Дыбысты киноға өтудегі алғашқы тәжірибелер
Он тоғызыншы ғасырдың соңы, жиырмасыншы ғасырдың басында техника саласында екі ірі жаңалық ашылады: бірі – кинематограф (әзірге дыбыссыз), екіншісі – фонограф. Жер шарының түкпір-түкпірінде кинематограф пен фонограф миллиондаған адамдардың көңілін жаулап алды. Осы ғажайып екі ғылыми жаңалықты біріктіруге көптеген ғалымдар, өнертапқыштар, кәсіпкерлер әрекет жасайды. Кинетофонограф немесе фонокинотеатр түрінде болашақ жаңалықты аңсаған қалталы кәсіпкерлер осы бағыттағы кез-келген тәжірибені қаржыландырып, өнертапқыштарға қызу қолдау жасап отырды. Дыбыс пен көріністік қатарды үйлестіруге талпыныс жасағандар қатарында, әсіресе, француз, ағылшын, неміс өнертапқыштары белсенділік көрсетті.
Дыбысты киноға келу жолындағы өнертапқыштардың тәжірибелерін сұрыптай келе, негізгі үш кезеңді атауға болады: біріншісі – 19-20 ғасыр тоғысында жүзеге асырылған алғашқы сәтсіз тәжірибелер, мұнда өнертапқыштар фонограф пен бейнелік көріністер қатарын механикалық жолмен тоғыстыруға әрекет жасайды; екіншісі – 1908-1914 жылдар аралығында өнертапқыштар күрделі эксперименттер нәтижесінде біршама жетістіктерге жетеді, алайда, мұндағы сәтсіздік техникалық қиындықтарға келіп тіреледі; үшіншісі – 1920-жылдар тұсы ең сәтті тәжірибелер кезеңі.
Продюсерлер мен шығармашылық коллективтер қарсылығына қарамастан ағайынды Уорнерлердің қолдауымен жаңа табылған кинопроекциялық аппарат сынақтан өткізіледі. Дыбысты кино кезеңіне жетуде аса көп тәжірибе жасағандар француз өнертапқыштары болды. Дыбысты кино пионерлері қатарында Огюст Барон, Анри Жоли, Леон Гомон, Феликс Месгиш және Шарль Пате есімдерін атауға болады.
Алғашқы дыбысты фильмдер тәжірибесі 1900 («Немой меломан», «Лолотта», «Казино де Пари») жылдан көрсетіле бастайды. Париж қаласында ашылған «Фоносинема-театр» күніне 5-6 фильмдер көрсетуге мүмкіндік алды. Дыбысты кино тәжірибесінің екінші сатысында да француз өнертапқыштары аса белсенділік көрсетеді. Леон Гомонның тәжірибелері (хронофон) осының дәлелі бола алады. Ол өзінің жаңалықтарын неміс өнертапқышы Оскар Месстермен (биофон аппаратын ойлап тапты) біріктіріп, болашақ «Вестерн-Электрик» сияқты ірі монополиялардың пайда болуына жол ашты.
Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында дыбысты кино саласындағы эксперименттер күрт баяулайды да, 1914 жыл қарсаңында дыбысты фильмдер өндірісі мүлдем тоқтатылады. Осы бағыттағы тәжірибелер соғыстан кейінгі жылдарда қайта басталады. Алғашқы талпынысты 1915 жылы ағылшын өнертапқышы Эжен Лост жасайды.
1921 жылы Париж қаласында инженер Свен Берглундтың дыбысты проекциялық аппараты сынақтан өткізіледі. 1923-1925 жылдар аралығында дыбыстың киноға келуінің тағы бір эксперименттік сатысы басталады. Бұл толқынның негізгі салмағы «Триэргон» тобының (Ганс, Фогт, Иозеф, Мазолле - Германия) және американдық инженер Ли де Форестің тәжірибелеріне байланысты айқындалды. Ендігі жерде киноға дыбысты микрофон арқылы жазу мүмкіндігі пайда болады. Әр елде, бірі-бірінен тәуелсіз жасалынған тәжірибелердің қорытындысы ретінде дыбысты киноның алғашқы көрсетілімдерін атауға болады. Мысалы, 1926 жылдың 6 тамызында Нью-Йоркте Уорнерлердің кинотетарында «Дон Жуан» дыбысты фильмінің тұсау кесері өтті.
