Мақала / #студентСөзі
Қысқаметрлі кино: көркемдік ерекшеліктері мен даму бағыттары
2017-жылдың 7-ақпан күні Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-да қысқаметрлі киноның көркемдік ерекшеліктері мен даму бағыты турасында дөңгелек үстел өткізілді
Бөлім: Кино
Датасы: 10.02.2017
Авторы: Айжан Есенгелді
Мақала
Қысқаметрлі кино: көркемдік ерекшеліктері мен даму бағыттары
2017-жылдың 7-ақпан күні Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-да қысқаметрлі киноның көркемдік ерекшеліктері мен даму бағыты турасында дөңгелек үстел өткізілді
Бөлім: Кино
Датасы: 10.02.2017
Авторы: Айжан Есенгелді
Қысқаметрлі кино:  көркемдік ерекшеліктері мен даму бағыттары
Ержан Жұмабеков

2017-жылдың 7-ақпан күні Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының «Кино теориясы мен тарихы» кафедрасының ұйымдастыруымен «Қысқаметрлі кино: көркемдік ерекшеліктері мен даму бағыты» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Қазақ киносының жаңа кезеңдегі қысқаметрлі фильмдері аталмыш оқу орнының «Кинотану» мамандығының студенттері арасында қызу талқыланды.

Дөңгелек үстелдің модераторы, "Өнертану" мамандығының 2 курс докторанты Ержан Жұмабеков аталмыш шараның маңыздылығын айта отырып, соңғы бір жылда жарық көрген қысқаметрлі фильмдердің ішінен үздік деп танылған он екі фильмге қысқаша тоқталып өтті. Талқыланған мәселелер мен өрбіген әңгімелер аясында бүгінгі қазақ киносында, әсіресе, қысқаметрлі фильмдер бағытында тақырыптық ізденіс пен режиссерлік шешімдер жағынан ерекше сарын, қуантарлық құбылыс байқалып отырғандығы айтылды. Ерекше атап айтуға болатын тағы бір жағдай – қысқаметрлі фильмдердің өндірісінің артуы. Ауқымды қаражатты, көп уақытты талап етпейтін мұндай туындылар түсіру – жас кинематографистер үшін кино өнеріне алғашқы ұтымды қадам десек те болады.  Бір ғана 2016 жылдың өзінде 200 ден астам қысқаметрлі фильмдер түсіріліпті. Сандық жағынан айтарлықтай жақсы көрсеткіш әрине, алайда сапа тұрғысынан да осал емес. Бұл жас кинематографистердің үлкен ізденіс үстінде екендігін, кино өнеріне деген қызығушылықтарының басым екендігін аңғартады.

Әлем киносында қысқаметрлі  фильмдер өндірісіне де, олардың көркемдік сапасын  саралау бағытында арнайы ұйымдастырылатын кинофестивальдер мен форумдарға да үлкен мән беріледі. Дүниежүзінің 250 ден астам қалаларынан келіп түскен 900 ден астам фильмдер арасынан іріктелген бір ғана "Манхеттен" қысқаметрлі фильмдер фестиваліне жыл сайын 100 000 нан астам көрермен жиналады екен. 2016 жылдың қыркүйек айында Ресейдің 11 ірі қалаларында көрсетілген халықаралық "Kinematic Shorts" қысқаметрлі фильмдер фестивалінің бағдарламасының да көрермендері көп болды.

"Кинотану" мамандығының студенттері

ТМД елдері арасында да көпшілік көрерменді аса қызықтыратын мұндай байқаулар баршылық. Соның бірі көршілес Қырғыз еліндегі 2011-жылдан бері үзбей сәтті өткізіліп келе жатқан «Кыргызстан – страна короткометражных фильмов» фестивалі. Бұл байқаудың әр жылдарында  Қазылар алқасының құрамына қазақстандық кинорежиссерлер мен кинотанушылар арнайы шақырылады. Жылдан жылға беделі артып келе жатқан осы фестивальдің 2016 жылғы Қазылар алқасының төрағалығына танымал кинорежиссер, кинотанушы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының шеберхана жетекшісі Дәрежан Өмірбаевтың бекітілгендігі  біздер үшін үлкен мәртебе.

Жас кинотанушылардың қатысуымен ұйымдастырылған аталмыш дөңгелек үстел барысында биылғы жылы үш бірдей республикалық кинофестивальдің қысқаметрлі фильмдерге арналғандығы да тілге тиек болды. Олардың қатарында  Алматы («Байқоңыр»), Астана  («Сарыарқа»), Орал («Жайық») қалаларында өткізілген республикалық қысқаметрлі фильмдер  фестивальдерін айтуға болады.  Және де Халықаралық деңгейдегі «Бастау» студенттік фильмдер мен киномектептердің фестивалі, «Евразия» кинофестивалі аясындағы «Қысқаметрлі фильмдер» байқауларын да атап кеткен жөн. Мінекей, тақырыптың маңыздылығы да осында. Мұндай байқаулар - кино өнеріне тамшыдай болсын үлес қосқысы келетін, таудай талабы бар жастарға зор мүмкіндіктердің барын көрсетеді.

