Биыл Қазақстандағы кәсіби кинотану мектебіне 30 жыл толып отыр. Сондай-ақ, отандық кинотану мектебінің негізін қалап, қазақ кино теориясы мен сынының дамуына өлшеусіз үлес қосқан кинотанушы, профессор, өнертану кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Нөгербек Бауыржан Рамазанұлы 75 жасқа толар еді.
Қос атаулы датаға орай, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Өнертану» факультеті, «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасы ұйымдастырған «Қазақстандық және әлемдік білім беру контексіндегі заманауи кинотану: мәселелері, тенденциялары және келешегі» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік форум аясында «Заманауи қазақ киносының мәселелері» атты ұжымдық монографияның тұсаукесер рәсімі өтіп, киносүйер қауымның назарына ұсынылды. Монографияға заманауи қазақ кино өнерінің бағыт-бағдарын айқындап, болашағын бағамдап, ұлттық кино өнерінің өзіндік ерекшеліктері мен үдерістерін кинотанушылық тұрғыда терең әрі жан-жақты зерттеген ғылыми мақалалар енген.
Кинотанушы, өнертану кандидаты, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры Мұқышева Назира Рахманқызы «Тұлпардың ізі» фильмі мен сценарийіндегі көркем детальдар: арқанның драматургиялық маңызы» тақырыбында жазылған зерттеуінде «Тұлпардың ізі» фильміне терең талдау жасап, кинематография шығармаларындағы көркемдік детальдің маңызын кинотуындының әдеби және режиссерлік сценарийлерін салыстыра отырып анықтаған. Зерттеу барысында белгілі теоретиктер мен кино зерттеушілерінің пікірлеріне сүйене отырып, архив қойнауында сақталған құжаттар негізінде дәлелдеп, жан-жақты ашқан.
Кинотанушы, өнертану кандидаты, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Өнертану» факультеті, «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының доценті Мурсалимова Гүлнар Амангелдіқызының «Режиссер Абдолла Қарсақбаев – қазақ көркемсуретті балалар киносының негізін қалаушы» тақырыбында жазылған зерттеу жұмысында 1960-70-ші жылдардағы балалар жайлы түсірілген көркемсуретті фильмдерге назар аудара отырып, осы бағыттағы туындылардың дамуына қосқан кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың үлесі жайлы саралаған. Автор кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» фильмін зерделей отырып, Қожаның экрандағы ұлттық бала бейнесін қалыптасып, режиссердің басқа фильмдерде жалғасқандығын анықтаған. Еліміздегі кино өнеріндегі қазақ көркемсуретті балалар киносының негізін салған режиссер Абдолла Қарсақбаев болып табылатынын талдау барысынды дәлелдеген.
Кинотанушы, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Өнертану» кафедрасының аға оқытушысы Нөгербек Сәкен Бауыржанұлының «Ұлттық кинодраматургияның дамуы мен жаңа кейіпкер бейнесі» атты мақаласында кинодағы әдеби сценарийдің маңыздылығы жайлы айтылып, отандық кинодраматургия мәселелері қазақ киносының теоретиктері мен тарихшыларының пікірлеріне сілтемелер келтіріле отырып айқындалған. Зерттеу барысында қазіргі қазақ кинематографындағы экрандық кейіпкердің мінездемесі нақтыланып, сипаттама берілген.
Кинотанушы, «6D041600 – Өнертану» мамандығы бойынша философия докторы (PhD), Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Өнертану» факультеті, «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының доценті Айдар Алма Мұратқызы өз зерттеу жұмысын «Заманауи қазақ киносындағы арт-синеманың ерекшеліктері: жаңа тенденциялары мен перспективалары» тақырыбында жазған. Зерттеу барысында қазақ киносындағы арт-синеманың өзекті мәселелері айқындалып, жүйеге келтіріліп, оларды шешудің жолдары ұсынылған.
Кинотеледраматург, өнертану ғылымдарының магистрі, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Өнертану» факультеті, «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының аға оқытушысы Бөрібаева Динара Дәулетқызы зерттеу жұмысын «Түркі әдебиеті мен кино өнеріндегі анималистік бейнелердің интерпретациясы» тақырыбында жазған. Автор ұлттық дүниетанымымыздағы Көкбөрі мен жылқы бейнесінің алатын орны мен маңыздылығын саралай отырып, олардың қазақ көркемсуретті фильмдеріндегі ашылу деңгейіне баға берген.
Кинотанушы, өнертану ғылымдарының магистрі, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Өнертану» факультеті, «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының аға оқытушысы Жұмабеков Ержан Фазылұлы зерттеу нысаны ретінде «Қазақстандағы кинофестивальдер қозғалысының негізгі мәселелері» тақырыбын алған. Зерттеу барысында кино өнерінің дамуындағы кинофестивальдің алатын орны мен маңыздылығын алға тартып, қазақ кино өнерінің насихатталуына қосатын үлесін анықтаған.
