Мақала / #студентСөзі
Бүгінгі қазақ киносы және қоғам келбеті
Автор бұл мақалада әлеуметтік және жанрлық фильмдерден қазіргі қазақ қоғамында орын алып жатқан мәселелерге тоқталады
Бөлім: Кино
Датасы: 24.01.2017
Авторы: Айгерім Сапарəлі
Мақала
Бүгінгі қазақ киносы және қоғам келбеті
Автор бұл мақалада әлеуметтік және жанрлық фильмдерден қазіргі қазақ қоғамында орын алып жатқан мәселелерге тоқталады
Бөлім: Кино
Датасы: 24.01.2017
Авторы: Айгерім Сапарəлі
Бүгінгі қазақ киносы және қоғам келбеті

Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ кинематографында тарихи тақырыптағы туындыларымызбен қатар, әлеуметтік мәселелер жайлы фильмдердің саны арта бастады. Сондықтан, бұл мақалада сол туындыларымыздан қазіргі қазақ қоғамын көре аламыз ба және біздің қоғам қандай? деген сауалдардың жауабын іздеуге тырысып көрелік.

Біздің қоғам - шарасыз күйге тап болған қоғам («Риэлтор», «Строители»,«Үкілі Кәмшат»), біздің қоғам - отбасылық құндылықтар жайлы ұмытып бара жатқан қоғам («Шұға», «Әке»), біздің қоғам - бай мен кедей деп тап өкілдеріне бөлінетін қоғам («Шлагбаум»), біздің қоғам - ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғыртушы қоғам («Келинка Сабина», «Келинка Сабина 2», «Он алты қыз»).

1. Шарасыз күйге тап болған қоғам бейнесін режиссер Әділхан Ержановтың фильмдерінен көре аламыз. Оның «Риэлтор», «Строители», «Үкілі Кәмшат» фильмдері қазақ қоғамының әлеуметтік жағдайын көрсетіп қана қоймай, сол мәселелермен күресушілердің өмірі жайлы сыр шертеді. Аталған туындылардың әрқайсысында күресуші кейіпкер бейнесі бар. Алайда, олардың жасап жүрген іс-әрекеттерінің нәтижесіз болуы, артынша шарасыз күйге түсіп қалуы режиссердің бір фильмінен екінші филіміне жалғасып келе жатқан дәстүр болып кеткендей.

2. Отбасылық құндылықтар жайлы ұмытып бара жатқан қоғамның көрісін көрсететін фильмдердің қатарына Дәрежан Өмірбаевтың «Шұға» картинасы мен жас режиссер Фариза Танаеваның «Әке» туындысы жатқызуға болады. Алғашқы фильмде «қазақ әйеліне» тән емес, яғни, өз бақыты үшін құдай қосқан қосағы мен бауыр еті баласынан бас тартып, артынша өз таңдауының қате болғандығын түсінген Шұға жайлы болса, екіншісі, «лас су» үшін отбасындағы тыныштықты құртқан әке бейнесі көрсетіледі. Соңғы фильмде отбасы мәселесімен қатар, жастардың ішімдікке әуес болып бара жатқандығы және қоғамымыздағы діннің қандай рө атқаратынын көрсеткен.

3. Бай мен кедей деп тап өкілдеріне бөлінетін қоғамды көрсететін фильмдердің қатарына режиссер Жасұлан Пошановтың «Шлагбаум» картинасын жатқызайық. Аталмыш картинада екі жақ арасындағы бұрыннан келе жатқан теңсіздікпе қатар, тап өкілдерінің арасындағы айырмашылықтарды да байқауымызға болады. Ақшасы барлардың сөзі өтіп тұрған мына заманда қалалық жігіттің өзі жасаған қылмысы үшін кінәсін өтемеуі де қоғамымыздағы «А» классына жататындардың бет бейнесін ашқандай болды.

4.Ұмыт қалып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғыртушы қоғамды көрсететін «Келинка Сабина», «Келинка Сабина 2» туындыларымен қатар, «Он алты қыз» кинокартинасын жатқыза аламыз. Көңілді тапқырлар клубынан шыққан әуесқой режиссер Нұртас Адамбаев ауылға келін болып түскен Сабинаның оқиғасын өз деңгейінде көрсете алған. Экрандағы жас келіннің құйтыртқы іс-әрекеттерді абсурдтық. Бұл, әрине, біздің идеялымыздағы келін бейнесіне мүлдем қатысы жоқ кейіпкер. Фильмде салт-дәстүр дәріптеледі. Алайда, сол салт-дәстүр қалай көрсетіледі? Қаладан келген келін ауыл адамдарын мүлдем түсінбейді, ол үшін ауыл тұрмысы жабайы болып көрінеді. Қазақтың сәлем салу, келін шайы секілді салттардың келіннің айтуынша түкке тұрмайтын нәрсеге айналады. Бұл туындыда салт-дәстүр көрсетілсе де, оны дәріптеу мақсатында емес, керісінше, режиссер филімінде қоғамымызды тек жаман қырынан көрсетіп, оны келемеж объектісіне айналдырады.

«Он алты қыз» фильмінде салт-дәстүрлер қайта жаңғырады. Туындыдан жаңа, заманға сай «белқұда» салтын көре аламыз. Белқұдалықтың шарты сол баяғысынша, өзгермеген. Алайда, фильміндегі басты ерекшелік сол салтты заманға сай етіп көрсетуінде болып тұр. Бауыржанның әке-шешесінің қалайда қызды алып кел десе, ал Айжанның ата-анасы шешімді қыздың өз құзырында қалдырады. Осы арқылы екі жақтың салт-дәстүрге деген көзқарасын көре аламыз. Бұл көзқарастың бір-біріне қарсы келуінің басты себебі – тұратын жерлеріне байланысты. Мәселен, «белқұда» болған екі құдалардың бірі ауылда тұрса, екіншісі қалалық адамдар. Режиссер осы оқиға арқылы қала мен ауылдық адамдардың айырмашылығын осы бір нәрсе арқылы көрсете алған.

Бұл мақалада қоғамымызда орын алып жатқан түрлі проблемаларға тоқталдық. Алайда, проблемаларды тек айтып қана қоймай, онымен күресе бастасақ дұрыс болар еді. Әйтеуір, күресу барысында сол шарасыз күйге түсіп қалған кейіпкерлердің күйін кешіп жүрмесек болғаны...