Мақала
Рутинаның Шырмауында: Режиссер Айжан Қасымбектің «От» Фильмі
Бөлім: Кино
Датасы: 16.06.2024
Авторы: Oner Portal
Мақала
Рутинаның Шырмауында: Режиссер Айжан Қасымбектің «От» Фильмі
Бөлім: Кино
Датасы: 16.06.2024
Авторы: Oner Portal
Рутинаның Шырмауында: Режиссер Айжан Қасымбектің «От» Фильмі

Қазақ кинематографиясындағы ұлттық кімдікті тануға бағытталған “QAZAQ KINOSY: BIZ KIMBIZ” жобасы аясында талқыға түскен фильмдердің бірі - режиссер Айжан Қасымбектің “От” фильмі. Бұл фильм талқыға бекер таңдалған жоқ, өйткені автор Алматыда жалдамалы пәтерде тұратын қарапайым отбасының күнделікті өмірін суреттейді. Бұл отбасының жағдайы қарапайым көрерменге өте таныс, кейіпкер психологиясы түсінікті. Дегенмен, фильм сюжетінде көрсетілген құндылықтар мен қайшылықтар қазақ қоғамына тән бе? Біз кімбіз, кейіпкерміз бе әлде жағдайдың еріксіз куәгерлеріміз бе? Біздің күнделікті іс-әрекетіміз қоғамдық норманы қалыптастыра ма әлде қоғам ережелері жеке адамның әдетін қалыптастыра ма? Осы төңірегіндегі талқыға драматург Әннәс Бағдат, әлеуметтанушы Әлібек Қисыбай мен медиа эксперт Бэлла Орманбет қатысты.

Жалпы қоғамдағы дискурстарға үлкен әсер етуші факторлардың бірі - геосаяси жағдайлар. Соңғы уақытта жиі талқыланып жүрген деколониал, постколониал ұғымдары мен Identity тақырыптары соғыстан (Украинадағы) кейін көбірек посткеңестік кеңістікте, соның ішінде Қазақстанда негізгі дискуссия тақырыптарына айналды. Дегенмен, бұл соғыстан кейін ғана пайда болды деп айту ыңғайсыз болар, бұдан бұрын да зерттеушілердің тақырыптары болған, белгілі бір мәдени, шығармашылық орталарда, көркем шығармаларда, зерттеу мақалалаларда бой көтеріп жүрді, біртіндеп пайда болған жоқ. Мүмкін, соғыс бір түрткісі болған шығар. Осы тақырып негізінен бір дискурстың бетіне қалқып шықты.

Бұл тақырыпты модератор Әннәс Бағдат Identity деген ұғымның анықтамасынан бастады. Бұл сұраққа әлеуметтанушы Әлібек Қисыбай кімдік, яғни "мен кіммін?" деген сұраққа жауап іздеу адамның табиғатында бар нәрсе екенін айтты. Әлеуметтанушы ретінде айтарым, Identity - қоғамдық құбылыс, яғни мен бармын және басқалары бар дегенді білдіреді. Мысалы, мен бармын, отбасым бар, қоғам бар, басқа адамдар бар. Бірақ сонымен қатар біз және олар деген категориялар бар, яғни мен үлкенірек бір категорияға бірігіп, біз және олар деп кездесіп жатады. Солардың ең танымалы - ұлттық мысал: біз кімбіз, біз қазақпыз, біз америкалықпыз, басқамыз дегендей. Бірақ Identity түрі көп болады. Мысалы, гендерлік Identity немесе діни Identity. Кейде ол Identity-лер бірлесіп кетеді: мен қазақпын, сонымен қатар мұсылманмын немесе мен америкалықпын, пәкістандықпын деген секілді элементтер қосып жатады. Сол үшін Identity деген бір сөзбен сипаттап айтатын құбылыс емес, бірақ ол адам табиғатындағы бар, өзін-өзі танудың көрінісі деп атауға болады. Сол үшін Identity-дің өзінің бір иерархиялары, әр қоғамда өзінің реттілігі, конструкциясы кездесіп жатады.

