінезімен айналасын мезі қыла отырып, осы әнтек қылықтарымен ағасы Абайға да, әкесі Құнанбайға да өзгелерге де сүйкімді.   

Спектакльде актриса Сәбира Сүгірова орындаған Жазмыш атты кейіпкер Абайдың соңынан еріп жүретін, болашағын болжап пішуге, оның көрген түсі, елесі, өңі болып келіп Абайдың маңдайына жазылған барлық қиындық тудырған шешуші сәтінде көрініс береді. Ақын Қадыр Мырза-Әли жазмыш туралы айтқанына назар аударсақ: «... бұл өзі ақыл аумағына сыя бермейтін құпия құбылыс. Үңілгің келеді, үңіле алмайсың, ұстағың келеді, ұстай алмайсың. Сынаптай сусып шығып кетеді. ... Әйтсе де көркемдік әлемі сонысымен де қызық» - деген екен. Музыкалық мінездемесі де өзі шамалас  жұмбақ кейіпкермен режиссер А.Маемиров Абайдың жолын, жолы болмаған алғашқы махаббатының осылай шешім табуы жоғарыдан келген бұйрықпен шешілгендей, жердегі пендесінің іс-әрекеті мен жоспарларлағанын реттейтін тылсым күштің бейнесін жасаған. Актриса артық әрекеті жоқ, бірқалыпты қимылдайтын Жазмышқа адами сезімдер мен қызуқандылықтан ада жансыз, жүрексіз образ жасаған. «Анадан алғаш туғанда...» деп басталатын  Абайдың төл өлең жолдарын Жазмыштың аузына салуы, оның спектакльдің түйінді ой айтар тұсындағы шығыстары дәлел. Бұл кейіпкер финалдық сахнада жанұялық бірліктің, түсіністіктің, шаңырақтың символы ретінде қолындағы жаралы жүректі Абайға, оны келіп қоршап тұратын жанұя мүшелерінің орта тұсына діңгегі ретінде оқылады.

Жаңа театр жұмысы қазан айынан басталып труппаға актерлер құрамына кастинг өткізіліп, шығармашылық ұжым құрамына 50-ден астам өнерлі жастар таңдалған екен. Сахнаны толтырған өрімдей жастардың алдыңғы тобында Канн халықаралық кинофестивалінің жеңімпазы атанған танымал актриса Самал Еслямова, театр және кино актерлері Асылхан Төлепов, Аян Өтепберген, Әділхан Макин секілді есімдер алыстан мен мұндалайды. Сонымен бірге, бұл қойылымның музыкалық кеңесшісі етіп қазақтың әлемдік деңгейдегі мега-жұлдыз Димаш Құдайбергеннің тартылуы да есімдері елдің аузында жүрген тұлғалардың тартылуымен жасалған спектакльге деген қызығушылықтың крігін қыздыра түскен. Режиссер жаңа театрының алғашқы қадамына жасауға осындай жұлдызды актерлік-әншілік құрамды шығару арқылы жеткілікті жарнамалық жұмыстар жасағандығын және театрдың алғашқы адымынан бастап аяққа тұрып кетерліктей пиар-қадамдарға барғанын көреміз. Бүгінгі күннің ажырамас көрінісі болып келетін мұндай қадамдар жастардың аудиториясымен жұмыста көмектесері анық. 

Осы жұлдызды құраммен бірге алғашқы тұсаукесер қойылымға Абайдың әкесі Құнанбайдың рөліне  алматылық белгілі театр және кино актері Берік Айтжановты шақырылуы салмақ бере түскен. Бұл Құнанбайдың көп емес болса да сахнаға шығысы мен жүріс-тұрысы, салмақты сөз саптауынан елдің ағасын, отбасының бәріне сыйлы Әкені, өсіп келе жатқан Телғарасы мен тентек ұлдарына деген көзқарасы, пейілі түзу сахнадан еңсесі биік тау тұлғаны көрдік. Тентектік жасаған Оспанның шектен шыққан қылықтарына баға беріп «Алып кет мынаны!»-дейтін тұсында тентектікті тыйған Құнанбай әкенің бұйрықты райдағы қаталдығын көреміз. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек ...» - дегендей, бұл Құнанбайда бар сабырлылық пен салмақтылық, айналасына қас пен қабақтан айтарын жеткізетін өткір жанарлы кесек тұлға болып шыққан. Абайдың махаббатын сақтап қалуға, жастық пен мастыққа елітіп жан жарасына басу айтып шешім шығарғанда артық сезімталдылыққа бармайды. Тек, «Ай, шалағай балам-ай» деп кешірімді қарап, Әкенің айтқаны заң болып қаларын айқайсыз, зілсіз нық жеткізеді. Бұл байламның соңғы әрі қарай ешқандай талқыға салынбайтынын көреміз.

