Мақала
Режиссер Аяған Шәжімбай фильмдеріндегі гуманизм
Бөлім: Кино
Датасы: 09.05.2017
Авторы: Назгүл Сағындық (Ақшалова)
Мақала
Режиссер Аяған Шәжімбай фильмдеріндегі гуманизм
Бөлім: Кино
Датасы: 09.05.2017
Авторы: Назгүл Сағындық (Ақшалова)
Режиссер Аяған Шәжімбай фильмдеріндегі гуманизм

Өзінің шығармаларында гуманистік, адамгершілік, демократтық, патриоттық идеяларды алға тартқан режиссер Аяған Шәжімбай біршама фильмдер түсіріп, шығармашылық белестерге жеткен. Режиссердің бағыт-бағдарына тереңірек үңілу  үшін, «Мен қазақтың баласы...», «Алаштың Аяғаны» атты кітап авторларының еңбегіне, сондай-ақ, «Солтүстік Қазақстан», «Алматы ақшамы», «Қазақстан пионері», «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш» газет архивтеріне, қызметтес жора-жолдастарынан алған қосымша мағлұматтарға сүйендік. Аяған Шәжімбайдың шығармаларындағы сабақтастық, кино өнеріндегі ұлттық тәлім-тәрбие тұрғысында қарастыруды мақсат ете отырып, бүкіл мұрасын зерттеу объектісінің аясында тұтас қамтуға тырыстық. Режиссердің кинематографиялық көзқарастарын анықтап, талдаулар жасап, тоқталып өттік. Қазақ кино өнерінің көрнекті қайраткері, режиссер, актер Аяған Шәжімбай 1952 жылы 25 қарашада Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының Қаратал ауылында дүниеге келді. Аяған Қуандықұлы 1959 жылы туған ауылындағы бастауыш, кейін Бірлік орта мектебін, 1970 жылы Петропавл қаласындағы дарынды балаларға арналған (қазіргі Әбу Досмұханбетов атындағы) №2 облыстық қазақ мектеп-интернатын бітірді. 1970 жылы «Ленин туы» (қазіргі Солтүстік Қазақстан) газеті редакциясында жұмыс атқарып, сол жерден жаңа шыққан фильмдерге пікірлер жаза бастаған. 1972-1974 жылдары Алматы қаласындағы М. Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ драма театрының екі жылдық актерлік студиясында актер, режиссер қызметін атқарды. Қазақстан Республикасының халық әртісі, еңбек сіңірген өнер қайраткері Р.Сейтметовтың шеберханасында тәлім алып, 1974 -1976 жылдары Қарағанды қаласындағы С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында актерлік қызмет атқарып, сахналық өнер шеберлігін шыңдады. Қазақ киносының дамуына үлес қосқан режиссер, актер, журналист Аяған Қуандықұлы Шәжімбайдың әйгілі «Алжир» (1989) деректі-публицистикалық фильмі мен «Жансебіл» (1991) көркем фильмі тарихта өз орнын қалдырды.

«Қазақфильм» киностудиясында Э.Оразбаевтың «Транссібір экспресі» (1977), Ә.Мәмбетовтің «Жаушы» (1981), С.Пучиняннің «Мадам Вонг» (1986), А.Қарсақбаевтың «Біздің Ғани» (1971), «Балалық шақтың кермек дәмі» (1982), С.Апрымовтың «Қиян» (1989), А.Әшімовтің «Шоқан Уәлиханов» (1985), С.Жармұхамедовтың «Түрксіб» (1986) фильмінде эпизодтық рөлдерде, С.Нарымбетовтың «Арман Атаман» (1967) фильмінде редактор болған.

