Жанат Көшеннің «Ғасырлар аралығындағы диалог» атты жеке көрмесі ашылады

2019 ж. 1 наурызда сағат 16.00-де ҚР Суретшілер одағының мүшесі Жанат Көшеннің «Ғасырлар аралығындағы диалог» атты жеке көрмесі ашылады. Көрмеге суретшінің 50-ден астам кескіндемелік және графикалық туындылары қойылады.

1983 жылы Н.В. Гоголь ат. Алматы көркемсурет училищесін, 1988 жылы Алматы Мемлекеттік театр-көркемсурет институтын тәмамдады.2000 жылдан Т. Жүргенов ат. Қазақ Ұлттық өнер академиясының колледжінде оқытушылық қызмет атқарып келеді. 2003 жылы Жанаттың бастамасымен қондырғылы графика мамандығы ашылды.

Суретші жастар арасында өтетін көрмелерге, сондай-ақ аймақтық және шет елдік көрмелерге жиі қатысып тұрады, жұмыстары шет елдердің түрлі галереялары мен жеке жинақтамаларында сақтаулы.

Жанат өзінің жеке көрмесіне 50-ден астам кескіндемелік және графикалық туындыларын қойды. Бұлар – ұлттық стильде жазылған тұрмыстық және сюжеттік картиналар, натюрморттар, портреттер мен пейзаждар.

Кескіндемелік және графикалық жұмыстары түрлі көркемдік стиль мен техникада орындалғанымен, суретшінің гратография мен түсті графикаға ықыласы басым.

Жанат Көшен тыным таппастан шығармашылық ізденіс үстінде жүреді, түспен, сызықпен, формамен және түс пен көлеңкенің қарама-қарсылығымен батыл эксперимент жасайды, пастельмен, гуашьпен сурет салады. 2016 жылдан гратографияда тушь, гуашь және акварель үшеуін үйлестіре бастады.

Көп бояулы әдемі де әсерлі шығармаларын шығыс аңыздары мен әфсаналарының желісімен туындатқан. Шығыс пен Батыстың мәдени мұрасын зерттеп-зерделеп, ой елегінен өткізген суретші уақытпен «көзбе-көз» байланыс орнатады. Асықпайтын бірқалыпты ырғағы бар, нұр сәулелі бояулар мен шынайы және ертегілік образдарға толы сан келбетті және алуан түсті әлемді Жанат өзінің ешкімге ұқсамайтын көрнекті де көркемдік тәсілімен бейнелеген.

Көрме 2019 ж. 29 наурызға дейін өтеді.

Көрменің жетекшісі      

Нұрфейізова Нұржамал Бекбосынқызы,

Қазақстан қолданбалы өнер бөлімінің аға ғылыми қызметкері

23 Ақпан 2019
196
0
0