Бельгияның Фландрия өлкесіндегі Гент қаласына жолым түскен сайын қаланың орталығындағы әулие Бавон соборына кіріп шығамын. Әлемдегі ең көркем туындыға тағзым ету үшін. Бұл жерде солтүстік Ренессанс шебері Ян Ван Эйктің «Гент мехрабы» деп аталатын туындысы сақтаулы. Собордың әрқашан ашық тұратын қақпасынан өтіп, солға бұрылсаңыз, көріксіздеу киоскіні көресіз. Сол киоскіден 4 евроға билет сатып алып, киоскінің артындағы жеке капеллаға өтсеңіз, күні жетпей туған нәрестенің инкубаторы тәрізді әйнек қорғанның ішіндегі биіктігі 4 метр, ұзындығы 5 метрге жуық ашылмалы-жабылмалы 24 панельден тұратын полиптих-мехрабтың көркі көздің жауын алады.
Қызыл мен жасыл басым композицияның ортасында – құрбандық қаны сорғалаған қасиетті қозы. Оған ғибадат етіп бас иген халайықтың жанарында жас, жүрегінде дұға. Дүйім жұрттың күбірі әлдебір әуенге айналғандай, құлағыңызға Грегориан псалмдары әлде Аллегридің «Miserere» сазы жеткендей ме? Енді бір сәтте символға толы бейнелер мен інжіл хикаяттары біртіндеп айқындала түседі. Жаратушының жарлығы – тағдырына иман еткен Мария күнәсіз тәнін көк жібекпен тұмшалап, пәктік символы – ақ тұңғиық және раушан гүлдері көмкерген тәжі сұлу келбетіне жараса, інжіл бетіне үңілген. Әлгіндегі әуен қайдан келді десеңіз, мехрабтың қос қанатындағы алтын шашты періштелердің жаратушыны ардақтаған құдіретті дауысы мен арфаның ғажап үні екен. Інжіл кейіпкерлері мен хикаяттарын тәржімелеуге келгенде қиялы ұшқыр шебердің бұл туындыға іждағатын салғаны анық.
Католик дініне жан-тәнімен берілген Ян Ван Эйк бұл туындыны жаратушы алдындағы парызы деп білді ме екен әлде дүниеден нәресте сүюге зар болып өтіп бара жатқан бейбақ Вейдтерге ұсынған жұбанышы ма? Суретті ағайынды Губерт және Ян Ван Эйктерге Гент қаласының тұрғыны Йос Вейд деген азамат тапсырған. Фламанд ақсүйектерінің ең беделді отбасыларынан шыққан Йос Вейд пен оның жұбайының балалы болу арманы орындалмағандықтан, Йос Вейд бүкіл байлығын шіркеу салуға жұмсапты. Ал бұл мехрабты сол шіркеудегі әйелінің жеке капелласы үшін салдырған. Кейіннен бұл шіркеудің әулие Бавон соборына айналғанына бұл туындының тікелей қатысы бар.
Мехрабтың төменгі жағында «Теңдесі жоқ Губерт Ван Эйк бастап, шеберлігі жағынан екінші болып табылатын Ян Ван Эйк аяқтаған. Мехраб 1432 жылы 6 мамырда ашылды» деп жазылған. Бірақ ағайынды Ван Эйктер бұл суретті бірге салған деген пікір кейінірек жоққа шығарылды. Көптеген зерттеулер мен рентген нәтижелері бұл туындының жалғыз авторы Ян Ван Эйк болып табылатынын дәлелдеді. Бүгінде жылына миллионнан аса адам келіп тағзым ететін туындысын дүниеге әкелгенде, Ян Ван Эйк өз шеберлігінің алты ғасыр бойы билік құмар басқыншылардың соғыс олжасына айналады деп ойлады ма екен?