Әннәс Бағдаттың байқауынша, Identity ұғымы бізде көбінесе бір тарихқа сілтеме жасау арқылы көрінеді. Бұл тек әлеуметтанушылардың талқысында ғана емес, жалпы шығармашылықта: кинотеатрда болсын, әдебиетте болсын, қоғамдық шараларда болсын біз бір үлкен ұғымдарға сүйеніп, бір үлкен тақырыптарға, тұлғаларға, даталарға мән беріп кеттік. Соның көлеңкесінде "кішкентай адам" деп атап жүрген күнделікті өмір қалып қойған сияқты. “От” фильмінде бұл сол көлеңкеде қалып қойған, айтыла бермейтін тақырыпты қозғап жатқан сияқты. Енді өмірдегі, кинодағы, осы фильмдегі "кішкентай адам" ұғымына тоқталсақ.

Ә. Қисыбай мұның өте қызықты феномен екенін айтады:

- Негізі кез келген адам өзі үшін ең басты фигура ғой. Бір қызығы, өте жиі кездесетін, айтылатын аргумент - ХХ ғасырдың көп бөлігі гранд теорияларға арналды: марксизм, сезім немесе расалық теория деген сияқты. Сөйтіп постмодерн дейді ғой, мүмкін келісесіздер, мүмкін келіспейсіздер, бірақ постмодернде өмір сүріп жатырмыз деп ойлаймын. Постмодерндегі басты құбылыс - адамның өзі, және менің ойымша бұл адамды зерттеуге талпынатын тек қана біздің елдегі бұрылыс емес, жалпы постмодерндік бұрылыс. Адамның үлкен бір гранд теорияның, гранд идеяның, үлкен бір жүйенің ішіндегі орны сияқты.

Енді біз жиі көріп жатамыз, Голливудта айтып жатады ғой, киноға түсірген кезде жеке бір адамның өмірі арқау болады, герой болады. Мұны ізденістің талпынысы деп айтуға болады. Ал әлеуметтануға келетін болсақ, әлеуметтанудың өзі микротарих немесе микросоциология деп айтады, яғни бір адамның өмірі арқылы қоғамдағы проблеманы айту. Гинзбург Италиядағы ірімшік жасайтын адамның өмірі арқылы сол кезеңдегі әлеуметтік құрылым туралы айтып береді. Қарапайым бір етікші немесе кез келген адамның өмірін алып, соның қалай өмір сүретінін, неге сенетінін, кімдермен араласатынын, не ойлайтынын көрсету арқылы үлкенірек қоғамдағы құбылыстарды көре аласыз.

Сол тұрғыдан келгенде, кішкентай адамның өмірі бір жағынан қызықсыз болып көрінуі мүмкін. Мысалы, "Толиктің өмірі неге қызық, бізге ол неге маңызды?" деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ біз одан үлкен идеяларды шығара аламыз. Және соны кинода көрдік деп айта аламын, оны кейінірек талқылаймыз. Әлеуметтануда бізде "әлеуметтанулық қиял" деген ұғым бар. Бұл біздің ойдағыдай фантазия емес, ойлау тәсілі. Адамдар әдетте географиямен, тарихпен айналысады: "Қазақ хандығы болған, солай болған" деп. Кейбір адамдар биографиямен айналысады, яғни тек өзінің өмірімен ғана шектеледі. Бірақ әлемдегі болып жатқан құбылыстарды түсіну үшін адам биографиясын тарихтан бөліп алу керек және тарихтың биографияға әсерін түсіне алу керек. Менің ойымша, осы әдісті дұрыс қолдана алсақ, мысалы, Толиктің жалпы қазақ қоғамындағы рөлі және қазақ қоғамындағы құбылыстардың Толиктің өміріндегі рөлі туралы айтсақ, жақсырақ түсінікті болады деп ойлаймын. Яғни оның қиындықтары не үшін оған келді, не үшін ол солай өмір сүреді деген сұрақтарға жауап табамыз.