Абайдың анасы Ұлжан алдыңғы жылдар қойылымдарында театр сахнасынан көп орын берілмей келген кейіпкерлердің бірі. Бұл инсценировкада да Ұлжанға көп орын берілмесе де ұлы Телғараның басынан өтетін негізгі оқиғалар легінде, көріністерде баласының жанынан табылады. Танымал Самал Еслямовамен ол орындаған Ұлжан ана бейнесінде қазақ театрының сахнасында алғаш рет жүздестік. Біз тамашалаған актрисаның Ұлжан рөлін орындауда көрерменге негізгі айтпағы қара шаңырақ – жанұяның ұйытқысы Аналар жайынан сыр шертеді. Аналар алыптар мен ғұламаларды дүниеге алып келумен бірге оларды бағып-қағатын еркелетіп мейірім шапағатына бөлейтін, қиналғанда қолтығынан демейтін, баласының жетістігіне бірге қуанып, мұңын бірге бөлісетін ұл мен қыздың өмірдегі ең жақын адамы жайлы сыр шертеді. Актрисаның жұмсақ, тебіреніске толы дауыс иірімі, ұлымен алғаш кездескендегі «Пай, пай, пай барлықтарың сілекейлеп баламның бетінен сүйетін жер де қалдармадыңдар! Абайжаным! Қоңыр қозым!» деген алғашқы сөздерінде Ана бойындағы ұлына деген сағыныш, сүйініш, мақтаныш сезімдерімен қатар көрінеді. Немесе, Тоғжан жайлы жаңалықты ести сала ел жұртқа дабыралауына асыққан Оспанға қарата Ананың: «Абайға емес, саған қалыңдық алып беру керек. Сонда есіңді жинайтын шығарсың. Болды енді, болды» - деп тоқтау айтатын тұсында актриса ішкі сезімі түрлі дауыс палитрасымен қатқылдана басталып аяғында «болды енді, болдыға» келгенде сабасына түсіп үлгеруінен Ұлжан ананың рөл желісін қарапайым да орнықты беруге тырысқан кәсіби орындаушының шеберлігін көреміз. 

Қоюшы-суретші Алма Сырбаева сахналық қойылымның декорациялық шешімі қарапайым безендірілген. Шағын сахна кеңістігінде орындалар музыкалық драма қарапайым сахналық безендірілген шешімдермен берілген. Негізгі сахналық әрекеттердің түгелге жуығы қоңыр түстес бір бояулы кеңістікте өтіп, Абай мен Тоғжанның жеке қалған сәттеріне актерлердің іс-әрекетіне сезімталдық, романтикалық бояу беруге ақ түстес маталардан жолақтар түсірген. Бұл бірсарынды кеңістікті жарық беру құралдарымен жандандыру үшін біраз жұмыстар жасалған десекте, спектаклдің сыртқы киімінің әшекейлерін толықтай іліп үлгермегендей әсерде қалдық. Бұл қарама-қайшы көңіл-күйдегі, контрастылы оқиға орындар сахналарының орын аустыруларында, Абай мен Тоғжанның, Абай мен Ерболдың сахнаның төрінде тұрып, Тоғжан мен Керімбаланың алдыңғы шептегі диалогтарын кезектестіре жарықпен қамтуларындағы жұмыстарының сылбырлығынан көрінді.  