А.Шәжімбай шығармашылығындағы деректі фильмдер қатары: «Бәйтерек» (1988), «Барбол» (1989), «Мұра» (1990), «Алжир» (1989), «Толғау» (1991), «Актер Әнуар Молдабеков» (1992), «Жұмат Шанин» (1993). Ең алғашқы «Бәйтерек» атты фильмі 1988 жылы жарыққа шықты. Фильмің басты кейіпкері сынықшы қасиетімен елге танылған Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі Түлкібас  ауылының тумасы, Қоштай ақсақал жайында. Басты кейіпкер 1937 жылы елден қуылып, сталиндік зорлық зомбылықтың кесапатын шеккен. Соған қарамастан, жүзге таяған ақсақалдың қартаймаған көңілі, көрерменге жылулық береді. Ашаршылық, репрессия, Ұлы Отан соғысының зардабын шеккен Қоштай ақсақалдың кемел жасында есте сақтау қабілетінің зеректігі және де бойындағы адамгершілік, кішіпейілдік қасиетіне режиссер айрықша таңба қойды. Тереңге тамырын жайып, жүз жасаған терек ағашының суық пен ыстыққа төзген қайсарлығымен фильмінің «Бәйтерек» деп қойған тақырыбы мағыналы теңеу.

Келесі деректі «Барбол» (1989) атты фильмі – жастайынан жыр айтуға әуестенген, шешендік қасиетімен көзге түскен жасөспірім баланың талантын дәріптейді.

Режиссер А.Шәжімбайдың келесі шығармашылығы А.Тасымбековтың «Өркен» газетіне шыққан «Жазығы не апалардың?» тақырыбындағы мақаласынан, кезекті туындысы «Алжир» (1989) атты екі бөлімді деректі фильм жарық көрді. (Акмолинский Лагер Жен Изменников Родины) – КАРЛАГ-тың Ақмола бөлімшесі. Алғашқы атауы «Малиновка» кейін «Ақмола лагері» деп өзгерту енгізді. «Алжир» (1989)  фильміндегі  әр кейіпкер 1937 жылы болған жан алқымын алар, тиылмас көз жасқа толтырар ауыр зардаптың ащы шындығын баян етеді. Кейіпкерлер өмірлік жары, арқа сүйер жолдасы, туған бауырларының ұлт қамы үшін жасаған ұлы қадамдарын фотосуреттермен, дәлелді құжаттар арқылы, ескі жараның естеліктерін іштен шығарып, тарихи мәліметтер береді. Қолдарына қалам мен қарындаш ұстаған зиялы қауым өкілдерінің әйелдері, қарындастары арық қазып темір тордың суық қара түнегінде аштық көрген. Таңғы сағат төрттен, түнгі он екіге дейін қара жұмыстан бас көтермей, зорлықтан түрлі дертке шалдыққан әйел адамдардың айтар мұңы көп-ақ. Жаңа туған нәрестені лагер маңындағы ойыққа көмген. Опасыздыққа барған қылмыскерлер де фильмнің кейіпкерлеріне айналады. Қараушылардың қылмысын ашық түрде экрандаған, режиссер бастаған топ айғақтармен шындықты дәлелдегені айқын.

Фильмнің басталар сәтіндегі, оқтың дауысынан киіз үйдің шаңырағына ілінген уықтардың біртіндеп  сына бастауы, отбасы шаңырағының бұзылуын, жақындарынан айырылуын жеткізсе, елінің үлкен қайғы қасіреті ұйтқыған қарлы боранның ызғар үнімен  ұтымды пайдаланған. Ең маңызды айта кетер жәйт – Уәзипа Күленова, Мәриям Есенгелдина, Ғалия Бейімбетқызы Майлина, Клара Күленова секілді қазақтың зиялы қауым өкілдерінің жолдастары, туған туыстарының көзінің тірісінде түсіріп алды.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеу Көлбай: «Талатты режиссер А.Шәжімбай осы тақырып төңірегінде кино түсіруді о бастан армандап жүретін. Мақала авторы А.Тасымбековты тауып алып, болашақ киноның сценарийін жаза бастады. Кино үйіндегі оның алғашқы қойылымына көрермен қауым көп жиналды. Жазушылар, журналистер, тарихшы ғалымдар алғашқы қойылымда-ақ бұл фильмге үлкен баға берді. Өйткені, бұл сталиндік зұлматтың қайғы қасіретін әшкерелейтін қазақ киносындағы алғашқы туынды еді», - деп жазған [2,155 б].

