Мақала
Тарихи фильмдердегі сөздің қолдану мәселелері
Тарихи фильмдердің олқы түскен жерлері де жоқ емес. Тақырып таңдау, көркемдік шешімнің әлсіздігі, тарихи тұлға бейнесін жасаудағы жетімсіз жерлерінен кеткен қателіктермен қатар сөздік қолданыс, диалог құрылымдардының жұтаңдығы да белең алып тұр.
Бөлім: Кино
Датасы: 23.01.2017
Авторы: Еркінай Смаилова
Мақала
Тарихи фильмдердегі сөздің қолдану мәселелері
Тарихи фильмдердің олқы түскен жерлері де жоқ емес. Тақырып таңдау, көркемдік шешімнің әлсіздігі, тарихи тұлға бейнесін жасаудағы жетімсіз жерлерінен кеткен қателіктермен қатар сөздік қолданыс, диалог құрылымдардының жұтаңдығы да белең алып тұр.
Бөлім: Кино
Датасы: 23.01.2017
Авторы: Еркінай Смаилова
Тарихи фильмдердегі сөздің қолдану мәселелері
"Біржан сал" фильмі. (фото "Азаттық радиосы" сайтынан алынды)

Еркінай СМАИЛОВА

ҚазҰӨА, кинотану, IV курс


Қазақ киносының бүгінгі сұранысы тарихи тақырыптағы фильмдер. Осы сұраныс тізгінімен соңғы жылдары біршама тарихи фильмдер жарық көруде. Мұндай тақырыптағы фильмдердің саны артып келе жатқаны қуантарлық жайт. Десек те, тарихи фильмдердің олқы түскен жерлері де жоқ емес. Тақырып таңдау, тарихи оқиғаны жеткізудегі бұрмалаушылық, көркемдік шешімнің әлсіздігі, тарихи тұлға бейнесін жасаудағы жетімсіз жерлерінен кеткен қателіктермен қатар сөздік қолданыс, диалог құрылымдарының жұтаңдығы да белең алып тұр.

Кинода диалогтың атқаратын
қызметі маңызды әрі ол фильмнің
идеясының ашылуына, кейіпкер мінезін беруде, тіпті драматургиялық шиеленістің
тууына қызмет етуі мүмкін. Осы мүмкіндіктің тарихи фильмдерімізде қолданылуы
едеуір кемшіліктерге бой алдырып, сәтсіздікке ұрынып жатқандай. Жарыққа
шығуында арақашықтық он жылдай уақытты қамтитын «Сардар» (2003 ж; реж: Б.Қалымбетов) және «Жаужүрек мың бала» (2012 ж; реж: А.Сатаев) фильмдерінің көтерген тақырыбы, қамтылған тарихи кезеңі, мазмұндық сюжеттері ұқсас болғандықтан осы екі туындының сөздік қолданыстары негізінде аталған мәселе бойынша сараптама жасауды жөн көрдік.
Қазақ экранындағы фильмдердің басты кемшілігіне айналған бұл диалог құрылымының тарихи фильмдерде жұтаң шығуына не себеп деген сұрақ төңірегінде бірнеше мәселелерді саралап көрдік:

1. Сөздердің қарабайырлығы.
Сценарий авторларының сөзге емес сюжетке мән беріп кететіндігінен болар, кейде кейіпкерлердің аузынан тіпті көңілге қонымсыз сөздер шығып жатады. Жалпақ тілге ұрынып, кейіпкер іс-әрекетіне кереғар немесе кейіпкер бейнесін толықтай аша алмайтын сөздер сюжетті сұйылтып жіберуі де ықтимал. Сөзден көрі оқиға, іс-әрекетті жақсы көретін көрермен үшін тіпті де қызықсыз тартуы мүмкін. Сол үшін кейбір режиссерлық шешімдер сөзді аз пайдаландырады да бас-аяғы жинақы сөзі аз фильм түсіруге талпындырады. Дегенмен тарихи фильмдер үшін сөздің алатын орны маңызды әрі бұл жанрдағы фильмдер сөз бен істің қабысуынан, ұрпаққа тәлімді тәрбие беру мақсатын көздейтіндіктен де мәнді, мағыналы сөздерсіз тарихты баяндай жеткізбеу мүмкін емес секілді. Бұл көп сөзді қолдансын дегенді білдірмейді, шұбырпалы, шұбалаңқы сөздерді бір ауыз жұмыр сөзбен жеткізуге де болады. Отандық фильмдерде танымалдылығы жағынан 2012 жылдың көшін бастаған «Жаужүрек мың бала» фильміндегі сөздік қолданыстардың тіпті қарабайырлығы сол, есте қаларлықтай ұтымды сөзді ести алмайсың. Бұл жағынан Болат Қалымбетовтың «Сардар» фильмінің көші ілгері тұр десек болады: «Жан керек болса жетекке де жүреді екенсің», «Балағында биті барлардың бәрі басқа қонды» немесе «Қасиетіңнен қасіретің
қалыспайтын болды ғой», «Дұшпанымыздың дұшпаны бізге дос болмақ» деген секілді сөз тіркестерінің диалогта орын алуы құлақ құрышын қандырып, көрермен көңілін өзіне тарта түседі. Қазақ
халқының өмір танымынан хабардар етіп тұратын бүгінде мақал-мәтелге айналған сөздерді диалогқа кірістіру де сөздік құрылымды бай ете түседі. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін білдіретін мақал-мәтелдерді орынды пайдаланса, (әрине, тым мақалдатып кетудің де қажеті жоқ) көп ой мен мағынаны жеткізуге болады. Осы
ретте «Сардар» фильмінде кездесетін «Ежелгі дұшпан ел болмас», «Тірі жауым тіреспекке» т.б секілді мақал-мәтелдерді
атап кете аламыз. «Жаужүрек мың бала» фильмінде де мақал-мәтелдер легі жеткілікті: «Үйренген жау атыспаққа», «Қылша мойным қалша», т.б. Бұл фильмде билердің қатысуымен өтетін, хан-сұлтандардың жиынында айтылатын сөздерді біршама сәтті шыққан деуге келер, алайда қара сөздің хас шеберлері – билерді
одан жоғары деңгейде сөйлетуге де болар еді. Әдетте, көрерменге ой тастап, көңілінен шыққан сөздер афоризмге айналып жатады. Бүгінгі көрерменнің сөздігінде отандық емес, шет елдік фильмдердегі сөздердің орын алуы киномыздағы сөздердің қаншалықты деңгейде көрермен әсерінен шықпайтынын дәлелдейді. Қазақ тілінің бай тіл екендігін, қазақ көрерменін ғана емес, әлем елдерін тамсандыра алатын сөздердің бар екендігін айтқымыз келеді.

2. Дәуірге сай емес сөздердің қолданылуы. Тарихи фильм түсірудің жауапкершілігі өзге көркем фильмдерге қарағанда жоғары. Ол айтқысы келгенін өзінің өмірлік ұстанымымен, өмірлік тәжірбиесі арқылы жеткізетін авторлық фильмдердегідей шексіз идеялар кеңістігі емес, бір ұлттың, мемлекеттің өткен тағдыры мен тарихын бүгінгі ұрпаққа жеткізетін болғандықтан белгілі бір тарихи деректемелерге, зерттеулерге сүйеніп жасалады. Бұл бесенеден белгілі нәрсе. Алайда тарихи фильмді түсірер шақта қамтыған кезеңдегі болған оқиғалар мен тұлғаларды ғана зерттемей, тұтынған тұрмыстық заттары, киімдері секілді дәуір тынысынан хабар беретіндіктен сол кезең адамдарының сөздік қолданысына да мән беру керек.  Айталық, «жасақ», «қолбасы», «жүзбасы»,
«алдияр», «хан»  т.б сияқты сөздерді естігенде жоңғар шапқыншылығы немесе жаугершілік заман еске түссе, «рота»,
«командир», «солдат», «генерал» атаулары сөздерінің орнын баса алмайтыдығы секілді байырғы заманның сөздерінің қазіргі заманымызға дөп келе бермейтіндігі белгілі. Жеке заттық атаулардан бөлек сөз сөйлеу мәнеріндегі әр дәуірге тән ерекшеліктер фильм түсіру барысында ескерілетін болса, жоғарыда мысал кетіргеніміздей әр уақытта әр түрлі атауға ие болып отыратын ұғымдардың даму үрдісінің көрермен зердесінде қалатыны сөзсіз.
Заман тынысына сай сөздер деп тым көнерген сөздерді де қоса беруге болмас, ол бүгінгі көрерменнің түсінуіне ауыр соғуы мүмкін. «Жаужүрек мың бала» фильмінің сөздерінің қарабайыр шығу себебі режиссер заманауи жастардың түсінігіне қиын тиеді десе керек. Сондықтан да, тілі жатық, көне сөздерді түсінікті әрі көрермен мағынасын біле жүретіндей етіп жеткізу екі тұрғыдан пайдалырақ болмақ: Біріншіден, фильм тілі көркем, тыңдар құлаққа жағымды болса, екіншіден қолданыстан шығып бара жатқан, бірақ төл тарихымызбен мәні біте қайнасқан сөздерді дәріптеу мүмкіндігі тек тарихи фильмдерде деп білеміз. Дегенмен көркемдік іздеп, тым әдеби тілге ұрынудың да қажеті жоқ ол шынайылықтан алшақ кетуі мүмкін.