Француз киносы 1920-30 жылдар тұсында
Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін фильмдер өндірісі жағынан алдыңғы қатарлық сандық көрсеткіш деңгейі американдық кәсіпкерлердің қолында болды. Осы жылдардан француз кино өндірісінің тоқырау кезеңі басталады. Францияда кинокәсіпкерлердің жұмысы тоқтатылады. Ендігі жерде американдық фильмдердің прокатына жол ашылады. 1920-1923 жылдар аралығында «Пате» кинофирмасы Франциядағы және шет елдегі филиалдарының жұмысын толық тоқтатады. «Гомон» фирмасының да өндірістік қуаты бәсеңдейді.
20-жылдардың екінші жартысында ірілі-ұсақты жаңа кинокәсіпкерлерлік орталықтары бой көтере бастайды: «Продюксьон Жак-Хайк», «Студио реюни», «Ле фильм историк», «Франкофильм», «Альбатрос» және т.б. Осы аталып отырған жаңа кинофирмалардың қызметі нәтижесінде жаңа фильмдер өндірісі біртіндеп көтеріле бастайды. Алайда, франция киноөндірісі американдық киноимперия қуатынан мүлдем алшақтап қалады. Түсіру тәсілдері саласында ашылып жатқан ғылыми жаңалықтар қаржылық жағынан қолдау таба алмайды. Материалдық базаның әлсіздігі декорациялық техниканың, дыбысты өңдеу техникасының дамуын тежеп отырды. Абель Ганстың «Напалеон» (1924-27жж) фильмінде пайдаланған полиэкран тәжірибесі де, кеңформатты проекциялау саласындағы «гипергонар» жүйесінің өндіріске енгізілуіне мүмкіндік болмады.
Жиырмасыншы жылдар тұсы Франция киносы тарихында біріншіден, техникалық-қаржыландыру жағынан тоқырау тұсы болса, екішіден, бұл кезең Франция киносының тарихында шығармашылық жаңа ізденістер нәтижесімен де сипатталады. Кинематографистердің жаңа толқыны (Луи Деллюк, Абель Ганс, Жермена Дюлак, Жан Эпштейн т.б.) киноны өнер туындысына айналдыруды негізгі ұрандары ретінде ұстанады. Киноға өзіндік көзқарастарымен келген режисерлар шығармашылығының бұл жаңа толқыны француз киносы тарихында «алғашқы авангард» кезеңі деп аталады.
Бұл ағымның басты шығармалары «Испанский праздник» (1919ж, реж.Ж.Дюлак), «Молчание» (1920ж, реж.Л.Деллюк), «Колесо» (1923, реж.А.Ганс), «Верное сердце» (1923, реж.Ж.Эпштейн) т.б. Бұл аталып отырған режиссерлар тек қана фильм түсірумен шектеліп қалған жоқ. Олар сонымен қатар, теориялық тұжырымдар жасауға да ұмтылды. Осы жылдары жарық көрген алғашқы теориялық деклорациялар кино теориясының былайғы дамуына зор ықпал жасады.
Қолданылған материалдар:
- Гуидо Аристарко «История теорий кино». М., Искусство. 1966.
- Теплиц Ежи. История киноискусства. М.,1968-1973.
- Леон Муссинак. Избранное. М, Искусство. 1981.
- Садуль Ж. Всеобщая история кино. М.,1958-1982.
- Киноэнциклопедический словарь. М., 1986.
- Комаров С.В. Великий немой. Из истории зарубежного киноискусства (1895-1930). – М., 1994.
- Ямпольский М.Из истории французской киномысли.,М, Искусство. 1988.