Режиссер әйел адамның бойындағы шыдамдылық пен адамгершілік, ар-намыс пен қайсарлықтың жалынын айырықша жоғары бағалаған. Темір тордың ар жағында еңіреп тұрған кішкентай баланың көрінісі, лагердегі зомбылық, қайғы-қасіретті қатаң, әрі әсерлі экранған. Екі бөлімді фильм тарихи құндылығымен жоғары бағаланып, Аяған Шәжімбаевтың КСРО Кинематографистер Одағының мүшелігіне кезектен тыс қабылдануына жол ашты. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған фильм Кеңес Одағы прокатына алынып, «Союзгосфильмфонд» қорына кіргізілген. Аталмыш туынды үшін Аяған Қуандықұлы 1990 жылы республикалық «Дарын» сыйлығына ұсынылды.

«Толғау» (1991) атты деректі фильмінің басты кейіпкері талантты композитор, күйші – Секен Тұрысбек. Мектептің бір бұрышында тұрып, «қапаста қалған қарлығаш» құсындай тұсауда өмір сүрген күйшінің бейнесін ашып, нағыз дарын иесін экранда көпшілікке танытты. Қарастыра келе фильм кейіпкерлері дарын талант иелері, әр кейіпкерінің бойына дарыған рухтылық, адами қасиеттері режиссердің  басты назарында болған екен. Қазақ өнерінің аса ірі тұлғасы, театр және кино актері, Қазақстанның халық әртісі (1976) Әнуар Молдабеков жайында «Актер Әнуар Молдабеков» (1992) атты деректі фильмі жарыққа шықты. Сондай-ақ режиссер, драматург, актер, қазақтың ұлттық профессионалды театр өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам және театр қайраткері, Қазақ АКСР-нің халық әртісі Жұмат Тұрғынбайұлы Шанин туралы түсірілген «Жұмат Шанин» (1993) атты отыз минуттық деректі фильмі құнды дерек көзі болып отыр. Сталин саясатының құрбаны болған Жұмат Шаниннің бейнесі экранда өткір ойларымен, тағылымы мол әңгімелерімен ұштасып сәтті шыққан. Режиссердің деректі фильмдері көркемдік деңгейімен жарқын белес болып қалғаны ақиқат.

А.Шәжімбай Олег Табаков, Нонна Терентьева, Асанәлі Әшімов, Наталья Орынбасарова сияқты елге танымал актерлардың жұмыс істеу тәсілімен танысып, үлкен тәжірибе мектебінен өтті. Режиссер 1994 жылы Абай Құнанбаевтың 150 жылдығына арнап «Құнанбай қажы» атты деректі фильмін түсірмекші еді, өкінішке орай мезгілсіз келген ажал істі тоқтатты. Деректі фильмде бастаған тақырыбын жалғыз көркемсуретті «Жансебіл» (1991) атты фильмінде жалғастырғанын байқауға болады. Нақтырақ айтқанда, «Алжир» фильміндегі 1937 жылы болған репрессия зардаптарының көрінісі «Жансебіл» фильмінде жалғасын табады.

Ей, тәкаппар дүние!
Маған да бір қарашы.
Танимысың  сен мені?
Мен қазақтың баласы!

- деп  Қ.Аманжоловтың өлең шумағынан басталатын кадр сыртындағы мәтін фильмге мазмұнын беріп тұрғандай. Әр жолындағы астарлы сөз, астарлы мағынаға қанық. Кейіпкердің  сталиндік репрессияға ұшырап, жат жерде жапа шеккен сұм өмірі үмітпен жалғасын тапты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, кинотанушы Б.Нөгербек фильм жайлы: «Фильмнің өне бойында режиссер өзінің ойын яғни, қазақ өз бауырын, апа қарындасының көзін жойғандығын, сатқындық жасағанын, қызғаныштан өртеніп, үкіметтің алдында жеке басы үшін қорқақ болғандығын көрсетіп, акцент жасады», - деп режиссердің шеберлігін атап өткен [3,174 б].