Театрдың аты мен ұстанған бағытына сай алғашқы спектаклінің де музыкалық болуы заңдылық. Композитор рөлінде спектаклдің музыкалық партитурасын жазған Бауыржан Ақтаев Абайдың мол ән мұрасы мен сол әндердің екінші түрлерін, А.Жұбанов пен Л.Хамидидың «Абай» операсынан (Ажардың зары) және халық ән күйлерінен де кеңінен қолданады. Ұлт аспаптар ансамблінің атқаруында ұсынылған музыкалық әрлеуін біз тамашалаған жаңа спектаклдің құрамдас бөлігіне айналғандай. Сахнаның екі жағына бөліне орналасқан ансамбль мүшелері спектакль барысында оқиға желісіне сүйемел жасауда, көпшілік-халық сахналарындағы, жекеленген билерге құрылған музыкалық композицияларды жігерлі орындауда кәсібилік таныта алды. Ансамбль өздігінен спектакльге сүйемел жасаушы топ ретінде әрі әрбір музыкалық бөліктің ырғақты-үлестік жүрісіне сенімді сүйемелдеу мен жетекшілік жасай алды. Спектаклдің музыкалық партитурасында әнші Әділхан Макинге арнап  жазылған вокалдық бөліктер жаңаша естіледі. Әнші өзінің мол дауыс диапазонының мүмкіндігі мен бояуын спектаклдің кейіпкерлерінің көңіл-күй атмосферасын ашуға, сезім пернелерін жалаңаштап беруге орынды қолданған. Жастардың көрші ауылға барып ойын-сауыққа қатысып алғаш рет Абай мен Тоғжанның табысатын тұсындағы «Көзімнің қарасы» - деп алғашқы сөйлемінен екі жастың арасындағы өзара түсіністіктер бастауына ерекше музыкалық жол тауып берген. Театрдың әрбір келесі қойылымдарының негізі музыкалық болатынын ескерсек келешекте оркестрдің тұрақты орны, олардың жеке әншілермен бірге көпшілікпен жұмыс істеуіне қолайлы жағдайлар, олардың спектакльдегі атқаратын орны мен рөліне ерекше назар аударуды қажет етеді. Спектакль табиғаты музыкалық, және орындаушылардың да музыкалық бөліктерді орындау деңгейіне деген талаптардың жоғары болуын ерекше қадағалау қажет болмақ.   

Шырын Мұстафинаның сахналық жұмысы, көпшілік сахналардағы, би композицияларын қоюдағы ізденістерін атап өткен жөн. Спектаклдің көпшілік қатысатын бөліктерді үйлестіруде би маманының жұмысы орынды, барынша көрініс берді. Спектакль оқиғасының желісін өрбітудегі көріністер арасын түйістіруде Абайдың жаны мен сезім арпалыстарын көпшіліктің пластикалық іс-қимылдары арқылы көрсетудегі балетмейстер мен режиссердің орынды жасаған жұмысын көреміз. Десекте, Абай – А.Өтепберген мен Тоғжан- А.Амангелдиеваның алғашқы бетпе-бет келіп жүздескеннен кейін іле-шала болатын қыздардың биіндегі Тоғжанның бірінші шепте, ортада өнер көрсетуінде авторлық образ бен сахналық әрекетінің арасындағы сәйкессіздік орын алған секілді. Бір көргеннен Абайдың жүрегін жаулаған үлбіреп тұрған ару Тоғжанның келесі сәттегі топпен орындалар жігерлі би әрекетіндегі элементтері, өте нақтылы әрі белсенді пластикалық іс-қимылдары қазақтың тәрбиелі де биязы Тоғжанын емес, бүгінгі күннің батыстың тобырлық хип-хоп мәдениетінен шыққан жас қыздың әрекетін көрсетті. Дауымыз жоқ, қазақ қыздары жігіттердің назарын аудару үшін олардың алдында мүмкін осы үлгіде белсенді билеген де шығар, Тоғжанның осы топқа түсіп кетіп қызу дене әрекетіне баруынан әдемі әсерімізді жоғалтып алғандай болдық. Тоғжанның сахна төрінде неке суын ішіп айттырылған жеріне кете баратын көрінісі де бұған дейінгі Абайдың бойындағы ғашықтықтың дертін тең сезінуге, бірге бөлісуге тиіс Тоғжанды бір жақты кейіпкер еткен. Актриса өзінің Абаймен болатын негізгі лирикалық махаббат сахналарын тартымды, сенімді етіп орындай келе Абайдан айырылатын, махабатын салт-дәстүр үстемдігіне, «әдептен озбауға» шақыратын сезімдерімен жүрегіндегі аласапранды тежейтін тұсында толық сездіре алмағандай әсер қалдырды. Ансамблдің және қыздар хорының «Абай» операсынан Ажардың ариясын (зары) вокализбен орындау барысында сахнаның төрінде өтетін ұзатылуы, беташар, неке суын ішер сахналарын көрермен алыстан бақылап отырып, неке суын іркіліссіз ішкен Тоғжан қыздың әрекетіне қарай отырып Абайға деген сезім болмағандай суреттер куәсі болдық. 