 

Фильмнің таңдалуы мен "кішкентай адам" өмірі туралы жоба қатысушыларының бірі Бэлла Орманбет былай дейді:

"Астанаға қандай фильмдерді апарамыз деп командамен талқылағанда, әрбір адам өзін осы фильмде көрсе ғой, немесе өзіне қатысты проблемаларды сезінсе ғой деп, осы фильмге тоқтадық. "Кішкентай адамның" қоғаммен қарым-қатынасын, күресін көрсеткіміз келсе, осы фильм ең дәл келетін фильм. Іштен байқалмайтын шығар, бірақ сырттай қараған адамдарға байқалады, Астана бюрократиялық қала екені, коммуникация, урбанистиканың өзі, барлығы солай қарай құрылған. Ғимараттарының өзі де өте биік, адам өзін кішкентай сезінеді. Бұл фильмде де сондай өте кішкентай адамның үлкен проблемалармен бетпе-бет келуі ерекше әсер береді.

Жалпы “кішкентай адам” деген ұғым әдебиетте бұрыннан бар, әсіресе орыс жазушылары 19 ғасырда реализм бағытында жазған кезде, жай қарапайым адам образын жасағысы келді. Фильмде де сондай бір кішкентай адамның өмірі бейнеленген. Бәріміз де кішкентай адамбыз. Кішкентай адам деген кезде ол тек қана жалақысы төмен адам емес, ол гендерлік тұрғыдан да, қоғамның тарапынан бірден қабылдана қоймайтын түрлі шағын топ өкілдері болуы мүмкін, мысалы, мигранттар, зейнеткерлер немесе әлеуметтік теңсіздікті көріп, шеттелген адамдар.

Мысалы, фильмде жүкті болып қалған қызының жағдайын шешпекші болып қайтып келе жатқанда күйеуі "сен шынымен полицияға бересің бе?" деп сұрайды. Сонда әйелі: "жоқ, қайдағы, олар бәрібір ертең өзімізді кінәлі қылады" дейді. Бұл да кішкентай адамның бір белгісі, институттарға сенімі жоқ, ол іштей өзінің шеттеп қалғанын біледі. Кинода осындай кішкентай адамның белгілері өте көп.

Осы жерде той мәселесін айтуға болады. Бас кейіпкердің әйелі тойға "он мыңнан апарайық" дейді, ол бір тойшыл болғанынан емес. Той тақырыбын зерттеп жүрген антрополог Динара Әбділда той қазақ үшін тек көңіл көтеру емес, ол әлеуметтік сатылардан көтерілу, солардың амалдарының бірі ретінде қарастырады. Мысалы, тойға адамдар ақша апарған кезде өз есебі бар. Кинода да кейіпкер тойға кейін маған көмектеседі немесе сол жерде ипотека алатын танысымыз барады деген есеппен барады. Яғни, ол тойға көңіл көтеру үшін емес, өзінің проблемасын шешу үшін бара жатыр. Динара айтады: "қоғамда әлеуметтік институттар дұрыс жұмыс істесе, мүмкін олай болмайтын еді, адамдар тойға той үшін баратын еді".

 

Осы тұрғыда фильмдегі кейіпкерлер мен қоғам арасындағы параллельдер маңызды. Әлібек Қисыбай қазақстандық қоғамдағы кейбір әрекет ету модельдері мен қабылданған әлеуметтік нормаларды байқайтынын айтады. Мысалы, бізде әлеуметтік құрылымда "риск" деген түсінік бар, әртүрлі қоғамдар оны әртүрлі бағалайды. Кейбір қоғамдарда қателік жіберсең, "жарайды, келесі рет көрерсің" дейді. Ал біздің қоғам, дәстүрлі қазақ қоғамы, әдетте риске толерантты емес: қателіктің құны өте жоғары.

Мысалы, қыздың оқиғасына байланысты, анасы мен әкесінің реакциясын қарастырайық. Кірген кездегі ең бірінші реакция агрессия болды. Бұл типикал қазақ қоғамында кездесетін реакцияның түрі: қателікті қабылдамау немесе оны қабылдамай, қорғаныс реакциясына өтіп кету.