Фильмде жас Мұқатайдың «Аға, қазақпыз ғой, аяңызшы» деген сөзін қорлаушы «Сен қазақ емессің. Жаусың!» деп одан сайын азаптайды. «Іштен шыққан жау жаман» демекші еді фильмде режиссер. Белгілі жазушы-драматург Ж.Қорғасбек «Жансебіл» сөзінің мағынасын «Баяғыдан келе жатқан қазақтың сөзі, жан шығарда, жанын берерде – адамның  соңғы демі болады екен. Жан таласу, жаналқым (агония), соңғы әрекет, соңғы қимыл, яғни Мұқатай қарияның соңғы үміті» деген екен. Актер, Қазақстанның халық артисі Қасым Жәкібаев рөлге сәтті таңдалғанымен қоса, туған топырағын аңсаған Мұқатайдың  үмітке толы бейнесі толықтай ашылды. Ал, актер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Нұрлановпен жүргізген сұхбатында «Аяған М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық қазақ драма театрына жиі келіп тұратын, содан әрқайсымыздың мүмкіндіктерімізді жақсы білетін. Сол кезде мені  бақылап жүргені болу керек бір күні «Әй, Кеңкебай, маған келіп кетші» деп хабарласты. Кездескенде фильм жайлы біршама ойларын айтып, сценариімен таныстырып, мені Мұқатайдың жас кезін сомдауға бекітті. Өнерде де, өмірде де мен ол кісінің қамқорлығын, жанашыр ағалығын көрдім. Бірақ кинода Аяған  талапшыл болды. «Жансебілде» Алла Тараканованың (Марусяның жас кезі) күздің ызғарлы күнінде суда жатқан күйімде жағаға сүйреп алып шығатын кадр бар. Аяғанның жаны шыдамай «мұздай су денеңе өтіп кетпесін» деп ащы судан ұрттатқызатын. Ол кісі әр кадрды өзінше ойластырып, ойымен бөлісетін. Сонда «мұздай судан шыққан жансыз денені, ыстық шәй емес жалаңаш әйелдің тәнін жақындату арқылы жылытатынын» айтқан еді. Бірақ, ол ойды іске асыруға режиссердің қазақы минталитеті жібермеді. Кейін фильмнен қарасам, үш минуттық кадр екен, бірақ оның ар жағында қаншама бейнет жатыр. Ал, Марусяның рөлін сомдаған Ресейдің атақты танымал әртісі Галина Макарованы шақыртып алғандығы Аяғанның ширақтығы ғой. Кеңес одағының әртісі ешқандай кеудесіз өз міндетін атқарып шықты. Қасым Жәкібаев ағамыздың ыңғайын табу қиындау. Жалпы, Аяған «режиссер» деген атқа лайықты жан» деп біршама дерек айтты. Фильмнің редакторы С.Нарымбетов А.Шәжімбайдың өмірдегі әрі өнердегі ұстазы болған. Жүсіпбек Қорғасбектің он беттік әңгімесінің желісімен түсірген фильм 1991 жылы «Ашхабат-92» Халықаралық кинофестивальде «Үздік режиссерлік дебют» аталымына және «Тегеран-93» фестивалінде «Үздік ер адам»  жүлдесіне халық әртісі Қасым Жәкібаев иегері атанды. Кинотуынды қазақ киносының алтын қорына енді.

Сонымен қатар, А.Шәжімбайдың әңгіме-повестерін оқи отырып, талантты тұлғаның өзіне тән қыр-сырларын танығандай боламыз. «Оралу», «Күтумен өтер ғұмыр», «Кешірім», «Бабалар ізі жоғалмаса игі», «Мерей той лебіздері», «Өнер және нарық», «Батыр өмірінен үзік сырлар», «Автобустың әлегі», «Балшықбай бірден асқанда...» атты шығармалары қазақ әдебиетін толықтырар туындылар еді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін аяқтаған А. Шәжімбай газет бетіне шыққан актер, режиссер Нұрмұқан Жантөринмен жүргізген сұхбатында өзінің кәсіби деңгейін байқатады [4, 4 б].