Қилы замандар дүрбелеңінде
1566 және 1578 жылдары протестанттық иконокластар Гент қаласына шабуыл жасағанда, қала тұрғындары мехраб панелдерін мұнараға жасырып, екі рет аман алып қалған. 1555 жылы Испания королі II-Филипп Нидерландияның 17 аймағының лорды болып тағайындалғанда, туындыны иемденуге ынтызар болады. Шіркеу басқармасы бұл мәселені фламанд суретшісі Михиль Коксиге туындының көшірмесін жасатып шешкен екен. Бірақ Гент тұрғындары туындыны ашкөз басқыншылар Наполеон Бонапарт пен Гитлердің қарақшылығынан қорғай алмаған. 1794 жылы Наполеон төменгі елдерге басып кіргенде, француздар туындының негізгі 4 панелін тәркілеп, Парижге алып кеткен. 1815 жылы Ватерлоо шайқасынан кейін герцог Веллингтон туындыны Фландрияға өз қолымен қайтарған. 1821 жылы туындының бірнеше жақтауын Пруссия королі III-Фридрих Вильгельм арт дилер арқылы сатып алып, Берлин қаласындағы Кайзер Фридрих музейіне сыйлаған. 1919 жылы Версаль келісімінің шартына сай, Германия жақтауларды Бельгия мемлекетіне қайтаруға мәжбүр болады.
Бұның барлығы аз болғандай, 1934 жылы 10 сәуірге қараған түні мехрабтың әділ билер және Джоан Баптист суреттелген төменгі сол жақ екі панелі іс-түссіз жоғалып кеткен. Ертеңінде ұрлықшы хат арқылы қомақты пұл талап еткен. Бельгия өкіметі талапты орындаған соң, ұры «Джоан Баптисті» Брюссель қаласының солтүстік вокзалындағы жүк қоймасына тастап кеткен. Ал «Әділ билер» сол қалпы табылмаған жоқ. Бұл ұрлықтың шындықтан гөрі детективке ұқсастығы сонша, Альберт Камю бұл оқиға желісін белгілі әңгімесінде пайдаланған.
1940 жылы Гитлер Бельгияға басып кірген күні, собор әкімшілігі туындыны жүк салымен Францияның По қаласына қоя береді. Өкінішке орай, Гитлер маршал Петенмен мәмлеге келіп, Виши өкіметі По музейіне туындыны немістерге беруге бұйырады. 1944 жылы одақтастар Германияға жақындағанда, фашистер Еуропа елдерінен тәркіленген өнер туындыларын түгел тұз өндіретін кен үңгірлеріне жасырған. Үңгірдің аузына динамиттер қойылып, күзетшілерге одақтастар келген жағдайда жарып жіберуге нұсқаулық беріледі. Американың 3-армиясы бұл жоспардың іске асуына кедергі жасап, барлық өнер туындыларын құтқарып қалған. Бұл жердегі қызықты дерек – Ван Эйктің «Гент мехрабы» үңгірдегі Гитлердің жеке коллекциясынан табылған. Яғни, Гитлер де бұл туындыны иемденуге ынтызар болған.
Шеберлердің шебері
Ян ван Эйктің есімі фламанд сурет шеберлігімен аттас сияқты. Кезінде итальян суретшісі Джорджо Вазаари өзінің көркем өнер жайлы алғашқы монографиясында Италия Ренессансын асыра мақтап, фламанд мектебін «примитивизм» деп кеміте бағалаған. Қазіргі көркем өнер дискурсында бұл кезең «Солтүстік Ренессанс» деп аталады және Ян Ван Эйк осы кезеңнің ең көрнекті өкілі болып табылады. Шеберлігі жағынан бұл суретші Леонардо да Винчи, Рафаэль Санти және Рембрандпен қатар тұрады.
Ян Ван Эйк ұзақ уақыт «мейірімді» III-Филлип сарайында испан королінің жеке суретшісі болған. Суретші бұл қызметтен тек қана 1431 жылы босаған іспетті. Дегенмен, Ян Ван Эйк Гент мехрабын 1422 және 1432 жылдар аралығында салғаны жайлы жазба деректер болғандықтан, мамандар суретші тапсырысты сарай қызметімен қатар орындаған деп санайды. Яғни, Ян Ван Эйк Фландрияның Лиль, Брюгге және Гент қалаларында бірдей жұмыс істеген.
