‘DEBUT’ Нұрғожаев Алмастың жеке шығармашылық көрмесі

Нұрғожаев Алмас – бүгінгі қазақ бейнелеу өнеріндегі белсенді жас суретшілердің бірі. Суретшінің туындылары – оның ішкі әлемі мен жан-толғаныстарының көрінісі.

Қызыл кітап. 2019. Кенеп, майлы бояу. 150х170

Самал Мамытова

көрме кураторы


Оның шығармаларын тамашалаған кезде бірінші болып көзге түсетіні – күрделі қозғалыс пен ракурсқа құрылған экспрессияға толы композициялар. Қылқалам шебері натураны жалпылау мен монументализациялауға жақын. Ол адамның сыртқы физикалық күйін ғана емес, сонымен бірге біздің заманымызға тән ішкі психологиялық шиеленісті де көрсетуге тырысады.

‘DEBUT’ Алмастың алғашқы жеке шығармашылық көрмесі болғанымен, оның қатысқан көлемді көрмелер тізімінен аса белсенді әрі айтарлықтай тәжірибелі суретші екенін аңғарамыз. Экспозицияға автордың соңғы екі жылда орындалған үлкен форматтағы 15 кескіндемелік туындылары қойылған.

Суретші тақырыптарының желісі кең. Әке мен баланың қарым-қатынасы, махаббат, қоғамдағы өткір мәселелер, сондай-ақ, ең бастысы адам және оның өмірмен немесе өзімен күресі. Бұл бейнелердің әрқайсысы ғаламдық тебіреніспен көмкерілген. Олар өткір жағыстар мен монохромды түстер үйлесімінде күрделі ракурсте шешіліп, дене-бітімдеріне ерекше мән беріле бейне бір мүсінші секілді саз балшықпен емес, түс арқылы сомдалады.

Нұрғожаев Алмас өзінің кескіндемелік туындыларында детализациядан саналы түрде алшақтап, композицияның монументалдығына ұмтылады. Ол өзі мен кенептегі бейненің ара қашықтығын сақтай отырып жалпылыққа қол жеткізеді. Яғни, суретші сыртқы тұрмыстық суреттеуден гөрі философиялық ойлауға талпынады. Оған автордың «Әке қанаты», «Диалог», «Көктен», «Ауыз бекіту», «Сырласу», «Келісім алдында» композициялары жақсы мысал бола алады. Мұнда қылқалам шебері басты бейнені ауқымды етіп көрсетсе, жазықтық бетіндегі заттар мен фигуралар үшін кенеп көлемі әрқашан тарлық ететіндей әсер қалдырады. Ал, «Автопортретінде» әр кезеңде де өз дәуірінің қаһарманы болып табылатын суретші бейнесін күрделі қозғалыста барынша айшықты етіп жазады. Мұндағы суретшінің басты қарулары – қылқалам мен палитра. Сонымен қатар, «Ояну», «Қызыл кітап», «Жаңа әуен», «Суретшінің жолы», «Шарықтау» кенептері тұрмыстың шиеленісін, шығармашылықтың тынысын, сезім мен ойдың драмалық диалогын көрсетеді. Нұрғожаев Алмастың шығармашылығында заманауи қазақ бейнелеу өнеріндегі жаңа ізденістер мен талпыныстар көрініс табуда.

Нұрғожаев Алмас 1988 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Кеген ауылында дүниеге келген. 2007 жылы О. Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжін, 2012 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын Ж. Қайрамбаев, Ө. Жұбаниязовтардың шеберханасында тәмамдады. 2017 жылы Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның магистратурасын тәмамдады. 2012 жылдан ҚР Суретшілер одағының мүшесі. 2016 жылдан О. Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде ұстаздық қызмет атқарып келеді.

Қызыл кітап. 2019. Кенеп, майлы бояу. 150х170

Диалог. 2019. Кенеп, майлы бояу. 150х170

Әке қанаты. 2019. Кенеп, майлы бояу. 150х170

Автопортрет. 2019. Кенеп, майлы бояу. 100х100

Келісім алдында. 2019. Кенеп, майлы бояу. 150х170

9 Тамыз 2019
283
0
0