Қарыз алуға қатысты да мысал келтіруге болады. Қарыз алу деген - риск, яғни болашақта табыс табамын деген сеніммен қазір ақша аласың. Бұл жерде риск элементі бар, бірақ отбасылық өмірде қаржылық шешім қабылдау контексті басқаша. "Ала берейік, сосын төлейміз" деген ой жүреді. Осылайша, әртүрлі идеяларды анық көре аламыз.

Буындар арасындағы байланыс та маңызды. Мысалы, атасы мен немересінің қарым-қатынасы мүлдем басқаша. Атасы: "Әкең ештеңе білмейді, сен суретті сала бер, су ішеді бұлттар" десе, әкесі өз ойын таңып, қаталдық көрсетеді. Бірақ әке мен баланың арасында ондай қаталдық жоқ. Бұл гендерлік байланыс па, әлде буын арасы ма, оны айту қиын, бірақ өзгеріс бар екенін көреміз.

Анасының қызының оқиғасы туралы естіген соң дастарханда отырған көрінісі де маңызды. Анасы шай құйып, эмоциясы болса да, тыныш отырып, басылып отыруы керек. Ал үлкендер сөйлесіп, "біздің қыз мықты, шетелге баратын болды" деп мақтанады. Бұл жерде гендерлік рөлдер анықталып отыр. Кейбір жерлерде қазақ қоғамында кездесетін модельдерді байқаймыз.

Қайтадан жеке адам мен қоғам, мемлекет пен әлем моделіне келсек, экономикалық жағдайларды еске салатын параллель бар екенін Бэлла Орманбет еске салады:

"Жұрт не дейді деген нәрсе мемлекеттік тұрғыда да бар ғой. Мысалы, біз ЭКСПО өткіземіз, оған 360 миллиард доллар жұмсаймыз, алайда біздің жолдар нашар, су тасқыны болып жатыр, техниканың 70 пайызы ескірген дейді мамандар. Бірақ соған қарамастан біз басқа жұртқа, елдерге жақсы көрінгіміз келеді. Қайтадан кішкентай адамға мүмкін оралармыз: біздің әрбір адамда жауапкершілік пен міндет өте көп, бірақ құқығы жоқ. Мысалы, университет студенттерін алсақ (ақылы болсын, грант болсын), олардың міндеттері өте көп те, құқығы аз, білім алуға, пайдалануға деген шектеулі құқы бар. Толикте де жауапкершілік өте көп, ол отбасын асырау керек, нанын жеткізу керек, барлық дүкендерді аралау керек. Бір күн ауырып қалса, оны алмастыратын, қолдау көрсететін ешкім жоқ, соншалықты жауапкершілігі өте көп бір басында. Мен бұл жерде параллельді көремін: біздің қоғамда да сондай, біз үлгілі оқушы болуымыз керек, саналы ұрпақ болуымыз керек, патриот азамат болуымыз керек дегендей. Алайда бізге қандай игілік бар, біздің құқығымыз қандай? Отбасында да сол, әйел болсын, әкесі болсын, қызы болсын, осы параллельді көремін.”

 

Әңгіме экономикалық, әлеуметтік жағдайға ойысқанда Әннәс Бағдат Фукуяманың "Сенім" деген кітабында экономикаға мәдениеттің ықпалы жайлы айта отырып, осы бір әлеуметтік жағдайға, қоғамдық құрылымға мәдениеттің ықпалына тоқталды.

Әлібек Қисыбай түрлі түсіндіру модельдері бар екенін еске салды. Мысалы, біреулер адамдардың бәрі рационалды, тек рационалды шешім қабылдайды деп айтады. Басқалар жоқ, иррационалды нәрсе көп деп санайды. Осы тұрғыдан келгенде, егер біз мәдениетті адамның өміріндегі негізгі фактор, құндылық қалыптастырушы деп ойласақ, мәдени құндылықтар (адам қандай құндылық ұстанады, неге сенеді) көп жағдайда өмір жолына, траекториясына әсер етеді.

