Мақала / #студентСөзі
Ауыл мен қаланың айырмашылығын көрсеткен көркем фильм
"Гламур для дур" фильмі комедиялық элементтер арқылы ауыл қызының тағдырын баяндайды
Бөлім: Кино
Датасы: 26.04.2017
Авторы: Гүлдана Иманқұлова
Мақала
Ауыл мен қаланың айырмашылығын көрсеткен көркем фильм
"Гламур для дур" фильмі комедиялық элементтер арқылы ауыл қызының тағдырын баяндайды
Бөлім: Кино
Датасы: 26.04.2017
Авторы: Гүлдана Иманқұлова
Ауыл мен қаланың айырмашылығын көрсеткен көркем фильм

Режиссер Асқар Ұзабаевтың түсірген "Гламур для дур" атты фильмі жарық көрді. Фильм өндірісімен "567 cinema" компаниясы айналысты.

Фильм қазақ қызының үлкен қаладағы өмірі туралы. Қарапайым қыздың адамның абыройы әлеуметтік желідегі статусымен және гламурмен өлшенетін әлемде өзін қалай ұстайтындығы бейнеленген. 19 жастағы Ұлжан Балжанова бар өмірін ауылда өткізген. Ата-анасы тұрмысқа беріп жібермеу үшін ол мектепті бітіре сала қаладағы өзі ешқашан көрмеген әпкесіне қашып кетеді. Қалаға келген қыз әлеуметтік желі арқылы танымал болуды армандайды. Бірақ, әпкесі оның бұл ісіне қарсылық танытады.

Қазақстандық коммерциялық кино ауылдан қалаға қашу мен қаладан ауылға қашудың ортасында жүргені өкінішті. Ауылдан келген адам қалаға үйренісе алмайды, орысшаға тілі жетпей елге күлкі болады. Қаладан ауылға келген адам қазақша сөйлей алмайды. Ауыл адамы аңғал, марғау, қарапайым, адал. Қалалықтар әбжіл, қу, ерке, өтірікші, бұзақы. Мұның алдында шыққан "Келінка Сабинка" фильмі қаланың бұзылған қыздарын ауыл арқылы тәрбиелеуге шақырады. Екеуінде де ауыл қыздары, тұрғындары, келіндері, ата-аналары - жандары жайсаң, ағарман, тәрбиеге ұқыпты етіп суреттеледі. Ал, қала тұрғындары керісінше - бұзылған, тым өзімшіл, туысқандарға немқұрайлы қарайтын етіп суреттеледі. Түйінін - ауыл тәрбиесіне ештеңе жетпейді дегенге әкеп тірейді.

«Гламур для дур»  біздің адамдардың өзгенің өміріне қол салғыш сұғанақтығын, жаппай сауатсыздығын, өзгені табалауға дайын тұратын тұрпайы мінездерін сынайды. Әлеуметтік желідегі негізсіз танымалдылықтың иллюзия екендігі де уақытылы айтылып отыр. Қос кейіпкер арқылы қыз тағдырына көз салу да бар. Бірақ, фильмнің құрылымы арзан анекдоттардың ретсіз ауысуы сияқты әсер береді. Әрі орысша сөйлей алмайтын ауыл адамын әжуа қылу – ешқандай тапқырлық емес. Ақбота Нұр Сейтмағамбет пен Әсел Ақбарованың мінез, болмысындағы қайшылықтар фильмді қызықты етіп тұр.

Бұл романтикалық комедияда махаббат болғанымен, үйлену тойы болмайды. Ең қызығы, фильмде үйлену тойы туралы сөз де қозғалмайды.

Басты кейіпкер қаланың заңдарынан оңбай таяқ жейді. Бұзық мінезді қыздардан "таяқ" жейді. Алданады. Шала қазақтарға еліктеп, өзіне тән емес қылықтар көрсетіп күлкіге қалады. Ата-анасын жерге қаратқанда ғана өзінің қате жолда екенін түсінеді. Бұл фильмді көрген ауылдың жасөспірім қыздары сабақ алары анық.