3. Кейіпкер болмысына сай емес сөздер. Сөздің кейіпкер болмысын ашуда үлкен рөл атқаратынын ескеріп, кейіпкер аузына мінезіне сай сөз салу кез-келген көркем фильмге қажетті дүние. Біз қарастырып отырған фильмдердегі кейіпкер болмысын ашуда тіпті әлсіздік танытатын сөздер де кездесіп қалады. Айталық, Сартай жауынгерлерді бастаған, ешкімнен қаймықпайтын батыр ретінде іс-әрекетімен дәлелдеуге тырысқанымен, оның бойындағы тектілік, батырға тән өрлігі көріне бермейді. Жоңғар батыры Аюнмен жекпе-жегінде оны жеңіп батыр етіп көрсеткісі келсе де, «Мен Сартаймын. Сартай деп айта барыңдар» деген бір ауыз сөзі оның батыр ретінде емес, жеңілтек бозөкпе, мақтансүйгіш секілді әсер қалдырады. Керісінше «Сардар» фильміндегі Құлжаның тектілігін оның аузынан шыққан әрбір сөз арқылы байқауға болады.
Жоңғар қонтайшысымен жекпе-жегінде жеңіп тұрса да оның ерлігін мойындап «Сен батырсың Қонтайшы» деп жауының жеке қасиеттерін мойындай білген тектілігі көрінеді. Осы секілді қоңтайшы Шонайдың «Жалқау қазақтар жаналғышын танитын
болсын» деген сөзінен қазақтарға деген өшпенділігімен ұштасқан менсінбеушілігін аңғарамыз немесе Құлжаны жекпе-жекке шақырып «Сенің басыңды басқаға қалай қимақпын» деп кекесінмен айтатын сөзінің астарынан «Мен күресуге тұрарлық адаммен ғана жекпе-жекке шығамын және мен сенің басыңды аламын» дегенді айнытпай тануға болады. Осы сөздердің өзі Шонайдың озбыр, аяр жау ретінде бейнесін ашады. Жоңғарларды қанша жерден дұшпан десек те, олардың да адамдық қасиетінің бар екендігін танытатын тұстары да кездесіп жатады. Жоңғар әскербасының жорық алдында анасынан бата сұрай келгенде
анасының айтатын «Күнәсіздердің қанын жүктеу үшін де бата керек болды ма?» деуінен бейбіт өмірді жақтайтын, мейірімді ана бейнесін бір реттік эпизодтан, бір ғана сөз арқылы танимыз. «Жаужүрек мың балада» жастар бейнесінен мұндай салмақтылықты тани алмасақ та, бір ауылға қамқор болып отырған Назардай тарихта ел-жұртының пана болған ақсақалдардың жиынтық бейнесіне айналған кейіпкерден ұлағатты сөздерді көп күткеніміз рас. Тым болмаса халықтың тірі шежіресі – қарттарымызға  жадағай бос сөздерді емес, халық сүйсініп тыңдайтындай сүйекті сөздерді айтқызса, қазақ деген халықтың ұлылығын танытатын еді.