Хормейстер Ғалымжан Берекешевтің спектакльде еңбегі мол екендігін көреміз. Барлық орындаушы актерлердің дауыстарын партияға бөліп, бірнеше дауысқа арнап жазылған партитураны орындауда өзінің кәсіби маман екендігін көрсете алды. Хормейстер жұмысының нәтижесі спектаклдің алғашқы сәтінен соңғы аккордына дейін көпшілік сахналарда көрініс беріп отырды. Труппаның жас, әлі өзара толық үйлесімдік пен үндестік тауып тұтастықта естіле қоймаған үні ашылады, ғимараттың акустикасына үйренер кезі алда деп білеміз. Орындалатын әннің музыкалық фразировкасына мән беру, дыбыстың динамикалық күшеюі мен бәсеңдеуін шеберлікпен игеру, хормен орындаудағы музыканың дыбысын үзбей жалғау «цепное дыхание» жолдарын бір адамдай атқара білу әлі де болса тер төгіп жұмыс жасауды қажет етеді. Бұл хормейстердің орындаушылардан күнделікті  талап етілетін жұмысы болуы керек. 

Жас көрермен, балалар жаны ерекше әлем. Олардың бүгінгі талғамына сай келетін спектакль жасау, оларды сахнада орындаған рөліңе сендіру, сахнаның сыйқыр әлеміне тарту, бұл театрдың алдында тұрған тұрақты үйрену, шеберлікті жетілдіру, ұштау барысында игерілетін қиын шаруалардың бірі ғана. Көрерменнің қойылымды қабылдауына сахнадағы кейіпкердің үстіне ілген киімі мен жүріс-тұрысы, кейіпкер мен оны орындаушы актердің жас мөлшері арасындағы жақындықтар маңызды рөл атқарады. Театр талғампаз көрерменнің сеніміне кіруге, оның жаны мен жүрегін жаулау үшін қолда бар барлық мүмкіндікті пайдалану керек етеді. Жастарға арналған спектаклдің орындаушылар құрамы, жас мөлшерінен бастап барлық компонентерінің сайлы болуы те маңызды.  

Абайдың Тоғжанға деген алғашқы ғашықтық хикаятының туындатқан жарасы, бітпеген іштегі шері жаңа шабыт, жаңа ізденістерге жол ашты. Бұл қойылымның көрермен үшін танымдық һәм талғамдық берері, жас актерлер үшін алатын тәжірибе сабақтары мол. Бас шаһардың рухани-мәдени өміріне мазмұнды мәнерімен қосылып отырған өнер ордасы жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды дарытып, отандық және әлемдік музыкалық қойылымдарды сахналау арқылы балалар мен жасөспірімдердің мәдени-эстетикалық әлемін, таным-тағылымын, шығармашылық әлеуетін жетілдіруге үн қосып өнер мен мәдениет әкелуінің маңызы зор. Театрдың жаңа бастамаларына сәттілік тілейміз! Толағай табыстарымен көрермендерін қуантатын жастар өнеріне Ақ жол тілейміз!