Мысалы, киноның негізгі идеясына қарайық. Нанды бекер көрсетпеген шығар. Бұл бір механизм, яғни рутина бар. Бір қызығы Толиктың шарасыздығы, "мен жұмысымды істеуім керек, отбасыма ақша тауып келуім керек" деген идеясы бар. Басқа нәрсеге ол алаңдамайды, латын америкалық биі оның ойына кірмейді, себебі оның басты құндылығы - отбасын асырау, әкесіне қарау, балаларына білім беру. Бірақ бір қызығы, ол соңында өзгереді, билей бастайды. Билеген тұсы оның құндылығында өзгерісті көрсететін сияқты, яғни өмірге қалай қарау керек деген нәрсе.

Екінші мәселе, мысалы, той туралы айтылды. Мүмкін бір адамның құндылықтар жүйесінде тойға бару құндылық емес шығар. "Мен тойға бармасам, біреу ренжиді" десе, "жарайды, ол өзінің мәселесі, мен ондайға қарамаймын. Мен дәстүрлі қоғам өкілі емеспін, қазақ емеспін, барғым келмейді. Және менің ақшам жоқ, қарыз алмаймын" деуіне болады. Бұл жерде, мысалы, анасының жылдығы жайлы айтылады. "Ас беру керек" деген мақсат бар. Бірақ бұл қарыз алу деген экономикалық шешімге алып келіп тұр. Егер бұл оған мәдени құндылық болмаса (діни сипаттағы), онда қарыз алу ықтималдығы төменірек болады деп ойлаймын.

Бас кейіпкер Толиктің өзінің, әйелінің, жалпы ортасының қабылдап жатқан шешімдерінің көбінің түбінде мәдени құндылықтың жиынтығы бар. Бұл кейбір қоғамдарда норма болып есептеледі, кейбіреулерде норма емес. Мысалы, қызын жүкті еткен жігіттің отбасымен сөйлескен кездегі қарым-қатынасы. Қызға "сен неге олай сөйлейсің, сен тәрбиесіз болдың" дегендей бір дәстүрлі, мәдени құндылықты байқаймыз. Ал егер адамдардың өмірі басты құндылық болатын болса, отбасы, ұят емес, адам өмірі деген болса, онда диалог мүлдем басқаша болар еді. Қыздың да сөйлеуі, ұлдың да әкесіне қарсы шықпай, "иә әке, мен жауап беремін" деп айтуына әсер ететін еді. Сол үшін мәдени құндылықтардың бұл жерде рөлі өте жоғары деп айтуға болады.

Әннәс Бағдат рутинаға қатысты ойын сабақтаған кезде, нанның дайындау процесінен тағы бір параллель келтіреді. Ол Чарльз Чаплиннің "Modern Times" фильмін еске түсірді. Бұл фильм әлем киносында өте танымал, ол жерде басты кейіпкер машинист болып жұмыс істеп, сол машинаға, затқа айналып кетеді. Бұл модерн уақытын көрсетті, адамдар затқа айналып кетті. Мүмкін, шығармашылық топта да осындай идея болды ма білмеймін, бірақ нанды күнделікті пісіресің, кешке дейін сатылады, таңертең тағы пісіресің. Толиктің өмірі сияқты, бітпейтін, айнала береді, айнала береді.

Бұл бір стереотип болуы мүмкін: әйелдер де айтады, біздің жұмыс көрінбейді, өмірі бітпейді, таңертең тұрамыз, бәріне шай береміз, қайтадан ыдыс жуамыз, қайтадан тамақ істейміз деп. Қазір Толиктің өмірі де әйелдердің өмірімен параллель жасалып тұр. Ол бір кейіпкер ғана емес, ол әлеуметтік, әлемдік капитализмнің бір салдары ма, жоқ па, біздің қоғамдағы бір әлеуметтік проблеманың көрінісі ме?

Ә. Қисыбай бұл сұраққа жауап ретінде француз социологы Анри Лефеврдің "Күнделікті өмір социологиясы" деген еңбегін келтіреді. Онда адамдардың күнделікті өмірді қалай құрастыратыны сипатталады.