Аталмыш кемшіліктерге бой алдырған фильмдердің қатарына тек «Жаужүрек мың бала» картинасы ғана емес, бірнеше елдің бірлестігімен түсірілген «Көшпенділер» фильмін де қосуға болады. Бірлестікте түсірілгендіктен болар, қазаққа тән дүниенің біразы сыртқары қалып қойған. Голливудтық форматта, еурапалық менталиттетте түсірілген фильмнен қазақтың шұрайлы тілін іздеу, батырын, ханын іздеу олардың қалық көкейінен шығарлық болмысын іздеу артығырақ болатын секілді.

Жоғарыда аталған мәселелерді айқындай отырып, диалогтық құрылымы сәтті шыққан туындылардың бірегейі ретінде Досқан Жолжақсыновтың «Біржан сал» және «Құнанбай» фильмдеріне жеке тоқталып өткенді жөн көрдік. Қазақ мәдениетінде өзіндік ізін қалдырған жазушы, сценарист, әдебиеттанушы ғалым Таласбек Әсемқұловтың сценарийімен түсірілген екі туынды да биографиялық жанрға негізделген. 2009 жылы жарыққа шыққан «Біржан сал» фильмі – Біржан сал Қожағұлұлының әйгілі «Жанбота», «Ләйлім Шырақ», «Теміртас» секілді әндердің шығу тарихын негізгі сюжетке ала отырып, сал-серілік өмірдің салтанатын көрсетеді. Таласбек Әсемқұлов өзінің бір сұхбатында «...Өмірінің деректерімен таныспаққа кітапханаға бардым. Біржан
салдың өміріне қатысты шамамен 60 шақты кандидаттық жұмысты тауып, оқыдым.
Көкшетау, Қызылжар өңірлерінен жиналған далалық материалдарды оқыдым.»-деген
екен [9]. Осы сөзінен сценарий жазар алдында дайындығынан келешек түсіргелі
отырған туындыға деген жауапкершілік байқалады. Біржан есімі бүкіл қазаққа
таныс есім, кез-келген қазақ ол турасында толық болмаса да мәлімет бере алатыны
хақ. Алайда, сол аты мәшһүр салдың экрандық бейнесін жасау, елдің
көкейіндегісін тауып, халыққа тау тұлғалы болмысын жеткізу оңайға соқпайтын
шаруа. Сол істің қисынын келтіріп, Біржанның бейнесінің ашылуына маңыз беріп
тұрған сценарий, ондағы сөздің қолдану аясы екендігін тағы да баса айтқымыз
келеді. Фильмде кейіпкердің мінезін ашатын іс-әрекеті мен сөзі екендігін қайта
ескерсек, бұл заңдылық аталмыш фильмде өз орнын тапқан. Біржан айтатын әрбір
сөз оның тектілік тұлғасын айқындап тұрады. Фильмнің алғашқы эпизодынан-ақ сөз
өз қызметін атқарып-ақ тұр. Айталық «Бұл мезгілді қазақ «мизамкөк» дейді.
Қыстыгүні күн шуағы жылт етсе, жер соған кәдімгідей алданып қалады. Мен де
сондаймын» бұл сөйлем арқылы біз, алдымен Біржанның ішкі мұңын, қайғысын
сезінсек екіншіден қазақ табиғаты,тынысына қатысты дәйек аламыз. Әрі алғашқы
эпизодттың бірден сөзбен басталып кетуі көп фильмдерде кездесе бермейтін шешім.
Әдетте, көп жағдайда фильм табиғат көріністермен немесе белгілі бір
іс-әрекеттің болып жатқандығымен басталатын. Әрине, фильмнің бұлай басталуы
режиссердың шешімі екендігі даусыз, десекте бұл эпизодттың мазмұнының ашылу
салмағы сөзге түсіп тұр. Фильмдегі қолданылған сөздерді біз, жұмыс барысында
айтып өткен үш тарап, үш мәселе бойынша талдап қарастырар болсақ алдымен
сөздердің қарабайыр емес екендігіне көз жеткізер едік. «Айттырылып қойған қызды
бұзам деп еліңе пәлекет әкеліп жүрме. Есіңде болсын, ұрғашы көп, ел біреу-ақ».
Бұл Ләйлімге хабар жеткізем деп қолға түскен Байкенжені босатып алу үшін
Жанбайдың ауылына барып қайтқан Маңғабыл бидің Біржанға айтқан сөзі. Осы сөздің
астарында ел тыныштығы, ел бірлігі секілді үлкен нәрсенің жатқанын бір
аңғарсақ, сондай үлкен де кең ұғымды бір сөйлемге сыйғызып берген сценаристтің
шеберлігі жатыр. Бір жағынан бидің аузынан қарабайыр сөздің шығуы былай
айтқанда «қателік» болып табылар еді. Сонымен қатар фильмде көрермен есінде
қаларлық фразалар да жоқ емес: «Менің қолымдағы арқан –  наданның жүрегіндегі кісен», «Ер мұраты –
қатын қартайту», «Осы сені ішіңнен біp нәрсе оттай қари ма? Ал мені шоқтай
шыжғырады» секілді тіркесті сөйлемдер афаризмге айналуға тұрарлық сөздер.