Кезінде тек қана діни қызмет атқарған бұл туынды алты ғасырда құны арта түспесе, еш азаймаған Ян Ван Эйктің бүкіл шеберлігін паш ететін дүние. Жаратушыға нақты адам келбетін беріп суреттеу Ян Ван Эйктің өнер тарихына сыйлаған жаңалығы. Бұл суретте періштелер алғаш рет қанатсыз, сұлу қыздар кейпінде бейнеленген. Бұл туынды жайлы жазылған еңбектер жүздеп емес, мыңдап. Композициясының біртұтастығын, тақырыбы және суреттеу мәнері тұрғысынан мінсіздігін сараптап зерттеу жұмыстары толастар емес. Оған қоса, бұл туынды жас суретшілер мен басқа өнер иелері үшін қай жағынан болса да шексіз шабыт және білім көзі болып табылады. Мысалы, бейіш бағының флорасы мен фаунасын суреттеуде шебер кәдімгі ботаникалық біліктілік танытқан. Арнайы ұлғайтқыш линзамен ғана көруге болатын 70-тен аса өсімдік және гүл түрін мамандар айнытпай таныған. Суретшінің шеберлігін жақыннан көргіңіз келсе, Closer to Van Eyck жобасына өтіп, әр панелді бассаңыз, суретшінің он жылдық еңбегін егжей-тегжейіне жете көру мүмкіндігіне ие боласыз.
Реставрация
Бельгия өкіметі бүкіл Еуропа елдерінің мәдени мұрасы және мақтанышы болып табылатын «Гент мехрабын» сақтау әдістерін анықтап, қалпына келтіру мақсатымен 2011 жылы реставрация жұмысын бастады. Бұл туынды өткен ғасырларда бірнеше рет реставрациядан өткен. 1951 жылы арнайы халықаралық мамандар комиссиясы құрылып, туынды алғаш рет мұқият зерттелген. Бірақ ол кезде қазіргі технологиялар мен бояу қорғайтын лак түрлері болмағандықтан, реставрация тиісті деңгейде орындалмаған еді.
2011 жылы Бельгия өкіметі, Гент және Антверпен университеттерінің зерттеу орталықтары мен Бельгияның музейлер бірлестігі және тағы басқа көптеген ұйымдар халықаралық беделі зор зерттеушілер мен реставраторлар тобын құрып, 1 миллион евро тұратын, күрделі де ұзақ реставрация жобасын бастады. Алдымен ең соңғы сканерлер мен рентген түрлерінің көмегімен панельдердің әрқайсысы жеке-жеке зерттеліп, қолданылған материалдар мен бояу қабаттары анықталып, халықаралық мамандар кеңесі реставрация әдістерін анықтаған. Оған қоса, бұл кеңес өткен ғасырларда суреттің бүлінген жерлерін жасыру үшін жағылған бояу қабаттары мен қорғау үшін жағылған лак қабаттарын түгел сылып алып тастау қажет деген шешімге келген. Бұл – скальпель және арнаулы еріткіш зат көмегімен сантиметрлеп жасалатын өте баяу жұмыс. Жеті жылға созылған тазарту жұмысы күтпеген нәтижеге жеткізген: Ван Эйктің өзінің түпнұсқасы сол қалпында сақталған екен. Бұл сенсациялық жаңалықты мамандар Revelation, яғни "қайта табу" деп атады. Бұл тамаша жаңалық көркем өнер зерттеушілеріне Ван Эйктің шеберлігі жайлы қосымша ақпарат алуға мүмкіндік беріп отыр, ал өнер сүйер қауым бұл теңдесі жоқ туындының тағы бір жеңісіне куә болды.
PS: Реставрация нәтижелерімен де жоғарыда көрсетілген уебсайт арқылы танысуға болады.
Қолданылған материалдар:
- «Нағыз Гент мехрабы табылды». Culturcentrum баспасы, 2016
- «Гент мехрабының сыртқы қанаттары», KIK-IRPA 2016