- Мысалы, елестетіп көріңіздер, таңертең нешеде тұрасыздар, сосын не істейсіздер, яғни әр этапты белгілі бір бірлік деуге болады: тамақ іштің - ол бір бірлік, ас үйге бардың немесе жуындың - ол екі бірлік дегендей. Осылай таңнан кешке дейін істеп көрсеңіздер, ойланып көріңіздер. Осы сіздің күнделікті өміріңіз көбіне қайталанады, яғни рутинаға айналады. Рутинизация деген нәрсе бар, яғни сіз белгілі бір нәрсені автоматты түрде істейсіздер: таңертең тамақ ішу керек, түскі уақытта түскі ас ішу керек, ораза кезінде түскі ас керек емес екен ғой деген ой келеді. Бірақ қарасаңыздар, бұл рутинизация өте жиі айтылатын ұғым. Соғыстың өзінде де болады, мысалы соғысқа алғашқы барған кезде шартты түрде 3-4 ай адам қиналып жүреді, кейін ол рутинаға айналады. ІІ дүниежүзілік соғысқа, І дүниежүзілік соғысқа қатысқан жауынгерлердің күнделіктерін немесе басқа да есептерін оқып жатсаңыз, байқайтыныңыз - соғыста да рутинизация бар. Адам өлтіру, соғысқа қатысу рутинаға айналып кетеді. Мен таңертең тұрдым, қаруымды алдым, жауға шаптық, аттық, кеттік деген сияқты рутина болды. Адамдар оған үйреніп кетеді де, үйренгені соншалық, кейін біз шынымен де бұған кіріп кеткенімізді байқамай қаламыз.

Астанада өмір сүріп жүреміз, тек сырттан келген көз ғана байқай алады: "Демек сенің рутинаң мынандай екен ғой, сенің өмірің мынандай екен ғой, сенің өмірің былай құрастырылған екен, ал сен білесің бе, сен істейтін бір әрекетің керек емес екен ғой" деген ұғымға келеді. Толиктің өмірі таза Қазақстанның реалийларындағы рутиналық өмірдің көрсетілімі және көпшілік үшін ортақ.

Менің өзіме түйіп алғаным - Латын Америка биі маған қатты ұнады. Ол драматургиялық кино емес пе, режиссердің күшті идеясы. Бірақ онымен қатар әлеуметтік те элементі бар: яғни рутинадан шыққың келсе, сен рутинаны бұзатын бір әрекет жасауың керек. Соңында билейді ғой, яғни сол арқылы ол түсінген сияқты, өмірге деген көзқарасын өзгерту керек екенін. Бұл кинодан ойланып көрсеңіздер, сіздің рутинаңыз неден тұрады? Күнделікті өмірдегі рутина және апталық, айлық, жылдық рутинаңыз және қашан соңғы рет өзгерді?

Лефевр мұны капитализм критикасы ретінде айтады, яғни капиталистік қоғам үшін адамдардың күнделікті өмірін бақылау өте қатты болады. Адамдарды бір таптаурынға салып қойып, пайдасын шешіп алу. Мен бұл жерде толықтай келісемін деп айта алмаймын, бірақ айтатын аргументінде шындықтың өзектері бар: адамның өмірге үйреніп кеткені соншалықты, бар жүйе - әлеуметтік, мәдени, діни жүйе адамдар өзінің осы рутинада екенін түсінбейінше жалғаса береді.

Режиссер Айжан Қасымбектің "От" фильмі қазақ қоғамындағы әлеуметтік құбылыстарды терең көрсететін туынды. Фильм қарапайым отбасының күнделікті өмірін бейнелей отырып, олардың кездесетін қиындықтарын, мәдени және әлеуметтік құндылықтарын ашады. "От" фильмі арқылы режиссер кішкентай адамның үлкен проблемалары мен олардың қоғамдағы орны туралы ой салады.

"От" фильмі – қоғамдағы рутинаның, таптаурындардың және олардың салдарының шынайы бейнесі. Бұл туынды көрерменді өзінің күнделікті өмірі туралы ойлануға және өзгерістер енгізуге шабыттандырады.