«Біржан сал» фильмінде кейіпкер
болмысын ашарлық сөздер жеткілікті. Соның бір дәлелі ретінде серінің әйелімен
болған диалогын алуға болады. Азнабайдан қамшы жеген Біржанды әйелі кегін алып
беруге Жанботаға баруға кеңес береді. Ауырып жатқан әйеліне қарайлаған Біржанды
«Ер-азаматтың намысы тапталып жатқанда, бір қатынның өлімі – соның садағасы»
деген сөздермен қайрап жібереді. Осы сөздерден-ақ сері әйелінің ақылдылық,
текті бейнесі ашылады. Кейіпкер бейнесін ашуда қызмет етіп тұрған диалогтар
қатарының көптігімен де фильм озық шығып тұр.

Қазақ экранында тұңғыш рет көрініс
алатын Құнанбай бейнесін жасау қиындығы да жауапкершілігі мол жұмыс. Сол
жауапкершіліктің жүгін сценарист Таласбек Әсемқұлов көтере білді яғни ойдағыдай
бейне жасай алды деп баға бере аламыз. Өйткені бұл фильмді ұстап тұрған керемет
режиссурасы немесе көркемдік шешімдері емес, сөз. Егер фильмнің ұтқыр
диалогтары мен құлақ құрышын қандырарлық тіркестері болмаса фильмнің көркемдігі
төмен, айтар ойы жетімсіз қалар еді де басты бейне жасалмас еді.

Бұл фильмдегі сөз шұрайының басым
бөлігі Құнанбай аузымен айтылады. Оның бейнесін жасаған іс-әрекеттері емес
айтқан сөздерімен ашылады. «Бұл елді қалай билемек керек? Аталарымның барлығы
би болған. Міне, өзім де тізгін ұстап отырмын. Бірақ осы қазақтың жұмбағын шеше
алатын емеспін...» деп халықтан көңілі қалған кейіптің ар жағында елдің
ертеңіне қам жеген көңіл жатыр.  «...Бос
ұстасаң қамыстың сабағындай қолыңды кеседі,бетімен кетеді. Күшке салсаң басыңды
жұтып тынады» - деп халық дегеннің кім екендігін дөп басып сипаттап береді.
Текті ұлдың анасы дана ана Зеренің бейнесі адуынды да асқақ. Ол тек отбасындағы
жай әйел, ана, әже емес, «Ақ әже» атанған ел анасы. «Бұл қазақ тізгін ұстағанға
қарап салтын түзейтін ел, жүріс тұрысыңнан халқың мін таппайтын болсын.
Әділетіңді көріп, дұшпаныңның өзі сыртыңнан қайран қалып, сүйсіңсін. Осындай
үлгі болсаң сөзің де өтімді болады.»-деп баласына ақыл айтатын анадан туған ұл
тегін адам болмаса керекті. Зере ананың көрегенді табандылығы фильм бойында
осындай өткір сөздері арқылы көрініс тауып отырады.