Кинотанушы, өнертану ғылымдарының магистрі, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Өнертану» факультеті, «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының оқытушысы Әмірбекова Дана Нұрмұхаметқызы ғылыми зерттеуін «Қазақ жаңа толқын киносы шығармашылығындағы режиссерлік ізденістер мен ерекшеліктер»тақырыбында жазған. Зерттеу барысында «Қазақ жаңа толқын» киносы авторларының ойеркіндігі мен стильдік ерекшеліктері назарға алына отырып, олардың ұлттық кинорежиссурамызды қалыптастырған аға буын өкілдерінің көркемсуретті тәсілдері мен түсіру мәнерлеріне түбегейлі өзгеріс енгізгендігін анықтаған. Содай-ақ, «Қазақ жаңа толқын»шығармаларындағы кино тілінің өзгешеліктері мен ерекшеліктері айқындалып, кинотанушылық тұрғыда жүйеленген.
Сценарист, драматург, өнертану ғылымдарының магистрі, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Өнертану» факультеті, «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының аға оқытушысы Ахмет Ақмоншақ Батырқызы монографияда ұсынған мақаласын «А.Әмірқұловтың "Отырардың күйреуі" және "Абай" фильмдеріндегі тарихи тұлғалардың экрандық көркем бейнесі» тақырыбында жазған. Ойын тарқата келе, қазақ тұлғаларының экрандағы бейнесі әдеби нұсқамен салыстырғанда әлсіздеу шыққандығын алға тартып, өз ойын нақты дәйектер арқылы талдап, дәлелдеген.
Кинотанушы, өнертану ғылымдарының магистрі, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Өнертану» факультеті, «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының оқытушысы Көпбаева Гүлім Көпбайқызы зерттеу нысаны ретінде «Кинематографиядағы операторлық өнер (Кинорежиссер С.Қожықов пен А.Ашраповтың "Қыз Жібек" фильмінің негізінде)» тақырыбын алған. Мақаласында ұлттық операторлық өнердің экран өнерінде алатын орны мен кино тілінің өркендеуіне қосатын үлесі жайлы айтылған.
Кинотанушы, өнертану ғылымдарының магистрі, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Өнертану» факультеті, «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының оқытушысы Әлімақын Жанболат зерттеу жұмысын «Авторлық кинодағы режиссер ұғымы және заманауи отандық фильмдердің көркемдік ерекшеліктері» тақырыбында жазған. Кинотанушылық зерттеу барысында автор қазақ киносындағы режиссерлік стильдік ерекшеліктер төңірегінде ой қозғаған.
Кинотанушы, өнертану ғылымдарының магистрі Егеубаева Еңлік Бауыржанқызы зерттеу жұмысын «Фольклорлық фильмдердегі адам және табиғат байланысы» тақырыбында жазған. Зерттеу нысаны ретінде кинорежиссер Серік Апрымовтың «Аңшы» және кинорежиссер Ермек Тұрсыновтың «Келін» фильмдерін алып, өз тақырыбын салыстырмалық-сараптамалық талдаулар жасай отырып ашқан.
Кинотанушы Жаркенова Жұлдыз Бекболатқызы зерттеу жұмысын «Қазақ жаңа толқын фильмдеріндегі заттық ортаның көркемдік-бейнелі мотивтері» тақырыбында жазған. Зерттеу барысында «Қазақ жаңа толқын» режиссерлерінің көркемдік және семантикалық тұжырымдар тұрғысынан заттық ортаны құрудағы ерекшеліктері анықталған.
Бүгінгі қазақ киносының өндірістік қарқыны жоғарғы деңгейде. Осы орайда, отандық кино саласының тынысы мен бағыт-бағдарына, режиссерлердің стильдік ерекшеліктері мен оларды толғандыратын тақырыптарға, заманауи қаһармандар мен олардың қоғамға тигізетін әсері қатарлы тағы да басқа көптеген өзекті мәселелерге кинотанушылық сараптама жасап, кәсіби тұрғыда зерттеп, оларға дер кезінде баға беруде кинотану саласының маңызы аса зор. Аталмыш ұжымдық монография «Қазақ жаңа толқын» көркемдік бағытынан бастап кейінгі қазақ кинорежиссерлерінің шығармашылық ізденістері, олардың фильмдерінің тақырып аясы мен көркемдік шешімдерінің алдыңғы буын режиссерлерінен өзгешелігі, қазақ киносына келген кейіпкерлердің заманауи келбеті іспеттес көптеген мәселелерді саралауға зор мүмкіндік береді.
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Өнертану» факультеті, «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының ұйымдастыруымен жарық көрген «Заманауи қазақ киносының мәселелері» атты ұжымдық монографияға мәтіндері енген авторлар ұлттық экран өнерінің өзекті тақырыптарын көтере отырып, қазақ киносының тың әрі маңызды мәселелеріне қатысты танымдық зерттеулер жүргізіп, түйткілді тұжырымдар жасаған. Бұл ғылыми еңбек жоғарғы оқу орындарында білім алушыларға, жоғары мектеп оқытушылары мен институттардың ғылыми қызметкерлеріне, өнертанушыларға және кино саласына қызығушылық танытатын оқырмандарға арналған.