Дөңгелек үстел аясында осы тақырып төңірегінде 1-3 курс студенттері мен кафедра мұғалімдері: «Қысқаметрлі фильм түсірудегі мақсат қандай? Олар тек фестивальдер үшін қажет пе? Фестивальден кейінгі жайы қалай болмақ? Байқаулардың қажеттілігі? Олардың ғұмыры қанша жылға созылмақ? Туындылардың қозғап жатқан тақырыптары қандай? Олардың режиссерлік ерешеліктері? » деген сынды мәселелерді ортаға салды.

"Кинотану" мамандығының студенттері

Сондай-ақ, дөңгелек үстел барысында бірнеше қысқаметрлі фильмдер талданып, ішінен 12 фильм үздік деп танылды. Олардың барлығы дерлік Халықаралық, республикалық деңгейдегі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған туындылар. Олардың қатарында: «Өліара» (реж. Елзат Ескендір), «Картоп жегіштер» (реж. Шарипа Оразбаева), «Таң сәулесінің шапағаты» (реж. Дархан Төлегенов), «Маршрут» (Дархан Төлегенов), «Еркек» (Берік Шаханов), «Аялдама» (Диас Кулмаков), «Шакал» (реж. Айсұлтан Сейітов), «Шатырдағы кептер» (реж. Ольга Коротько), «Жер - Ана» (реж. Бану Рамазанова), «Ақшатау» (Қайша Рахимова), «Қаттырақ қағыңыз» (реж. Малик Зеңгер), «Майлыбайдағы оқиға» (реж. Самгар Рахым) сынды қысқаметрлі фильмдер бар. Барлығына арқау болып тұрған тақырып – тәрбие, отбасы, қоғам. Мәселен, толық емес отбасының, ондағы әке мен бала, ана мен бала арасындағы қатынас, ғаламторға тәуелді мектеп жасындағы балалар, ауыл мен қала, жасөспірімдердің бір-бірімен қарым-қатынасы, жұмыссыздық, еңбек ету, басқа да әлеуметтік және тұрмыстық мәселелер төңірегінде өзекті тақырыптар көтерілген.

Аталмыш қысқаметрлі фильмдер – режиссерлардың болашақ шығармашылық жолына үлкен жолдама. Әрбірінің алғашқы тәжібибелері – режиссер мен шығармашылық топтың толғанысының шынайы көрінісі. Өзіндік стилі мен ойын емін-еркін жеткізудегі толассыз мүмкіндігі. Мұндай таланттардың туындылары тек фестивальдер төңірегінде шектеліп қалмай, қалың көрермен арасында кеңінен насихатталып, теориялық тұрғыда да бағалануы керек.

"Кинотану" мамандығының студенттері

Жас кинотанушылардың өздерінің мамандығы саласында мұндай дөңгелек үстел ұйымдастырудың өз қажеттілігі бар. Мұндағы мақсат жас режиссерларды қолдау, олардың фильмдерін назардан тыс қалдырмай, көпшілікке насихаттау. Бұл тұрғыда кинотанушы студенттердің атқарып жатқан жұмыстары баршылық. Олардың белсенділіктерінің арқасында  2013-жылы үздік деп танылған қысқаметрлі фильмдердің алғашқы топтамасы жарық көрген болатын. Бұл жинаққа енгізілген фильм авторлары Т.Жүргенов академиясының әр жылдардағы түлектері, бүгінгі таңда есімдері кино әлемінде танымал болып жүрген режиссерлер.  Олардың қатарында Нариман Төребаев, Серік Өтепбергенов, Данияр Саламат, Серік Әбішев, Әділхан Ержанов сынды кәсіби қолтаңбаларымен өздерін әйгілеп келе жатқан, қазіргі буынның  танымал режиссерлерінің туындылары бар. Екінші жинақ қазақ және ағылшын тілдерінде шығарылған болатын. Ал үшінші жинаққа енетін қысқаметрлі фильмдердің көбі іріктеліп, келесі жоба құрастырылу үстіне.

Бұл дөңгелек үстел – болашақ кинотанушылардың өз саласын жетік меңгеруіне, студенттердің бір-бірімен емін-еркін пікір алмасып, фильмдерді ұстаздармен бірге талдап, ойларын бүкпесіз жеткізулеріне үлкен мүмкіндік берді.

Қысқаметрлі фильмдер – жас киноматографистердің шығармашылығына жол ашып, кино өнерін дамытудағы әліппесіне айналса деген тілек. Ендеше, сәттілік!