«Құнанбай» фильмінен есте қалар есті
сөздердің мол тізбегін табуға болады. Солардың бір-екі мысалы ретінде «Қанды
қуған қансырап өледі», «Жекпе-жекте қандай әділет бар? Найзада қандай ақыл
бар?», «Жаулассаң жаулығыңа, елдессең елдігіңе тұрам», «Өлсең де аяғың үзеңгіде
кетсін» секілді афаризмге айналарлық сөздерді айтуға болады.

Қазақ киносында осы екі фильмімен
аты қалған Таласбек Әсемқұлов жайында режиссер Досхан Жолжақсынов «Тарихи
тақырыпта фильм түсіріп, тарихи тұлғаны экранға шығару үшін Таласбектей адам
керек» - деген еді.  Сол айтқандай,
тарихи тақырыпта туынды түсіру үшін сөз қадірін ұғынған, туған халқының тарихын
көкірегіне түйіп өскен білімді маман керек деп ойлаймыз. Бұл екі фильм біздің
тарихи фильмдерімізге тән басты кемшіліктің орнын толықтай өтей алмас. Дей
тұрғанмен де аз болса да мақтанып айтуға тұрарлық туындыларымыз бар екендігін
алға тартып айтып өткіміз келді.

Тарихи фильмдеріміздегі сөздік қолданысында мәселелердің туындауына қазақ
тілді сценаристердің жоқтығы немесе жазушы, сөз шеберлерінің редакторлық
қызметке тартылмауы бірден бір себеп деп ойлаймыз. Бүгінгі қазақ экранынан
көрініс алып жатқан фильмдердің сценарийлерінің барлығы дерлік орыс тілінде
жазылады. Сценарийді қазақша жазу аударма жасалған шығарманың түпнұсқасы
әсерлірек болатыны секілді, орыс тілінде жазылған ойға қазақша фильм  түсіріп
жеткізу қиынға соғады. Ондай сценарийді толыққанды емес, жартылай
сценарий деп атауымызға болар, себебі сюжет, кейіпкерлер іс-әрекеті, оқиға
өтетін орынның сипаты орыс тілінде баяндалғанымен диалогтар қазақ тілінде
жазылады. Оларды қазақша сөйлететін сценарийстің өзі емес, аудармашылар,
редакторлар. Сәтті диалогтың құрылуына редакторлардың тікелей қатысы бар
болғандықтан осы қызметті қазақ тіліне жатық, сөз құраудың шеберлеріне жүктесе
жоғарыда атап кеткен сөздердің шұбарлануы, қарабайыр жалпақ тілдің пайдалануы
тәрізді мәселелер шешімін табар еді. Бұл қызметке тек жақсы жазып қоя салмай,
тарихты тереңінен білетін жазушылардың тартылуы немесе түсіргелі жатқан
туындыға тарих мамандарын кеңесші етіп алу маңызды болмақ. Тарихи оқиғаларды,
тұлғаларды ғана біліп қою редакторларымыз бен кеңесші маман үшін аздық етеді.
Әр дәуірдегі халықтың тұрмысын, тұтынған заттары білумен қатар сөйлеу тілін де
зерделейтін болса, фильмде дәуірге сай сөздердің қамтылуы тарихты жеткізудің
бір құралына айналар еді. «Сардар» фильмінің режиссеры Б.Қалымбетов «Менің
редакторларға баса айтқаным, сөздердің 18-ғасырға сай етіп, бірақ көрермен
түсіне алатындай астармен жеткізу болды. Бұл өтінішімді Сәтімжан Санбаев,
Қалихан Ысқақ сынды сөз шеберлері толықтай орындай алды деп айта аламын» –
дейді. Кино мамандары түсіргелі жатқан әрбір фильмге осындай жауапкершілікпен
кірісер болса, «Сардар» секілді сөз қадірін танытқан туындылар қатары көбейе
түсер еді.