Аяған Шәжімбай қысқа ғана ғұмырында талай ізгі істер жасады, талай адамға дос, аға, іні бола білді. Кинорежиссер Сламбек Тәуекел өз естелігінде: «Т.Жүргенев атындағы Ұлттық Өнер акдемиясының киноөнері факультетінің деканы қызметін атқарған кинорежиссер, қазақ мультиплекациясына зор үлес қосқан Ерсайын Абдрахмановпен Аяған бір-бірінен айырылмай «біз қызылжарлықтармыз» деп, әр қадамдарын санап, салмақтап жүруші еді. Енді екеуінің де орындары тек өкініш тудырады. Бірақ өшпес із қалдырған екі қызылжарлық азаматтар білетіндердің мәңгі есінде. Жасыратыны жоқ, солтүстік облыстардан шыққан қазақтарды орыс мінезділеу көретіндер жиі кездеседі. Аяған мен Ерсайын өздерінің нағыз қазақи болмыстарымен бұндай пікірлерді жоққа шығаратын. Қайран менің қызылжарлық достарым!» - деген [1, 22-бет]. «Өмірден өтер шағында «Қасқыр адам» атты тағы бір көркем фильм түсіруді қолға алған едік. Өкінішке орай, актерлер таңдап, кино түсіретін орынды көріп біліп жүрген кезде Аяған өмірден озды. Осы фильм түсіру барысында Аяған ұлттық болмысты, ішкі қуаты тегеуріні мол үлкен бір көркем фильм түсіруге дайындалып жүргендей көрінетін. Аяған Ш.Аймановты пір тұтса, айналасындағы С.Нарымбетов сияқты бойында ұлттық қаны, көркемдік нәрі бар кинорежиссерлерге арқа сүйейтін еді», - деп «Жансебіл» фильмінің сценарий авторы Ж.Қорғасбек жазды [2, 168-бет].

Есіл ауданының орталығы Явленка ауданындағы қазақ орта мектебіне кинорежиссер, өнер иесі Аяған Шәжімбайдың есімі беріліп, мемориалдық тақта ашылған еді.  Мәңгі есте қалдыру мақсатында Қазақстан Үкіметінің 2005 жылғы 3 наурыздағы қаулысымен орта мектебіне аты берілді. 2008 жылғы 31 мамырда Петропавл қаласындағы Аяған оқыған Қожаберген жырау атыдағы №6 орта мектеп ғимаратының қабырғасына ескерткіш орнатылды. Петропавл қалалық мәслихаттың 2009 жылғы 26 желтоқсандағы шешімімен бұрынғы К.Либкнехт көшесі Аяған Шәжімбай көшесі болып өзгертілді. 2012 жылы 24 қарашада есімімен аталатын мектебінде 60-жылдығына арналып жеке мұражай бөлмесі ашылып, шағын мүсіні қойылды. Аудан, облыс орталығында, әдеби-танымдық, ғылыми конференция өткізілді. Алматы, Астана қалаларынан келген арнайы келген жазушы-журналист достары «...Мен қазақтың баласы» естеліктер жинағы мен деректі фильм ұсынды.

Қортындылай келе, деректі фильмдерінің кейіпкерлері ұлт мақтанышына айналған тұлғалар, көркемсуретті фильмінің тақырыбы жоғарыда айта кеткендей гуманистік, адамгершілік, патриоттық идеяларды алға тартқан режиссер Аяған Шәжімбайдың аз ғана ғұмырында жасаған ерең еңбегі ешқашан ұмытылмауы тиіс. Өмірден құшыры қанбай өткен режиссердің шығармашылығы елдің, халықтың тағдырымен тығыз байланысты болды.

Қолданылған материалдар:

  1. Т. Айтбайұлы. «...Мен қазақтың баласы». – Алматы: «Толғанай Т», 2012 жыл
  2. Ө. Есқали, К.Мұсырман, Қ. Қуандықұлы. «Алаштың Аяғаны» - Петропавл: «Солтүстік Қазақстан», 2013 жыл
  3. Б.Нөгербек. «Кино Казахстана». – Алматы: «Национальный продюсерский центр», 1998 жыл
  4. А.Шәжімбай. «Қазақстан пионері» газеті, 1991, № 139