Мақала
QaraFest: "Бағбан" фильмі
Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматыда өте қатты дауыл тұрып, тау бөктерлеріндегі қарағайлар бір күнде сұлап түсті. Тура қапияда жау шауып, қалың әскерді қырып салғандай болды. Жергілікті билік, мемлекеттік қорық мекемесі дауыл опырып кеткен ағаштарды жинамады. Олар қазір де қурап, ағаш бейіттерге айналған. Өлген. Грузин режиссерінің «Бақша әшекейі» деректі фильміндегі алып ағаштың Алматы тауларындағы мыңдаған бейіт ағаштардан айырмашылығы ол – тірі. Бірақ...
Бөлім: Кино
Датасы: 22.09.2021
Авторы: Өміржан Әбдіхалық
Мақала
QaraFest: "Бағбан" фильмі
Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматыда өте қатты дауыл тұрып, тау бөктерлеріндегі қарағайлар бір күнде сұлап түсті. Тура қапияда жау шауып, қалың әскерді қырып салғандай болды. Жергілікті билік, мемлекеттік қорық мекемесі дауыл опырып кеткен ағаштарды жинамады. Олар қазір де қурап, ағаш бейіттерге айналған. Өлген. Грузин режиссерінің «Бақша әшекейі» деректі фильміндегі алып ағаштың Алматы тауларындағы мыңдаған бейіт ағаштардан айырмашылығы ол – тірі. Бірақ...
Бөлім: Кино
Датасы: 22.09.2021
Авторы: Өміржан Әбдіхалық
QaraFest: "Бағбан" фильмі

Кино бергісіз деректі фильмде алып ағаштың түп-тамырымен өзге жаққа көшірілу хикаясы боямасыз, өте шынайы көрсетіледі. Фильмдегі режиссер мен оператордың және суретшінің жұмысына ұзақ қол соғуға тұрарлық. Шынымен де ғажап: Камерадағы қозғалыссыз, ұзақ кадрлар адамды өзіне тартады әрі сәл еліктіріп, алға емінтеді.

Алып ағашты түп-тамырымен көшірудегі машақаты мол жұмыс және жұмысшылардың өзара диалогынан ақша мен биліктің алдында қаншама сан ұрпақтың өмірінің аяулы естелігіне, қаншама тарихқа куә алып ағаш та, сол ағашты көшіруге келген кішкентай адамдар да сондай әлсіз, қорғансыз. Фильмде ақша мен билік көрінбейді, бірақ екеуінің күші, демі, даусы, ықпалы сәт сайын сезіліп тұрады. Ақша мен биліктің аурасы өте ауыр. Ал адамдар ше?

Адамдар бар... Сондай кішкентай адамдар. Биліксіз, ақшасыз, ықпалсыз. Олар алып ағашты шығарып салуға ғана жарады. Иә, қорғамақ болды, ашуланды, ызаланды. Бірақ күресуге дәрмен жоқ. Қорғауға, қорғануға ерлік те жоқ. Фильмде ауыл тұрғындарының алып ағашты шығару салу сәті бар. Көздеріне жас алады. Бұл жерде ақша мен билік жай ғана алып бір ағашты түп тамырымен алып қана бара жатқан жоқ, сол ағашпен тамырласып кеткен сан ұрпақтың естелігін, балалығын, өмірдегі ең аяулы сәттерін тамырымен, топырағымен қоса алып кетті. Үйдей орнымен қоса алынған алып ағаштың орнында тамыр алып көктейтін тамыр қалған жоқ. Ал кішкентай адамдардың қолынан ашулану мен көздеріне жас алу ғана келді.

Егер, біз, әр ағаштың Отаны оның егілген жері десек, онда әр ағаш өз туған жерінде, Отанында тұрып, қурауы тиіс. Ал алып ағашты жер аударып жіберді. Қандай қылмысы үшін? Алып болғаны үшін. Көрген адамның аузы ашылып таңырқап қалатындай таңғажайып әдемі болғаны үшін. Ол біреудің ағаш коллекциясын толықтырады. Тірі ағаштан коллекция жасау.

Фильм ішінде әрегідік ойналатын музыка да сондай азалы. Алып ағаштың азасы сынды. Ал жалпы фильмнің өн бойы табиғи дыбыстармен өрнектеліп, адам мен табиғаттың боямасыз, алып-қоспасыз шын кейпінде көрінуі фильмнің ең үлкен жетістігі. Фильмде «табиғатты аялайық, жердің өкпесін қорғайық» дейтін ұрандар атымен жоқ. Тек адамдардың шарасыз диалогтары, тынымсыз техника. Сосын алып ағаштың үнсіздігі, теңіздің тыныштығы. Соңғы кадрлардың бірінде теңіз бетінде аралдай болып қасқайып кетіп бара жатқан алып ағаш көрінеді. Бірте-бірте ұзап кішірейеді. Сондағы алып батырдай жан-жағынан тросспен байланып, жер аударылып кетіп бара жатса да қасқайған алып ағаш бейнесі күреске шақырып тұрғандай әрі сондай сұсты, экрандағы қасқайған алып ағаш бейнесі көрген жанға күш-қуат, күрескерлік қайсарлық сыйлап тұрады.

Финал – күтіммен тұрған керемет бақ. Сыңсып тұр. Алып ағаш осы бақтың бір эскпонатына айналады. Экспаноттар ағаштар. Бәрі де жер аударылып келгендей. Алып ағаштар. Және бәрі көңілсіз, мұңды.